Алтынсарин алауын жаққан Ақыш

Жазушы Нұрдәулет Ақыштың романы турасында
Егемендіктен кейін еншісін алып, еңсесін көтерген есті ұлдай болған ұлт әдебиеті дамудың дербес жолына түскені аян.
Осы түлеу, жаңару кезеңі ұлы тұлғаларымыздың кешкен ғұмыры мен еліне еткен ерен еңбегін соны сипатта таразылап, көлемді әдеби туынды арнаумен айрықшаланады. Ұлт даналарын дәріптейтін мұндай шығармалар көп болмаса да, қазақтың арда азаматтарының ардақты бейнесін әдебиетке алып келіп, қалың оқырманға қасиетті сыйдай тарту етуімен де құнды болып табылады.
Аталған қасиетті үрдістің алауын жаққан, көненің көзін, ұлының өзін тірілткен жазушылардың бірі – Нұрдәулет Ақыш. Ендігі сөз қаламгердің 2021 жылы оқырмандарына жол тартқан «Алтынсарин алауы» атты тарихи романы жайында болмақ.
Ұлтымыздың ұлы тұлғасы туралы жазылған бұл туындының жанрлық табиғаты аса бай, көркемдік дүниесі алуан түрлі, оқырманға берер құндылығы тым терең. Бұл романда автор өзінің суреткерлік шеберлігінің шыңын көрсетіп отыр десе де асып айтқандық емес.
Көш басы Ілияс Есенберлиннен басталып, Қабдеш Жұмаділов мәңгі үзілмес киелі желісін тауып берген тарихи роман жазу дәстүрі бүгінде Нұрдәулет қаламынан қайта ұшқындады. Тарихи тақырыпқа бойлап барып, тұлғатану ілімін терең меңгергені қаламгер қаламының айрықша қасиеті болып табылады. Ендігі орайда «Алтынсарин алауы» романының жанрлық қасиеттерін жіліктеп көрейік.
Ең алдымен бұл – тарихи роман. Көркем туындының бойына қан жүгіртіп, тынысын кеңінен дарытқан, ұлт тарихын, тұлға ғұмырын зерттеу нәтижесінде белгілі болған нақты деректер. Тарихи тақырыпқа қалам тартудың өзіндік ауыр жүгі бары даусыз. Осы ретте белгілі жазушы, профессор Шерияздан Елеукеновтің «Тарих және көркем шындық» зерттеу еңбегінде кездескен мына пікір ойға оралады. «Өзінің шығармасы арқылы тарихи үкім жасағысы келген жазушы адам санасынан тыс тұрған дүние барын, оның өз заңдылықтары барын, сондай-ақ олардың объективті ақиқатты танырлық қабілеті барын мойындауға міндетті.» Профессор пікірін ары қарай өзек етер болсақ, жазушы Нүрдәулет Ақыш нақты тарихи оқиғаларға көркемдікпен тіл бітіреді. Осы қасиетіне бола жазушы өз шығармасы арқылы «тарихи үкім» жасап, солақай кетпейді. Объективті ақиқатты көркем шындыққа айналдырып, оқырманға шындықпен суарылған шынайы дүние тарту етіп отыр. Романда сөз болған тарихи оқиғалар, тарихи құжаттар айна-қатесіз, еш бұрмалаусыз ұсынылғанына сенімім кәміл. Романның тарихилық бағасын арттырған жазушы қаламының шындықпен шымырлана түскен шеберлігі деп білемін. Ыбырай ғұмыр кешкен заман бар болмысымен бүгінгі оқырманның көз алдындағы көрініске айналуы – соның бір дәлелі. Жазушының шеберлігі де сонда. Ол басты кейіпкер Ыбырайды өз заманынан, өмір кешкен қоғамынан жұлып алып, сүреңсіз оқшырайтып қоймайды. Қаламгер көркем тілмен әдіптеген тарихи оқиғалар толқынында Алтынсарин бейнесі толыға түскен.
Өзім тамсана оқып, қайталап орала берген бұл роман екі бөлімнен тұрады. Жазушының айтуынша, романның заңды жалғасы, яғни екінші кітабы әзірленіп жатыр. Бұл қасиетіне қарап «Алтынсарин алауы» роман-дилогия терминіне толық жауап беріп тұр. «Тәуелсіздіктен кейінгі ұлт әдебиетінде роман-трилогия, роман-дилогия жанры жоққа айналды, оқырман көлемді шығарманы қажетсінбейді, роман оқылмайды» деген жылауық пікірге автор осылайша соққы бергендей еді. Қазіргі оқырманның талап-талғамына барынша сай келетін, алғашқы бетіне көз жүгірткен жанды қайталап оқуға жетелейтін роман-дилогия аталмыш жанрдың көпшілік көңілінен шығып отырғандығын айғақтайды.
Жанрлық тұрғыдан түрленіп тұрған «Алтынсарин алауы» –ғұмырнамалық роман. Бұлай сеніммен атауымның басты себебі –романның бұл алғашқы кітабы Ыбырай Алтынсариннің бес жасар кезіндегі оқиғаны өрбітіп, қазақтың бағына бола туған тұлғаның бүкіл өмірлік кезеңдерін қамтиды. Романның бұл алғашқы кітабы 1868 жыл оқиғаларымен тәмам болады. Жазушы екінші кітабында Алтынсариннің өмірінің соңына дейінгі шағын тұтастыра толғайтынын жасырмады. Сонда бас-аяғы екі кітаптың аясында Ыбырай Алтынсариннің тұтас ғұмыры оқырмандарға аян болары даусыз. Иә, бұрын Алтынсарин жайлы қалам тербеген ақын-жазушылар болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен дәл осылай Алтынсариннің балалық шақ белестерін, оқу-білімге арнаған жеткіншек кезеңін, махаббаттың туын желбіреткен жастық шағын, «елім, халқым» деп түн ұйқысынан безінген кемел дәуірін бір романға толықтай арқау еткендіктен, туынды осы ғұмырнамалық терминіне тұтастай жауап беріп тұр. Қалың оқырмандарға бұған дейін белгісіз болып келген Ыбырайдың балалық шағы, Орынборда оқыған кезіндегі білімге деген таңдай қақтырар зор құлшынысы, алғашқы махаббатының запыранын шеккен мұңды күндері, Орыс географиялық қоғамының мәжілісіне арнайы шақыртылып, онда елді аузына қаратып, ұлттық дәстүр хақында баяндама жасағаны, әділдіктің ақ туын желбіретіп, сот төрағасы болған жылдары – осының барлығы романда көркем, әрі нанымды суреттелген. Ғұмырнамалық роман болғандықтан да жазушы Ыбырайдың бейнесін тым әсірелеп, күйініш-сүйініштен ада, жансыз шың етіп қоймайды. Тұлға бейнесі қарапайым, өміршең күйде оқырман көзіне бар ақиқатымен атойлап шығады. Романды сіңіріп оқыған жан Ыбырайдың адамгершілік қасиеттері мен бай ішкі дүниесін үлгі тұтып, мақтанға айналдырары сөзсіз.
Автор қаламының қасиеті бұл үш жанрлық жасампаздықпен аяқталмайды. Төртінші бір жанрлық ерекшелік – бұл саяси роман. Бұлай саяси деп ат тағып және бір романның түрін беруіме көптеген себептер бар. Қаламгер басты кейіпкер Ыбырай Алтынсаринді өз дәуірінен, өз қоғамынан бөліп тастамайды, керісінше, біте қайнасқан, тіпті рухани күресте арпалысқан етене бірлікте береді. Дәл осы мезетте романның саяси табиғаты ашыла түседі. Туынды Орынборда қазақ балаларына арналған тілмаштар даярлайтын мектеп ашу оқиғасымен басталады. Ондағы мақсат патшалық Ресейдің өз отарындағы қазақ еліне жаны ашып, қабырғасы қайысқаннан емес, отарлау саясатын тездете іске асыруда жергілікті би-болыстардың балаларын қағаз жұмысына жегу. Тілмаштар мектебінде қазақ балаларға терең білім беру мүлде мақсат етілмеген, керісінше, орысша жазу мен қағаз жүргізу дағдылары оқытылған. Ал Ыбырайдың даналығы сонда – ол осы астыртын межеден асып түсіп, орыс тілін жете меңгеріп, орыс әдебиеті мен мәдениетін өз бетімен толық меңгеріп шығады. Патшалық Ресейдің қол астында езілген, жаншылған өз елін көріп қайғы жұтқан балаң шәкірттің жүрегінде бір-ақ арман атой салады: «Шіркін, елімнің көзін ашсам! Өзгелермен иықтасар қуатты біліммен қаруландырсам!» Осы ұлы мақсат оның бүкіл өмірінің асыл темірқазығына айналады. Романда орыс буржуазиясының күллі қазаққа деген менсінбеушілік көзқарасы, төмен санап, «тағы, бұратана, жабайы түземдіктер» деп кемсітіп, тіпті адам санатына қоспауы ашық, әрі батыл суреттелген. Жазушының шеберлігінің және бір қыры – ол мұндай өткір суреттеулер кезінде өзі сөйлемейді, өзі автор ретінде тасада қалып, айтылар тұшымды ойды кейіпкерлерінің аузына салады. Сонысымен де романның саяси бояуы әйгілене түседі. Ресейдің қазақ жеріне дендеп еніп, отарлау саясатын жүргізуде еш аяушылық танытпағанын көркем бейнелеп келіп, жазушы жүрдек қаламымен тарихты саяси тұрғыдан толғайды. Мысалға, Ыбырай оқыған мектептің ашылар сәтіндегі орыс офицері мен генерал-губернатордың диалогын келтірейін:
– Бұл бұратаналарға осыншалықты сән-салтанаттың керегі не? Неге біз оларды соншалықты әуектеп, басымызға көтереміз?
– Кузнецов мырза, ұлы мәртебелі патша ағзамның саясатының қаншалықты терең екендігін басқа білмесе де сіз білуіңіз керек еді ғой. Бұратаналар екен деп үнемі тізеге басып отыра беруге болады деп кім айтты сізге? Біз мұндай түземдіктерді адам қатарына қосып, тәрбиелейтін болсақ, Ұлы империямыздың беделі өспесе, ешқандай да кемімейді. Бұл офицерге жауап берген генерал-губернатор Ладыженскийдің жауабы. Қазақты тарихи қазақ атауынан айырып, қырғыз атандырып, оның өнер-білімін түбегейлі жоққа шығарып, патшалық отарлауды «бұратаналарды адам қатарына қосу миссиясы» деп жәдігөй саясат жүргізген орыс әскерилерінің бұл қысқа диалогы көп жайттың сырын ашады. Романның саяси табиғаты арқылы Ыбырайымның ұлтшыл, халықшыл бейнесі бай сипатта даралана түседі. Оған мына бір үзінді дәлел:
– ...Үшінші қатарда жай мужиктер, переселендер, киргиздар...
– Надан киргиздардың тобыры орыстың жай крестьянинімен қашан теңесуші еді? Оларды салтанатты жиынға кіргізудің не керегі бар?
- Кешіріңіз, мәртебелім, – деп қалды Ыбырайым осы кезде шыдай алмай, – Сол тобыр надан киргиздардың ішінде біздің оқуға қабылданған балалардың ата-аналары, туыстары бар ғой. Жиынның өзі солар үшін емес пе?
Ыбырайдың осы бір ауыз сөзі арқылы автор оның ұлты үшін жаралған намысты, биік тұлға екенін оқырманына жайып салып отыр. Ыбырайды «шыдатпай отырған» жеке басының қамы емес, ұлтының болашағы, ұлттық намыс. Ыбырайымның зығырданын қайнатқан жағдай – зорлықшыл отаршылардың орыс крестяниндеріне күллі қазақты теңгермей, кем көріп отырғаны.
Романның саяси ажары ашыла түсетін тағы бір тұсы – отаршыл билеушілердің аузымен айтылған қазақ өнерін, тілін, тарихын, ел билеу жүйесін жоққа шығаратын сұрқия сөздер. Мұндай сұм саясаттың көлеңкесі қазіргі күні де бар екені жасырын емес. Қазақтың мемлекеттілігін жоққа тән етіп, оның жеке ұлт ретіндегі тарихын теріс насихаттау – бүгінгі орыс билеуші қоғамына да жат болмай отыр. Мұндай ұлттық намысқа тиетін «қазақта мемлекет болмаған» деп басталып, қазақтың барын жоққа балаған жаулық сипаттағы шулы орыс мәлімдемелеріне бүгінгі қазақ қоғамы үнсіз, селқос қабақпен ғана қарауда. Ал романда қазақ тіліне қатысты билеуші топтың теріс көзқарасы айқара әшкереленген. Орынбор шекара комиссиясының председателі Василий Григорьев пен Кукляшев арасында мынадай диалог өрбиді:
– Жалпы, «киргиз тілі» дегеннің өзі жоқ дейді ғой.
– Қалайша жоқ, – деді Григорьев таңырқай бұрылып. – Бұл киргиздарың ешкімге ұқсамайтын көшпелі халық. Ендеше, оның ешкімге ұқсамайтын тілі де болуы тиіс емес пе?
– Ойыңыз дұрыс. Бірақ өкінішке қарай, киргиз тілі деген жоқ.
– Сонда бұлар өзара шүңкілдескенде қай тілде сөйлеседі өзі? Түйенің тілінде ме?
– Өзіңіз байқайсыз ба, аса мәртебелі Василий Васильевич? Киргиз бен татар бір-бірімен шүңкілдесіп сөйлесіп жатады ғой. Сонда олар қай тілде сөйлеседі деп ойлайсыз?
– Татар тілінде шығар, – деді Григорьев бұл жағынан шынында да хабары жоқ екенін аңғартып.
- Міне, міне, дұрыс айтасыз, мәртебелім. Киргиз да, татар да бір тілде сөйлеседі. Киргиз тілінің айырмашылығы шамалы ғана. Былайша айтқанда, киргиз тілі татар тілінің бір түрі, яғни, наречиесі. Сондықтан оқудың татар және орыс тілінде жүргізілгені дұрыс.
Отаршыл Ресейдің қазақты қанап, оның шұрайлы жерлерін тартып алып, орыс переселендерін көшіріп әкелумен шектелмегенін, қазақты құлдықта ұстаудың ең жоғары түрі – оның ұлттық тілі мен тарихын, төл мәдениетін табанға таптау саясатын аяусыз жүзеге асыру болғанын қаламгер осы тәрізді кейіпкерлер диалогында ұтымды сипаттаған. Ыбырай оқуға қабылданған тілмаштар даярлайтын мектепте орыс тілі және татар тілі ғана оқытылғаны тарихи шындық. Тек орысша және татарша білім алған Ыбырайым орыстанып кетпей, керісінше, ұлттық намысы жігерін қайрап, «отарлық езгіде жаншылған ұлтын біліммен қаруландырсам» деген ұлы мұратпен өмір сүреді. Өз бойындағы терең білімі мен қолына тиген билігін осы ұлы мұратты жүзеге асыруға жұмсағаны романда оқиғалар шиеленісінде, кейіпкерлер әрекетінің қақтығысында көркем сөзбен айрықша түрлендіріп берілген. «Алтынсарин алауы» романының бұл саяси қырын автор елеусіз ғана ұсынғанымен, оны көрер көреген көз бен тұшына сезінер жүрек керек. Орыс мектебінде оқып, отаршылдарға қызмет етуі тиіс болған Ыбырайдың көзделген межеден асып түсіп, ұлтының шырағын жаққаны романның дәл осы саяси жанрлық қасиетінде барынша тамырлы, тылсым қалыпқа ие болып отыр.
Зерделенген роман осындай бір-бірімен жалғас төрт бірдей жанрлық табиғатты бір бойына тоғыстырып отыр. Роман атаулының төрт түрін бір туындыға жинап беру, әлбетте, суреткердің қалам шеберлігіне байланысты. Шеберлік дегеннің өзі оқиғаны ойнату, шындықты сөйлету ғана емес, сол ақиқатты жеткізер тілдің көркемдік деңгейінде. Бұл орайда жазушы Нұрдәулет Ақыш Ыбырай Алтынсариннің өз тіліндей қарапайым, жатық, маржандай төгілген қазақы бояулы тың тіркестерімен қайран қалдырады. Романның әрі жеңіл, әрі сіңімді тілі аталмыш шығарманы мектеп қабырғасындағы жас баладан бастап, еңкейген қарияға дейін бас алмай оқуына мүмкіндік беріп отыр. Тарихи роман болғандықтан, романда көнерген сөздер мен орыс тілі арқылы енген кірме сөздер кейде, тіпті тәржімасыз берілген. Бұл романның тілі шұбар деген пікір туғызбайды, қайта жазушы сол дәуірдегі тілдің шынайы кейпін бар болмысымен ұсынып, Алтынсарин алауын ақиқатпен жаққанын тағы бір дәлелдей түседі.
Қорыта келгенде, қазақ әдебиеті қоржынына келіп қосылған «Алтынсарин алауы» романы-жанрлық бай табиғатымен көңіл төрінен орын алатын, оқырмандарын сан тарау ойға салатын, оқыған жанның жүрегінде ұлттық тарих пен асқақ рухтың шырағын жағатын тағдырлы туынды. Романның екінші кітабы оқырмандарын көп күттірместен жарыққа шығар деген сеніміміз бар.