Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:47

«Әлназарова үшін мен ойыншық сияқтымын». Денсаулық сақтау министрін отставка айналдырып жүр

Әлназарова
Фото: ашық дереккөз

Жақында ғана денсаулық сақтау министрлігінің қант диабетімен ауыратын науқастарды емдеу тәсіліне қатысты дау ел ішінде наразылық тудырып, қоғам министр Ақмарал Әлназарованың отставкасын талап еткен еді.

 Енді Шудың дәрігерлері жалақымызды ала алмай жатырмыз деп шу шығарды. Бұдан бөлек, күні кеше президент те денсаулық сақтау саласындағы бюрократияны айтып, біраз сын тақты. Жалпы кейінгі уақытта айғайдың астында қалған МӘМС-тің өзі «банк шоты» атанып, есеп-қисабы тұман министрлік атанған денсаулық сақтау саласында дау атаулы өршіп тұр.

Уәдесінде тұрмайтын Әлназарова

12 тамызда әлеуметтік желіде тараған видеода медицина қызметкерлері Шудағы аурухананың біраз былығының бетін ашады. Аурухана қызметкерлері жалақы алмайды, жылда берілетін 13-айлық жоқ, тіпті мереке сайын берілетін сыйақыны да көрмегендеріне 10 жыл болған. Өңірде аурухана басшысының орынбасары үлкен көлемде сыйақы алатыны туралы сыбыс та тараған. Бұл аймақта медицина қызметкерлері үш ауысыммен жұмыс істейді. Бірақ жалақысы күннен күнге азайып барады.

«Мұның себебін сұрасақ, түсіндіріп айтпайды. Кей айда «дешевый» болса, кей ай «дорогой» болады. Біз тек наурыз айында ғана жоғары айлық алдық. Басқа уақытта түсіндіріп те айтпайды. Барсақ мал сияқты болып жүреміз», дейді ашынған қызметкерлер.

Тағы бір аурухана қызметкері жалақы берілмегені былай тұрсын, өздерін қарыз етіп қойғанын айтады. Оның сөзінше, өзі 192 мың теңге қарыз болса, басқа бір әріптесі 180 мың теңге қарыз болып қалған. Оның да себебі түсініксіз.

«Біз, шынын айтқанда, есек сияқты жұмыс істейміз. Ондай кезде бастыққа жақсымыз. Ал жалақы сұрасақ бірден тулап шыға келеді. Жоғарғы жаққа баруымызды айтады. Одан бөлек, егер СЭС сияқты анау-мынаудан тексеріс келсе тағы да 2,5–5 мың теңгеден жинаймыз. Жиналған ақшаны олар керек-жарақтарға жұмсайтын көрінеді. Тіпті «капитальный ремонт» дейді, бірақ ешқашан ондай жөндеу болмаған. Кейде біз өзіміз, кейде адам жалдап, жөндеу жүргіземіз. Мысалы, былтыр 10 мың теңгеден ақша жинап, адам жалдадық. Неге біз үйде істемейтін құрылыс жұмысын жұмысқа келіп істеуіміз керек? Жыл сайын есігіміз сынса, не басқа бір жерге қажет болған нәрсені өз ақшамызға сатып аламыз», – дейді Шу ауруханасының қызметкерлері.

Қайырғали Көнеев
Қайырғали Көнеев. Фото: ашық дереккөз

Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер Қайырғали Көнеевтің айтуынша, Шудағы жағдай дәрігерлердің басынан өтіп жатқан алғашқы жағдай емес. Бұл мәселе басқа да өңірлерде жылдар бойы айтылып келеді.

«Халық қалтасынан ақша төлегесін соған сай қызмет алғысы келеді. Бірақ медицина саласы ондай қолжетімді емес, сапасы төмен. Маман жетіспейді, кезек көп. Жемқорлық өршіп тұр. Кезінде арнайы бағдарлама арқылы аудан орталығында емханалар салынды. Облыстық аурухана ғимараттары жаңарды. Қаншама МРТ, КТ сатып алынды. Техника жақсы. Бөлінетін қаржы да өсіп жатыр. Бірақ жемқорлық деген сұмдық. Соның салдарынан медицина саласы ақсап тұр. Жаңа айтып өткен емханалардың басым бөлігі жекешелендіруге берілді. Оның көбісін «акиматскийлер» алды. Жекеге өткесін, әрине, олар дәрігерлердің айлығынан «эконом» жасайды. Шуда кеше шулап жатса, Талғардағы аурухана қызметкерлері екі жылдан бері айтып келеді. Ол жақта да білгенін істеп жатыр», – дейді дәрігер.

Шудағы аурухана наурыз айында жүкті әйелдің кенеттен қаза табуына байланысты ел көлемінде «атақты» болып кеткен. Сол кезде министр ханым Әлназарова «бұл аурухананы өз бақылауыма аламын деп» айтқан еді. Бүгінгі жағдайға қарасақ, министр уәдесінде тұрмағанға ұқсайды.

Тоқаев не айтты?

11 тамыздағы жасанды интеллектке арналған жиында президент денсаулық сақтау саласына да тоқталып, саладағы кейбір мәселелерді сынады. Президенттің айтуынша, Қазақстанда медицина саласын дамытуға кедергі болып отырған басты проблема – шектен тыс бюрократия. «Әлемде дәрігерлерді шаруадан босатып, оларды маңызды шешімдер қабылдау үшін түрлі технологиялар қолданылып келеді. Қазақстанда да болашағы зор медициналық стартаптар бар, алайда олардың әлеуеті көбіне бюрократияның кесірінен іске аспай отыр. Ал қолданыстағы медициналық ақпараттық жүйелер фрагментті түрде дамуда, бірыңғай алгоритм жоқ» дейді. Яғни министрлік бастамалары мен жергілікті инновацияларға кедергі келтіріп отырған шенділердің қағазбастылығы. Бюрократия дендеген жүйе жаңа технологияларды енгізуді тежеп қана қоймай, халыққа қажетті кез келген тиімді шешімді іске асырмай қояды. Президент былтырғы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының аудиті ірі қаржылық шығындарды анықтағанын еске сала отырып, цифрлық тәсілдер саланың ашық әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететінін мәлімдеген.

Тоқаевтың бұл салаға сын айтып отырғаны алғашқы емес. Ол өткен жылы да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынаған. Бірақ содан бері шешілген ештеңе жоқ. МӘМС – МӘМС күйінде тұр.

Айтпақшы, бұл МӘМС-ке қатысты соңғы жағдай емес. Денсаулық сақтау министрлігі шілде айының соңында қант диабеті енді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қаралмайтынын, оның орнына Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қаржыландырылатынын мәлімдеді. Министрліктің бұл шешімі қоғамда дүрбелең туғызып, диабетпен ауыратын мыңдаған азамат пен олардың ата-аналары алаңдап қалды. Наразылық күшейіп, тіпті көпшілік денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың отставкаға кетуін талап ете бастады.

Халықтың мұндай өткір реакциясына қант диабетімен өмір сүретін жандардың күнделікті күйзелісі мен шығыны негіз болды. Қазақстанда 535 мыңнан астам адам диабет дертіне шалдыққан. Қант диабеті – инсулин гормонының жетіспеушілігінен немесе ағзадағы инсулин әсерінің бұзылуынан туындайтын созылмалы дерт, уақытында дұрыс ем-дом жасалмаса, соқырлық, бүйрек жетіспеушілігі, инфаркт, инсульт секілді ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Яғни бұл сырқатпен күрес үзіліссіз инсулин қабылдау, қант деңгейін тұрақты бақылау және қымбат дәрі-дәрмекпен қамтуды талап етеді.

Осы жағдайды ескеріп, бұған дейін мемлекет қант диабетін әлеуметтік мәні бар аурулар тізімінде ұстап, науқастарды қажетті инсулин, дәрі-дәрмек және құрал-жабдықтармен тегін қамтамасыз етіп келген. Алайда енді министрлік диабетті ТМККК пакетінен МӘМС жүйесіне ауыстыру туралы шешім қабылдады. Ресми түсіндіруде бұл қадам «пациенттердің әлеуметтік қорғалу деңгейіне кері әсер етпейді, керісінше, тұрақты қаржыландыру арқылы заманауи емдеу әдістері мен дәрі-дәрмекпен қамтуды кеңейтеді» деп уәде етілді. Министрлік халықаралық тәжірибені алға тартып, мұны терапияны кеңейту жолы деп ақтауға тырысты. Дегенмен қағаз жүзіндегі әдемі уәделер халықтың күдігін сейілте алған жоқ. Және бұл жердегі ең басты мәселе – елдің МӘМС жүйесіне деген сенімсіздігі.

Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген алғашқы күннен-ақ қоғамның сынына ұшырап келеді. Идея бойынша, МӘМС жұмыс берушілер мен азаматтардан жарна жинап, сол қаражат есебінен халыққа кеңейтілген медициналық көмек көрсетуге тиіс болатын. Алайда іс жүзінде бұл жүйе көптің үмітін ақтамады. Сарапшылар денсаулық сақтау саласындағы реформалардың жиі ауысатынын, әр министрдің өз бағдарламасын әкеліп, бірақ нәтижесінде пациент жағдайының көп жақсармағанын айтады. Расында, соңғы жылдары бірнеше министр ауысты, әрқайсысы жаңа стратегия ұсынды, алайда медицина саласының түйткілдері шешілмей келеді.

Жұбан Тілеубергенов
Жұбан Тілеубергенов. Фото: Жеке архив

Жұбан Тілеубергенов, медицина ғылымының докторы, профессор: Әлназарованың бітірген түгі де жоқ

Бұл кісі келгенде (Әлназарова) бәрін жасаймын, «анау-мынау» деген еді. Жасаған түгі де жоқ. Саланы жемқорлық жайлаған. Бас дәрігерлер басымызға шықты. Жемқорлықтың неше түрін шығарған. МӘМС-ті келтіріп отырған осы – бас дәрігерлер. Қазір бір жұмыс алға жылжымайды. Медицина саласы құрып біткен. Біздегі медицинаға халық сенбей қалған. Алғашқы көмек көрсету деген бар. Олар поликлиникаларда отырады. Олар да түк бітірмейді. Біздің кезде терапевтер науқастардың арасында жүгіріп жүретін. Бұлар онлайн «осмотр» жасайды. Бұл деген қылмыс, адамды мазақ ету. Ондай болмау керек. Адам бұл салада жанын салып жұмыс істеу керек. Біз емханаға барсақ, терапевке кіреміз. Ол бізді қарамаса да, тіпті сөйлемесе де келді деп түртіп қояды. Болды, МӘМС арқылы оған ақша түсіп жатыр.

Әлназарова деген мені қазір сотқа алып кетсе де айтайын, еш нәрсе жасаған жоқ. Сол баяғыдай. Әлназароваға қазір ырық бермейді. Саланы қалың жемқорлық жайлаған. Жұмысты істейтін дәрігерлер ғой. Олардың көбісі шетелге кетіп жатыр. Ағылшын тілін білсең болды. Бұлай кете берсе бұл саланың не болатынын 40 жыл қызмет еткен өзім де білмеймін. Түн ұйқым төрт бөлініп отырып ойланамын. Медицинада ақшамен оқу деген болмауы қажет. Ол түбімізге жетеді.

Әлназарова ғана емес, бүгінгі үкімет түгелдей отставкаға кету керек деп есептеймін.

медициналық көмек
Фото: ашық дереккөз

Медицина шенеунікті емес, халықты емдеуі тиіс

Қайырғали Көнеев те осы МӘМС енгізілетін кезде медицина саласына кері әсері болатынын айтқан. Бірақ білікті дәрігерлерді тыңдайтын құлақ болмапты. Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру демократиялық елдерде ғана оң нәтиже береді. Ал автократиялық жүйелерде бұл көбіне қаржы жымқырудың бір тәсіліне айналады, өйткені қоғам бұл салаға жеткілікті назар аудармайды. Егер қоғам бақылауды күшейтсе, жағдай басқаша болар еді. Халықаралық тәжірибеде емханалар не тек МӘМС арқылы қызмет көрсетеді, не тек ақылы негізде жұмыс істейді. Екеуін қатар ұстауға тыйым салынған, себебі мұндай жағдайда сапаны бақылау мүмкін болмайды. Ал Қазақстанда бір мекеме МӘМС аясында да, ақылы түрде де қызмет көрсете береді.

«Қысқаша айтқанда, біздің медицина жүйесі шіріп кеткен. Дұрыс жүйе құрмасақ нәтиже өзгермейді. Егер МӘМС пен ақылы қызметті бөлмесек болмайды. Бізде «МЭМС-пен келсең кезегің 3 айда келеді, ақылы өтсең тап қазір өткіземіз» дейді. Сонда бір дәрігер, сол құрылғы – оны қалай түсінуге болады? Халықтың ашуланатынындай бар. Мұны неге өзгерте алмаймыз? Себебі біздің ауруханалар шенеуніктерді «кормить» етіп отыр. Бұрын шенеуніктер мұнайдан жейтін еді. Қазіргі шенеуніктер медицина саласынан «кормить» етіледі. Назарбаевский шенеуніктер мұнайын бермей жатыр. Ал халыққа ештеңе жоқ. Қоғам болып мұны бақыламаса жүйе өзгермейді. Денсаулық сақтау саласы қоғам бақылауын күшейткізбей отыр. Егер қоғам бақылай бастаса шенеуніктер нансыз қалады ғой.

Кешегі қант диабетін естіп жатқан жатырсыздар. Енді оларға препарат сатып алып бермейміз деп жатыр. Бұл қалай? Егер қоғам мұны бақыласа мұндай шешім болмайтын еді. Әр орталықтарда қоғам бақылайтын ұйым болуы қажет. Медицина шенеунікке емес, халыққа қызмет етуі керек. Коронавирус кезінде бірқатар генералдар, судьялар шетелге шыға алмай қайтыс болды. Өйткені шекаралар жабылды. Ал бұрын шенеуніктер ауырса шетелге кететін еді. Тіпті немерелеріне шетелге апарып вакцина салдырғандарды да көрдік. Локдаун кезінде өзіміздің ауруханаларда шенеуніктер көз жұмды. Сол жағдайдан кейін шенеуніктер өзгеретін шығар, «аппетитін» басатын шығар деп едім. Жоқ, керісінше. Олар төтенше жағдай болса Қазақстаннан кете алмай қалатынын білуі керек. Көмекті осы жерден алады. Елімізде президент әкімшілігінің клиникасы, әкімдік клиникасы деген бар. Шенеуніктер неге ерекшеленіп емделеді?! Халықпен бірге емделсін. Мұндайды алып тастау керек!».

Кейінгі уақытта мәжілістегі медицина саласындағы айтыстар да көп жайттың бетін ашты. Кейінгі жылдары саланы қолдауға жүздеген миллиард теңге берілгенімен, отандық компания жеткізетін дәрілердің ассортименті екі есеге жуық қысқарған. «СҚ-Фармацияның» логистикасының 90 пайызы үш-ақ компанияның қолында, логистикалық шығындар көтерілген, шекті баға кесірінен препаратты ондаған мың пациент уақытылы ала алмаған. Тіпті «отандық» деген қолғап партиясының сипаттамасы Тайландтан келетін партиямен толық сәйкес келген оқиға да бар. Шетелден әкелінген өнімді «өзіміздікі» деп екі есе қымбатқа өткізу жағдайлары да кездескен. Бірақ медицина саласына бөлінетін қаржы жылдан-жылға артып барады. Мысалы, 2025–2027 жылдары Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне 7,6 трлн теңге жұмсау жоспарланып отыр. Қарап отырсаң, соншама ақша бөлініп, жұмыстар атқарылып жатқан сияқты. Алайда бұл салада халықтың көңілі толатындай, ауыз толтырып айтатындай ештеңе өзгермеген.

P.S. Денсаулық сақтау саласында жиналған түйткілдер шегіне жеткелі қанша уақыт. Әлназарованың қызметінен кетуін талап еткендер қатарында белсенділер мен қоғам ғана емес, балалар да бар. Алматы облысының Боралдай кентінде тұратын, ауыр дәрежедегі бронхиалды астма диагнозы қойылған 10 жасар Айлин Шаудырбаева туған күнінде президентке арнап видеоүндеу жолдады. Ол өзіне қажетті дәрілердің берілмей отырғанын айтып, «Әлназарова үшін мен ойыншық сияқтымын. Менімен ойнап, жалығып қалса, лақтырып тастауға болатындай…» – деген балақай министрді «пациенттерге немқұрайлы қарайды» деп айыптады. Оның сөзі бір баланың жанайқайы емес. Қазір елімізде қажетті емін ала алмай отырған мыңдаған науқастың шындығы осындай. Қоғамның сенімі мен халықтың өмір сапасы қыл үстінде тұрған шақта министрлік уәде мен есеп берудің арасын жалғай алмай отыр.

Тұрсынбек БАШАР