Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:56, 12 Қараша 2020

Аңқасы кепкен ауылдарға кім араша түседі?

None
None

Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында «Ауыл су сұрайды», «Малға су керек» деген ел-жұрттың жанайқайы жиі естілетін болды.

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп, дәтке қуат қылған халқымыз қазір судың да сұрауы бар екенін, алпыс күн тасыған судың алты күнде қайтарын әбден ұғынған. Осы орайда, біз қара судың зары өткен Жаңақала, Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарына сапар шегіп, жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық. 

Жаңақала ауданы аумағындағы су айдындарының жаға ұстатар жағдайы Мұқыр ауылына ат басын тірегенімізде айқын көрінді. Мұндағы өзен түгел кеуіп қалған. 

– Бір жағынан, Дөңгелек суқоймасынан, екінші жағынан, Қараөзеннен су алатын Мұқыр кезінде жап-жасыл құрағы бар ауыл еді. Жұрт балық аулап, бақша салып, құс өсіретін. Қазір судың жоқтығынан жеріміз қызыл құмға айналды. Шөп болмағасын, халық қойды қойып, малдың денін жылқыға айналдыруда. Ауызсуды, газды ауылға жеткізіп берген жақсы-ақ. Бірақ негізгі күнкөрісін малмен айыратын халық су болмаса, 3-4 жылда ауылдан жаппай көшпегенде не істейді? Басқа жұмыс жоқ. Ауылдан халық көшсе, қалаға да қиын, ет, сүт бағасы өседі. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешу керек, – дейді ел тағдырына алаңдаушылығын білдірген Мұқыр ауылының тұрғыны Энгельс Әлмұқанов.    

Қараөзеннен қоректенетін Қамыс-Самар жайылмасының жойылуы жұрттың көңілін құлазытып, ертеңге деген сеніміне селкеу түсірген. Мұны Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Мұхамбетжанова да растады.

    – Қуаңшылыққа байланысты соңғы 2-3 жылда маңайдағы су айдындары тегіс құрғап, дала айтақырға айналды. Округтегі 62 шаруа қожалығында және халықта 8 мыңның үстінде ірі қара, 23 мыңнан аса ұсақ мал, 3 мыңдай жылқы бар. 62 қожалықтың шамамен 20-сы аздап болса да, құдық қазып, су мәселесін шешсе, қалғандарында ол да жоқ. Қараөзеннің мүшкіл халін көрдіңіздер. Малдың бәрі қазір өзенде жүр. Өзен таяз, белуардан аспайды, су таусылып қала ма деп қорқамыз, – дейді округ әкімі.

Мәстексайлық шаруалар жақын маңда шөп болмағасын, 100-120 шақырым қашықтықтағы шабындықтарға шалғы салуға мәжбүр. Тіпті біраз қожалық Атырау облысындағы ядролық полигон (Капустин Яр) аумағына барып, шөп дайындауда. «Оған рұқсат та, тыйым да жоқ, бірақ басқа амалымыз қалмады», – дейді қожалық иелері. Ауыл халқының ендігі үміті Қараөзенге жоғарыдан, Ресейден келетін суда.

          

БАҒЫРЛАЙ БӨЛІНІП, ШАРУАЛАР ҚИНАЛУДА

         Жайық бойын жайлаған Ақжайық ауданының Жайық-Көшім суландыру жүйесіне тәуелді елді мекендерде де жағдай күрделі. Ұзындығы 80 шақырымдық Бағырлай өзені бөлініп, аяқ жағындағы 27 шақырым жер кеуіп қалыпты. Жерлестерінің жанайқайын «Эрик» ШҚ жетекшісі Кәкімжан Сембаев былайша жеткізді:

– Жазда балшыққа батып, біраз сиыр арам өлді. Көрші Атырау облысының Индер ауданындағы шаруаларға суды Жайықтан насоспен үш жерден береді екен. Бізге де солай жасауға болмай ма? – деп сауал тастайды Кәкімжан кәсіпкер.  

          «Тайыр» ШҚ жетекшісі Асқар Мырзағалиев Бітік суқоймасынан шығып, Дөңгелекке құятын Грачи каналының да құрғап қалғанын айтты. «Каналда бір тамшы су жоқ. Жаздың басында канал бойында отырған 10-15 шаруа қожалығы иелері айқай-шу шығарған соң, аздап су берді. Содан бері тым-тырыс. Ол су да бітті. Малды қазір құдықтан суарамыз. Оның суы да жылдан-жылға төмендеп барады. Біздің жағдайымызды ойлайтын жан баласы бар ма, өзі?» – дейді А.Мырзағалиев.

ҚАРАТӨБЕ КӨЛТАБАНДАРЫ ҚҰП-ҚҰРҒАҚ

«Бұл жерге Жұмыр Қылыш аты аунаған,

Бұл жерде бірнеше көл қатар болған.

Жақсыбай, Саралжын мен Ақбақай көл,

Шөптікөл деген содан атау қалған», – деп, ақын Ақұштап Бақтыгереева жырына қосқан Қаратөбе ауданы аумағындағы үлкен өзен-көлдер, көлтабандар қазір құп-құрғақ. Бұған Саралжын, Аққозы ауылдық округтерін аралаған кезде көзіміз жетті.

– 2004 жылы Көлқамыс деген жерден ауылға ауызсу тартылып, осы кезге дейін еш қиындықсыз отыр едік, қуаңшылықтың кесірі оған да тиіп, су қысымы күрт түсіп, жетпей жатыр. Құдық суы ащы. Іргедегі Жақсыбай өзені биыл тасыған жоқ. Қатты тасығанда Саралжын мен Ақбақайға су емін-еркін жететін. Шөп сұйық. Ұялы байланыс жоқ, дәрігер жоқ болғасын, халық біртіндеп көшіп жатыр, – дейді Аққозы ауылдық округінің әкімі Қоныс Мұқанов.

Қалдығайты мен Жақсыбай өзендерінің бұрынғы және бүгінгі ахуалы туралы жергілікті өлкетанушы, зейнеткер Мәжит Нұрекешов былай деді:

– Соңғы рет өзендер 1992 жылы тасыды. Одан кейін тасқын болған жоқ. Жерасты суының кемуі жер бетіндегі өзен деңгейіне тікелей әсер етеді. Оны ауламдағы құдықтан біліп отырмын. Мәселен, су мол болса, құдық суы көтеріліп, құдыққа салынған К-700 тракторының үш дөңгелегі түгел толады. Сол кезде Қалдығайты да көтеріледі. Қазір құдықтағы су мөлшері бір дөңгелектен аспай тұр. Яғни бұл жерасты суы төмен түсті деген сөз, – дейді ол.

Қаратөбе ауданында ащы су ішкен ауыл тұрғындарының денсаулығы күрт төмендеген. Осы кермек судың өзі уақтылы берілмейтініне тұрғындар көптен наразы.

БҰЛДЫРТЫДА СУ АЗ, ӨЛЕҢТІ ҚОЛДАУ КҮТЕДІ

Қаратөбемен іргелес жатқан Сырым ауданының аумағымен Өлеңті, Шідерті, Бұлдырты секілді ірі өзендер ағады. Бұлдырты ауылының байырғы тұрғыны, зейнеткер Өтеш Оразғалиев ақсақал өткен күндерге былайша ой жүгіртті.

– Бұрын Бұлдырты тасығанда ауылдың көшесіне кіріп кететін. Су шөбімізді шапқызбай, қиналатын едік. Үйім өзен жағасында, былтыр күзде арнаға су толмады. Өзенде әр жерде бір бөлініп қалған су балдырланып сасып жатыр. Амал жоқ, жекенің малы үйдегі ауызсудан ішеді. Біз қазір биліктен тек малға су сұрап отырмыз, – дейді ақсақал.

Бұлдыртының жағдайына қаныққаннан кейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке жолықтық. «Ауданда бұрын Бұлдырты көлтабандар жүйесі деген болды. Соңғы он жылда оған су шыққан жоқ. Былтыр аудан азаматтары бастама көтеріп, экскаватор алып, Бұлдырты өзені басталатын Қарағашқа бардық. Сарқырамадан шыққан бұлақ тоғайдың ішіне жайылып кетіпті. Құндыз тал-теректің бәрін тіспен қиып, су жүретін жолды бітеп тастаған. Тоғай ішін қазып, суды арнасына қарай бұрдық. Аз-маз пайдасы тиді. Биыл тағы 300 метр жерді тазартуымыз керек», – деді әкім.

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАНДАЙ?

Еділ суына тәуелді оңтүстік аудандарға секундына 2,5-3 текше метр су теңізге құйған тамшыдай дүние. Бізге керек судың жылдамдығы – секундына 4 метр. Жетер жеріне жеткенше ол судың 20 пайызы жерге сіңіп кетеді немесе буланып, ауаға ұшып жоқ болады. Ал өзен-көлдерді толтыруға кемінде жарты жыл керек. Сондықтан Ресейге алақан жайып отырмай, тез арада Қараөзен мен Сарыөзенді Жайық-Көшім жүйесінен суландыруға көшіру керек. Ол үшін облыс әкімдігі тарапынан суды Жайықтан қуатты насостармен айдауға құны миллиардтаған теңгелік жоба жасалуда деген хабар бар. Бірақ шығынды есептесек, ол тап бір тиімді жоба деуге келмейді. Су саласының мамандарымен ақылдасып көргенімізде, олар тығырықтан шығудың мынадай жолын ұсынды: Жайықтың Көшім каналына су шығатын тұсында үстінен су сырғып ағатын арнайы бөгет (переливная плотина) қою қажет. Оның ең басты қызметі – суды қажетті деңгейге дейін көтеру, яғни жасанды тосқауыл қою арқылы суды көтерген кезде ол каналдарға өз күшімен аға береді. Судың көлеміне қарай плотинаны көтеруге не түсіруге болады. Шығыны насоспен айдағанмен салыстырғанда анағұрлым аз екені айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, тез арада оңтүстіктегі канал мен көлдерді, Қараөзенді суға толтырамыз. Ағысы қатты Жайықта бұл әбден жүзеге асатын шаруа.

         Қаратөбе және Сырым аудандарын сумен қамту үшін мамандар, ең алдымен, кезінде болған Қаратөбе топтық су құбырын қайта қалпына келтіру қажет дейді. «Жайықгидрогеология» ЖШС мамандары Қаратөбенің астында тұщы судың теңізге бергісіз мол қоры бар екенін баяғыда анықтаған. Кезінде ол су Қаратөбе, Сырым аудандарының елді мекендеріне барып тұрыпты. Өкінішке қарай, ел еңсесін енді тіктеген уақытта қаскүнемдер пәлен жүз шақырым су құбырын қазып алып, сатып жіберген. Қаржы бөлінсе, құбырды қайта қалпына келтіруге әбден болады. Қалай десек те, ел ертеңі – ауылда. Ауыл – алтын бесік. Олай болса ауылдағы ағайынның жанайқайына жергілікті биліктің құлағы түрік жүрсе дұрыс болар еді.    

Тегтер: