Алматыдағы жол апаты: автобус жүргізушісіне үкім шықты
Алматының Алмалы аудандық соты өткен жылдың қараша айында қала орталығында жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін автобус жүргізушісіне үкім шығарды.
Сот анықтағандай, 2022 жылғы 8 қарашада сағат 14:00 шамасында сотталушы А., Абылай хан көшесінің бойымен оңтүстік бағытта No98 автобусты басқарып, Абылай хан және Төле би көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережесін елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп кеткен. Салдарынан Төле би көшесімен келе жатқан №20 автобуспен соғысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан No98 автобустың жолаушылары зардап шекті. Жәбірленуші И. автобус астында қалып, алған жарақаттарынан қайтыс болған, жәбірленуші К. ауыр дене жарақатын алған, жәбірленуші Ш. орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған.
Жүргізуші өз кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.
Адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзған No98 автобус жүргізушісі кінәлі деп танылып, 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сот шешімімен ол 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ, моральдық шығынды өтеу ретінде жәбірленушілердің пайдасына 2 миллион теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 2022 жылдың қараша айында Абылай хан мен Төле би қиылысында ірі жол апаты болды. 98-бағыттағы автобус 201-автобуспен соғысты. Салдарынан бір адам қайтыс болды. Тағы 21 адам зардап шегіп, оның тоғызы ауыр жарақат алған.