Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
23:37, 02 Тамыз 2023

Ақкенттегі өрт: тұрғындардың қолы, құтқарушылардың краны қысқа

None
None

1 тамыз күні кешке қарай Алматы қаласы Алатау ауданы Ақкент ықшамауданында №54 үйде өрт тұтанғаны жайында ақпарат тарады.

Іле-шала тұрғындардың жоғарғы қабаттан, төменге, төсеген матрац, кілемдерге секіріп жатқан видеолары әлеуметтік желілерге жүктелді. Әсіресе алдымен баласын лақтырып, одан соң өзі секірген әйелдің әрекеті қызу талқыланды. Көп кешікпей, ресми ақпарат та жарияланды. Онда өрттің жеделсатыдағы электр сымдарының тұйықталуынан болғаны айтылды. Алатау ауданының әкімі А.Қалдыбековтің төрағалығымен №54 үйдің алдында штаб-пәтері құрылғаны, полиция қызметкерлерінің төңіректі күзетіп тұрғаны, жарақат алған тұрғындарға медициналық көмек көрсетіліп жатқаны, баспанасыз қалған тұрғындарды жатар орын, ішер аспен қамтамасыз еткені туралы айтылды. Сондай-ақ 43 адамның зардап шеккені,4 баланың жансақтау бөлімінде жатқаны, бір әйелдің жарақат­тан көз жұмғаны мәлім болды. Абыр-сабыр басылып, түн орталаған тұста Алматы қаласы баспасөз орталығы қала әкімі Е.Досаевтың Әсел есімді тұрғынның қайтыс болуына байланысты «қайғыра көңіл айтқан» жеделхатын жариялады.

Біз оқиғаның мән-жайын біліп, тұрғындармен, тиісті мекемелердің өлкілдерімен тілдесу үшін2 тамыз күні таңертең Ақкент ықшамауданына келдік. Өрт болған үйдің алдында адам қарасы мол, жолдардың шығар аузында екі-үш полиция көлігі де тұр. Кешегі өрттің, ащы айғай, зарлы жылау, жанталас әрекет­тің айғағындай, үйдің бұрышында матрац, кілемшелер әлі де шашылып жатыр. Жоғарғы қабаттардың терезе, балкондары да шұрық-тесік, іші қарауытып, үңірейіп тұр.

Алдымен есік алдындағы көгалда, ағаш көлеңкесінде отырған тұрғындарға жолықтық. Сөздің әдебіне қарай «жағдайларыңыз қалай, жақсы қонып шықтыңыздар ма?» деп едік, бәрі шулап сала берді. Тұрғындардың біразы далаға, көгалға төсеніш төсеп жатқанын айтты, кейбіреулері жақын маңдағы туыстарының үйіне барып қоныпты. Жолдас есімді тұрғын: «негізі №178 лицейдің спорт залынан 90 адамға орын дайындаған еді. Бірақ ол жаққа көп ешкім бармады. Себебі спорт зал өте ыстық, жату түгілі тыныс алу мүмкін емес» деді.

Жолдас өрт тұтанғанда осында болғанын, іште қалған тұрғындарды құтқаруға атсалысқанын айтты. Оның сөзінше, өрт өте тез өршіген, лезде қара жалын қаптап, іште ештеңе көрінбей қалған. Сырттағы жігіттер жиналып, алдымен жерге диван қойып, оның үстіне кілем жайып, кілемді бұрыш-бұрышынан ұстап, жоғарыдағы тұрғындарды сонда секірткен. Сөйтіп, біраз адамды құтқарып алған. Бұл өрт сөндіру көлігі келгенге дейінгі оқиға. Әкімдіктің ресми ақпаратына сенсек, өрт сөндіру көлігі жолдағы кептеліске, жүргізушілердің жол бермеуіне қарамастан, өрт болған жерге 6 минутта жеткен. Бірақ олар өрт сөндіретін су алып келгенімен, жерге төсейтін батут әкелмеген. Ең сорақысы – өрт сөндіру көлігінің сатысы 10-қабаттан арыға жетпеген.

«Жедел штаб-пәтері» дегеніңіз – кішілеу екі шатыр екен. Біз енді сонда барып, әкімшілік өкілдерінен пікір сұрағанды жөн көрдік. Штаб-пәтерінің алдынан бірнеше жігіт күтіп алды. Оларға «Жас Алаштан» екенімізді айтып, бұйымтайымызды жеткіздік. Бірақ оқиғаның басы-қасында жүрген, Алатау ауданы әкімдігінің қызметкерлері пікір білдіруден қашқақтады. «Ақпарат­ты қалалық баспасөз қызметінен алыңыз» деді. Штаб-пәтерінің ішіндегі аудан әкіміне көмекшілері жолатпады, «қолы бос емес, күте тұрыңыз, сәлден кейін сіздің сұрауларыңызға жауап беретін болады» дегенді айтып жолға салды.

Әкімдік өкілдерінен ақпарат алу мүмкін болмаған соң қайтадан тұрғындарға бет алдық. Әркім-әркімнен сұрастырып жүріп, кешеден бері құтқару қызметіне белсене араласқан Тілеужан Ақметқалиев есімді жігіт­ті іздеп таптық. Біздің «өрт сөндіру қызметкерлері шынымен де 6 минут­та келді ме?» деген сұрағымызға: «мұны қайдан естідіңіздер?» деп, өзімізге қайыра сауал тастады, біз «қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі айт­ты» деп едік. Тілеужан: «Жоқ, бұл ақпарат өтірік», – деді де, әңгімесін бастап кетті:

– Өрт сөндірушілер келгенше мен іште қалған тұрғындарды сыртқа алып шығу үшін 4 рет 16-қабатқа, бір рет 8-қабатқа, тағы бір рет 13-қабатқа түсіп шықтым. Содан кейін ғана құтқарушылар келді. Енді өзіңіз ойлап көріңіз, 16-қабатқа жедел сатымен бір рет барып келудің өзіне 6 минуттан артық уақыт кетуі мүмкін. Бастапқы кезде жанталасып жүгірдім, кейін өкпем қысып, шаршап қалдым. Сонда өрт сөндірушілер келгенше кемі 20-30 минут аралықта тұрғындар өздігінен өртпен күресіп, іште қалған көршілерімізді шығардық.

Өрт тұтанғанда Тілеужан үйінде болыпты. Дәлізден шыққан қара түтін мен жағымсыз иісті сезген бойда әйел, бала-шағасын сыртқа жіберіп, өзі 16-қабатқа қарай жанұшыра жүгіріпті:

– 8-қабаттан ары қарай ештеңе көрінбейді, қара түнек, тыныс алу да мүмкін емес. Мен басыма жейдемді орай салып жүгірдім. Ең әуелі екі баланы көтеріп, сыртқа шығардым. Қолымнан келгенше балаларды құтқаруға тырыстым, кемі 15-16 баланы үйден алып шықтым. Басқа да таныс, бейтаныс жігіт­тер көмектесті.

Қайтыс болған әйелдің есімі Әсел Бекмұқаметова. Тұрғындардың сөзінше №54 үйдің 5 этажында тұрған. Өрт болған кезде жұрт қатарлы балконнан төменге, кілемге секірген, алайда белінен жарақат алып, емханада көз жұмған.

Біз жолығып тілдескен келесі бір тұрғынның есімі Сержан Момынов. Ол сөзін іргеде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан түрік компаниясына, сондағы түрік жұмысшыларына алғыс айтудан бастады:

– Өздеріңіз де естіген боларсыздар, өрт сөндірушілердің сатысы 10-қабатқа дейін жетті. Одан арғы тұрғындарды құтқару қиын болды. Дәл осы кезде жанымызда құрылыс жүргізіп жатқан түріктер үлкен екі кранын осында алып келді. Олардың краны 16-қабатқа дейін көтерілді. Біраз адамды соның арқасында аман-сау құтқарылды. Егер түріктер қолұшын созбағанда кемі 20-30 тұрғын зардап шегер ме еді, кім білсін?!

Сондай-ақ Сержан сөз арасында 9 айлық баланы 5-қабаттан қалай құтқарғандарын айтып берді. Оқиға былай болыпты:

Бәріміз жанталасып, құтқару жұмыстарын жүргізіп жаттық. Кенет 5-қабаттан бір ер адам айғайлады. Қолында кішкентай баласы бар. «Лақтыра алмаймын, 9 айлық бала, майып болуы мүмкін» деді. Содан біз оған баланы көрпенің тысына орап, төмен қарай жіберуді айттық. Содан бала салақтап, 3-қабатқа жетті, осы кезде үш жігіт біріміздің иығымызға біріміз шығып, жоғары көтеріліп, баланы құтқарып алдық.

Төселген кілемге тұрғындар секіріп, аман қалып жатқандай көрінгенімен, оның өзіндік қиындығы болған. Тұрғындар алдымен қолда бар матрацты жерге қалың етіп төсеп, оның үстіне үш-төрт қабаттап кілем жайып, кілемді бұрышынан мықтап ұстап тұрған. Бұл тәсіл балаларды құтқаруға жараған. Алайда үлкен адамдардың салмағы ауыр, оның үстіне жоғарыдан жылдамдықпен түскен соң кілемді ұстап тұру кейде мүмкін болмаған. Сондықтан кейбір ересек адамдар жерге қат­ты салмақпен түсіп, дене жарақатын алған. Секіргендердің жанына араша болу үшін жігіттердің аянып қалмағаны анық білінеді. Бәрі ұйқы көрмеген, шаршаған. Тіпті көбесі сөгіліп, тырнағы сынып кеткен де жігіт­терді көзіміз көрді.

Біраздан соң жиналған тұрғындар жан-жаққа тарай бастады. «Жедел штабта» да көп ешкім қалмады. «Күте тұрыңыз, жауап береміз» деген Алатау ауданы әкімдігінің қызметкерін де таппай қалдық, бұл кезде әкім де ол жерден кетіп үлгеріпті.

№54 үйдің алдына күзет қойылған, бөтен адамды ішке жібермейді. Тұрғындар ғана кіріп, керек-жарақтарын алып шығып жатыр. Сәл жел соқса іштен қоңырсыған ащы иіс келеді.

Негізі тұрғындардың айтар уәжі көп. Әсіресе өрт сөндірушілердің кешігіп жеткеніне және олардың крандарының сатысы 10-қабаттан аспағанына, тіпті өрт болған орынға батут сияқты құтқару жабдықтарын әкелмегеніне наразы. Тағы бір тұрғын өрт шыққанда әр қабатқа орнатылған дабылқаққыштың ешқандай белгі бермегенін айтады. Егер де дабылқаққыш ертерек соғылғанда дәліз қара түнекке оранбай тұрып-ақ тұрғындар тысқа ұмтылар еді дейді. Сондай-ақ әр үйдің балконынан қалдырылған өрт кезінде қажет саты да ашық болмаған. Тұрғындар балконға түрлі зат қойып, оны жауып тастаған. Сонымен қоса жедел жәрдем көлігінің үйге жақындауына тұрақтағы ретсіз қойылған көліктер де кедергі келтірген. Айта берсең себеп те, сылтау да көп және мұның бәрі ұзақ уақыттан бері ескерілмеген, тиянақты істелмеген, жүрдім-бардым атқарылған салғырт жұмыстың кесірі.

Тілсіз жаудан көз жұмған Әсел Бекмұқаметованың отбасына екі бөлмелі пәтер берілетін болды. Бұдан бөлек зардап шеккендерге де түрлі жәрдем жасалады. Әрине, мұның бәрі қаяу көңілге болмашы демеу, не дегенмен де айдың күннің аманында ең үлкен мегаполистердің бірінде жедел сатыдан шыққан өрттің кесірінен бір адам көз жұмды, көп адам жарақат алды. Тиісті орындар тыңғылықты жұмыс жасағанда мүмкін Әселдің жанына араша бола алар ма едік?! Жанұшыра балконнан төменге, қарауытқан кілемге секірген Әсел не ойлады екен?.. 

Мұндай оқыс оқиға елімізде тұңғыш рет болып отырған жоқ. Қынжылтатыны – осындай істерден өнімді нәтиженің шықпайтыны. Ел болып бір күн дүрлігеміз, келесі күні күңіренеміз, оның арғы күні ештеңе болмағандай, ешкім қыршыннан қиылмағандай өмір сүре береміз. Бұл не деген бейқамдық?! 

Тегтер: