Әлназарованың мемлекет саясатына қарсы оптимизациясы
Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржыны 20 пайызға қысқартпақ. 25 мамыр күні шығарылған бұйрық 11 маусымда заңды күшіне енеді.
Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Енді аталған қызметтерге тариф белгілеу туралы бұйрық өзгеріп, онсыз да көбейіп жатқан диагнозды қаржыландыру азаймақ.
Өткен жылғы есеп бойынша елімізде онкологиямен ауыратын 218 мыңнан астам адам динамикалық бақылауда тұр. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 мыңға көп. Сол кездері министр Ажар Ғиният министрлік тарапынан онкодиагнозы барларға көмек артуы керектігін, әсіресе тиісті тарифті арттыру қажеттігін айтқан. Бірақ ведомствоның жаңа басшысы бұған келіспейтін сыңайлы. Содан болар, онкологияға қарастырылған тарифті қысқартып, мемлекет бюджетін үнемдемекші. Бұның алдында «2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының» жобасында ДСМ орфандық аурулары бар азаматтарға қымбат дәрі-дәрмектер алмайтыны айтылған еді. Оған қоса, МӘМС-тің қымбаттайтыны да жиі сөз болады. Енді келіп, мына жаңалық көптің ашуын тудырды. Әлеуметтік желілерде «Әлназарованың оптимизациясы ақымақтық» деген пікірлер айтылып, бұл шешімнің негізсіз екені сөз болып жатыр. Соның ішінде мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов: «Бұл қанша адамның өмірі мен тағдыры. Шенеуніктердің үстірт ақпараттарынан басқа қандай ғылыми негіз бар? Неліктен мұндай маңызды шешімдер жан-жақты зерттелмей, бір мезетте қабылданады?» деп, қарсылығын білдірген. Ол өткен жылы бекітілген онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды еске салып, ДСМ-ның жаңа бұйрығы соңғы жылдары мемлекет ұстанып келе жатқан саясатқа қарсы екенін айтқан. Иә, үкіметпен қабылданған 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша онкологияға бөлінетін назар да, қаржы да артуы тиіс еді. Онкологиялық көмек пен қатерлі ісікті емдеуде жоғары деңгейлі елдермен тереземізді теңестіру үшін онкологиялық көмекті модернизациялап, диагностика мен емнің сапасын арттырамыз дегенбіз. 5 жылдың ішінде 5 негізгі бағыт бойынша жұмыс істеуге 460,7 млрд теңге қарастырылып, өлім-жітім деңгейі төмендеуі керек болған.
Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да онкологиямен күреске білек сыбана кірісіп, қатерлі ісіктің қаупінен сақтану үшін барын салып жатыр. 2022 жылы обырдың 20 млн жаңа жағдайы тіркелгенін хабарлап, 2050 жылы бұл көрсеткіш 35 миллионға дейін өсуі мүмкін екенін болжаған. Әрі көптеген әлем елдерінің қаржыландырудың тиісті мөлшерін қамтамасыз етпейтінін анықтаған.
Бірақ жауапты ведомство осының бәрінен бейхабар секілденіп, 20 пайыз туралы бұйрық шығарып отыр. Бұл жаңалық ең әуелі аталған диагнозбен ауыратын науқастар мен олардың жақындарына ауыр тиіп жатыр. Біраз бұрын қатерлі ісіктен айығып, аяғына тұрған Орынбасар Серікбай былай дейді:
«Мемлекет қатерлі ісікті анықтау, емдеу шараларына қатысты жүйелі шешімдер қабылдау керек деп жүргенде бөлінетін қаржының 20 пайызға азаятыны айтылды. Бұл деген – миллиардтар. Онсыз да дертпен күресіп, қаржылай да, рухани да қажыған онкологиясы барлар үшін ауыр жаңалық екені сөзсіз.
Елімізде қатерлі ісікке шалдыққандар онсыз да өз бетінше емделеді. Ылғи солай болмаса да, көпшіліктің жағдайы – осы. Операцияға деп үйін де, көлігін де, бәрін сатып, амалдап кетеді. Әлі күнге инстаграмды аша қалсаң, «сборлардан» көз аша алмайсың. Көбі кішкентай балалар. Бәріне жаның ашиды, бәріне көмектескің келеді. Ауыр оталарды айтпағанда, бір апталық дәрінің өзіне қатты шығындануға тура келеді. Осы мәселенің бәрін көтеріп, айтып, әкімдік есігін тоздырғандар, министрлікке хабарласып, шағымданғандарды жеке өзім қаншама рет көргенім есімде жоқ. Бірақ нәтиже де, өзгеріс те байқалар емес.
Бізде тек Алматы мен Астанада ғана салыстырмалы түрде жақсы қарайды. Оның өзінде бір-екі айлап жүгіріп, қағаз жинап, кезекке тұрып, қиналасың. Дәрігерлерге «рақметін» беріп жүріп әрең отаға кіресің... Өкінішке қарай... Онкологиямен ауыратын адамдардың басты жауы – уақыт. Ал бізде адамның уақытын ескеретін жағдай жоқ.
Осындай деңгейде отырып, тағы қаржыландыруды қысқартсақ, неміз қалады? Ауру өршіп, жылдан жылға көбейіп жатқанда мына шешім миға қонымсыз. Кез келген шешім реалды жағдайға, статистикаға қарап, ақылмен қабылдануы тиіс. Онсыз да денсаулық сақтау саласына деген халық сенімі өте төмен. Мемлекеттік ауруханаларда қарапайым ғана тамырға «система» салдыруға қорқып тұрасың. Мамандардың біліктілігіне де, жүйеге де толық сене алмайсың. Мына шешімнен соң министрлік пен министр туралы не ойлауға болады? «Бұйырғаны болар» деп ішінен үнсіз тынатын, рухы сынса да өмір сүруге талпынатын әр науқастың өмірі, олардың үміті ше?».
Мұндай пікірлердің біразы әлеуметтік желілерде айтылды. Мәселен, Самал Мереке есімді медбике: «Маман ретінде бұл шешімге қарсымын. Жыл сайын медицинадағы қажеттіліктерді қысқартып келе жатыр. Бұл халықтың денсаулығы емес пе? Бір жақта пациенттер ренжиді, екінші жақта басшылық ұрысады. Екі ортада шыбын өледінің күйін кешіп жүрміз», – дейді.
Асылгүл Қуанаева: «Қазақтың дерттісі дорбасын арқалап Түркия мен Үндістанда жүр, отандық медицинаның халі осы», – десе, Асыл Қазынақызы: «Тегін дәрі деп ырымын жасағандары болмаса, қарапайым өз қаламыздағы ауруханада емделудің өзіне миллиондаған қарыз алып, қиналдым», – депті. Осы сынды бірі анасын, бірі баласының халін ортаға салған. Тіпті диагнозы бар науқастар да қарсылығын жеткізген. Мәселен, Ләззат Садуақасова: «Онкологиялық есепте тұратын адам ретінде айтарым, онсыз да қызмет көрсету сапасы өте төмен. Дәрі алуға таңғы алтыда барып, кешкі бесте қайтамыз. Айта берсе мәселе көп. Қаржыны қысқартса, мүлде ештеңесіз қалатын шығармыз», – дейді. Наразылықтардың жиілегені сол еді, министрлік ресми мәлімдеме жасады. Онда былай делінген:
«Денсаулық сақтау министрлігі осы жылы іріктеп, тексерілген алты ұйымда көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тариф белгілеу туралы бұйрыққа сәйкес тарифтер пайда алуды, негізгі құралдар сатып алуға арналған шығындарды көздемейді. Пайда көру үшін емдеуге жатқызуды жасанды түрде бөлшектеу фактілері, есептен шығарылған және тағайындалған химиялық препараттардың сәйкес келмеуі, ұсынылған жағдайлардың емдеу стандарттарына сәйкес келмеуі және тарифтердің нақты шығындардан асып кетуі анықталды.Осылайша, қолданыстағы тарифтер мен төлем әдістері мемлекеттің ақшалай қаражатының медициналық ұйымдардың шоттарына заңсыз шығарылуына ықпал етті. Анықталған заңбұзушылықтардың нәтижелері бойынша 6 бірінші басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады, оның екеуі атқаратын лауазымдарынан босатуға ұсынылды. Тексеру материалдары құқықтық бағалау үшін құзыретті органдарға берілетін болады. Ал алдағы уақытта бюджет қаражатын орынсыз пайдалануға жол бермеу үшін шұғыл шара ретінде онкологиялық қызметтің клиникалық-шығынды топтары бойынша базалық мөлшерлемені 20 пайызға төмендету туралы шешім қабылданды».
Араға біраз уақыт салып тағы бір хабарлама жарияланды. Онда онкологиялық бейіндегі стационарлар көрсететін медициналық қызметтерге ақы төлеу тарифтерінің төмендеуі онкологиялық науқастарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына әсер етпейтіні айтылған. Барлық бекітілген стандарттар мен клиникалық хаттамалар, соның ішінде қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қатаң сақталады делінген. Министрліктің мұндай ақталу сарынындағы сөзіне сенгің-ақ келеді. Алайда 6 онкологиялық орталық соншама заңбұзушылық жасап, ойларына келгенін істегенде де министрлік «бәрін тексердік, қатаң бақылауда» деді емес пе?
Баян Мұратбекқызы