Алтын жамбы жүк артып...
Ауыздығымен алысып, жер тарпып тұрған қазанат сөреден белгі берілісімен атып шығып, тулай жөнелген. Тайпалған тарланды тақымдаған шабандоз түйіле келіп, садақ кірісін шірей тартқанда, қас-қағымда-ақ кез жебенің ілулі тұрған жамбыға түйреліп қалғанын байқайсың.
Ұшқыр тұлпарлар, ұтқыр саналар, үшкір жебелер сынға түседі мұндайда. Қыл ұшындағы жамбы жел екпінімен тербелсе де, тұлпар тізгініндегі мерген теңселмейді, дәл көздеп, қиып түседі. Алтыннан құйылған зерлі тай тұяқ топыраққа топ ете қалды.
Бұл – қазанның 4-6 күндері Алматы облысы Панфилов ауылында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен республикалық Жамбы ату сайысының жалт еткен бір ғана жарқын көрінісі еді. Еліміздің 15 өңірінен 60-қа жуық мерген келіп қатысқан дүбірлі дода ҚР туризм және спорт министрлігі, Алматы облысы әкімдігі мен республикалық жамбы ату федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Жамбышылар жас ерекшелігіне қарай 15-17, 18-23 жас аралығында екі топта бақ сынап, үш күн бойы «корей», «түрік», «қазақ» стильдері бойынша мергендіктерін сынға салды. Сонымен қатар биыл алғаш рет қыздар арасында «Томирис» жүлдесі қойылып, үздік мергендер арасында «Тай тұяқ» тігілді.
Турнирдің ашылу салтанатында ҚР Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов, Алматы облысы бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Ержан Айдарханов және ұлттық спорттың дамуына ат салысып жүрген спорт жанашырлары Дулат Тастекеев, Елеусіз Сұлтанғазиев сияқты ел ағалары қатысып, мергендердің тоқымын қақты. Іс-шараны ең алдымен көнекөз, ақ жаулықты Жамбы әженің ақ батасымен бастап, жоралғы жасағаны жауынгер бабалардың жорық алдындағы жолашар дәстүрі секілді ерекше жарасым тауып тұрды.
Алдияр Нұрғалиев Алматы облысының Жамбы атудан бас жаттықтырушысы
—2014 жылға дейін Ұлттық спорттың аударыспақ, теңге ілу, көкпар, қыз қуу деген 4 түрі болды. Сол төртеуі елімізде спорт түрі ретінде танылып, түрлі чемпионаттар өткізілді. Қызығы, сонда қызды қуып жетіп, бетінен сүйгендер «қыз қуудан спорт шебері» атанып жүрді. Кейінірек Ұлттық спорт қауымдастығының басшылары Түркияға барған сапарында ат үстінен садақ атқан көрініске куә болады. Сөйтіп, қазақтың «жамбы атуын» қайта жаңғыртуға бел байлап, «Қыз қууды» көрініс ретінде көрсетіп, орнына жаңа спорт түрі ретінде ат үстінде садақ ату сайысын енгізді. Сол жылы үлкен конференция ұйымдастырылып, ережелер бекітіліп, шетелден мергендер алдыра бастады. Конференцияға шақырылғандардың ішінде мен де болдым. Мен өзім бұрындары спорт садақпен айналысқанмын. Сөйтіп спорт шеберінің үміткерлігін орындадым. Сонау 2005 жылы осы Алматы облысындағы Қазақстан деген ауылда, Асылжайлау деген жерде алғаш рет көкпаршы жігіттердің қолына садақ беріп, Жамбы атқызып көргенмін. Өз шамамша жарыстар өткізіп жүрдім. Ұлттық спорт қауымдастығы Жамбы атуды енгізіп жатқан тұста сол жайттардан құлағдар болып, мені арнайы алдыртты. Мен де өз зерттеп білгенімді, зерделеп түйгенімді ортаға салдым.
Алдияр Нұрғалиев:
—Бастапқыда басшылық тарапынан ойынның атауын «Ат үстінде садақ ату» деп өзгертсек деген ұсыныс болды. Мен, әрине, қарсы болдым. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрге балта шауып, ұлттық мұрамызды ұрпақ санасынан өшіруге болмайды. Біздің ауылда Жамбы деген ауылдас апам бар. Сол апамның жамбы сөзінің мағынасын «құйма алтын» деп түсіндіріп, ертеректе мергендер бақ сынасып, беренмен, садақпен ат тұяғындай алтынды қиып түсіргені қанжығасына байлайтын салт болғаны туралы айтып бергені бар еді. Кейіннен өз бетімше зерттей келе, бұл сөзді қырғыз-совет энциклопедиясынан жолықтырып қалдым. Бұл ойын – бүкіл көшпенді халықтарға ортақ жауынгерлік өнер. Алайда «Жамбы ату» деген атаудың өзі біздің ұлттық бірегейлігімізді танытады. Айта кетерлік бір жайт, бүгінгі турнир де сол Жамбы әженің құрметіне ұйымдастырылып отыр. Өзің көргендей, ақ батасымен сайыс шымылдығын ашып берді. Енді алдағы уақытта бұл сайыс дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады.
—Бүгінгі жарыста байқағаным, сайыс қазақ стилінен өзге түрік, венгер, корей стильдері бойынша да жүріледі екен. Олардың ерекшеліктері қандай?
—2018 жылға дейін халықаралық деңгейдегі жарыстарда 4 нысана: Корей, Түрік, Венгер, Моңғол стильдері ретінде тұрақты түрде қолданылып келді. 2015 жылы біз осы спортты қолға ала бастаған кезде Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық ат үстінде садақ ату альянсының семинарында қазақтың жамбы ату сайысы таныстырылып, 2018 жылдан бастап қазақ нысанасы халықаралық деңгейдегі чемпионаттарға енгізілді. Қазақ стилінің өзге стильдерден бір ерекшелігі – нысананың әрдайым қозғалып тұратын табиғи жағдайға, аңшылық салтқа жақындығы. Көбінесе өзге стильдерде оза шапқан сұрмергендер қазақ стиліне келгенде сүрініп жатады. Сол үшін де стильдердің ішіндегі ең қиыны, ең қызықтысы, ең тартымдысы да осы қазақ стилі деп айта аламыз. Қазақи дәстүрде негізі мергендер дәл көздеп қиып түсірген жамбыны өзі алатын болған. Биыл біз осы ережені негізге алып үздік жамбышылар арасында жүлде қорын тігіп, «Тайтұяқ» ойнаттық. Жарыстың соңғы күнінде түркістандық 16 жасар мерген Ілесбек Ғұмыр 5,5 метр қашықтықтан алтын тұяқты қиып түсіріп, 550 мың теңге жүлдені ұтып алды. Бұл жарысты жастар мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырып отырғанымыз да жайдан-жай емес. Біз тайтұяқты іліп жатып, жас ұрпақтың санасына осындай бабалар дәстүрін сіңіріп, ұлттық спортты дәріптеуді мақсат еттік. Қазіргі таңда жамбы атумен айналысып жүрген жастардың саны аз емес, қызығушылық күннен-күнге артып келеді.
Жамбы ату сайысы республика көлемінде әр төрт жыл сайын ұлттық ат спорты фестивалінде ұйымдастырылады. Одан бөлек 2015 жылдан бері жасөспірімдер арасында түрлі турнирлер өткізіліп келеді. Халықаралық жарыстарда да еліміздің құрамасы үздіктер қатарынан көрініп жүр. Бұған дейін Иран, Түркия, Франция, Венгрия, Моңғолия елдерінен жүлделі оралған отандық жамбышылар алдағы уақытта 4 елде бақ сынамақшы.
Бексауыт Батыр сайыс жүлдегері:
—Біз жарыстан 10-15 күн алдында жүйелі түрде құрамамен дайындықты бастаймыз. Сөйтіп топ ішінен іріктеліп, үздік дегендер жарысқа қатысады. Мен биыл алғаш рет шет мемлекеттердегі халықаралық жарыстарға қатыстым. Жақында болып өткен Моңғолиядағы әлем чемпионатында 1-орынды, ал Мажарстанда 2-орынды иелендім. Мен үшін көбіне Корей стилі жеңілірек, ал ең қиыны Қазақ стилі. Жамбы стилінде нысанаға дәл тигізу үшін аса қырағылық қажет. Сол үшін көп сайыста қазақ нысанасы шешуші рөл атқарады.
Биылғы турнирдің басты ерекшеліктерінің бірі ретінде «Томирис» жүлдесін атап айтқан жөн. Ерлермен қатар атқа қонып, садақ атқан арулардың да бәсі кем емес екені сайыс барысында байқалды. Биыл алғаш рет қыздардың ұпайын өзара жеке есептеп, қазақтың Мәншүгі мен Әлиясының заңды жалғасы іспетті құралайды көзге атқан мерген қыздар марапатталды.
Қосқанат Бауыржан