Ақ бұлттар

Қазіргі таңда қазақ балаларының музыкалық ойын-сауық бағдарламасына, балалар драмматургиясына айрықша көңіл бөлініп келеді.
Осыған орай, жақында ғана Алматы қаласындағы мектептерде кіп-кішкентай бүлдіршіндер кәдімгі нағыз сахнаның шыңдалған әртістерінше қойылым қойып, көпшілікті тамсандырып жүрген көрінеді. Бұл туралы елімізге белгілі тұлға, Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменовпен жүздескенде балалар драмматургиясының ғажайыпқа толы екенін әрі қазіргі балалардың өнер сахнасында қалай өнер көрсетіп жүргенін ерекше қолдай отырып, жантебірентер әңгімесімен бөлісті.
Ақпанның соңғы күні демесең, Алматы нұрға бөленіп тұр. Ақ боранмен алысқан Астанадан соң, Алматы құшағын айқара ашқандай… Иә, көне шаһардың сұлулығы да, жылулығы да кім көрінгенге жетіп артылады...
Қасымдағы ассистентім Динара екеуміз асығып жеткенде, түскі 2-ге азғантай ғана уақыт бар екен. Бұл Самал ауданындағы мектеп. Ауладан кіре салғанда, көзге түсетіні тазалық. Оң жақта балаларға арналған футбол алаңы. Сол жақта бүлдіршіндерге арналған турник, ойнайтын үйшіктер, тіпті троспен тербеліп сырғанайтын орындықтар да көзге түседі. Қолдарында рация ұстаған күзетші жігіттер де келген-кеткендерді жіті бақылап тұр. Бас изеп, амандасып жатыр. Риза болдым. Бұл – Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп. Сырты сары-көк түске боялған. Анадайдан балаларға арналған ғимарат екені бірден білінеді.
Баяғыда Америкада Гавай аралдарындағы Гонолулуда болғам. Бір кездесуде мені мектепке шақырған. Бәрі басқаша. Отыратын партадан бастап, беретін сабаққа дейін, өзге бір әлем. Біздегі психология – оқушы мұғалімге бағынышты болса, Америкада ұстаз шәкіртке қызмет етеді екен. Бізді күтіп алған Әсел Иманғалиқызы қарындасымыз бір-екі сыныпты көрсетті. Тура сол мен көрген Гонолулудағы сыныптардай. Балалардың формасы да өз-өздерін ұстауы да, тіпті отыратын парталары да ерекше. Хош, делік.Бүгін мектептің актовый залында спектакль болады. Соған арнайы келдім. Бұл сонау заманнан келе жаткан Шарль Перроның «Сұлу мен Құбыжық» ертегісі. Дисней түсірген мультфильмдерін де, Голливуд жасаған киноларынан да талай тамашалаған туындымыз. Әр бала осы сұлуға ғашық боп, сол Құбыжықтай күй кешкен ертегі. Сүйген де бақытқа бөленген санамыздан өшпес із қалдырған образдар. Әрине, Шарль Перроның өзге де ертегілері жетерлік. «Күлше қыздан» бастап, «Етік киген мысыққа» дейін талай сиқырлы дастандар да толып жатыр. Бірақ Шоқан Уәлихановтың балалары сол ізді тауыпты. Және оқушылар сахнасында тек бүлдіршіндердің ойнауы көңілге үлкен қуаныш сыйлайды. Бір қуантқаны, осы мюзикльді қазақшаға аударған Гүлзина Абенова. Бұл қарындас біздің әліппеге атсалысқан азамат. Балалар психологиясын жақсы біледі. Сол себепті де «Сұлу мен Құбыжықты» ана тілімізде сөйлетіпті.Шымылдық ашылғандағы сахнадағы ақ тұман аспандағы ақ бұлттай. Сол қанаттағы көзге түскен шыны ыдыстағы қызыл гүл жақсылық пен махаббаттың, ізгілік пен адалдықтың символы іспеттес. Спектакльдегі музыка, әсіресе Равельдің Болеросы сахнаға ерекше күш береді. Өте қарапайым да ұтымды декорация жас әртістерге ыңғайлы екен. Ал кейіпкерлердің, яғни бүлдіршіндердің әр образға лайық киімдеріне риза болдық. Қандай жарасымды, әр түрлі бояуға малынған сұлулық. Сахнада жас әртістер емес, манып жүрген періштелер іспетті. Иә, бүлдіршіндерге арналған спектакль қандай болу керек десеңіз, міне, осылай болу керек екен. Балаларға арнаған спектакльдерді олардың қатары ойнауы ғажап көрініс. Шап-шағын биі де, әні де, сахнадағы қозғалыс пен өлеңі де бірін-бірі толықтырып тұр. Алып-қосары жоқ өнердің түйірі, түймесі. Бұл дүниені көру керек, тамашалау қажет. Себебі өзен бұлақтан басталса, мынау бүлдіршіндердің де еңбегі тек «Шоқанның» сахнасымен шектелмесе екен дейсің. Әттең, осы дүниені «Балапан» арнасы жазып алса, хас өнерге сусындап отырған сәбилерімізге қандай қуаныш болар еді. Тіпті әр мектеп, әр ауылға осындай нәрсе жасауға боларын түсінер еді. Бүгінде кітап оқымайтын, кино көрмейтін, тек телефонға байланған балаларға мынау үлкен тоқтау, үлгі болары хақ. Балалар біздің болашағымыз деген жаттанды кағиданы бәрі біледі. Алайда болашақ бүгіннен басталмай ма? Міне, сол бүгінімізге мен қатты риза болдым. Спектакльге атсалысқан азаматтарға мың алғыс. Баланы қуанту жақсы, ал олардың ертеңіне сенім мен үміт сыйлау нағыз бақыт екен. Иә, ертегіге сенбеген баладан ертең романтик шықпайды. Ал өмірді де, өнерді де жасайтын осы романтиктер. Жасаңдар, жас таланттар! Бас идім, сендерге!
Дайындаған Бифат Нұрмахан