Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:08, 14 Наурыз 2024

 «Аналар үйі» – 6774 баланың тағдыры

бала
Фото: из открытых источников

Осыдан 10 жыл бұрын елімізде «Аналар үйі» ашыла бастады. Қазір мұндай орталықтар Қазақстанның 18 қаласында бар. Елде жалпы саны 21 «Аналар үйі» жұмыс істейді.

«Аналар үйі» əу баста жұмысына кірісе бастағанда тосырқай қарағанымыз рас. Əсіресе 2016 жылдары аталмыш орталықтарға қатысты қоғамның пікірі екіге жарылды. Тіпті мəжіліс қабырғасында аналар үйіне қатысты пікірталастар да жүріп, «бұл қазақтың менталитетіне жат дүние» деген депутаттар да болды. Қазір уақыт өте келе бұл жобаның тиімділігін көре бастағандаймыз. Мəселен, 10 жылдық тарихына жүгінсек, жоба өз жұмысын бастағалы 6 774 бала өз аналарымен қалып, балалар үйіне түскен жоқ. 2 074 əйел жаңа жұмыс орнын тапса, 1 856 əйелдің құжаты қалпына келтірілген. 1094 əйел кəсіпкерлік курстан өтіп, шағын жəне орта бизнесін ашып үлгеріпті.

Қилы-қилы тағдыр бар

Жалпы, «Аналар үйін» тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, тағдырдан теперіш көрген аналар паналайды. Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, былтырғы 10 айда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 85 əйел қаза тапқан. Ұлттық статистика бюросының мəліметінше, 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында елімізде 79 487 неке тіркелсе, 11 093 жұп ажырасқан. Ажырасқандардың 80 пайызы тұрмыста зорлық-зомбылық көргенін, аяусыз соққыға жығылғанын айтып шағымданған. Араларында аналар үйін паналап, өмірін қалыптастыруға əрекет жасап жатқандары да баршылық. Аналар үйінің координаторы Гүлнар Шакирова Астанадағы орталықта жұмыс істейді. Ол мұндағы əр қыздың тағдыры көзге жас үйіретінін айтады. Гүлнардың сөзінше, аналар үйіндегі қыздардың қиын жағдайға тап болуларының себептері өте көп. Сондағы негізгі себептің бірі – отбасындағы əлеуметтік жағдайдың төмен болуы.
«Мұндағы теперіш көріп келген аналардың көбісінің ата-аналары бар. Бірақ бірінің əкесі маскүнем. Енді бірі баламен үйіне қайтып барған қызын қабылдамайды. Ал өзі тағдырдан таяқ жеген адамнан туған-туысының, ата-анасының жерінуі тіптен ауыр соққы. Біздің мақсат – осындай жандарға қолдау көрсету», – дейді координатор.
«Аналар үйінің» маманы түсіндіру жұмыстарынан кейін қызының жағдайын ұғынып, алып кететіндер де барын мысал етті.
«Бір күні маған аяғы ауыр қыз анасымен келді. Қыздың анасы баланы босанғаннан кейін бас тарт деп ұрсып отыр. Қызы баланы тастамаймын деп жылады. Сондағы əйелдің айтқаны: «Əкең сені де, мені де өлтіреді», «туыстардың бетіне қалай қараймыз» деген сөздер айтты. Қызын қалдырып, өзі кетіп қалды. Бір ай өткеннен кейін тағы келді. Себебін сұрағанымда, немересін қырқынан шығаруға келгенін айтты. Бауыр еті немересін тастамайтынын айтып, барлығымызды жылатты. Содан немересі 7 айға толғанда үйіне алып кетті. Əлгі қыз екінші рет отбасын
құрып, бүгінде 4 баласы бар. Сол кезде ананың баласын тастамағанына қатты қуанамын. Əр бала толыққанды отбасында тəрбиеленгені дұрыс деп санаймын», – дейді Гүлнар Шакирова.

Күйеуім бұрын үйленген, үш рет сотталған

Біз Алматыдағы «Аналар үйін» паналап, қазір өз кəсібін ашып, тіршілігін жасап отырған аналардың бірімен де сөйлестік. Өзін Əйгерім (аты-жөні сұрауы бойынша өзгертілді) деп таныстырған 29 жастағы кейіпкеріміздің тұрмысқа шыққанда асқақ арманы болған. Болмысынан пысық Əйгерім бір үйдің шаруасын дөңгелетіп əкететініне сенімді болыпты. Ол жігітімен əлеуметтік желі арқылы танысқан.
«Бастапқы алты ай əлеуметтік желі арқылы сөйлестік. Онан кейін барып кездестік. Үш ай сөйлесіп жүріп үйлендік. АХАТ бөліміне барып тіркелуге де, той жасауға да асықпады. Бір күні құрсағыма бала біткенін айтып, некемізді заңдастыруды талап еттім. Сөйтсем, оның бұрынғы əйелі бар болып шықты. Онымен əлі ажырасып та үлгермепті. Үйленгенімізге алты ай өтсе де заңды некеге тұрмай жүруіміздің себебін осымен түсіндірді. Бұл жаңалық маған күтпеген «сюрприз» болды. Кəдімгідей күйзеліп кеттім. Күйеуім жұмыс істемеді. Жұмысқа кірсе, бір ай өтпей «шығарып жіберді» деп келіп тұрады. Бір күні жұмыс орнына барып сұрадым. Басшылығына «неге себепсізден себепсіз жұмыстан шығарасыздар» деген сауалды қойдым. Сөйтсем, ол үш рет сотталған болып шықты. Жұмысы сотталмағаны туралы құжат талап етеді, ол оны апара алмайды. Мұны естіп, тіптен есеңгіредім. Сөйтіп, бір жыл тұрғаннан кейін күйеуімнен кеттім. Үнемі ұрып, соғатын. Құрсағымда балам бар еді. Қазір шүкір, балам бір жарым жаста. Аналар үйін кезінде мен де паналадым. Арнайы мамандардың көмегімен, кеңесімен есімді жидым. Түрлі курстарды оқып, қазір тəтті тағамдар пісіріп сатамын, тапсырыстар аламын. Мемлекеттік бағдарлама арқылы үй кезегінде тұрмын», – дейді Əйгерім. Кейіпкеріміз өзінің қатарластарына жігітпен сөйлескенде оның майын тамызып сөйлейтін сөзіне, жылтыраған киіміне қызықпау керектігін, əсіресе əлеуметтік желі арқылы таныстық орнатарда абай болған жөн екенін айтады.

Алып қашудың құрбанымын

Осыдан екі жыл бұрын «Аналар үйін» паналағандардың бірі – Жазира. Бұл кейіпкеріміздің айтуынша, өміріндегі бір ғана сəт бүкіл тағдырын өзгертіп жіберген.
«20 жасымда мүлдем танымайтын, бір рет қана көрген жігіт алып қашты. Бір ғана сəтте өмірім өзгеріп сала берді. Сол кезде қарсылық білдіріп кетіп қалғанымда, қазіргідей өкінбес едім. Қалдым. Алты ай тұрдым. Ақыры ажырастым. Алматыға келдім. «Аналар үйін» паналадым. Ата-анам үйге келуіме қарсы болды. Қазір Алматыда көлік жуу орталығында жұмыс істеймін. Бір қызым бар. Екі жылдан асты, туған əке-шешем хабарласпайды. Алып қашудың құрбанымын. Туған-туыс, атаанам, барлығы сырт айналды», – дейді кейіпкеріміз.

Аналар үйінде де тəртіп бар

Орталық мамандарының айтуынша, «Аналар үйінде» де темірдей тəртіп бар. Мұндай орталықтарда күйзеліске ұшырағандардың басы қосылатындықтан оларға психологиялық көмектер беріледі. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Аналардың арасында дау-дамай туындауы да мүмкін. Ондай кезде орталық мамандары жағдайды ушықтырмай, əр жағдайды жеке-жеке таразылайды. Екінші, орталықта тазалыққа баса назар аударылады. Үйді жинау, тамақ əзірлеу үшін кезекшілік ұйымдастырылған. Үшінші, кешкі тоғыздан кейін сыртқа шығуға болмайды. Маңызды, өте қажетті жағдай болса, алдын ала ескертуі тиіс. «Бұл тəртіпті бұзғандарға екі рет ескерту жасалынады. Үшінші рет қайталанса, «Аналар үйінен» шығарылады дейді орталық мамандары. Сондай-ақ аналарға орталықты алты ай паналауға рұқсат. Ол аралықта аналар жұмыс тауып, тіршілік жасауға əрекет етуі керек.

Отбасылық идеологияны жетілдіру керек

Жалпы, қаузап отырған тақырыбымызға орай біз əлеуметтанушы мамандармен де пікірлесіп көрдік. Əлеуметтанушы Аймара Тілеукинаның пайымдауынша, отбасы дағдарысы бүгінде əлемді жайлаған проблема. Кейбір елдерде отбасы құндылығы жоғары бағаланса, енді бір елдерде отбасылық идеология əлсіз. Отбасын құрып жатқан адамдар отбасы құндылығын сезіне бермейді. Бізде үйленген əрбір төртінші жұп ажырасуға бейім екен. Сондықтан қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайту маңызды дейді маман.
Əлеуметтанушының айтуынша, болашақта елдегі ана мен баланың жағдайын жасап, отбасы іргесін берік ету үшін мынадай мемлекеттік деңгейде шаралар қарастырылуы керек.
Біріншіден, ЖОО жанынан отбасы идеологиясын насихаттайтын орталықтар ашылуы қажет. Бұл орталықтың ықпалы бұрынғы əжелер институтының орнын басатындай болуы тиіс.
Екіншіден, қыздарымыз гендерлік саясат, гендерлік теңдік дегеннің ер азаматты тұқырту емес екенін түсінгені жөн. Мұны да сол отбасы идеологиясын насихаттайтын орталықтар арқылы жастардың санасына сіңіруге болады.
Үшіншіден, мемлекеттік деңгейде ана мен балаға жағдай жасалуы керек. Мысалы, Жапонияда жас баласы бар ана жұмысқа шықса, ол ананың жұмыстан екі сағат ерте кетуіне, түс мезгілінде арнайы жұмыстың көлігі арқылы үйіне барып, баласын тамақтандырып келуге жағдай жасалған. Бұдан бөлек, бұл елде үш баласы бар аналар қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүреді. Коммуналдық тарифтерге қатысты да жеңілдіктер берілген.
Міне, мамандар «Аналар үйінен» бөлек мемлекет тарапынан осындай мүмкіндіктер қарастырылуы керектігін алға тартты. Абзалында, ана мен баланы қорғау біз үшін қай кезде де өзекті болған. Қазір де мемлекет
тарапынан отбасылық құндылықтарды арттыру мақсатында жасалып жатқан шаруалар бар. Əйтсе де сол шаруаларды одан əрі жетілдіру, тереңдету жыл өткен сайын маңызды.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА 

Фото: baq.kz

Тегтер: