«Әлмерек баба» қоры тойдан бас тартып, Ақтөбе тұрғындарына көмек жіберді
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға ел халқы қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр.
Белгілі журналист Бауыржан Бабажанұлы әлеуметітк желіде «Әлмерек бабаның 350 жылдығын атап өтеміз деп отырған ұрпақтары асты кейінге қалдырып, жиналған қаражатты Ойыл ауданындағы су зардабынан зардап шеккен отбасыларға аударыпты деген деректі оқып, риза болып отырмын» деп жазды.
Біз осы оң бастаманың басы-қасында жүрген азаматтарға хабарласып, істің мән-жайын сұрадық. «Әлмерек баба» мәдени-тарихи қорының атқарушы директоры Ысқақ Нұрмұхамбетовтің айтуынша, қазіргі қиын сәтте той тойлаудың жөні жоқ.
«Әлмерек бабаға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына орай екі күндік үлкен іс-шара жоспарланған болатын. Жоспар бойынша, 10 мамырда халықаралық конференция, ал 11 мамырда 100-ден аса үй тігіліп, ат бәйгесі мен өзге де ұлттық ойындар өтуі керек еді.
Бірақ қазір елде болып жатқан су тасқынына байланысты 11 мамырға жоспарланған барлық іс-шараны кейінге қалдырдық. Әкімшілік тарапынан кедергі болған жоқ, бірақ осылай істеуге кеңес берді. Іс-шараға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқан, үйлерді жалға алуға, мал сатып алуға келісім жасалып, алдын ала ақшасы да төленген болатын. Бірақ мынадай қиын кезеңде той тойлап жатқанымыз ыңғайсыз болар деп бәрін кейінге қалдырдық, нақты уақыты қазірше белгісіз, бірақ күзде өткіземіз деп отырмыз.
Тойды кейін шегерумен қатар, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек жіберуге шешім қабылдадық. Әлмерек баба ұрпақтарынан 5 қоғамдық қор құрылған. Бұл жұмыс солармен келісе отырып жасалды. Жалпы 10 миллион теңгеден аса қаржы жиналды. 19 сәуірде Ақтөбе облысына бір фура көмек жөнелттік.
Көмек жіберер алдында Әлмерек баба кесенесінде жиналып, ақылдастық. Көп адам ақшалай көмек жіберуді ұсынды, кейбірі үй салып немесе үй алып берейік деді. Сөйтіп жүргенде бізге Ақтөбе облысы Ойыл ауданынан хабарласты. Сонда 3 ауылды су шайып кеткен екен. Ауданға барар жолдағы көпірді су алып кеткендіктен, көмек бармай жатқаны белгілі болды. «Ойылға көмек» деген топ бар екен, сол арқылы аталған ауылдарға тікелей көмек көрсеттік.
Белсенділер бізге нақты не керек екенін айтып, 40 түрлі заттан тұратын тізім берді. Тізімде көрсетілген тұрмысқа керекті заттарды алдық, одан бөлек картоп, ұн, күріш, май сияқты азық-түлік жібердік. 100 үйге арнап қазан-ошақ, 4 киіз үй жібердік. Біз жақтан 3 жігіт бірге барып, көмекті жергілікті тұрғындардың қолына тигізіп қайтты. Сондай-ақ, олар сол жақтан 3 қой сатып алып, тамақ дайындап, 3 ауылдың тұрғындарымен кездесті. Жергілікті халық ризашылығын білдіріп жатыр. Ауыл, аудан әкімшілігі бізге алғыс хаттарын жіберді», - дейді Нұрмұхамбетов.