Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:32, 05 Шілде 2022

Ангулоя

None
None

(Әңгіме)

Бозторғайдай төлшіл бол.

                                      Бата сөз

Сусылдайды қанаты көктеменің,

Әлі қауыз жармаған жұмыртқадан...

                             Төлеген Айбергенов

Гүлдер бүршік жарады жазға дейін

Тербетіліп көктемнің бесігінде.

                             Есенбай Дүйсенбайұлы

          1997 жылғы кыркүйек айының соңы болатын. Түнгі пойызға асығыс билет алғаныма ептеп өкінгенмен кеш. Күндізгі мизамшуақ қараңғы түскенде зым-зия безіп жоғалған, түнгі ызғар тұла бойды қари тоңазытып, дірдектетіп жіберді. Ташкент-Иркутск пойызы перронға тоқтағанда бағанадағы үлкен сағат тілі 12:00-ні дәл көрсетіп тұрды.

          Түнгі вокзалда жолаушылар көп емес. Пойыздың алдыңғы вагонына біраз адам кірдік. Плацкарт лық толы екен. Маған тиесілі орында шалқасынан егде кісі ұйықтап жатты. Жол жүрер алдындағы әбігерден шаршап-шалдығып келген басым аңырып тұрып қалдым. Ол кісіні басқа жерге орналастырып, жағдайды дереу реттейтін елгезек жолсеріктер селт етер емес. «Біздің орнымыз неге бос емес?! Билет сатылды ғой?!» деген тіке сауалға міз бақпай, жұбатқансып, таңғы 6-да босайды деп дым сезбегендей емексіте айтқаны ашу-ызаны тұтатты. Тоңмойын топастықтан туған озбырлықтың итжанды кескінін көру алқымға кеп тірелген алакөз ренішті қоздыра түсті. Жасамыс өзбек бізді адам санамай, қапырық вагонда түнімен алты сағат тік тұрып күте ғой дегені ақылға сыяр емес. Іш қазандай қайнаса да құны төленген билетті ескермегенсіп, адам құқығын табанға таптап тұрған әділетсіз жандармен бекер дауласудан не өнсін. Көп ұзамай мына жағымсыз жайт басыну емес, әншейін жол үсті бизнесі, неғұрлым қарпып қалу, артық олжа табу екені мәлім болды.Ұялмаған бұйырмағаннан жейді.

 Қасына көкөрім ұл мен қыз ерткен, жас шамасы отыз бестегі орта бойлы жігіт қарап қалмады, шапшаң шаруа бітіріп оралды. Егер жолаушылар кісі басына 1000 теңгеден төлесе плацкарт түгілі купеден орын тимек! Бұрыннан дағдыланып, оп-оңай ақшаға кенеліп жүрген ағайындар, сірә. «Қалаға автобуспен алыс жолдан қажып жеттік. Балалар алаңсыз жатып, адамша демалуы керек. Мен бағасына келістім, сіз де купеге барасыз ба? Онда бізбен бірге жүріңіз», – деді ол.

Алматыға типографияға журнал тапсыруға іссапармен үш ай сайын барамын, қазақстандық барлық пойыздарда осы сияқты былық-шылық, топырлатып артық жолаушылар алу түк тыйылмай тұрған өліара мезет болатын. Ел ішінде ерсілі-қарсылы ағылып жатқан пойыздар қып-қызыл ақшаның көзі, ұсақ жемқорлықтың ұясына айналған. Тегін ақшаға құныққан пайдакүнем теміржолшылардың кесірінен жолай мінетін, артық алынған билетсіздер қарасы әсіре мол болады. Бір жолы Семей-Алматы пойызында мөлиіп кеп қасыма отырып алған, емізулі баласы бар бейтаныс жап-жас келіншекке жатын орнымды бердім. Ол барар жеріне баласымен жайланып, көсіле жатып, мызғып, тынығып жеткенше бірнеше сағат қаққан қазықша тік отырғандықтан, белім талды. Аяғөзде пойыздан түсер сәтінде оның жүгін тасып, шұбарала ауыр сөмкесін вагоннан төмен түсірісіп жіберуге тура келді. Баласын тарс құшақтап алған қазақ келіншек бір ауыз рақмет айтуға жарамады, тілін жұтып алғандай тымырайып үнсіз кетті. «Надандық-ай, қайтейін сені!» деп жақтырмай ойласам да, «Сый қылсаң, сыпыра қыл» демекші, еш сыр бергенім жоқ. Іштен тынып қала бердім.

Айнала жұрт шырт ұйқыда жатыр. Түнгі 12-де «уһ!» деп көнетоз іртік матрацқа ақ жайма төсеуге кіріскенім сол, станциядан отырған орта жастағы әйел бүйірдегі ортасы үстел болып жиылатын орнын көре сала місе тұтпай, маған алмасайық деп қарадай басынғаны жыныма тиді. Әйел туалеттің дәл түбін ұнатпай қынжылды. «Жоқ, ауыспаймын!» деп жамылғыны бүркеніп, өзіме зорға бұйырған төменгі сәкіге құлай кеткенмін. Алматыға пойыз аттай 22 сағат жүреді, соның жартысын бөтен біреуді жарылқап өткізгенім жетер.  

Сол мезет ойыма оралды. Кіре берісте ұйқыдағы жолаушылардың шырқын бұзбауға тырысып, үнсіз күйзеліп тұрғанмын, дереу билет құны 1000 теңгені қайта төледім. Шығын шықпай, кіріс кірмейді. Бірақ вагоннан шығып бара жатып, жолсерік өзбекке жақтырмай: «Мынау кісі жиренетін ұят қылық, бұларыңыз не?!» десем, ол: «Аштан қалмаймыз!» деп кекірейе қарап тұр.

Сол мезет әрине, мына екеудің ұсақ-түйек пайдакүнемдігінің арқасында әдеби идеяға кенеліп, ерекше риза болатынымды әсте білген жоқпын. Жарық дүниеде жақсылық пен жамандық егіз жаралған. Жамандықтың құйыршығын жақсылық жұлып алатын көрінеді.  

Төртеуміз шырт ұйқыдағы 22 вагонды көктей өтіп, түнгі 1-ге таман пойыздың соңындағы купеге келіп жайғастық. Ертеңгісін ұйқыдан оянған соң шай үстінде әңгіме күрт жанданды. Бұл жігіт Үржар балалар үйінің тәрбиешісі, жанына ерткен екі баланың мұғалімі екен. Жетекшісі болғандықтан, екеуін Ыстамбұлға ұшатын самолетке Алматыдан отырғызып салуға апара жатқан беті. Балалар жоғары оқу орнына аттанып бара жатыр. 

Иманбекпен сөйлесе келе, онымен сапарлас болғаныма қуандым. Одан жан тебірентетін сюжет естідім. Жазушы үшін мұнан артық не керек!

                                                  ***

Москвада қоныстанған жас қазақ отбасы аяқ астынан кеселге ұшырайды. Күйеуі нашақор, наркотик сатқаны үшін сотталып кеткен. Өзі өндірдей жап-жас біреу екен. Уыздай келіншек басқа түскен мехнатқа төзбей, есінен адасып, жастан жаңа асқан бөпесін вокзалға тастап, қаңғып кеткен. Соңынан жындыханаға түседі. Баланың бағына полицейлер тауып алып, бөбектер үйіне апарып өткізген. Бөпенің қасында анасының қол сөмкесі қалған, ішінен әке-шешесінің аты-жөні, туу туралы куәлік табылған. Совет одағы тарап, он бес республика тәуелсіздігін жариялап қойғанына әлі он жыл толмаған мезгіл. Әр ел жеке мемлекетке айналған соң Москва тірі жетім баланы алып кетіңіздер деп Қазақстанға хабарлайды. Ай мен күннің аманында ата-анасынан тірідей айырылған бейбақ баланы елге алып қайтуға Иманбек аттанған.

Балалар үйі қараусыз қалған қорғансыз балақайлардың мұң-шер, сағыныш уытына тұнжырай тұнып тұратын, жазмыштың маңдайға жазуын танытатын тылсым мекен. Ресми құжаттар дайын болған соң тәрбиеші орыс әйелі көрші республикадан арнайы шақырылған өкілді балалар бөлмесіне ертіп кірді. Кең бөлме іші тап-таза, үлкен терезеден күн сәулесі мол түскенімен, түксіз кілемде аунап жатқан жетімектердің сағыныш-мұңы кеңістікті тұтас кернеп тұрғандай.

«Өңшең қауырсыны қатпаған ақүрпек қаз балапандары тәрізді балақайлардың арасынан жалғыз қарашаш қыз бала көзіме оттай басылды, – деді Иманбек жазық даламен жүйткіп келе жатқан пойыздан сыртқа көз тігіп. – Алғаш көріп тұрсам да жүрегім шымырлап, алқымыма өксік тығылды. Жүгіріп барып баланы бас салып, құшақтап көтеріп алдым да бауырыма басып, бетінен сүйдім. Есімім Любовь Андреевна деп алдында танысқан кішіпейіл қызметкер келіншек сол мезет көзі жасаурап, бізге қарап қалыпты. Бір тәрбиеші екі жасар ұл баланың аяқ-қолын созғылап, уқалап, бір сәби бармағын сорып жатыр. Балалар тіс жарғанда қолына не түссе, соны аузына салады. Сілекейін жағып иемденіп алады. Сол топтағы балалар бір мен екі жас аралығында, кілең ештеңеден хабарсыз, қорғансыз. Тастанды балалар кеш жүретінін өзім анық білемін. Көбінесе бір жастан асқан балалар қаз басып жүрмек түгілі, еңбектемей, төбеге қарап қимылсыз жата береді. Мына балалар, әттең, тұсауы кесілмеген ғой деп қынжыла ойлап қоямын. Әкеден өсиет, анадан қасиет дарымаған жасық ұрпаққа жаның ашиды.

Дауыс ұлғайтқышпен: «Смена Нины» деп хабарлағанда ғана бір бала басын бұрып, бері қарады. Көзінде шүпілдеп сағыныш-мұң қарасудай тұнып қалыпты. Жарты әлемнің мұң-шері дәл осы ұлдың аялы көзіне ұялап алғандай жүрегім сыздап барады. Жас бала ұшқан құстың көлеңкесінен тоңады. Ана сүтін ембеген, уызынан жарымаған жетім балалар еркелік пен қыңырлықты әсте білмейді. Мемлекет пана болып, елдік қамқорлықпен жетімектерді бауырына басып, бағып-қағып отырғаны көңілге медеу, әлбетте. Шетінен көздері жаудырап маған қарап қалды. Жарық дүниеде жаутаңдаған жетім баланың періште көзін көруден асқан азап болмас. Көбі тастанды, күлге аунап, тауық жұмыртқалап кеткендей артына қайрылмайтын анасынан ажырап, бөлек қалған тірі жетім бала.

Мәскеулік әріптестерім менен: «Сіздерде тастанды балалар көп пе?» деп сұрады. Мен «Қазақтарда тастанды балалар жоқ, егер бала ата-анасыз қалса, оны туыстары бауырына салып асырап алады», – деп үйретіп жіберген даяр жауапты бердім. Дауысым азырақ сенімсіз шыққан сияқты, ана келіншек бетіме бір жалт қарады да, түсінемін дегендей биязы кейіппен басын изеді. Әрине, өтірік айттым. Бірақ идеология солай болды. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампитар» Бөлмедегі ептеп бауырымен еңбектеп жүрген, құйрығын енді басып отырған кішкентай балаларға көз тоқтатып қарасам, әп-әдемі, дені сау балалар.

Бізде де сәулесіз, мейірсіз, обал-сауапты дым сезбейтін ақымақ қыздар маңдайы торсықтай сүйкімді ұл-қыздарды қағынып, ерсіз туған соң жасырын тастап кете беретіні нендей өкініш. Нәрестеге сұмдық қиянатты, асқан зұлымдықты жарық дүниеге іңгәлап туа сала анасы жасайтыны неткен ауыр. Кіндігін кескен нәрестенің көзі сол мезет көк түсті көрмейді. Тасбауыр ана ішінен шыққан ұрпағын қоқысқа лақтырып тастаған мезетте, тастанды нәрестелердің көзінен жас шықпайды. Өйткені жаңа туған баланың көз жасы бездері толық жетілмегендіктен, көз жасы үш аптадан соң бөліне бастайды. Тек аяқ дыбысы алыстаған сайын сәби жүрегі атша тебінген күйі дүрс-дүрс соққылап, дымы құрып шырқырай жылап қала береді. Жаңа туған жас нәрестенің бармақ басындай жүрегі ересек адамның жұдырықтай жүрегінен әлдеқайда қаттырақ соғарын білесіз бе?!».

Иманбек терезеден көзін аударып, тосын сауал қойды. Оның салмақты сөзіне үшеуміз үнсіз ұйып, басымыз салбыраған күйі құсалы кейіппен тыңдап қалған едік. Түк айта алмадым. Ішім алай-түлей. Алыс іссапарға жиі шыққан сайын үйде соңымнан жаутаңдап қарап қалатын қарғадай екі қызыма аман-есен кері оралсам деп ойлайтұғынмын, жол апатынан сақтай гөр деп құдайға сыйынатұғынмын.

«Тоғыз ай ана құрсағында бала мұхитта жүзген балық тәрізді тербеліске түседі. Ескі көшпелі тұрмыс салтынан бөлек, қазақтың жас баланы бесікке бөлеп, тербетіп өсіретіні сондықтан. Бала жарық дүниеге тез үйлесіп, космостық ырғағын жоғалтпауы, табиғи үйлесімі бұзылмауы үшін. Тастанды балаға кім бесік жырын айтып әлдилейді? Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Аянышты. Оның уілін, былдырын кім естиді? Біреулер өмірбақи бір перзентке зар болып аңсап өтеді, енді біреулер туған баласын күшік құрлы көрмей, далаға лақтырып кетеді. Құдайдан қорқу жоқ. Мейірім, сүйіспеншілік, кісілік қасиет қайда?! Түсіну қиын қазіргі адамдарды. Туған жерге көктем сайын қиқулап жыл құстары оралады, құс өлсе ұяда жұмыртқалары шіриді. Ұрыққа жан бітіп үлгерген бе? Адам тірі жан, тірі баласына туа жау, бекер обал қылатын имансыз құбылыс жер бетінде тегі тыйыла қояр ма екен?!».

Оның көзінің қарашығы ұлғайып, терең күрсініп барып сөзін жалғаған.

«Қазақ қызының есімі Айна екен, мені жатырқамай, қан тартып, жабыса кетті. Құжаттар тегіс толтырылып, ресми түрде рұқсат алынып, бала маған табысталған соң аэропортқа тіке тартып кетерде тәрбиеші орыс келіншек кішкентай Айнаны кеудесіне басып, бетінен сүйіп қоштасты. Мұндағы басшыға, дәрігер, тәрбиеші әйелдерге елден сәлемдемеге ала келген екі килә «Рахат» шоколадынан қалтамда үш-төрт түйірі қалғаны жақсы болар ма, ризашылығымды білдіріп, оның қолына ұстаттым. Бөбектер үйінің қызметкерлері бізді қол бұлғап, жол болсын айтып шығарып салды. Домодедовода рейс хабарланғанша, одан аспанда төрт сағат ұшқанда, бала артық мазасызданған жоқ. Елге жеткен соң үш күн үйде болды. Оны тіпті балалар үйіне беруге қимағаным рас. Өзімнің үш балам бар. Асырап алуға келіншегім келіспеген соң, қайтейін. Балалар үйіндегі алпыс шақты баланың ішінен ерекше сүйкімді бірнеше бала болады. Туған балаңнан кем көрмейтін. Айна соның бірі болды. Қазір өсіп қалды, мені көрсе еркелеп бас салады. Дені сау, қабілетті бала екені аңғарылады. Кім білсін, мүмкін, әке-шешесінің жағдайын құдай оңдап, бірі түрмеден босап, бірі емханадан жазылып шықса, Мәскеуде балалар үйінде қалған мекен жай бойынша қызын іздеп келуі де ғажап емес».

Олар вокзалдан таксимен аэропортқа аттанды. Қара теңіз жағасына, Ыстамбұлға ұшатын шәкірттерге ақ жол тілеп, Иманбек мұғаліммен қоштасып қала бердім.

Қоңыр күз ұзақ тұрмайды. Сол түні түсімде көкжиектерді қосқан кемпірқосақтан жерге құйылған қызылды-жасылды, қат-қабат реңктер шеруін көрдім. Шуақты көктем туғандай айнала құлпырып кетті. Қыстағы қырау жазғы шыққа айналатыны сияқты күз демінде көктем лебі бар. Дымқыл қой тастарды жасыл мүк басқан тау баурайында жүрмін. Теңіз деңгейінен өте жоғары. Жуан ағаштардың көлеңкесінде жайқала өскен ақшыл-қызғылт гүлдер қарашығын төңкеріп маған сүзіле қарап қалған тәрізденді. Сырт пішіні көбелекке ұқсас ақ, қызыл, сары гүлшоғырлар көп. Гүлдер әуелде қар басқан шыңдарда өсіп, тұқымы етекке түскен. Хош иістен таңдайыма бал дәмі татыды. Өсімдікте көз болады. Гүлдердің үлбіреген қауызы құндақталған баланың орауынан әсте аумайды екен! Бұл не ғажап деп гүл күлтесіне еңкейсем, әр гүл тостағаншаның нәзік қуысында жаңа туған титімдей нәрестелер қарын ұйқыға батыпты. Расымен әрбір гүлде бір-бір бала жөргектеліп періште ұйқыда жатты, сарыауыз балапандар шетінен. Жер бетінде жұмақ бағы бар екен.

Таң шапағы түнекті түре бастағанда ағаш жапырағынан су жұтқан сайрауық құстардың дыбысынан ұйқыдағы нәрестелер оянып, іңгәлап жылай бастады. Гүл бесікте тербетілген нәрестелер неге жылайды? Оларда не арман бар?!

Оқыс оянып кетсем, көрші бөлмеде мен түскен үйдің жас келіні жылап жатқан жеті айлық перзентін әлдилеп жатты. Біразға дейін әлгі түстің әсері сейілмей, гүлдерді қимадым. Өңім бе, түсім де дейтұғын тылсым мезет тегін бұйырмаған сияқты. Түс ишарасын білуге шын ынтызар болдым.

Алматы сапары сәтті өтті. Бұл келуімнің мәнісі ірі шығармашылық байқаудан қомақты сыйлық бұйырған болатын, бірақ ресми тапсырудан кешігіп қалдым. Түркия жариялаған халықаралық конкурсты өткізген «Zaman-Қазақстан» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы конвертке салған сыйақымды қолыма ұстатты.

Семейге оралған соң қуанышымды бөлісіп, редакцияда дастархан жайдым. «Абай» журналына орналасқаныма дәл бір ай өткен мезет болатын. Мерғали ақын: «Мұхаңның 100 жылдығына арналған бұл конкурсқа мен де қатысып едім, сенің алғаның мықтылық», – деп ағынан жарылып, мені құттықтап қояды. Алматыда кездескен ақын-жазушыларды сұраған ақын ағаның сол мезет бар-жоғы бір ай өмірі қалғанын қайдан білейін? Қараша айының басында Мерғали Ибраев жүректен қайтыс болды.

Әңгіме үстінде Мерғали ағадан: «Осы біздің қазақ өзбек өз ағам деп емірене береді. Теміржолшылардың, қазағы болсын, өзбегі болсын мейлі, неліктен мәдениеті төмен, жолаушыны жол торыған ұсақ қарақшы сияқты тонап алғысы кеп тұратыны несі? Бір билеттің құнын маған екі қайыра төлетті, алыпсатар ашкөздікпен құнығу ұят емес пе? Жат емес, түбі бір туыс халық болған соң өкпем қара қазандай!», – деп көкейдегі ренішті жасырмай айта салдым. Мерғали аға ойланыңқырап отырды да: «Баяғы мен көрген өзбек ойы да, бойы да биік, сұңғыла зерек, дана ел болушы еді, теміржол бойындағы күн көріске байланған жұрт ептеп ұсақталып кеткен-ау», – деді. Дауысында түк зіл жоқ.

Мен сол мезет бірен-саран кісі озбырлық қылғаны үшін туыс халықты жазғыра сөйлегендей, бекер қаралағандай қатты ұялдым. Жадыма найзағайдай жарқ етіп Ұлықбек ғұлама, патша сарайында парсы тілі салтанат құрған өктем дәуірде түркі тілінде өлмейтұғын жыр жазған ұлы шайыр Әлішер Науаи орала кетті. Құдайдың құдіретімен нақ сол мезет бізге жол жүретін билетті қайыра пұлдап, купеге қуып жіберген өзбектер жоқ жерден қаламыма олжа салғанын жете ұққаным рас.

Алматыда түсіме енген, қауызында бөпе әлдилейтін таңғажайып гүлдер жер бетінде бар болып шықты. Ангулоя немесе Ұйқыдағы нәресте деп аталатын орхидея тұқымдас гүлдер Анд тауының етегінде өседі екен.

9-10.11. 2021. /  25.06-26.06.2022.

Тегтер: