Апелляция көмектеспеді: Депутаттың інісіне қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі, әнші Рахат Тұрлыханов сот шешіміне шағымдана алмады. Апелляциялық саты оның әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Бұл туралы Informburo.kz жазды.
Әншінің отбасындағы жанжал 16 наурыз күні болған. Алғашында оның жұбайы полицияға күйеуінің өзін ұрғанын айтып арыз түсірген. Алайда кейін ол өз сөзінен бас тартып, зорлық-зомбылық фактісін жоққа шығарған.
Тараптар әкімшілік іс аясында татуласқанына қарамастан, бірінші сатыдағы сот материалдарды прокуратура мен полицияға жолдауды қажет деп тапқан. Бұған жұбайының бастапқы арызы негіз болған, онда дене күшін қолдану фактілері сипатталған.
Рахат Тұрлыханов бұл шешімге шағым түсіргенімен, 27 наурызда Алматы қалалық апелляциялық соты шағымды қанағаттандырмай, шешімді күшінде қалдырды.
Медеу аудандық прокуратурасы мәліметінше, іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін Медеу аудандық полиция басқармасына жолданған. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралу сатысында.
Енді тергеу органдары бұрынғы әншінің әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы бар-жоғын анықтауы тиіс. Мәселен, «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша баға берілуі мүмкін.
Еске салайық, 2024 жылдың қаңтарында Рахат Тұрлыханов жұбайын ұрып-соққаны үшін сот алдында жауап берген. Ол кінәсін мойындап, ал әйелі татуласқанын айтқан.
Алайда құқықбұзушылықтың қайталануына байланысты сот оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындаған.
Кейін ерлі-зайыпты видеоүндеу жариялап, отбасында бәрі жақсы екенін мәлімдеген. БАҚ мәліметінше, бұл бір жыл ішіндегі екінші осындай жағдай болған.