Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:24, 06 Қазан 2022

Алтынның буы мен уы

None
None

Аңыз әңгіме 

Бұл оқиға ертеде болған еді.

Қарғабай тумысынан жұмыртқадан жүн қырыққан өте сараң. Ешкімге бармайды, ешкімге ештеңе бермейді, жан баласымен араласпайды. Ақыры өз ел-жұртына симай, бір-ақ түнде көшіп кетіп, бөтен ауылдың шетінен жер алып, там соға бастады.

          Биік дуалмен жан-жағын қоршап, екі сиыр, он шақты уақжанына қора салуға іргетасын қазып жатқанда күрегі әлденеге шақыр-шұқыр тие берді. «Бұл не болды екен?» – деп әлгі жерді айнала қазып көрсе, қос құлаштай жалпақ тас, оны мықшыңдай топырағын аршып, аударып кеп жіберсе ар жағы үңгірдің аузы. Кісі бойы сиятындай үңгір ішіне шам алып кірсе қат-қат жиналған алты қап сап-сары жарқыраған алтын және бір бұрышында жиһаз-мүлік. Қаптар ыдырап, ұстаса сөгіліп түседі, қымбат киіз үй мен жиһазы да әбден тозған, мүк секілді үгіліп, ұстасаң күлге айналып, түкке жарамай қалған.

          Қарғабай осы үңгірді жалпақ таспен қайта бекітіп, үстіне қора соғуға кірісті. Дәл жаңағы жердің үстіне өзі жатып демалатын төсек жасап, түнде сонда жатып ұйықтап жүрді.

          Үңгірдегі кесек-кесек сап-сары жарқыраған алтындарды төсегінің астына тасып әкеп, бетіне жұқа тақтайлар жауып, үстіне текемет, киіз, көрпе төсеп, өзі сол жерден күндіз-түні шықпайтын болды.

          «Там саман үйден жүрегім қысылады, осында малдарды қарап жатамын» – деп біржола қора бұрышына көшіп алды.

          Бұл тапқан қазынасын тірі жан баласына көрсетпей, тек жарым түнде тұрып, төсегінің астындағы көрпе-текеметті ашып тастап, қызыл-күреңденіп жатқан алтындарды аймалай, аялай сипап, ет пісірім уақыт әрқайсысын жеке-жеке ұстап, кеудесіне басып, тамашалап, қайта қат-қатымен төсек астына тығып тастайтын әдет тапты. Рахаттана ұйықтап, өз-өзіне мәз-мейрам болып, дарбазасынан сыртқа шығуды біржола қойды. Әйелін ұрып-соғып, ақыры бала-шағасымен төркініне жіберіп, ажырасып кетті.

          Жуас әйелі екі баласымен бір мәрте қайта өз аяғымен келіп «Қарғабай-ау, мына екі ұлымыз барда қайда сиямын? Бәрін қойып, осыларды ойлайықшы» – деп еді, екі көзі шоқтанып, күйеуі долданып, байғұсты көк ала қойдай, көк шымшықтай сабап қайтарып жіберді. Елірменің емі жоқ, шырылдап жылаған балаларына да жібімей, жолатпай, қоқиланып кіргізбей зар еңіретті.

          Жалғыз өзі дуал ішінде күйбеңдеп, күлге аунаған тауықтай үсті-басы кір-қожалақ, салым-салымы шығып, жуынбай, моншаға түспей, жаман қолқа қабар иістеніп, сақал-мұрты репейсіз кеңірдегіне шейін тікірейіп өсіп, шала-естеніп, қорадан шықпай, етке үймелеген шыбындай төсек төңірегін сипалап, соның үстіне жатып, ырқ-ырқ мәз болып күлетін мінез тапты. Алтынның буы адамды алғаш арқыратады, артынан сандырақтады.

          Әлдекімдер қақпа тықылдатып жолыққысы келсе олжасының буы ма, жоқ бойына жайылған уы ма, аспандап, тәкаппарланып, ай-шай жоқ бас салып ірі-ірі таспен ұрғандай ауыр сөздер айтып, қайта келместей, мүлде көрместей етіп жіберетін өркөкірек болып алды.  

          Қара суық күз түскенде мінез-құлқы мүлде өзгерген Қарғабай өз-өзімен сөйлейтін, мырс-мырс күлетін, көзінен жылт-жылт сиқыр от ұшқындап, дуал-қоршауын біртіндеп қалап, биіктете-биіктете қамал ғып тастады.

          Күнде төңірегін айналып, сумақайлана тінте қарап, тышқан тұрмақ құмырсқа кіре алмастай таспен қалап, балшықпен сылап, темір-терсекпен бекітіп, жантері шығады.

          Қар аралас жаңбыр жауып, ағаштардың жапырақтары сарғайып, күзгі желкем желге саулай ұшып төгіліп жатқан сәтте дуалды қарап жүрген Қарғабайдың үстінен ысылдай, пырылдай әлденелер ұшып өткендей болды. Алақтап аспанға қарайды, түк жоқ, дереу алтын жатқан қораның есік-терезесін тас қып бекітіп, төсегінің астын тексерсе, бар қазына баз қалпында көздің жауын алып нұрланып, құлпырып, жайнап жатыр.

          Құмарлана уыстап, сылап-сипап көзінің сұғын қандырып, иіскеп, көп уақыт әрқайсысын салмақтап, елжірей қарап, шоқиып отырып қалды. Сол сәтте қолқа жүрегін суырғандай қақ төбесінде әлденелер сәби болып шыңғыра жылап, қара дауылдай пысылдап, ырсылдап, бірде пыр-пыр етіп, байғазыдай сұңқылдағанда төбе шашы тік тұрды. Далаға атып шықса, күздің алғашқы қары жапалақ-жапалақ жауып тұр екен. Ары-бері жүргіштеп, алақ-жұлақ қарап, ештеңе көрінбей тым-тырыс болған соң қайта орнына келіп, жайғасып, түнге қарай төсегін қалыңдау етіп салып жатты.

          «Енді мұнда шам орнатпаса болмас, ертең соны қолға алуым керек» – деп Қарғабай төсек астынан ып-ыссы пештің буы ұрғандай бусанып, рахаттана керілді.

— «Ана үйдегі таразыны әкеліп, соған салып, бәрінің

салмағы қанша болатынын есептеп қояйыншы. Бұл ауылда, бұл ауыл ма екен-ау, бұл өлкеде менен дәулеті асқан жан бар ма екен? Бұл байлығымның шетін көрмегендер толып жатыр-ау. Кім маған пар келеді, кім теңесе алады? Бәрі жыбыр-жыбыр құмырсқа емес пе. Ал мен күн шұғыласындай алтынға оранған асыл перзент сонау алты қат аспанға, шыбын-шіркейдей қаптаған, жыбырлаған пенделеріңнің үстінен қарап жүрген алтын арайлы, ай тұлғалы бекзада емеспін бе? Қара жер бетіндегі адамдар бір-біріне айланып, байланып қалған, бірінсіз бірінің күні жоқ. Ит тірлікпен күнделікті қарын қамымен зыр қағып жүрген мүсәпірлер мүскіні қандай? Ал бұл қап-қап, қат-қат алтыны барда бәрін сатып ала алатын, бәрін жасайтын, айтқанын істететін асыл қазынаның иесі, бүкіл осы жердің киесі емес пе?

          «Айналайын батырым, көп болса егер алтының, не керек саған елің-жұртың, бала-шаға қатының?» – деп сақ-сақ есіріктене мәз. Ішіне ібіліс-жын кіріп, құлағына шайтан сыбырлап, есі кіресілі-шығасылы, есіл дерті, көкейінің тескені – тек  өзі басып жатқан сарыала алтын ғана болып қалды. Есік-терезені тұмшалап жауып, сол жарқыраған кесек-кесек қойтұяқ, тайтұяқ алтындарды аударыстырып, түгендеп, бөбегіндей сылап-сипап, көзі тоймай ұзақ сұқтана қарап отырады. Қара жерді басып жүргенін ұмытып, күреңіте сан түске құлпырған олжа елесіне бүгіліп, елжірей сипап, қиялы аспанға шарықтап, қилы-қилы ойларға беріліп, жалғыз өзі отырып алып, ыржаң-ыржаң, сақ-сақ  күледі. Осыншама ен байлығымен ауылды, ауыл ғана емес, осы өлкені түгел сатып алса, еркектерін – құл, әйелдерін – күң етіп таңның атысы, күннің батысы мұның малын бағып, егінжайын өсіріп, шаруасын істетіп қойса. Өзі байбатша болып анау асқақтаған тау үстіне тірі жан бара алмас жерге алтын күмбезді үй салып, қамал етіп төңірегін қоршатып қойса… Қарғабайды менсінбей, жүре сөйлесетіндерді жандайшаптарына дүрелетіп, тізерлетіп алдында тізіп қойса… Осының бәрін жасауға қазынасы жетеді, әлі Қарғабайдың кім екенін білмейсіңдер? Көресіңдер көздеріңе көк шыбын үймелетіп, құрдай жорғалатып қоямын бәріңді...

          Төсегінің астында тығулы жатқан асыл тастар не деген құдіретті, ол ашпайтын қамал жоқ, оның алдында пенде біткеннің бәрі мүсәпірленіп, қол қусырып, белі бүгіліп, құл болып шыға келеді».

          Өзі тізерлеп, түні бойы алтындарын аударып-төңкеріп, әр кесегін алақанымен аялап, кеудесіне басып, көзімен ішіп-жеп, мейірлене қарап, жанарларын сарқа суарып, таң атқанда барып орнынан тұрды. Ұзақ қадалып отырғаннан аяқтары ұйып, белі сырқырап, қиралаңдап, кесел келген шөккен түйедей бірден денесін жазып тұрып кете алмай, тәлтіректеп, мең-зең болып, басы айналып әзер ес жиды.

          Өзі қу сүйек болып жіңішкеріп, тозған шүберектей бет-аузы қарайып, жүргенде басы қалтаңдап, өз-өзінен күліп, әлденелерді айтып жүретін, кейде даусы қатты шығып кететін диуанаға айналды.

          Шалықтап не істеп, не қойғанын білмей қоршауын қарап, күні бойы есеңгіреп, төсегінің үстінде ұйқылы-ояу жатады да қояды.

          Түнге қарай төсегінің астын ашып, қат-қат үйілген сары жылтырақтарына шаттана күліп, көзін аудара қарап тұрғанда әлдене су-су етіп, пырылдаған бірдеңелер ары-бері зу-зу етіп өте берді. Қолына түскен айырмен әлгілерді ары-бері ұрып жасқап, аласұрды. Алтындарының бетін жауып та үлгермей пырылдаған, зу-зу ұшып жүрген нәрселерді қуа-қуа борша-борша терлеп, әлі құриды.

          Ашық жатқан қазынасына қарай тап-тап берген әлгілердің қып-қызыл көздерін, сумаң-сумаң еткен қанталаған ұшы қос айыр ұзын тілдерін көріп «Бұлар алтынға құмартқан жын-шайтан шығар. Олар мынаны жұтып-жұтып алып, самұрыққа айналып, басқа әлемге ғайып болып ұшып кетейін деген ғой. Жоқ сендерге қазынамның бір түйірін де бермеспін» – деп қызыл көз, айыр тіл сумаңдаған екі бәлекетпен қан майдан ашып, шайқасып кетті. Қора ішінде әдемі әтір иісі аңқыды.

          Пыр-пыр етіп айналып ұшқан бұлар – қабырғаларында көрінбес қанаттары бар ұшатын ағайынды қызылбауыр қос жылан болатын. Бұлар – осы алтын көмбенің күзетшісі, киесі еді. Қысқа қарай күн суытқанда жер астындағы көмілген қазынаға бармақтай тесік індері арқылы кіріп, алты ай қыс бойы алты қап алтын үстінде жатып, буына балқып, маужырап ұйықтайды Ал жазғытұрым шығып, көкте ұшып жүріп, сырттай бақылап, жан адамға тигізбей қадағалап жүретін.

          Таудан-тауға пырылдай ұшатын көзге көрінер-көрінбес ақ қанатты бұлар – жұпар атты жыландар болатын. Жүрген, ұшқан ізінде, тұрған жерінде ерекше әдемі иісі аңқып тұрады. Алтынға шомылғаннан денесінен жұпар әтір иісі бөлінеді...

          Үш жүз жыл бойы өздері күзетіп келген байлығын Қарғабай қазып алып, төсегінің астына тығып, ұйықтайтын болғанын бақылап жүрген олар далада қар жауып, күн суытқан соң меншікті мекеніне жетіп, қыс бойы ұйықтауға келген беттері еді.

          Алтынға ауырған адам айыр ала жүгіріп, айнала ұшқан ұшқыр қос жыланды түні бойы қуып, ұрып жықпақ болып, жан тері шыққанша аласұрды. Оқжыландар су-су етіп көзін ашып-жұмғанша қора ішінде шыр айналып, айыр соққысын өздеріне тигізбей, жұпарын шашып, сынаптай сырғып, зуылдап ұшқаны-ай...

          Жаз бойы аш-жалаңаш жүргендіктен, әл-дәрмені құрыған Қарғабай шүмектеп терлеп, тұрып кетуге әлі келмей еңбектеп барып алтындардың үстіне жата кетті:

  • Бір түйірін бермеймін! Кетіңдер, жоғалыңдар! – деп қолын сермеп, –

алғашында айқайлап, одан күші таусылып, ерні ғана жыбырлап, күбірлеп: «Бермеймін, бермеймін!» – деп сұлқ түсіп жатқанда екі оқжылан атылып келіп екі көзіне ұп-ұзын қып-қызыл екі айыр тілін оқтай қадап, сора жөнелгенде Қарғабайдың жаны үзіліп кетіпті.

          Көрші ауылдағы әйелі: «Қаһарлы қыс түсті, күйеуім байғұс аштан өліп, суықтан тоңар. Қой жүріңдер, балаларым!» – деп ержеткен екі ұлын ертіп үйлеріне келсе, қақпаны іштен өріп, кірпіш қалап жауып тастаған. Айқайласа, ұрып соқса да ешкім жоқ, еш дыбыс естілмейді.

          Дереу дарбазаны бұзып кірсе, үй есігі тарс жабық, аузындағы құлпын әуелі тот басқан.

          Жүгіріп қора есігін ашып кеп жібергенде ішінен лақ етіп кемпірқосақ шуағы төгіліп шығып, жұпар иіс төңіректі алып кетті. Іле пыр-пыр еткен алтынбауыр, аққанатты екі қарыстай қос жылан ұшып шығып, зеңгір аспанға тік көтеріліп, тұп-тура күнге қарай атылып, қызыл шапағына сіңіп жоқ болды.

          Қора ішінде төсекте жатқан Қарғабайдың екі көзі жоқ, қуыс шұңқыр болып ойылып қалыпты. Асты толы сары алтын үстінде жан тапсырған соры қалың әкесін көріп, екі ұлы ел-жұртын шақырып:

— «Мына алтынды бөліп алыңыздар, әкем байғұс бұл қазынаны

кенеттен тауып, алтындерт деген ауруға ұшырап жынданып өлді. Байлық опа бермейді, у ішсең де, су ішсең де еліңнен артық ештеңе жоқ» – депті ұлдары.

          Ел-жұрты Қарғабайдың шүңірейген екі көзінің орнын туған жерінің топырағымен толтырып, жерлепті. Алты қап алтынды балалары алты алашқа теңдей етіп бөліп беріпті.

Орасан байлыққа кенеттен оңай жеткен жанның екі көзі шелденіп,

басы жын-шайтанның ұясына айналып, көкірегі тас бітеліп, сезімі түгел оталып, ісіп-кеуіп жүретін тұлып болады да қалады.

          Біреу дәулетіне мақтанып, кеппеленіп, кесірленіп, есіп сөйлей бастаса: «Е-е, мынау алтындертке ұшыраған екен ғой, – деп ел-жұрты әлгіден аулақ қашатын болыпты. Алтындертке ұшыраған жан екі көзі түк көрмейтін көрсоқыр болып ерте жан тапсырады деседі.

          Қарғабай жатқан бейіт үстінен су-су етіп әлденелер елес боп ұшып, түнге қарай жылт-жылт еткен жарық жанып, өшіп тұрады екен. Алтындерттен өлгендердің мүрдесін ордалы жыландар мекендейді дейді.

          Иә, алтын өзі шірімесе де талай басты шірітеді.

Тегтер: