Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 15 Шілде 2023

Aparking: Боранбаевтың бизнесі және Алматы баспасөзінің жауабы

None
None

2016 жылы Алматыдағы біраз көлік тұрақтары ақылы тұрақтарға ауыстырылды. Осыдан соң мегаполисте 11 мың автотұрақ ақылы болды (бұл жалпы қаладағы автотұрақтардың 15 пайызын құрады).

Қаланың негізгі көшелерінің бойында, үлкен сауда орталықтары, базар маңындағы көлік тұрақтары сыртында Aparking жазуы бар сары аппараттар орнатылды. Қала тұрғындары мен қонақтары осы аппараттар арқылы көлік тұрақтарының ақысын төлеп, әдеттене бастады. Кесімді ақы сағатына 100 теңге. Аппараттан төлейсіз, қолыңызға чек береді. Егер ақылы автотұраққа уақытылы төлем жасамасаңыз, сізге бірден айыппұл салынады, ал айыппұлды кесімді мерзімінде төлемесеңіз сіздің ісіңіз жеке сот орындаушыға жіберіледі. Ары қарай сот орындаушының ескертуінен кейін айыппұлды сот орындаушының ақысымен қосып төлеп құтыласыз немесе жеке есепшоттарыңыз бұғатталады. Онан кейін ісіңіз сотқа жіберіледі. Бұл біраз көлік жүргізушілерге етене таныс жағдай болуы мүмкін.

Негізі 2022 жылдың қаңтарына дейін, яғни Қаңтар оқиғасына шейін Алматыдағы жол бойында тұрған ақылы тұрақтардың операторы (акцияның 70 пайызы аталған компанияға тиесілі) және қалалық айып тұрақтарының қызметі «Алматы спецтехпаркинг сервис» компаниясының иелігінде болған. Компания директоры Марат Пірінбеков. Ал AlanParking компаниясы Алматыдағы ақылы тұрақ алаңдарын басқарып келген, директоры Мұхтар Базарбаев. Қанды қаңтардың құйыны аталған компания басшыларын да шарпып өтті. Нақтылап айтсақ, 14 сәуірде Алматы соты AlanParking ЖШС директоры Мұхтар Базарбаевты қамауға алды. Кейіннен 18-і күні «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры Марат Пірінбеков қамауға алынды. Бастапқы кезде «ірі көлемде ақша жымқырған болулары мүмкін» деген болжам айтылды. Содан қараша айына дейін күдіктілерді тергеп-тексеріп, ақыры 436 миллион теңге қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Одан соң іс сотқа жіберілді. Сөйтіп, 2023 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық соты М.Пірінбеков пен М.Базарбаевқа қатысты үкім шығарды. Сот М.Пірінбековтің 225 630 072 теңге көлемінде ақша жымқырғанын, ал М.Базарбаевтың 190 078 778 теңге ақша ұрлағанын анықтады. Сондай-ақ қылмыстарына сәйкес сот Пірінбековті 5 жылға бас бостандығынан айыру, Базарбаевты қауіпсіздігі орташа мекемеде 6 жыл 6 ай қамауда ұстауға үкім шығарды.

Сот үкімінен кейін іле-шала Алматы қаласы әкімдігі: «25 сәуірден бастап автотұрақтардан түскен барлық кіріс қалалық бюджетке түседі» деп сүйіншілеп мәлімдеді. Әкімдіктің сөзінше: «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС үлесінің 70% және «Alan Parking» ЖШС үлесінің 100% қала меншігіне қайтарылыпты». Енді одан түскен қаражат қаланың жолын жасауға, түрлі алаңқайларды, жол жиектерін абаттандыруға, қысқасы, қала тұрғындарының игілігіне жұмсалатын көрінеді. Ең сорақысы – иелері сотталып, енді қалалық әкімдік түгелдей меншігімізге өтті деп алақайлап жатқанда, Алматыдағы ақылы тұрақтар «жұмбақ» жағдайда жұмыс істеп тұрды. «Жұмбақ» дейтініміздің себебі мынадай, егер сіз ақылы тұраққа көлігіңізді тоқтатып, межелі уақытқа кесімді ақысын төлесеңіз аппарат төлем қабылдайды, сізге әуелгісінше чек береді, ал егер сіз ешқандай төлем жасамасаңыз дәнеңе етпейді. Бұрынғыдай айыппұл келмейді, жеке сот орындаушы ізіңізге түспейді. Мұны бастапқы кезде техникалық ақау болар дедік, әдейі бірнеше рет тексеріп те көрдік, тура біз айтқандай. «Бұл қалай?» деген сұраққа қала әкімдігінің баспасөз қызметі «Қолданыстағы заңнамада белгіленген рұқсат беру құжаттарын алу мерзімін, сондай-ақ монополияға қарсы органдармен келісу қажеттілігін ескере отырып, бірыңғай оператор 2022 жылғы 1 тамызға дейін құрылады» деді. Қош, сонымен әкімдік уәде еткен «1 тамыз» да туды. Бірақ көп ештеңе өзгере қоймады. Одан бері де біраз уақыт өтті, ал ақылы тұрақтар баяғы қалпында, төлесеңіз алады, төлемесеңіз ізіңізге түсіп іздемейді. Әрине, көлік тұрақтарына төленген қаражат қалалық бюджетке түсті дейік, ал төлемегендерді қайтеді, бұрынғыдай айыппұл салып, одан өнбесе сот орындаушыға жіберіп, қаражатты қалай да бюджетке құюдың қандай да бір жолы жасалды ма? Дәл осы сұрақтар бойынша біз Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне ресми хат жолдағанбыз. Әлі жауап жоқ. Бар айтқаны: «Хатыңызды тиісті орындарға жібердік, жауабын күтіңіз» болды.

Ақылы тұрақтың ақысы неге қадағаланбайды деп шыр-пыр болуымыздың да өз себебі бар. Өйткені бұған дейін бұл тұрақтардан әлгі компанияларға түсіп тұрған қаражат та қомақты екен. Әкімшілік бұл жөнінде: «Көлік тұрақтарының айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңгені құрады» дейді. 2022 жылдың 24 сәуіріне дейін осы 1,4 млрд теңгенің қомақты бөлігін көлік тұрақтарына жауапты компаниялар алып келген. Міне, қараңыз, қалалық әкімдік жариялаған мәліметінде: «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС үлесінің 70% және «Alan Parking» ЖШС үлесінің 100% қала меншігіне қайтарылды» делінген. Демек, оған дейін тек «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС үлесінің 30 пайызы ғана қалалық бюджетке түсіп тұрған. Қалғаны аталған компаниялардың еншісі есебінде.

Енді осынша майлы жілікті мүжіп отырған кімдер деген сұрақтың құлағы қылтияды. Бір қарағанда, бәрі түсінікті. Компания директорлары М.Пірінбеков пен М.Базарбаев. Иә, ресми түрде солай. Бірақ ел арасында «Алматыдағы көлік тұрақтары Қ.Боранбаевтікі» деген сөз бұрыннан көп айтылатын. Сөйтсек, бұл сөздің де жаны бар екен. Шынымен де «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды». Енді «желдің» қай жақтан соққанын анықтап көрейік.

Біз манадан бері айтып отырған AlanParking компаниясы негізі «Алматы спецтехпаркинг сервиске» қарайды. Ал ашық ақпарат көздерінде 2021 жылы  AlanParking компаниясының екі құрылтайшысы бар екені айтылады.  Оның бірі – Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (үлесі 30 пайыз), ал екіншісі – «RR2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (үлесі 70 пайыз). Дәл осы «RR2» ЖШС бас директоры ретінде Мұрат Боранбаев аты айтылады (түрлі басылымдардың дерегінше Мұрат Боранбаев – белгілі кәсіпкер, Н.Назарбаевтың қызы Д.Назарбаеваның құдасы Қ.Боранбаевтың бауыры). Біз айтқан «жел» осы тұстан бір үп етті. Алайда іс мұнымен тынбайтын көрінеді. 2019 жылы 17 шілде күні forbes.kz сайтында Қ.Боранбаевқа қатысты материал жарияланады. Онда: «Қазір кәсіпкер Aparking компаниясының 70 пайызына иелік ететін «RR2» ЖШС-ның жалғыз иесі» делінген, демек дәл осы 2019 жыл көктемнен бастап «RR2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншік иесі Қ.Боранбаев болуы ықтимал. Тіпті кейбір деректерде: «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС- ның 70 пайыз үлесі Қ.Боранбаевқа тиесілі («RR2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарамағында)» деп те айтылады. Ал 2021 жылы «RR2» ЖШС AlanParking компаниясының мемлекеттік капиталдағы 30 пайыздық үлесін сатып алады. Қалай десек те Алматыдағы ақылы тұрақтарға Боранбаевтардың қатысы бар екені анық. Оған бір айғақ директорлары М.Пірінбеков пен М.Базарбаев сотталғанда Мұрат Боранбаевқа «халықаралық іздеу» жарияланғандығы».

Сонымен, ақша ұрлаған, қаражат жымқырғандар заң бойынша сотталды, Қ.Боранбаев та ұсталды, ұзақ мерзім тергеп-тексеріліп, «сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңгені қылмыстық жолмен заңдастырғаны үшін» 8 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде сот үкімі шықты, бірақ көп өтпей, ол үкім күшін жойды. Ал М.Боранбаев әлі «іздестірілуде».  

Алматыдағы ақылы көлік тұрағының қазіргі жағдайы, қысқаша тарихы міне, осылай. Ары қарай тағдыры не болады? Оны дүп басып айта алмаймыз. Себебі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі нақты жауап берген жоқ. Газет беттеліп жатқанда қайыра сұрап едік «қарастырып жатырмыз» деді, сөйтті де «сіздердің 20 маусым күні жолдаған Алматы тұрғыны Ж.Шөмішбаеваның үйіне қатысты сауалдарыңыздың жауабын қазір жібереміз» деді.

Тегтер: