Алматыда урбанистика басқармасының экс-басшысы Алмасхан Ахмеджанов 2 айға қамауға алынды
Алматы қалалық урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов 2 айға қамауға алынды.
Бұл туралы Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында мәлім болды.
«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылғы 18 шілдедегі қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтінішхаты қанағаттандырылып, күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. А. 2 ай мерзімге, яғни 16 қыркүйекке дейін қамауға алынды», — делінген хабарламада.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы урбанистика басқармасының бұрынғы басшысының ұсталғаны туралы хабарлаған болатын. Ведомствоның мәліметінше, шенеунік жер телімдерін беру және нысандардың құрылысына рұқсат беру кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен. Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді.
Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін арзанға берген. Шығын 180 млн теңгені құрады.