Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Әлімханұлы сүрінді ме, сүріндірді ме?

Жәнібек Әлімханұлы
Фото: Top Rank

Өткен апта қазақстандық бокс жанкүйерлері үшін аса жайсыз болды. Орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) допинг дауына ұшырап, чемпиондық жекпе-жегінен айырылды. Qazaq Style 7 желтоқсан күні орта салмақтағы WBA белбеуінің иегері, кубалық боксшы Эрисланди Ларамен кездесіп, 3 титул сарапқа салуы қажет еді.

Әлімханұлы бұл кездесуді ұзақ күткен. 2022 жылы 27 тамызда WBO белбеуіне ие болып, 2023 жылы 14 қазанда IBF титулына қол жеткізгеннен бері ол 4 мәрте белбеуін қорғап, бір мәрте титул біріктіретін жекпе-жек өткізді (2023 жылы қазанда IBF чемпионы, германиялық Винченцо Гуальтьериді 6 раундта жеңіп, қос белбеу иегері атанған). Қазірге дейін WBO белдігін бес мәрте, IBF белбеуін екі мәрте қорғады.

Бірақ атағы аспандаған алпауыт боксшылармен кездесе алмай жүрген. Әсіресе WBC чемпионы Карлос Адаместі көп күтті. Дегенмен доминикандық боксшымен рингте кездесудің сәті түспеді, қос шебер әлеуметтік желіде шарпысқаны болмаса, жекпе-жек өткізу бойынша нақты келісімге келе алмады. Сөйтіп жүргенде биыл күзде ардагер боксшы Эрисланди Лара Әлімханұлымен кездесуге келісім берді деген ақпарат тарап, жұртты қуантқан еді. Бокс жанкүйерлері Жәнібектің жұлдызы жанатын сәт туды деп алақанын ысқылап, 7 желтоқсанды асыға күтіп жүрген.

Өкінішке қарай, айтулы жекпе-жекке 4 күн қалғанда, 2 желтоқсан күні түнде Әлімханұлының қанынан мельдоний препараты табылды деген ақпарат тарады. Бұл туралы алдымен танымал бокс журналистері хабарлады. Кейін ақпаратты Жәнібектің өзі растап, мәлімдеме жасады. Қазақ боксшысы ешқашан тыйым салынған дәрумен тұтынбағанын, ас мәзіріне өзгеріс енгізбегенін айтып, мұндай дауға қалай ұшырағанын түсінбей дал болды. Сондай-ақ қайта анализ тапсыруға өтініш беріп, соның жауабын күтіп отырғанын хабарлады.

Одан бері бір аптаға жуық уақыт өтті. «В» сынамасы қандай нәтиже бергені жайлы еш ақпарат жоқ. Ресми органдар да, боксшының өзі де бұл туралы ештеңе айтпады. Әсіресе әдетте Жәнібектің атынан сөз алып, тым көп сөйлеп жүретін команда мүшелері де үнсіз жатып алды. Жанкүйер қауым не болғанын, мәселе қалай шешілетінін білмей, оқиғаны сан-саққа жүгіртіп жатыр.

Енді Жәнібек Әлімханұлы шынымен допинг тұтынды ма дегенге келейік. Боксшы ресми ақпарат шықпай жатып, допингке жоламағанын айтып, мәлімдеме жасады. Одан кейін де әлеуметтік желіде бірнеше мәрте жазба жариялап, таза екенін, тексеріс жүріп жатқанын айтты. Жанкүйерлер Жәнібекке сенгісі келеді. Он жылға жуық талмай еңбек етіп, қаржысы мен қолдаушысы болмаса да, танымалдығы төмен болса да өз күшімен 3 титулды біріктіруге әрең мүмкіндік алған боксшы маңызды жекпе-жек алдында допинг қолданады дегенге сену қиын.

Бірақ бұл пікір жанкүйерлік жанашырлыққа көбірек ұқсайды. Боксшының ағзасынан тыйым салынған препарат шынымен табылған шығар. Спортшы өзі арнайы қолданбаса да, ішкен тамағы мен тұтынған витамині арқылы мельдоний ағзаға енуі мүмкін. Егер оның қанға кездейсоқ түскенін дәлелдей алса, боксшы жазадан құтыла алады. Мысалы, 2018 жылы наурызда қазақстандық Геннадий Головкинмен екінші жекпе-жек алдында мексикалық Сауль «Канело» Альварестің қанынан кленбутерол препараты табылған. Сол кезде WBC сияқты ірі бокс ұйымдары «Канелоны» қолдап шықты. Ақыры мексикалық боксшы тыйым салынған дәрумен қанына тамаққа қосылған ет арқылы түскенін дәлелдеп, жазадан құтылды. Сол жылы қыркүйекте Головкинмен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Жәнібекке мұндай мүмкіндік туа ма, жоқ па, белгісіз.

Сондай-ақ жұрт арасында кәсіпқой бокстың алпауыттары Әлімханұлына әділетсіздік жасады деген де болжам бар. Танымалдығы төмен боксшының жолын жабу үшін әлдекімдер әдейі қысас жасауы мүмкін. Допингке қатысты ресми ақпарат шықпай жатып, Лараға жаңа қарсылас жылдам табыла кетті. Көпшілік осыдан күтіктеніп, бәрі алдын ала жоспарланған сценарий болуы мүмкін екенін айтып жүр. Әрине, жекпе-жекті сақтандыру деген түсінік бар, кездесу алдында бір боксшыны қосымша дайындап қойып жатады. Бірақ 3 титул тігілген чемпиондық жекпе-жекте ондай жағдай бола қоюы екіталай. Оның үстіне Жәнібектің орнын басқан венесуэлалық Йохан Гонсалес чемпиондық деңгейдегі боксшы емес болатын. Лара оны еш қиындықсыз жеңіп шықты.

Айтпақшы, биыл 21 қарашада бірінші жартылай орта салмақтағы WBC чемпионы Субриэль Матиас допинг-тесттен өте алмай қалды. VADA пуэрто-рикалықтың ағзасынан тыйым салынған остарин препаратын тапқан. Матиас 10 желтоқсанда Нью-Йоркте Далтон Смитке қарсы титулын қорғауға дайындалып жатқан. Яғни, жағдай Жәнібектікімен өте ұқсас. Бірақ Матиас жауын арасынан құрғақ шықты. WBC аз мөлшердегі остарин боксшының қанына кездейсоқ түскен деп шешіп, жекпе-жек өткізуіне рұқсат берді. WADA-ның остарин спортшының денесіне «кездейсоқ» енуі мүмкін емес екенін айтса да, Матиастың мұртын балта шапқан жоқ.

Жәнібектің жайы қалай болары белгісіз. «Канело» сияқты жеңіл айыппен құтыла ма, әлде Матиас сынды жазасыз қала ма? Бірақ бұған сенім аз. Атақты чемпиондарды ақтап алған Америка жұрты қазақ боксшысына қандай көзқарас танытар екен. Шынын айтқанда, Әлімханұлын ақтай қоюы екіталай. Допинг дауына сүйеп, чемпиондық жекпе-жегін тартып алды. Енді «бәрі таза екен» деп жібере салса, Qazaq Style-ға қастандық жасалды деген жұрт болжамы шындыққа айналғандай болады да, VADA абыройы түседі. Олар мұндайға бармасы анық.

Ал Әлімханұлының кінәсі дәлелденсе, оны ауыр жаза күтіп тұр. Ең алдымен, қолындағы WBO және IBF белбеуінен айырылады. Үлкен көлемде айыппұл төлейді. Ең жаманы – дисквалификацияға ұшырайды. Одан оралған соң чемпиондық жолға орала алуы қиын. Алдына келгенін сұлатып, жеңіске жетіп жүрген күннің өзінде алпауыттармен кездесе алмай жүрген боксшымыз допинг қолданды деген «жаман аттан» кейін ешкімді қызықтыра алмасы анық. Дегенмен істің ақырын күтейік. Мүмкін Жәнібек шынымен ақталатын шығар...