Amanat филиалы – бұрынғы әкімдердің саяси баспанасы
Басқа жақты қайдам, AMANAT партиясының Абай облыстық филиалына бір жылдан астам уақыттан бері басшы тұрақтамай келеді.
Төрағалардың жиі ауысатындығы сондай билік партиясының жергілікті өкілдігі облыс шенеуніктерінің не өсетін, не «өшетін» жері болып тұр. Әсіресе аудан әкімдері қызметінен босатылса, жұрт көкейінде «баратын жері AMANAT шығар» деген көзқарас берік орныққалы қашан?!.
Мәселен, әр жылдары Аягөз қаласының әкімі, Аягөз аудандық мәслихатының хатшысы болған Сейілбек Ысқақов 2020 жылдан 2023 жылға дейін Аягөз ауданының әкімі қызметін атқарған соң, 2023-2024 жылдары AMANAT партиясы Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы қызметіне жылжып келген еді. Аз-кем уақыт билік партиясының ыстығына күйіп, суығына тоңған бұл шенеунік қазіргі таңда Абай облысының дін істері басқармасының басшысы тізгінін ұстап отыр.
2023-2024 жылдары Абай облысы әкімінің кеңесшісі болғанға дейін Абай ауданының әкімі қызметін атқарған Нұржан Әбдікәрімов 2024-2025 жылдары Абай облысы «АМАНАТ» партиясының атқарушы хатшысы қызметін атқарды. Кейін 2025 жылдың 31 шілдесінен бастап Абай облысы Жаңасемей ауданының әкімі болып сайланды. Нұржан Оразбекұлы бұл қызметіне халықтық сайлау нәтижесінде кіріскенімен, шын мәнінде, AMANAT партиясы атынан түскендіктен, өтетіні о бастан белгілі еді. Осы тұста айтар жайт, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен құрылғанына екі жылдың жүзі енді болған Жаңасемей ауданының Нұржан Оразбекұлы – үшінші әкімі. Алдындағы екі шенеуніктің тәжірибесі толыспады ма, жоқ әлде әкім болуына «әлі ерте» ме екен, қызметтік карьералары ұзаққа бармады.
Сонымен бұл шенеунік Жаңасемей ауданын басқаруға ауыстырылған соң, 2025 жылдың маусым айының басында бұған дейін Абай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметінде отырған Айдар Садырбаев «жылы орнын» AMANAT партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы қызметіне ауыстыруына тура келді. Әкімдіктің ішкі-сыртқы құбылыстарына әбжіл, дипломатиясы мықты Садырбаевқа «желдің қай жақтан соққаны» белгілі еді.
Алайда билік коридорының жергілікті деңгейінде біраз биіктерді бағындырған Айдар Серікқазыұлы осы жылдың қазан айында Шығыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне ауысты. Ақиқатын айтсақ, сауысқаннан сақ, қыраннан қырағы Садырбаев үшін AMANAT партиясының облыстық филиалының төрағасы болу – «жай ғана жолай соққаным ғой» дегендей әсер қалдырғаны даусыз. Дегенмен ол аз уақытта биліктің партиясының бейнесін шып-шырғасын шығармай, жақсы атқарып кеткенін ел жоққа шығармайды.
Сөйтіп, қараша айының ортасына дейін төрағасыз қалған билік партиясын басқаруға 2025 жылдың 13 қарашасында Аягөз ауданының әкімі, одан облыс әкімінің орынбасары қызметін санаулы ай ғана атқарып, артынша орнынан түскен Қанат Әділбай кірісті. Негізгі бағасы салық саласындағы карьерамен тығыз байланысты Қанат Әділбайды облыс әкімінің орынбасары қызметіне 2024 жылдың соңында облыстың бұрынғы әкімі Н.Ұранхаев тағайындап кеткен болатын. Неге екенін кім білсін, өткен жылдың ақпан айында облыс әкімі қызметіне кіріскен Берік Уәли келгенде Қанат мырза «өз еркімен» қызметінен кеткен еді.
Ал өткен аптада Қанат Әділбай осы «соңғы аялдамасынан» түсті. Оның не себептен AMANAT партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы қызметінен кеткені туралы әңгіме әрқилы. Бірақ оған дейінгі партия филиалының хатшысы, төрағасы қызметін атқарғандар ептеп өсіп жатқанда оның өткен жылғы қарашадан бері көпке бармай орнынан босатылғаны таңғалдырды. Оның үстіне ел асыға күтіп отырған Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа нұсқасын қабылдауға байланысты «15 наурыз- Референдум» болып жарияланып жатқанда, AMANAT партиясының жергілікті филиалының басшысыз қалуы ақылға сыймайтын жағдай.
Р.S.Ал күні кеше бұған дейін Бородулиха ауданы әкімінің қызметін атқарған Айдар Ибраев AMANAT партиясының жергілікті филиалының басшысы қызметіне келгенін аңғартып іске кірісіп, референдумға қатысты шаруаларға қызу кірісе бастады. Яғни, Айдар Маратұлы филиал төрағалығына екі жылдың ішіндегі бесінші басшы әрі бұрынғы аудан әкімдерінің төртіншісі болып «ел аманатына» арқа тосуды міндетіне алды. Бәлкім, AMANAT басшылығы қызметтік жолын облыстық газеттің тілшісі болып бастаған А.Ибраевтың ұйымдастырушылық қабілеті мен дипломатиялық шеберлігін, басқарушылық тәжірибесін де ескерген болар.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Абай облысы