Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:59, 21 Шілде 2020

Ақтөбе облысы: Шалқарда оқ тиген полицейдің жағдайы ауыр

None
None

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында оқ жарықшақтары тиген 28 жастағы полиция сержанты хәл үстінде жатыр.

Бұл туралы Азаттыққа Шалқар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Есенғали Көпенов айтты.

— Пациенттің басына, мойны мен кеудесіне оқ жарықшағы тиген. Ота жасалды. Жағдайы тұрақты ауыр. Әзірге бақылап отырмыз. Бұдан да ауырлап кеткен жағдайда санавиациямен облыс орталығына жібермек ойымыз бар, — дейді дәрігер.

Оқиға Шалқардың "Жұмысшылар қалашығы" деп аталатын ауданында болған. Қызмет бабымен жүрген полиция қызметкерлері 20 шілдеге қараған түні күдік туғызған көлікті тоқтатып, тексермек болған. Сол кезде ВАЗ-2114 көлігінде отырған жолаушылардың бірі полиция сержантына оқ атқан.

Ақтөбе полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде Шалқар қаласының 22-23 жастағы үш тұрғыны ұсталған. Олардан шолақ мылтық тәркіленген.

"Күдіктілердің бірі қамалды, өзге екеуі тергеліп жатыр" дейді полиция.

AZATTYQ Facebook-та
AZATTYQ VK-да
AZATTYQ Youtube-та
Тегтер: