Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның Жас Алашқа білдірген лебізі
Қадірлі әріптестер!
Қазақ баспасөзінің алтын ұясы – «Жас алаш» газетінің ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
1921 жылы 21 наурызда Ғани Мұратбаевтың жетекшілігімен жарық көрген басылым бір ғасыр белесінде қазақ халқының тарихы мен тағдырының ажырамас бөлігіне айналды.
Заманның талқысынан, уақыттың сынынан абыроймен өтті. Алмағайып кезеңдерде ұлттың төлтума болмысының, болашағының сақталып қалуына өлшеусіз үлес қосты. Әрдайым қоғамдық ой-сананың, әлеуметтік серпілістердің қозғаушы күші, руханият пен мәдениеттің шынайы жоқшысы болды.
«Жас алаш» газеті қазақ журналистикасы мен әдебиетінің де ұстаханасы іспеттес. Басылым бетінде алаштың аяулы ұлдары А.Байтұрсыновтың, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің киелі қаламының табы жатыр.
Сейдахмет Бердіқұлов пен Шерхан Мұртаза тізгінін ұстаған жылдары газет жалпыұлттық деңгейге көтерілді. Халықтың сүйікті рухани серігіне, көзайымына айналды.
Бүгін де «Жас алаш» дәуір көшіне еркін ілесіп, көзі қарақты оқырманның, зиялы ортаның шынайы пікірталас алаңына айналып отыр. Басылым өзінің мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт келешегі жолындағы риясыз қызметін абыроймен атқарып келеді.
Осынау мерейлі сәтте басылымға жарқын болашақ, ұжымға толайым шығармашылық табыстар тілеймін!
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева