Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 20 Наурыз 2025

Аманжол Гүлшарбат, психолог: Суицидтен сенсация жасауға болмайды

суицид
Фото: из открытых источников

Бүгінде әлеуметтік желілер жай ғана қарым-қатынас құралы емес, сонымен қатар әрбір жанға моральдық қолдау көрсететін алаңға айналып үлгерді.

 Күн сайын миллиондаған адам осы виртуалды кеңістік арқылы өз ойларын бөлісіп, өзгелерге қолдау көрсетеді. Дегенмен әлеуметтік желілер суицидтің алдын алуға қаншалықты көмектеседі? Олар шынымен де қолдау құралы бола ала ма, әлде, керісінше, мәселені ушықтырып, қайғылы оқиғаның себепкері атана ма? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін балалар мен жасөспірімдер психологы Аманжол Гүлшарбаттан жауап алдық. 

Әлеуметтік желілерде адам жалғыздық, депрессия, тағы осыған ұқсас фраза, фотодәйектермен бөліссе, оның бұл қадамы суицидке бейім екенін білдіре ме? Оны анықтауға көмектесетін қандай психологиялық индикаторлар бар?

– Әлеуметтік желілердегі адамның өзін жалғыз сезінетіні немесе депрессияда екенін білдіретін жазбалары міндетті түрде оның суицидке бейім екенін білдірмейді. Дегенмен бұл белгілерді елеусіз қалдыруға да болмайды. Әдетте мұндай әрекеттер адамның, әсіресе бұғанасы енді қатып жатқан жасөспірімдердің эмоционалды күйін көрсетеді. Суицид туралы посттар мен суреттердің ішінде елемей қалмауға болмайтын индикаторлар бар. Мәселен, үнемі жалғыздық, үмітсіздік, өмірден түңілу туралы посттар бөлісу, өзін жоғалтқандай сезініп, «мен ешкімге керек емеспін», «өмірдің мәні жоқ» деген ойлар, бәрімен қоштасқандай ерекше жылы сөздер айту, кешірім сұрау, бұрынғы реніштерін еске алу, маңызды заттарын тарату суицидтің басы болуы мүмкін. Бұл уақытта бұрын белсенді адам, әсіресе жасөспірімдер кенеттен тұйықталып қалса немесе керісінше, депрессиядан күрт «шығып», айналасына тым көңілді көрінсе (бұл қауіпті болуы мүмкін, себебі ол өзіне-өзі қол жұмсау туралы шешім қабылдап, тынышталған болуы мүмкін) дабыл қаққан абзал.

Әлеуметтік оқшаулану мен депрессия арасындағы шекараны қалай ажыратуға болады? Қай сатыда жасөспірім теріс қадамға аяқ басуы мүмкін?

– Әлеуметтік оқшаулану мен депрессия – бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ олар бір нәрсе емес. Әлеуметтік оқшаулану мен депрессия ұқсас көрінгенімен, олардың түпкі себептері мен салдары әртүрлі. Әлеуметтік оқшаулану – адамның сыртқы факторларға байланысты қоғамнан алшақтауы немесе саналы түрде жалғыз қалуды таңдауы. Бұл интроверттік мінезге, өмір салтына немесе сыртқы жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Депрессия – бұл психологиялық және физиологиялық факторларға негізделген созылмалы күй, ол көбінесе терең қайғы, үмітсіздік және өмірге деген немқұрайлылықпен сипатталады. Депрессияға ұшыраған адам бұрын ләззат алатын істеріне қызығушылық танытпайды, үнемі шаршау, үрей немесе кінә сезімін бастан кешіреді. Ал әлеуметтік оқшауланған адам кейбір сәттерде жалғыздықты сезінгенімен, жалпы өмірге деген қызығушылығын жоғалтпайды және жағдай өзгергенде қалпына келуі мүмкін. Депрессия кезінде адам әлеуметтік ортаны аңсамайды, керісінше, құнсыз сезінеді, өмір сүруге ынтасы жоғалады. Егер адам ұзақ уақыт бойы (2 аптадан астам) терең күйзеліске түсіп, өзін керексіз сезініп, суицидтік ойлар пайда бола бастаса, бұл – психологиялық көмекке жүгінетін маңызды кезең.

Қазіргі жастардың цифрлық әлемде өсуі олардың психикалық саулығына қалай ықпал етеді? «Цифрлық ұрпақ» пен алдыңғы буын арасындағы психологиялық айырмашылық қандай?

– Қазіргі жастар цифрлық технологиялармен бірге өсіп келеді және бұл олардың психикалық денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Интернет пен әлеуметтік желілердің арқасында ақпаратқа қол жеткізу жеңілдеді, адамдармен байланыс орнату мүмкіндігі артты, шығармашылық пен өзін-өзі көрсету құралдары көбейді. Дегенмен бұл технологиялардың жағымсыз жақтары да бар. Біріншіден, жастардың көпшілігі әлеуметтік желілерге тәуелді болып, виртуалды өмір мен шынайы өмір арасындағы шекараны жоғалтады. Бұл допаминдік тәуелділікке әкеліп, адамның үнемі жаңартуларды қарап, лайктар мен пікірлер арқылы өзін бағалауына себеп болады. Сондай-ақ FOMO (Fear of Missing Out – бірдеңені өткізіп алу қорқынышы) жастардың үнемі басқалармен салыстыруына және өз өмірін төмен бағалауына әкелуі мүмкін. Интернет кеңістігінде кибербуллинг те кең таралған. Жасөспірімдер негативті пікірлерге ұшырап, психологиялық жарақат ала алады. Сонымен қатар цифрлық әлемде өскен жастар шынайы қарым-қатынастың маңыздылығын ұмытып, бетпе-бет сөйлесу дағдыларын жоғалтуы мүмкін. Алдыңғы буынмен салыстырғанда, қазіргі жастар ақпаратты жылдам тұтынуға дағдыланған, ұзақ мәтіндерді оқуға шыдамсыз, қысқа видеолар мен мемдер арқылы қарым-қатынас жасауды жөн көреді.

БАҚ пен әлеуметтік желілер суицид туралы ақпарат таратқанда қандай этикалық принциптерді сақтауы керек? Қандай қателіктер суицидтік мінез-құлықты қоздыруы мүмкін?

– Суицид туралы ақпарат тарату кезінде ең үлкен қауіп – Вертер эффектісі, яғни белгілі бір суицид оқиғасын сипаттау басқа адамдарды осы әрекетті қайталауға итермелеуі мүмкін. Сондықтан БАҚ пен әлеуметтік желілер этикалық принциптерді ұстануы қажет. Мысалы, интернетте суицидтің әдісін сипаттамау керек. «Ол өзіне-өзі қол жұмсады» деп айтуға болады, бірақ қандай әдіспен жасағанын көрсетпеген жөн. Содан кейін, байқасам, суицидті романтизациялайтындар көп. «Ол бақытсыз еді, енді тыныштық тапты» деген секілді сөздер посттардың пікірінде өріп жүреді. Суицидтің құрбанын идеализациялау да дұрыс емес. «Ол өте талантты еді, бірақ оны ешкім түсінбеді» деген сипаттамалар жазу жөн емес. Әлеуметтік желіде жиі кездесетін қателіктердің бірі – суицидті сенсация ретінде көрсету немесе оқиғаны драматизациялау. Мұндай материалдар өзіне-өзі қол жұмсауға бейім адамдарды еліктеуге итермелеуі мүмкін.

Айжан Ерболова

Тегтер: