Алматы зообағының қызметтік есігі

Көбіне зообаққа тек көрермен ретінде барамыз. Ондағы жан-жануарларға қызықтап қараймыз, кейде аяушылық танытып, оларға еркіндік тілейміз.
Бізге жағдайы нашар, өлімші хәлде көрінеді. Шынында солай ма? Осы сауалдармен Алматы зообағының қызметтік есігінен бас сұқтық.
Алғашқы директоры жалған жаламен атылған
Алдымыздан Ақжәми Рахимова әпке қарсы алды. Алматы зообағы даму бөлімінің меңгерушісі. Әпкей кіре сала мені зообақтың «болашақ музейіне» алып кірді.
– Неге екенін білмеймін, ескі заттарды жинағанды жақсы көремін. Мына жерге де заттарды жинап жатқаныма біраз жыл болды. Болашақта зообақтың музейін ашқымыз келеді. Бірақ ол туралы әлі шешімді әңгіме қозғалмай жатыр. Ал біз күте береміз… – деді есікті ашып жатып. – Ренжімеңіз, шаң басып жатыр. Жүріңіз мына жерден басталық, – деп стилаждың алдына алып барды. – Алматы зообағы 1937 жылы 8 қарашада ашылды. Бұл тарихтағы ең жылдам ашылған зообақ шығар. Өйткені паркті салу туралы шешім 1937 жылы 25 қаңтарда қабылданып, 26,6 га жер мен 250 мың рубль ақша берілген. Ал зообақ сол жылдың қарашасында, 9-10 ай ішінде ашылып отыр. Бұл істің жылдам әрі тиянақты бітуіне алғашқы директор Мырзаған Төлебаевтың еңбегі зор. Ол кісі Алашорда құрамында болып, кейіннен мемлекеттік істерге араласып, 1938 жылы жалған жаламен атылып кеткен, – деп Ақжәми әпке сөзін бір түйіндеп алды.
Жазу барысында М.Төлебаевты зерттеп көрген едік. Википедияда және басқа да дереккөздерде Алашорданың Қапал уездік кеңесіне мүше болып, милиция жасақтауға атсалысқаны туралы жазылған. Сонымен қатар Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойында Жетісу облысының ауылшаруашылық көрмесінде жергілікті қазақтардың салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін бөлім ұйымдастырып, көрме туралы фотоальбом құрастырған. Ол әлі күнге дейін сақтаулы. Елдің, жердің жайын жақсы білген аңшы кісі болған деседі. Сол қасиетімен зообаққа алғашқы жергілікті аңдарды ұстауға да атсалысып, Мәскеудің зообағына да барып, экзотикалық жануарлар алу туралы келіссөз жүргізген.
Ақжәми әпке:
– Біздің зообақты ұзақ жыл басқарып, тарихымызда өшпестей із қалдырған Көмек Әлменбаев ағамыз Мырзахан Төлебаевты архивтерден іздетіп таптырған екен. Басты айтқаны сол: «Алғашқы директор қазақ болыпты» деп іздеу салдырған. Зерттей келсек, 1937 жылы зообақ ашылғаннан кейін, НКВД-ның арнайы медалімен марапатталып, сол жылдың желтоқсанында ұсталып кетеді. Үстінен арыз жазған адам ретінде осы зообақта қызмет істеген жазушы-натуралист Максим Зверевті айтады. Қаншалықты рас екенін кім білсін?! – деп Ақжәми ханым телефон қоңырауына жауап беру үшін рұқсат сұрап бұрылып кетті.
Тағы да зерттей келгенде жазушы-натуралист Максим Зверев Мәскеуде қамауға алынуы тиіс болғанын таптық. Сол қамаудан қашып, Алматы зообағына жұмысқа келген. Ал оны арнайы шақырған – Мырзахан Төлебаевтың өзі болатын.
– Біздің зообақтың бүкіл Алматы қаласының құрылысына әсер еткенін білесіз бе? – дейді Ақжәми ханым.
– Жоқ.
– Мырзахан Төлебаевтар бастаған қызметкерлердің бәрі зообақ салуға жер іздеген. Сонда қазіргі Тастақ базарының орнына салуға ұсыныс болған екен алғашында. Дегенмен бізге белгісіз бір себептермен ол емес, бүгінгі орны таңдалған. Ойлаңызшы, егер зообақ бүгінгі Тастақтың орнында болса, қала құрылысы қалай өзгерер еді?
– Рас. Қала ортасында зообақ болуы мүмкін бе екен?!
– Бағанадан бері зообақтың аз уақытта ашылғанын айттық қой. Сіз ғимараттарды ғана ойлаған шығарсыз. Бірақ зообақ ғимараттарын салу аса қиын емес. Жануарларды алып келу мен олардың рационын дайындау – міне, үлкен жұмыс. Ол үшін тұтас ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істеуі керек. Міне, қараңыз, – деп ескі сөредегі сарғайған бір кітапты ашты: – Жолбарыстың күндік нормасы, арыстандікі… әрқайсысына берілетін ет, су жасына қарай ерекшеленеді және осы жұмыстардың бәрінің басында алғашқы директорымыз болған.
– Жануарлардың ас-ауқаты демекші, бұл аңдар қалай тамақтандырылады?
– Табиғатта қалай тамақтанса, зообақ та сол рационға жақын ас-ауқат дайындайды ғой. Мысалы, арыстан күніне 8 келі ет жеуі керек. Қосымша 50 грамм балық майы...
– Ол түсінікті. Етті қайдан аласыздар?
– Тендер жариялаймыз. Соны ұтқан компаниялар жеткізіп береді.
– Көбіне ненің еті беріледі?
– Сиыр еті. Сонымен бірге өзіміз қоян, теңіз шошқасын өсіреміз.
Жылу болмағанда жыландарды қапқа салып, төсекке бірге алып жатқан
– Бала кезімізде көшеде жүрген есектерді зообаққа деп сатып алып, не ұрлап алып кететін еді...
– Біздің жануарлардың рационында есектің еті болмайды. Ал есек берілген кезеңдер – қиын күндердің естелігі ғой. Алматы зообағының басынан екі қиын кезең өтті. Біріншісі – соғыс жылдары болатын. Бүкіл ет, ас-ауқат соғысқа жөнелтіліп жатқанда, жануарларға кім етінен ет кесіп берсін? Сол кезде зообақ қызметкерлері айналадағы елден артық есектерін сатып алып, жануарларды асырап отырған екен. Есектер таусылғанда қаңғыбас иттерді аулауға шығады. Ол да бітті дегенде мысықтарға көшкен деседі. Оның өзі де жетпей, арыстан алдына өрік тастаған кездер де болыпты. Бірақ сондай қиын жылдардың өзінен қызметкерлер зообақ коллекциясының біраз бөлігін аман алып өтіпті.
– Екінші қиыншылық қай жылдарға тура келді?
– 90 жылдарға. Менің дәл жастық шағым осы тұсқа дөп келді. Ол кездің қиындығын көзіммен көрдім. Халықтың қиналғанын, соғыс жылдарындағыдай болмаса да, ас-ауқаттан тарыққанына куәмін. Сол уақытқа дейін қарап, бүкіл қажеттілігін қамтамасыз етіп отырған өкімет құлағанда зообаққа кім назар аударады? Бұрынғыдай мемлекет ет бермейді, ақша да, айлық та жоқ заман келді. Міне, осы шақтарда амалсыздан жануарларға есек еті берілген шығар. Біздің қызметкерлеріміз осы кезеңде де өте үлкен жанкештілік танытқан. Бұл тұста 30 жылға тарта уақыт директор болған Көмек Әлменбаев мырзаның еңбегін баса айтқым келеді. Ол кісінің өз аузынан естігенім бойынша, қызметкерлер жануарларды сақтап қалу үшін барын салған. Тіпті өзі бас болып, Алматының ет базарларын аралап, сөзіне сендіріп, ет алып келіп отырған екен. Үлкен мекеме директоры базар аралап, саудагерлермен сөйлесіп жүргенін елестете аласыз ба қазір? Кейіннен өкіметтен ақша түсе бастағанда қарыздарын қайтарып берген дейді. Сол жылдары Юрий Журавлев атты қызметкер жұмыс істеген біздің зообақта. Жарық өшіп қалып, қыстың күндері жылу болмаған кездерде Юрий мырза жыландарды қапқа салып, төсекке бірге алып жатады екен. Ол кісі қазір Санкт-Петербургтағы Ленинград зообағының директоры.
– Жалпы Алматы зообағының ерекшелігі неде?
– 1972 жылы біздің зообаққа Икар Бородихин есімді қызметкер жұмысқа орналасқан. Онан алдын Қарашеңгел аңшылық шаруашылығының сұңқар питомнигінде жұмыс істеген екен. Сол кісі өзімен бірге жараланған бірнеше жыртқыш құсты алып келеді. Алматы зообағындағы құс коллекциясы осы кезеңнен басталады. Дәл сол 72 жылы әлем зообақтары тарихында сақалтай атты құстан біздің зообақ тұңғыш рет балапан алған еді. Әрине, бұл құстың балапанын бірінші рет Болгарияның София зообағы алғанын, бірақ олардың табиғи жолмен емес, инкубатор арқылы басып шығарғанын айта кеткеніміз жөн. Яғни табиғи жолмен балапан алған біздің зообақ. Оңай көрінуі мүмкін. Еркегі мен ұрғашысын бір торға қамап, арғы жағын табиғи инстинкке тапсырып қоя салу – кез келгеннің қолынан келеді. Бірақ зообақта табиғи жолмен жыртқыш құстардың балапанын алу өте күрделі жұмыс. Өйткені кейбір құстар жұмыртқаны баспай қояды немесе жұбымен арада мүлде жұмыртқа болмайды. Мұны біз «махаббаттың жоқтығынан» дейміз. Оның үстіне, бұл жыртқыш құстардың табиғаты қызық, балапанды қақаған қыста басады. Анығында табиғат аясының өзінде көп балапаны басылмай қалады. Сондықтан болса керек, сақалтай Қызыл кітапқа енгізілген. Осылай 1972 жылы Алматы зообағы революция жасады. Сол кезеңдерден бастап біздің зообақ жыртқыш құстар саласы бойынша үлкен көрсеткіш көрсетуде. Әлемдік зообақтар арасында атымыз осы жыртқыш құстарымызбен шығып жатады. Яки біз бұл құстардан жыл сайын балапан алатын деңгейге жеткіземіз. Сақалтай деп жатырмыз ғой, қазақша аты – Балтажұтар. Халқымыз оның сүйек қылғытқанына қарап қойған болса керек. Бір ғалымдар Балтажұтарды бүркіт, лашын сияқты тірі аңдарға шабуыл жасайтын, аңшы құс деп те айтады. Бірақ ол аңшы емес, санитар құс екенін көріп отырмыз. Біз сақалтайдың торындағы өскен шөптерді шулатып, техникамен кеспей, қоян жібереміз. Қоян аман шығады.
Статистикаға келсек, 72 жылдан бері сақалтайдан 27 балапан алдық. Сонымен бірге біздің зообақта жыртқыш құстардың көбею динамикасы жоғары. 1997-2023 жылдар аралығында сұңқартектестерден – ақиық субүркітінен 96 балапан, аққұйрықты субүркіттен 68, бүркіттен 43, дала қыранынан 34, тазқарадан 9, құмайдан 19 балапан алғанбыз. Ал жапалақтектестерден 108 балапан шығардық. Алматы хайуанаттар бағы осылай заңды түрде жыртқыш құстарды өсіру бойынша жетекші зообақ болып саналады.
– Түсінікті. Әлемде зоопарктерден бастартып жатқан елдер бар. Цирктегі жануарлардың да өнер көрсетуін қатыгездікке балаушы топтар кездеседі. Сіз бұған қатысты не айта аласыз?!
– Біздің әлеуметтік желілердегі пікір жазушыларымыздың жартысынан астамы осылай айқай салады. «Оларды бостандыққа жіберіңдер» деп талап етеді. Қызығын айтайын, бұл жануарлардың ешбірі бостандық дегеннің не екенін білмесе керек. Өйткені олар зообақта туған. Ол ол ма, бұлардың алдыңғы бірнеше атасы да зообақта туып-өскендер. Қазір біз даладан аң-құс әкелмейміз. Әлемдік зообақтардың ZIMS атты ортақ порталы бар. Сол арқылы жан-жануарлар алмасамыз. Бізде туып, артық тұрған арыстан, жолбарыс күшіктері, жыртқыш аңдардың балапандары бәрі-бәрі әлемді аралап кетеді. Біз де өзімізге керекті аңдарды артық тұрған зообақтардан аламыз. Кейде, амалсыз қолдан алуымызға тура келеді. Мысалы, 1-2 жыл бұрын шу болған Симба атты арыстанды естіген шығарсыз. Ауыл маңында жүрген жерінен ұстап, зообаққа алып келдік. Бірақ оны орналастыратын орын болмай, бір кәсіпкер кісі демеушілік жасап, қосымша тор салдырдық. Сонымен бірге тұрғындардың асырап жатқан арыстан, жолбарыс, түлкі сынды жануарларынан туған күшіктерді аламыз.
– Алматыда арыстан асырайтындар бар ма?
– Бар, әрине! Осы тұрғыдан келгенде, біз табиғаттағы жан-жануарларға зиян келтіріп жатқамыз жоқ. Және бірнеше атасынан бері зообақта өсіп келе жатқан бұл жануарлар тағы табиғат аясында өмір сүре алмайды. Дегенмен осыған қатысты жұмыстар істеліп жатыр қазір. Бізде өсімі көп жыртқыш құстарды табиғи ортасына қайтару жөнінде зерттеулер жүргіземіз. Бірақ зерттеудің әдістемелік жағы ақсап тұр. Оларды табиғат аясына үйрету үшін Зоология институты және орман шаруалығымен де бірлескен жұмыс керек. Меніңше, бірінші құстарды жартылай еркіндікке жіберетін арнайы павилиондар салынса… Табиғатқа әбден үйретіп, өз азығын таба алатын жағдайда ғана бақылауды тоқтатқан абзал.
– Яғни зообақтардың қазіргі миссиясы өзгерді ме?
– Әрине, біздің басты жұмысымыз негізінен ағартушылық бағытта. Адамдарды өз табиғатымен таныстырамыз. Өзге елдердің экзотикалық жануарларын көрсетеміз. Дегенмен мұнан бөлек істеліп жатқан, талпынып жатқан істеріміз шаш-етектен. Бүгінгі зообақ жайлы айтқанда, оның басты мақсаты деп табиғи жан-жануарлар фаунасын сақтауды айтамыз. Яғни қызыл кітапқа енген жан-жануарлардың сақталуы мен көбеюіне біз жауаптымыз. Әлемдегі дамып кеткен зообақтардың ізімен біз де жануарларды табиғи өмір сүру аясына шығаруды жоспарлап отырмыз. Айналдырған 800 теңгеге бола (зообаққа кіру билетінің құны) осынша аңды адамдарға көрсету үшін ұстап отырмағанымызға сенімдіміз.
– Тағы қандай сынға ұшырайсыздар?
– Біздің зообақтағы бегемотты көрген шығарсыз. Соның суретін әлеуметтік желіге салған едік. Астындағы бір пікірге осында жауап бере кетейін. «Суы лас, тазалап тұрмайсыңдар ма?» депті әлгі желі қолданушысы. Бегемот деген жануардың табиғат аясында қандай суда жүретінін білесіздер ме? Оның үстіне жаңартылған бассейіннің суына түскендегі бұл жануардың бірінші не істейтінін білесіз бе? Айтайын. Ол суға түсіп, дәрет сындырады. Сосын үлкен дәретін құйрығын айналырып, жан-жағына шашады. Не үшін? Өз исі арқылы территориясын белгілеуі. Суды, бассейінді және айналасын меншіктеуі. Оның табиғаты – сол. Айналасын қазір тазаласаңыз, ол көп ұзамай тағы солай істейді. Сосын бассейндегі су лас емес. Зообақтағы бассейндер цементтен салынады. Адамдардікі сияқты кафель жапсырсаңыз, жануарлар тайып құлайды. Ал цементтің түсінің қандай екенін, қара ыдыстағы су түсінің қандай рең алатынын білу керек қой.
«Жануарларда бостандық деген түсінік жоқ. Бостандық ұғымын адамдар ойлап тапқан»
– Мұндай пікірлер әбден ығырларыңызды шығарған сияқты ғой.
– Үйреніп қалдық. Түсіндіру жұмыстарын жасағым келеді кейде. Расын айтайын, мен бала кезімнен зообақта жұмыс істеуді армандадым. Бәлкім, Даррелл Джеральд атты британиялық натуралист жазушыны көп оқығаннан шығар. Кішкентай жасымнан жан-жануарларды шексіз жақсы көрдім. Әлгі пікір иелері сияқты «ути-пути» деп кішігірім еркелетіп қана жақсы көру емес мендегі сезім, мен шын жанашырлықпен жақсы көремін. Әлгі жазушы: «Жануарларда бостандық деген түсінік жоқ. Бостандық ұғымын адамдар ойлап тапқан» дейді. Әрине, жануарлар сезімсіз емес. Тек сезімдері негізгі инстинктердің айналасында құрылады. Біреулер «көздері мұңды, зообақтағы жан-жануарлар бақытсыз» деп айтып жатады. Сонда олар жануар болып көріп пе екен? Тағы сол мен жақсы көретін жазушы: «Жақсы зообақтағы жануарлар табиғаттағыдан бақыттырақ» деген байлам жасайды. Бір статистикалық мәлімет келтірейін. Табиғи өмір сүру ортасындағыға қарағанда зообақтағы жануарлардың өмір сүру жасы ұзақ. Мысалы, арыстандар табиғатта 10-12 жыл жасаса, зообақтағы арыстандар 18 жасқа дейін өмір сүреді. Аюлар 20-25 жыл жасайды табиғатта. Біздің аюымыз 32 жаста. Ал күшіктеу статистикасына келер болсақ, арыстандар мен жолбарыстардың табиғатта 10 күшігінің 1-2 ғана ересек жасқа жетеді. Зообақта дүниеге келгендердің басым көршілігі өмір сүріп кетеді. Яғни зообақта біз жануарлардың тұқымын сақтаймыз.
Ақжами әпкенің телефоны шыр етті тағы. Баласы екен. Ананы-мынаны әкеліп беріңізші деп біршама сөйлесті де, телефон тұтқасын тастады.
– «Балаңыз қазақша тап-таза сөйлейді ғой», – дедім ол кісінің орыс тіліне ыңғайланып тұратынын аңдап.
– Балаларымның бәрін қазақ сыныбына бердім. Қиналғаным есімде ғой. Арқалық қаласында мен баратын қазақ сыныптары үйден тым алыс болды. Солай орыс мектебінің табалдырығын бір ауыз орысша сөз білмей аттап едім. Орыс мектебін бітірдім солай. Сонда да болса ішімде қазақылыққа махаббатым, патриоттығым сақталып қалды-ау...
– Әпке, бүгінгі Алматы зообағының қандай проблемалары бар?
– Екі мәселені ашық айта аламын. Бірінші – қызметкерлердің жалақысы. Өте төмен. Сондықтан бізге жұмысқа келіп-кетушілер көп. Зообақта меніңше, тек шын фанаттар жұмыс істейді. Өйткені мынадай айлыққа жануарларға деген шын махаббаты барлар ғана төзе алады. Қызығы сол, зообаққа кіріп, аз уақыттан кейін шығып кетпей, ұзақтау уақытқа қалып қойған адамдар ұзақ уақытқа, тіпті зейнетке дейін осы салада қалады. Неге екенін білмеймін, сондай қасиеті бар бұл жердің. Әсіресе жануарларға қарап, оларға азығын берушілер жұмыстан тіпті шықпайды. Сол бөлімде жұмыстан кетушілер өте аз.
– Бауыр басып қалатын шығар?
– Білмеймін. Бірақ жануарлар өзіне азық беріп, қарап жүретіндерді жазбай таниды. Кейде өзге киіммен келе қалса, азырақ тосырқап қалады. Ал маймылдардың адам тануына таңғаласың. Кейбір қызметкерлер жануарлармен дос болып кетеді. Тек қызметкерлердің өзі тартыншақтап жүреді. Егер қатты жақындап жатса, қауіпсіздік сақтамағаны үшін сөгіс алады.
– Бүкіл жануарларға есім қоясыздар ма?
– Бәріне деп айта алмаймын. Құстарға, жыландарға есім қою көп емес.
– Екінші проблеманы ұмытып кеттіңіз.
– Ә, кіру билетінің бағасы тым төмен. 800 теңге. Қазір адамдар одан көп ақшаға кофе алып ішіп, 2-3 мыңға киноға кіреді. Оның жанында жануарларды көру деген, өз табиғатымен танысу – әлдеқайда артық емес пе?! Мүмкін осы кіру құнын өсірсе, қызметкерлердің де айлығын көбейтер ме еді...
– Жалпы кез келген қызметтің, жұмыстың өз ырым-тыйымдары болады. Сіздерде бар ма?
– Ең ырымшыл халық – зообақ қызметкерлері шығар. Біз ешқашан құстың балапан ашқанын немесе басқа жануардың балалағанын айтпаймыз. Негізігі қараушысы, бөлім басшысы және директор ғана біледі. Егер әңгіме тарап кетсе, бір-біріміздің аузымызды басып, мүлде сөз қозғамауға тырысамыз. «Адам боп кетсін. Көз тимесін» деп жүреміз екі жағымызға кезек-кезек түкіріп. Жаңа туған аңның күшігі, құстың балапаны әбден қатаймай, әлеуметтік желіге жазбаймыз. Журналистерге хабарламаймыз. Иә, адам боп кетсін...
– Дәл қазақша айтады екенсіздер...
– Расына келгенде, қазақпыз ғой… Айтайыншы. Егер орысша сұхбат берер болсам, бұлай айтпас едім. Біз – зообақ қызметкерлері мұндағы жан-жануар, жәндіктердің бәріне дерлік Алланың аманаты деп қараймыз. Және бәріміз қасиетті жерде жұмыс істеп жүргенімізге кәміл сенеміз. Қазақы түсінік қой. Өзге халықтың ойына сыймайтын шығар...
* * *
Мен осылай Алматы зообағының қызметтік есігінен кіріп көрдім. Айтпақшы, суреттегідей тасбақа панцері бар екен. Ол осы зообақта өмір сүрген ең ірі тасбақа болған. Бүгінгі естігенім бар, кішкентай қызымның зообақты жақсы көретіні бар – Алматы зообағына тасбақаның жасын тілеп шықтым. Ол – 150 жыл ғой шамамен. Аз демеңіз, зообақ сол жасқа жеткенде, тағы бір ұзақ өмір сүретін жануарды тауып алар, басқа тілекшілер!