Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:32

Антикор Атыраудағы депутат бизнесін тексеріп жатыр

Әділ Жұбанов
Фото: Parlam.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Батыс Альянс Строй» компаниясына қатысты тексеріс бастағанын мәлімдеді.

Бұл компания мәжіліс депутаты Әділ Жұбановпен байланыстырылып отыр. Тексерудің басталуына оның Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевпен ықтимал қарым-қатынасы себеп болған.

 Антикор бұл компанияның мемлекеттік сатып алуларға, сондай-ақ Атырау облысындағы бюджет қаржысы есебінен жүзеге асқан жобаларға қатысуын мұқият зерделеуде.

Депутаттың жауабы

Мәжілісмен Әділ Жұбанов аталған компанияның жұмысына өзі араласпайтынын айтып, барлық айыптауларды «манипуляциялық және негізсіз» деп бағалады:

"Мен компанияның қызметіне араласпаймын. Барлық айыптаулар – жалған және жала. Өкінішке қарай, қазіргі заманда адал адамдарды фейк ақпаратпен күйрету үрдісі белең алып тұр. Жақында ғана бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты "ұсталды" деп жалған хабар таратты. Бұл кез келген азаматтың басына түсуі мүмкін".

Жұбановтың айтуынша, ол парламентке сайланғаннан кейін өзінің бизнесін сенімгерлік басқаруға тапсырған.

Әкімдік не дейді?

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов орынбасары Қайрат Нұртаевтың расымен де бұған дейін Жұбановтың компаниясында жұмыс істегенін растады:

"Иә, Қайрат Нұртаев бұрын Жұбановтың ұйымында еңбек еткен. Мүмкін, кезінде депутат оның жұмысын байқап, компаниясына шақырған болар. Қазір бұл бағытта тексеріс жүргізілуде. Қажет болған жағдайда, қолданыстағы заңнама аясында барлық көмек көрсетуге дайынбыз".

Қаржы және тендер құжаттары назарда

Тексеру шеңберінде Атырау облысының ішкі мемлекеттік аудит департаментіне материалдар жолданған. Ревизорлар компанияның тендерлік құжаттарымен қатар, бүкіл қаржы-шаруашылық қызметін, оның ішінде мемлекеттік келісімшарттарды егжей-тегжейлі қарайды.

Антикор қызметі қысқа ғана түсініктеме берді:

"Әлеуметтік желілер мен түрлі сигналдар негізінде бюджет қаржысының бөлінуі мен мемлекеттік келісімшарттардың орындалуында күдікті жайттар анықталды. Тексеру мүддесіне орай, басқа ақпарат әзірге жарияланбайды".

Ресми айып тағылған жоқ

Қазіргі таңда мәжіліс депутаты Әділ Жұбановқа қатысты ешқандай ресми айып тағылған жоқ. Алайда тергеу барысы саясат пен бизнестің байланысы мәселесіне тағы да қоғам назарын аудартты.

Айта кетейік, Әділ Жұбанов – белгілі кәсіпкер, кейінгі шақырылымда парламентке депутат ретінде сайланған. «Батыс Альянс Строй» компаниясы өңірлік құрылыс жобаларында белсенділігімен танылған. 

Тегтер: