Алтайдың аңыз адамы

Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығы қарсаңында
Кешегі күні көзі тірісінде өзі талай естіп кеткен, бүгінде өзі болмаса да Бошекең туралы кез келгеніміз асылымыз еді, алдаспанымыз еді, Алтайдың азаматы еді, ардақтымыз еді деп батыл айта аламыз. Ол дұрыс та. Алайда, ғұмырбаянындағы тоқсан жылдан астам өміріне, оның бастан өткерген, атқарған істеріне бажайлап, мұхият көз жіберіп отырсақ, Бошекеңнің шын мәнінде тумысынан жаратылысы бөлек жан – Алтайдың аңыз адамы болғандығына еріксіз көз жеткіземіз.
Ол Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Жаңа-Үлгі ауылында 1923 жылы 2 қыркүйекте дүниеге келген.1941 жылы Шыңғыстай мектебін бітіре сала Ұлы Отан соғысына аттанған. Майданда 101-жеке атқыштар бригадасының құрамында миллионнан астам адам шығын болған Ржев түбіндегі шайқасқа қатысып, екі рет жараланған. 1943 жылы Витебск жанындағы ұрыста оң аяғынан айырылып, туған еліне балдақпен қайтады. Бошекең онан кейін аяғына протез жасатып алып, жұмысқа кірісіп кетеді. Ал әкесі Мәжіков Кітапбай соғыстың басынан аяғына дейін қатысып аман келді.
Бошай Кітапбаев соғыстан кейін кеңес органдарында, тұтынушылар қоғамында, Зайсан аудандық, Зырян қалалық атқару комитеттерінде қызмет істейді. 1955 жылы партияның шақыруымен «отыз мыңжылдықшы» ретінде Үлкен-Нарым ауданының Абай атындағы ұжымшарын басқаруға, ал 1956 жылы осы аудандағы Ленин атындағы ұжымшарды басқаруға жіберіледі.
1966 жылы Қазақ ауылшаруашылығы иниститутын ғалым-агроном мамандығы бойынша сырттай оқып бітіріп, көп ұзамай өзі басқарған шаруашылықтың практикалық тәжірибесі негізінде кандидаттық диссертация қорғайды.
Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудағы және мемлекетке астық пен мал өнімдерін сатудағы бес жылдық жоспарды орындаудағы жетістіктері үшін 1971 жылы Бошай Кітапбаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалі қоса тапсырылады. Ол 1973 жылғы наурыздан 1978 жылғы қарашаға дейін Талдықорған облысының екі үлкен шаруашылығын, Панфилов ауданының «Көктал» кеңшарын, одан соң «КОКП ХХ11 съезі атындағы» ұжымшарды басқарады. Ал 1978 жылдан 1990 жылға дейін Үлкен-Нарын ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарын басқарды. Сол жылы зейнетке шықты.
Бошекең еңбегінің зейнетін де көре білді. Ол 1976 жылы болған СОКП 25 съезінің делегаты болды, жетінші шақырылған Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің, бірнеше рет еңбекшілер депутаттары облыстық, аудандық Кеңестерінің депутаты, Шығыс Қазақстан, Талдықорған облыстық партия комитеттерінің мүшесі болып сайланды.
Бошекең өзіне тапсырған істі абыроймен атқарғаны үшін екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы,1-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальмен марапатталды. Шығыс Қазақстан облысының Қүрметті азаматы.
Бошай ағамыз денсаулығының дімкәстігіне, жасының бірқаншаға келіп қалғанына қарамастан, жанында тыныштық жоқ адам еді. Бірін бітірсе, екіншісіне кірісіп кететін. Ұзақ жыл бойы ерінбей-жалықпай жинастырып жүріп, тоғыз таңбалы Найманның, Қаратайдың шежіресін жазып, бірнеше томнан тұратын шежіресін кітап етіп шығарып, ел-жұртқа таратып кетті. Оның жүзеге асуына шамамыз келгенше біз де қол ұшын бердік. Соны зор бағалаған Бошай ағамыз шежіре кітабы шыққан соң, арнайы автографын жазып, беріп жіберіпті. «Қаратай елім, Қатонқарағай жерім деп қарғадайынан қам жеп жүрген, қазіргі ірі баспагер, журналист Қайырдыға – ізгі де, игі тілекпен Бошай ағаң».16 қыркүйек 2007 жыл.
Бошекеңнің «Өр Алтайда өткен өмір», «Айта-айта Алтайды, Бошай ата да қартайды», «Алтай азаматы» және басқа еңбектері де толып жатыр. Олардың бәрінде де қазақтың тарихы мен шежіресі, өз замандастары, біздің өсіп-өнген туған жеріміз Төр Алтай туралы жеріне жеткізе жазылған. Қазақ халқының біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаев, ел танаған зиялы қауым өкілдері Ғабит Мүсірепов, Герольд Бельгер, Кәкімбек Салықов, Шериаздан Елеукенов, Ғафу Қайырбеков, Қалхан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқаров секілді атақты қаламгерлермен жақын достық қарым-қатынаста болып, тығыз араласып тұрған. Кейінгі жастарға тәлім боларлық өнегелі өмір сүрген. Ол тек қана Шығыс өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ еліне аты аңыз болған ардақты жан.
Біз білетін Бошекең қайда қызмет істесе де өмірде, қоғамда болып жатқан өзгерістерге үнемі өз үнін қосып отыратын. Жалғандыққа, келеңсіздікке ешқашан төзбейтін. Елдік мұрат пен ұлттық мүдде ең басты ұстанымы еді. Бошекең айтар сөзін кез келген жерде, ке -келген ортада жалтақтамай, тура айтып кетті. Айтқанда бетің бар, жүзің бар демей, алмас қылыштай тіліп тұрып айтты.
Біз оны елден ерек, жұрттан бөлек туған нағыз батыр деп білеміз. Аумалы-төкпелі заманның небір қиындықтарына қайыспай төтеп берген, өр тұлғасымен өзгелерге өнеге бола білген асыл азамат еді. Оның алғырлығы мен адамгершілік қасиеттері туралы Шығыста ұзақ уақыт бірге істеп, аралас-құралас болған Тохан Шайжүнісов, Амантай Бакин, Амангелді Қажыбаев, Марат Татаев және басқа азаматтар мақтанышпен айта алады.
Бошай Кітапбаев өзі табан аудармай жиырма бес жылдай басқарған Ленин атындағы ұжымшар орналасқан Ново-Березовка (бұрынғы аты) қазіргі «Алтын бел» ауылында үш қабатты орта мектеп үйін салып беріп кеткен-ді.
Бәлкім, биылғы жылғы 100 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек Ері Бошай Кітапбаевтың есімін орта мектепке, немесе ауылға берсе де артық болмас еді.