Алматыда жұма намазын оқуға тыйым салынды
Алматы коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа енгені себепті жұма намазы, жексенбілік қызметтер уақытша өткізілмейді, — деп хабарлайды «Жас Алаш».
Бұл туралы Алматы Дін істері басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Алматы коронавирус бойынша „қызыл“ аймаққа енді. Осыған байланысты қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері жаңа қаулы жариялады. Аталған қаулы биыл 13 наурыздан бастап күшіне енеді. Шектеу шаралары діни нысандарға да қатысты болып отыр. Атап айтқанда, ғибадат нысандары ғимаратында әлеуметтік қашықтықты, санитария нормаларын және маска режимін қатаң сақтап, тек жеке құлшылық рәсімдерін өткізуге рұқсат етіледі. Шектеуге байланысты жұма намазы, жексенбілік қызметтер уақытша өткізілмейді», — деді Алматы дін істері бойынша басқармасы басшысының орынбасары.
Ерғали Көшек құлшылық орындарына маскасыз келген азаматтар кіргізілмейтінін және келушілердің температурасы өлшенетінін айтты.