Ақан Оңғарұлы: Археология: әрбір қазба жұмысы – жаңалық

Әр қазақтың ауылының маңында: «Осыны археологтар келіп қазса болады ғой», – дейтін бір төбе барына куәлік етемін.
Тұтас қазақ даласы археологтардың табаны тимеген тұмса ғылыми нысанға ұқсайды. Біздің елдің де маңында адамның бас сүйектері мен қыш құмыралардың сынықтары шашылып жатқан төбелер баршылық. Бала жасымнан қызығып, бірақ қазуға қорқып және археолог деген адамдарды көрмей өстік. «Мен қызыққандай, өзгелер неге қызықпайды, келіп қазып көре салса болады ғой» деп ойлаушы едім. Бүгін сол әр қазақтың ауылының маңындағы төбелердің неге қазылмайтынын біліп отырмын. Жауап Алматы қаласы Достық көшесі, №44 үйден табылған болатын. Онда Ә. Марғұлан атындағы археология институты орналасқан. Жексенбі күні болса да институт директоры және тағы басқа бірнеше қызметкер жұмыста болып шықты. Кеңсенің астаң-кестеңі шығып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
– Қазақстанда зерттейтін жер қалмай, кеңсені қазып жатқан сияқтысыздар, – дедім аман-саулықтан соң әзілдеп. Институт директоры, тарих ғылымының кандидаты Ақан Оңғарұлы мырзамен әңгімеміз археология саласындағы жаңалықтар төңірегінде басталып кетті.
– Археология ғылымында кез келген жаңа ашылған оба, қорған жаңалық болып есептеледі. Өйткені әрбір қазбада сіз бір емес, бірнеше тарихи қатпарды анықтауыңыз мүмкін. Қазіргі таңда ғылым дамып, жаңа технологиялар қолданысқа ене бастауымен археологияның қанаты тіпті кеңейіп келеді. Әр ескерткішті ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеуге мүмкіндік алып отырмыз. Мұның тағы бір себебі бар. Анығын айту керек, біз зерттеген ескерткіштер бұзылады. Археология ғылымында сондай ұғым қалыптасқан. Яғни ескерткіш ақыры бұзғандықтан, одан барынша толық мәлімет алуымыз керек. Халық арасында: «Археологтар ескерткішті ашып, алтынын алып кете береді» деген пікір қалыптасқан. Осы пікірді өзгерту үшін де біз жан-жақты зерттеу жүргіземіз. Археолог үшін табылған алтын бұйымдардың тарихи жәдігер болуынан артық құндылығы жоқ. Ол жәй шашылып жатқан қыш ыдыстармен бірдей. Тіпті тереңдей келсеңіз, қазба орнынан табылған алтыннан гөрі кішкентай қыш ыдыс көп ақпарат беруі ықтимал.
– Археологиялық жұмыстар қалай басталады?
– Көбіне қорымдарды, обаларды зерттейміз ғой. Қазба жұмыстары басталмас бұрын біз обаның жер жағдайын зерттейміз. Бұл іске әртүрлі ғылым мамандары қатысады. «Өлімді ақтық сапар» деп, қасиет тұтпаса да, қайтқан жанға құрмет көрсету ертеден қалыптасқан. Сондықтан бүгінгідей емес, ерте замандарда адамды жерлеу орнының өзі екшеліп, ерекшеленіп таңдалатын болған. Адам аяғы көп баспайтын, таудың ортасы, екі өзеннің қосылар тұсы сияқты жерлерде болады. Мен өзім зерттеген ерте Темір дәуірі тұрғысынан айтып отырмын. Осыған байланысты жерленген халықтың әлеуметтік статусы, өлімге көзқарасы сияқты алғашқы белгілері анықтала бастайды. Екінші, қорымда жерленген адамдардың жалпы санына және олардың жерлену тәртібіне мән береміз. Мұны – планиграфия деп атайды. Қазіқ әлі күнге дейін руластарды, туыстарды бір-біріне жақын жерлейді ғой. Бірақ атасының жанына келінін қоймайды деген сияқты өзінше тәртіптері бар. Міне, обалардың орналасуы сол қоғамның осындай құрылымын түсінуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, қорымның қанша жыл өмір сүргенін анықтаймыз. Яғни ондағы ең алғашқы және ең соңғы оба арасындағы жыл айырмашылығын білу керек. Осы арқылы мекенде тұрғындардың қанша уақыт тұрғанына көз жеткізіп, обаның бір әулетке немесе елге арналғанын анықтаймыз. Бұл мәселеде бізге геофизиктердің көмегі керек. Олар георадар мен геомагниттік зерттеулер арқылы тұтас обаның территориясын асыра қамтып қарайды. Толық картасын жасап болып қана зерттеуді қалай және қай жерден бастайтынымызды анықтап аламыз. Қанша жыл зерттелетіні де осы тұста анықталады. Өзімнің зерттеу нысанам – ерте темір дәуірі. Ол кезеңдегі обаларының көбінде ортада ірі оба болып, айналасына кішігірім обалар шоғырланады. Әлгі негізгі қорымды зерттеу үшін, айналасындағы барлық оба зерттеліп бітуі керек. Ол 2-3 жылдық жұмыс болады. Тұтас оба территориясынан асыра зерттеудің де маңызы ерекше. Өйткені құрбандық шалу орындары да болуы мүмкін. Ал ол жердегі құрбандыққа шалынатын мал мен орынның өзі бір төбе, зерттеуді талап етеді.
– Әлгі ортадағы негізгі обаға жеттік делік...
– Әрбір ескерткіш – археологиялық құрылыс болып саналады. Енді архитекторлар араласады іске. Олар оба құрылысының әр тасының контурын, көлемін анықтайды. Бұзатынымыз да сондықтан. Соңыра ескерткішті толық қалпына келтіреді. Дрон, 3D сканьерлер арқылы жұмыстың әрбір сәті құжатталады. 2018 жылы Тарбағатай жоталарындағы Елеке сазы деген жерден тағы бір алтын адам табылды. Әрине, алтын адам іздегеміз жоқ еді. Бар ой тек ескерткішті жақсылап зерттеу болды. Мысалы, сол қазбаның толық құжаттамасы 300 Гб-тан асып жығылды. Бір айдан аса уақыт 30 адам тапжылмай жұмыс істеді. Мұның бәрі қаншама шығын екенін біліп отырған шығарсыз. Жалпы, әлеуметтік ғылымдар ішіндегі ең шығыны көп – археология ғылымы. Бірақ оның берері де мол екенін ұмытпау керек.
– Жоғарыда айтып өткен құрбандық шалу орындарына келейікші.
– Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Ақпан атты жерде қазба жұмыстары жүргізілгенде Еуразиядағы ең үлкен мал сүйектерінің орны табылды. Яғни көктем-күз мезгілдерінде аруақтарға құрбандық шалып, соның сүйектерін қорым маңына көміп отырады. Ол сүйектерді де зерттеу керек. Онымен зооархеологтар айналысады. Қандай малдың сүйегі, қалай сойылды, сойылған кезінде сүйектерге қандай таңба түсті, тіпті оқыс кесіліп кеткен сүйектегі іздің өзі ол мамандардың қолында трасология ғылымы негізінде сөйлеп сала береді. Мұндай зерттеулер сол қоғамның полиэкономикасын зерделеуге қажет. Қазір институттан осы бөлімді аштық. Бір жас және Ресейден келген өте білікті бір маманымыз бар.
– Қазба жұмыстары кезінде маңызсыз зат болмайды дейсіз ғой?..
– Солай десек те болады. Кейбір археологтар қыш ыдыстардың сынықтарын ысырып қояды. Өйткені олар өте көп. Енді қызықты қараңыз. Соңғы уақыттарда жапон ғалымдарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде қыштан мол ақпарат алуға болатынына көзіміз жетті. Қыш ыдысты жасағанда оның ішінде сол заманның шөптері де араласып кетеді. Күйдірілгенде әлгі шөптер де күйіп, орны қалады. Әлгі ғалымдарымыз сол орын арқылы қандай шөп екенін, оның жабайы немесе қолдан өсірілгенін анықтап жатыр. Торғай даласынан табылған қыш ыдыстарды зерттей келе, оларда тарының іздері бар екенін анықтап отыр. Қазір ұлттық ас дегенімізбен, тарихын біле бермейміз ғой. Қараңыз, 2700 жыл бұрын Торғай даласында өмір сүрген сақ тайпалары тары өсірген.
– Яғни олар толықтай көшпенді болмаған ғой?
– Міне, бұл келесі зерттеудің басы. Қалай өсірді, қайда екті? Ары қарай тереңдеп кете береді. Енді сол қыш ыдысты тағы зерттей келсеңіз, сол замандарда өмір сүрген адамдардың не тамақ жегенін анықтауға да болады. Қостанайдағы Ботай қорымындағы қыштан қымыз қалдығы шыққанын білесіз ғой. Тағы сол сияқты тамақ түрлері, оның майлылығы сияқты ерекшеліктері анықтала бермек. Мұның бәрі кішкентай қыштан анықталған дүние. Темір бұйымдардың да айтары мол. Оның құрамын зерттей отырып жергілікті немесе шеттен келген металл екенін анықтауға болады. Сол арқылы ертедегі тайпалардың бір-бірімен байланысын біліп, экономикалық қарым-қатынастар жүйесін қалпына келтіреміз. Сақтарды көшпенді болған дейміз. Бірақ көшіп жүрген халықта темір балқытар пеш болуы мүмкін бе? Ескі технологияларға қарап отырып, ең ұлы ашылулардың қарапайым келетінін түсінер едіңіз. Ұлытау облысында қола дәуіріне тән металургтар қонысы бар. Ол жерде темір балқытатын пештердің өзен жағасындағы қабақтарға ұңғып салынғанын көруге болады. Яғни қосымша құрылыс істеудің қажеті жоқ. Оның үстіне ондай құрылыс тағы біраз жылуды өз бойына алуы мүмкін. Қабақтарға салынған пештерде қарапайым қимен темір балқытуға болатындай температура жасай алғанын қазіргі шетелдік ғалымдар дәлелдеп отыр. Біз көп зерттеулерімізге шетелдіктерді араластыра отырып, Қазақстан тарихын қайта жазып жатырмыз десек те болады. Егер шетел ғалымдары араласпаса, ол тарихи ортада тағы сенімсіздік тудыруы мүмкін. Ал бұйымдардағы безендірулер арқылы халықтың тұрмыс-танымын анықтау туралы айтпасақ та түсінікті шығар. Бұл тұста археологтар этнографтармен бірлесе жұмыс жасайды.
– Елімізде жылына қанша археологиялық экспедиция жұмыс істейді?
– 300-ге жуықтайды. Ал Ә.Марғұлан атындағы археология институты соның 50-ге жуығын жүргізеді.
– Институт жалғыз. Арғы жақтағы 250 экспедицияны кім жасайды?
– Ғылым және жоғары білім министрлігінің Іргелес зерттеулер деген арнайы бағдарламасы ашылды. Біздің институт – Қазақстан территориясында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мемлекеттік мекеме. Сондықтан бүкіл археология жүйесіне, алдағы жоспарына, нені және қалай қазу керек деген сияқты мәселелерге осы институт жауап береді десек те болады. Бізден бөлек лицензиясы бар, археологиялық қызметпен айналысуға құқылы жеке және заңды 160-тан астам тұлға бар. Ішінде 50-60-ы ғана белсенді жұмыс атқаруы мүмкін. Басым көпшілігі құрылыс компанияларының лицензиялары болса керек. Өйткені құрылыс кезінде тарихи орындарға тап болса, археологтардың көмегіне жүгінуі керек.
Мемлекеттік мекеме ретінде біз сол белсенді қазба жұмыстарымен айналысып жүрген археологтардың бәрінің басын біріктіріп, қолдарындағы материалдарды бір орталыққа жинақтағымыз келіп отыр. Көбінің табылған заттарды сақтайтын орындары жоқ. Тіпті біздің институттың қоймалары өте тар. Жеке археологтар тапқандарын музейлерге өткізгісі келгенмен, олар –ішіндегі ерекшелерін, бірегейін ғана алады. «Жаппай археологиялық жәдігер» деген ұғым бар. Көп қыш ыдыстар немесе олардың сынықтары деген сияқты. Бұларды сақтауға музейлердің де сақтайтын қоймасы жоқ. Бір жерден табылған заттарды бір-бірінен тағы ажыратуға болмайды. Сонымен археологтардың басы қатып жүр. Екі жыл бұрын осындай жәдігерлерді арнайы сақтау қоймаларын салу жөнінде мәселе көтердік. Бүкіл жеке археологтар қолдап, қолдарындағы материалдарын беруге даяр екенін жеткізді. Аса қолдау таппай жүр еді, жақында Түркістанда өткен екінші құрылтайда президент бұл мәселені анық айтты. Жақсы жаңалықтар күтіп отырмыз енді.
– Әлемде мұндай практика бар ма?
– Әрине. Мысалы, Жапонияның әрбір зерттеу институтының жанынан осындай қоймалар салынған. Өзіңіз ойлаңызшы, ғылым дамып жатыр ғой. Болашақта қазіргіден де озық құралдар шыққанда баяғы табылған жәдігерлерге қайта оралып, олардан жаңа ақпараттар табуымыз ықтимал. Оның үстіне бұл қоймадағы жәдігерлер бөлек-бөлек және хронологиясына қарай сақталады. Барлығы цифрландырылып, еліміздің әр түкпіріндегі ғалымдарға қолжетімді болмақ.
– Археология ғылымында қандай олқылықтарды айта аласыз?
– Жүйесіздік. Археологтардың бәрі мемлекеттік тапсырыстарға сәйкес қорғандарды қазып, зерттеп жүр. Тұрақтардың көбі ашылмады әлі. Сондықтан біз территориямызда өмір сүрген халықтардың тұрмысынан, полиэкономикасынан көп хабарсызбыз. Одан бөлек, зерттелмей жатқан өңірлер бар. Зерттелмеген тарихи кезеңдер бар. Осылардың бәрін жүйелеуіміз керек. Яғни Қазақстанның әр түкпіріндегі бір дәуірге тән ескерткіштер бірдей зерттелгені жақсы. Бірақ мамандар жетіспейді. Қазақстанда 200-ден астам кәсіби археолог болуы мүмкін. Ал Кореяда 3000-нан астам кәсіби археолог бар. Ал екі елдің территориясын салыстыра аласыз ба? Оңтүстік Кореядан Қазақстан жері 27 есе үлкен. Сол үшін маман дайындауға үлкен мән беріп, «археология және этнология» оқу бағдарламасы жасалды. Одан бөлек біз тар, салалы мамандар дайындауымыз керек. Мысалы, археоботаник, геоархеолог, зооархеолог, консервация және реставрация бойынша да мамандар жетпей жатыр.
– Қазақ құрылыс академиясында «тарихи реставрация» деген мамандық ашылыпты. Бірақ оған түсіп, оқып жатқан студент аз дейді.
– Түсіндіру жұмыстарының аздығынан да осындай кедергіге тап болып отырмыз. Одан бөлек, биология факультетіндегі студенттерді археоботаникаға алып келгіміз келсе, ол жақтың мұғалімдері жақсы студентін бергісі келмейді. Кейде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік бермей жатады. Айтып отырған тарихи реставрация мамандығымен байланысымыз бар. Оның ғылыми жағын емес, практикалық жағын айтайыншы. Бізге жеке компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр. Орта ғасырлардағы моншалардың құрылысы жөнінде. Біз – осы тұста тарихи реставраторлардың және архитекторлардың көмегіне мұқтажбыз. Олар орта ғасырлық моншаның әрбір тасын есептеп, сызбасын дәл сызып берсе, біз әлгі жеке компанияларға ұсынар едік. Маман тапшылығынан қолымыз матаулы. Бұл – ғылымды ақшаға айналдырудың бір жолы болар еді.
– Жоғарыда айтып өткен жеке археологтардың көбі көмбе іздеушілер емес пе?
– Көмбе іздеушілер де бар. Олардың қылмыстары толастар емес. Мойындауымыз керек. Жалпы, Қазақстан территориясындағы 99 пайыз обалар, қорғандар тоналып кеткен. Сол замандарда тоналғаны бар, беріде әсіресе патша өкіметі кезінде тоналғандары жетерлік. Елімізге қоныс аударылған қоныстанушылар көзіне түскен обаны қаза берген. Алтынын алып, бірін музейге жіберсе, біразын балқытып, байлыққа жетті. Қазір де бір-бір темір іздеуші аппарат сатып алып, сейіл құратындар көп. Оларға бұл хобби болып кеткен. Бағалы заттар, тиындарды тауып алып, шетел асырып сатып та жатыр. Бұған біздегі тарихи ескерткіштердің дұрыс қорғалмауы бір себеп. Өйткені еліміздегі бүкіл тарихи ескерткіштер картаға түсіріліп, мемлекет қорғауына алынбаған. Статусы жоқ. Сондықтан қазып жатқан жеке тұлғаларды қудалау мүмкін емес. Екінші, олар тапқан затқа сұрағанындай ақша төлеп сатып алуға музейлердің жағдайы жетпейді. Тіпті біздің елде мұндай құрылымның жұмысы жолға қойылмаған да. Ал жеке археологтардың көбі кәсіби деңгейдегі адамдар. Көбі осы институттан шыққан және. Олар 90-жылдары ғылымға көңіл бөлінбей қалған замандарда жеке шаруашылыққа көшіп, ізденісін жалғастырғандар десем болатын шығар.
– Алтын Орда дәуіріндегі ту табылды дейді…
– Естідім. Зерттеп көру керек. Нық басып айта алмаймын. Сосын жыл сайын көктем мен күзде «түсімде Шыңғыс ханның қабірін көрдім» деп хабарласушылар көбейіп кетеді. Бәрін барып, қаза бере алмаймыз ғой. Оған қаражат та, уақытымыз да жоқ.
– Климаттық өзгерістердің де археология ғылымында өзіндік орны бар шығар?
– Әрине, біздің қазіргі климатты осыдан 2700 жыл бұрын қалыптасты десек болатын шығар. Одан арғы замандар басқаша болған. Оған әртүрлі себеп бар. Климаттан бөлек, өзен арналары да ауыса береді. Арал маңынан табылған ежелгі қорғандар мен тұрақтарды барып зерттеу қиямет жұмыс. Ит байласа тұрғысыз жер десек болатын шығар. Бірақ ежелгі мекеннің бәрі өзен жағалай салынғанын ескерсек, Сырдарияның арнасы бұрын сол тұрақтар маңынан өткенін анық айта аламыз.
– Арал табанынан ежелгі ғибадатхана табылыпты. Сонда Арал қашан пайда болды?
– Иә, Кердері мавзолейі шамамен IX-Х ғасырларда салынғаны дәлелденді. Яғни Арал теңізі сол замандарда болмаған немесе кішкентай болған шығар. Басқаша түсіндіру мүмкін емес. Мұны ландшафтты археология саласы зерттейді. Ол да өз алдына өте күрделі ғылым.
– Еуропаның ежелгі қалалары мен біздің даладағы қалаларды салыстыру мүмкін емес. Әрине, қаланы өркениеттің белгісі демесек те, бізде қалалық мәдениет болды деу артық емес пе осы?
– Біздің өркениетті олармен салыстыруға келмейді. Қазақта қалалық тұрақтар көп. Кішкентай, әрине. Бірақ Арқа даласына кең қала салу мүмкін емес. Табиғат мүмкіндік бермейтін. Оңтүстікте, Жетісу жерінде үлкен қалалар болды. Білсеңіз, Отырар оазисінде 40 шақты қала болған. Өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап айтыла бастаған бір ұғым бар. Далалық мәдениет. Қазір соның толық критерийлері қалыптасып, ғылымға еніп келеді. Яғни біз далалық өркениет өкілдеріміз. Ол – энолит дәуірінен, жылқыны қолға үйрету кезеңінен басталады.Өзімізге тән ерекшеліктеріміз бар. Өзіңіз ойлаңызшы, сонша керуен жолдары өткен далада өркениеттің болмауы мүмкін емес қой. Ресей, Еуропа, Қытай, Үнді елдері секілді алып мемлекеттер ортасын жалғап отырып өркениетке бет бұрмауымыз мүмкін емес-ті.
– Түсіндім, аға. Сөзімізді қорытындылай келе, тұрақты сауалымды қояйын. Археологтардың ырым-тыйымдары бар ма өздеріне ғана тән?
– Қызық сұрақ екен. Білмеймін. Тіпті жоқ шығар. Тек жол алыс болып, азып-тозып барған жерімізден керемет жәдігер табамыз деп ырымдаймыз. Шатыр тігу барысында қиындыққа тап болсақ та солай ырым етеміз. Бізге қарап сол жердің тұрғылықты халқы өзінше ырым етеді. «Сендер келгелі, мына жерді ашқалы жаңбыр тоқтап, қуаңшылық басталды» дейтіндер бар.
– Еліміздегі археология ғылымына не керек?
– Жоғарыда айтып өткендей, сақтау қоймалары керек. Барлық жеке қолда жүрген материалдар сонда біріктіріліп, заманауи зертханаларда зерттелуі тиіс. Ол зертханалардың бізде тағы жоқ екенін ескерсек, оларды да салу кезек күттірмес мәселе екеніне көзіңіз жетеді. Және осы зертханаларда, қоймаларда жұмыс істейтін мамандар болуы шарт. Бұл археология ғылымын дамытудың бірінші кезеңі делік. Екінші, тарихи ескерткіштердің бұзылуын тоқтату мәселесі. Бұл туралы жоғарыда айтып өттім-ау. Бүгінгі басты екі мәселе деп осыларды айта аламын.
* * *
Сонымен, біздің ауылға археологтар жақын уақытта келмейтін сияқты. Мүмкін сіздің де ауылға ат ізін салар кезі алыс шығар. Өйткені маман тапшы, қолдағы бар материалдардың өзі толық зерттелмеген және тағысын-тағылар. Әңгімеде Ақан ағамыз айтып өтті ғой. Бірақ әр қазақтың ауылына археологтардың табаны бір тиетініне сенімім кәміл. Сондықтан ауылыңыздың айналасындағы әлгі төбелерді өзіңіз қорғай тұрыңыз. Әуесқой, қара археологтардан аластаңыз.
Әңгімелескен
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ