Алматыда өрт кезінде қаза тапқан отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі
«Ақкент» ТК өрт кезінде Алматы тұрғыны Әсел Бекмұхамбетова қаза тапты. Алатау ауданының әкімдігі қаза тапқандардың отбасына қажетті моральдық және материалдық көмек көрсетеді.
Алатау ауданы әкімдігінің мәліметінше, қаза тапқандарды жерлеу рәсімі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаражота ауылында өтеді. Аудан әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, қаза тапқан жанның денесін тасымалдауға жәрдем көрсететін болады.
Айта кетейік, кеше «Ақкент» шағын ауданындағы 16 қабатты үйдегі өрт сағат 17:10-да басталған. Сағат 18:46-да өрт сөндірілді. Төтенше жағдайлар министрлігі 1-16-қабаттар аралығындағы электр кабельдері өртеніп жатқанын айтты. Өрт салдарынан бір әйел қаза тауып, 37 адам қаладағы көп бейінді ауруханаларға жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында – 26 бала, 2 жүкті әйел бар. Қазір балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде 4 бала жатыр.