Ақын Ермек Сахариев: Өлеңді өмірдің өзі тудырады...

Бұған дейін «Бақ пен сор», «Шың мен шыңырау», «Жерұйық мекен», «Алтайдай жер қайда-ай», «Тәу етем саған туған жер» деп аталатын бес бірдей жыр кітабы мен «Біздің ауылдың адамдары» атты әңгіме-повестер жинағы жарық көрген Ермек Сахариевті оқырман қауым ең алдымен әр жылдары өзі қызмет еткен «Түркістан», «Жетісу», «Ана тілі», «Қазақстан-Zaman» газеттеріндегі тұщымды мақалалары арқылы жақсы таниды.
Жастайынан өлең өлкесіне ат шалдырған оның қаламы сонау 70-жылдардың орта шенінде КазПИ-дің қабырғасындағы студент шағында-ақ қалыптасып, өз арнасын тапқан-ды. Десек те, қазақтың қара өлеңінің қоржынына өзіндік өрнегімен олжа салған ақын әдеби ортаға кешірек оралды. Жинақтарын араға жылдар салып барып жарыққа шығарды. Оған қоса оның есімін қазіргідей шығармаларын әлеуметтік желі арқылы насихаттайтындардың қатарынан да кездестіру мүмкін емес. Бірақ қалай десек те, бүгінге дейін бірде-бір шығармашылық кеші мен тың туындыларының тұсаукесерін өткізбесе де, бас-аяғы жұп-жұмыр, ойлы да сырлы, назды да мұңды жырлары арқылы жақсы өлеңнің ешкімге жат емес екенін өзінше дәлелдеген бір ақын болса, ол осы Ерағаң. Біз бүгін осы «өз әлемі өзіне аян» шайырды биылғы мерейлі мерейтойына орай сұхбатқа шақырдық. Әңгімеміз әлбетте оның өлеңмен өрілген өміріне, өзіне тән әуен-сазы мен мақам-мәнеріне һәм осы жолдағы өзгеге ұқсамайтын өзіндік ұстаным-пікірі мен ой-пайымына қарай ойысты.
–Ақынның жанын түсінер сырлас досы да, кей сәттерде өзіне қарсы шығатын жауы да, артық кеткен тұстарын бетіне басып көрсететін басты сыншы да өз өлеңі десек, қателесе қоймаспыз. Өлең-өмірдің өзіне тән стихиясын оның иесінен, мына сіздерден артық сезінетін ешкім жоқ шығар, сірә?!...
– Өлең жазу еркіккеннің ермегі емес десем, Американы аша қоймаспын. Қандай тақырыпта, қай кезде жазсаң да өлеңнің үлкен-кішісі болмайды. Ақын үшін ең бастысы – өзінің көкейін жарып шыққан жырының өзгенің жүрегіне жетуі.
«Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын» – деп Төлеген ақын жырлағандай, жыр жазу пендеге бұйырған азды-көпті тәңірдің сыйы десек, әлбетте, оның соған сай өз иесіне артатын жауапкершілігі де қыруар. Негізі өлеңді ақын іздемейді, ақынды өлең іздейді. Оның тәуліктің қай мезгілінде, қай жерде алапат нөсердей көкейіңе келіп құйылатынын да болжап білу мүмкін емес. Тек сол сәттегі әсерді жоғалтып алмай, дер кезінде қағазға түсіріп үлгерсең болғаны. Егер сол бір сәтті уысыңнан шығарып алсаң, ол екінші рет дәл солай қайталанбайды. Өлеңді өмірдің өзі тудырады. Содан да болар, ақын өзі өмір сүретін ортамен, айналасымен тонның ішкі бауындай біртұтас астасып жатқандықтан, әлбетте, соның бәрін қаламына өзек ете отырып, әр туындысынан өзгені ғана емес, өзін де көреді. Мәселен, бүгінгі қоғам жайлы, қазіргі аласапыран уақыт туралы өлең жазып отырып,қалай өзіңді өзің көрмейсің? Көрмейін десең де көресің, өйткені сен соның куәгерісің. Ондай кезде көкейге қоғам мен бүгінгі өмірдің құйқылжыған сәттеріне қатысты өзіңнің азаматтық позицияңнан туындайтын азаматтық рухтағы жырлар көбірек ұялайды. Керек десеңіз, өлеңмен адамның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жанын емдеуге, дүниеден түңілген пенденің өмірге деген құштарлығын оятуға болады. Бір сөзбен айтқанда, өлең – ақынның өзін ешқандай жағдайда, еш уақытта сатып кетпейтін досы, сырласы, һәм мұңдасы.
–Жыр жазу әуелден басты мұратыңыз бола тұра, әдеби ортадан өз орныңызды сәл кештеу тапқаныңызға өкінбейсіз бе?
– Ешкім тағдырын алдын ала таңдап алмайды ғой. Әркім маңдайына жазылған ғұмырын кешеді. Осы тұрғыдан алғанда, өзгелер секілді мен де өз тағдыр-соқпағыммен жүріп келе жатқан пақырмын. Әдеби ортаға кеш келгеніме өкінбеймін. Қайта керісінше, шалғай ауылдағы кәрі әке-шешемді көздері жұмылғанша асырап, бағып-қаққаныма шүкіршілік етемін. Бес бұрымдының ортасында өскен мені анам марқұм «арпа ішіндегі бір бидай» дейтін. Қазір ойлап отырсам, бала кезімнен құлағыма сіңісті болып қалған шешемнің осы бір сөзі маған алдын ала сол бір үлкен жауапкершілікті жүктеп қойған тәрізді. Егер мен 1977 жылы институтты бітірген кезде «шығармашылық ортадан алыстамаймын» деп Алматыда қалып қойсам, ақындық өнердегі өзіндік қарым-қабілетімді әдеби ортада танытуыма да, жыр жинақтарымды дер кезінде шығаруыма да мүмкіндік туар еді. Бірақ мен жеке бастың мансабынан гөрі ата-ананың алдындағы перзенттік парызды жоғары қойдым. Менің түсінігімде ақын қалада да, далада да ақын. Ауылда отырып та, Арктика туралы айшықты жыр жазуға болады. Ал ондай өлеңді іздеп жүріп оқитын ойлы оқырман ойдан да, қырдан да табылады.
–Соңғы жыр жинақтарыңызда Отан, туған жер, қоғам, ұлттық мүдде, халықтық салт-дәстүр тақырыбындағы жырлар менмұндаласа, алғаш шыққан «Бақ пен сор» атты туындыңызда нәзік те, сыршыл лирикаға басымдылық көбірек секілді. Уақыты келгенде шабыттың сары ала сауытын киетін ақын атаулының жыр жазуда тақырып таңдап, бас қатырмайтыны түсінікті. Десек те, сіздің болмысыңыз әу бастан қандай жырға әуес?
– «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей бала жасымыздан Қадыр мен Төлегеннің өлеңдерін оқып, Мұқағалиға еліктедік. Соның да әсері болса керек, өзім де көбінесе өлеңдерімді 11- буын қара өлең ұйқасымен жазамын. Тауды жарып, тасты қопаратын жас кезде мәңгілік тақырып – махаббат туралы көбірек қалам тербегенім рас. Дегенмен бұл менің басқа тақырыптарды қаузамайтындығымды білдірмейді. Мен өзімді таза лирикпін дей алмаймын. Анығында менің жаным ойлы да мәнді, тілі шұрайлы, ұйқасы ұтымды, оқуға жеңіл жырға құштар. Бір қарағанда «көңілі көк дөненнен де жүйрік» ақын атаулының көңілі қанша жас болғанымен, жылдар өткен сайын ішкі жан дүниесі мезгілі келгенде өңін өзгертіп сала беретін табиғат секілді. Жас ұлғайған сайын қаламың салиқалы да, сабырлы, ойлы өлеңге қарай бұрыла береді. Менің де, «Жерұйық мекен», «Алтайдай жер қайда-ай!» аталатын қос жинағымдағы өлеңдерімнің біразының бастапқыдағыдай ғашықтық, сүйіспеншілік тақырыбынан гөрі азаматтық рух, патриоттық, рухани құндылықтар мен ұлттық мүддеге, мәңгілік егіз ұғым – адам мен жаратылыс тақырыбына қарай ойыса беруінің бір себебі де осыдан болар. Басқаны қайдам, өз басым кімді, нені жазсам да, оқырманды жалықтырмайтын жыр жазуға тырысамын. Сайып келгенде, әр ақынның даралығы – өзгені қайталамауында.
–Қазіргі кезде кейбір ақындардың әнге өлең жазып, сазгерлерге сатуы қалыпты жағдайға айналды. Сіздің де тапсырыспен өлең жазған кездеріңіз болды ма?
–Кейде әріптестер мен жора-жолдас, ағайын-туыстардың, мерейтой иелерінің өтініші бойынша бірен-саран арнау өлеңдер жазған кездер болды. Ал өзім арнайы ден қойып жазған да, сатқан да емеспін. Осыдан біраз жыл бұрын Күләй Өзенбаева деген кластасым хабарласты. Қызы композитор екен. Менің «Шың мен шыңырау» деген жинағымдағы екі өлеңіме ән жазыпты. Елордада өтетін шығармашылық кешіне шақырды. Шынымды айтсам, сол екі өлең үшін жұмыстан сұранып, ол жаққа барған жоқпын.
–Сиясы кеппеген өлеңдеріңізді ең алдымен кімге оқисыз? Бағасын беретін кім? Жалпы сынды қалай қабылдайсыз?
– Жаңа өлең туған сәтте қасымда сөз өнерін түсінетін бір адам отырса, әлбетте сол адамға оқимын. Оның отбасымның мүшесі немесе әріптесім болуы міндетті емес. Өз ортамдағы өлеңдеріме қызығушылық танытатын ондай жандар әркез жаңа туындыларыма пікірлерін білдіріп жатады. Қай өнердің де бағасын беретін, әрине, әділ сын. Оның парқын жіті түсініп, саналай білген жан ғана өзін үнемі қамшылап, жетілдіре алмақ. Десек те, тек бойындағы табиғи талантына сенетін ақын не жазушы шығарманы талдап-таразылау барысында әдеби сыншымен қатар ой жарыстыра алмайды. Бұл жерде кәсіби сыншының басты қаруы – әдебиет теориясы мен тарихына қатысты білімінің тереңдігінде. Студент кезімде өлеңдерімді көбінесе бағасын алу үшін басқаға емес, Баламер ағаға (сыншы Сахариев, авт.) көрсететінмін. Ондай кездерде ол әр тіркестің астарына асықпай үңіліп, өлеңнің жазылу формасы мен техникасын, ұйқас-ырғағын түп-тұқиянына дейін тарқатып-талдап, ақты ақ, қараны қара деп өзінің пікірін ашық айтатын. Әлі есімде, бірде жаңа жазылған бір топ өлеңдерімді көрсеткенімде, оның: «Байқаймын өлеңдерің тәп-тәуір. Өлең жазуды орта жолда тастап кетпе. Жазғандарыңды жоғалтпай жинап жүр. Ақынға сұлу сөзбен сурет салып, әп-сәтте әсерлі де, әдемі шумақ тудыру оңай, бірақ өлең мазмұнына ой салу қиын. Өлең оқырманға, ұлтқа, ел-жұртқа пайдасы бар өлең болса ғана өлең. Басты тілегім – шөпті-шөңгелді өлең болмасын. Жырларың ең алдымен өзіңнің емес, оқырманның көңілінен шығатын болсын. Сол жағын ескер!» дегені бар. Оның осы бір өсиетке бергісіз сөзі қамшы болды ма, қазірге дейін өлең жазуда ол айтқан критерийлерді жадымда ұстауға тырысамын.
–Мерзімді басылымда қызмет етіп жүрсеңіз де, мүмкіндігіңіз бола тұра жырларыңызды газет-журналдарға жариялауға келгенде шабандаусыз. Және де өлеңдеріңізді әлеуметтік желіге жүктегеніңізді де көрмеппіз. Бұл сіздің өз шығармашылығыңызды насихаттауға құлықсыздығыңыз ба, әлде?..
– Кешегі Кеңес заманында бір жинағымен ғана танылған ақын-жазушылар бар. Және де ондай қаламгерлердің туындыларын еш жерде жарнамалаған жоқ. Есесіне, олардың шығармаларын күні бүгінге дейін әр ұрпақ сүйсініп оқиды. Қай заманда да мазмұны бай, тілі жатық, тың туындының сөреде елеусіз жатып қалмайтынын, керісінше, өзгеге ұқсамайтын жаңашылдығымен жарқ етіп шыққан ондай шығарманы қырағы көз оқырманның өзі тауып, алып оқитынын осыдан-ақ байқауға болады. Иә, өлеңдерімді газет-журналдарға жиі жарияламайтыным рас. Жазған жырларым кітаптарымды оқыған жанның көкейіне жол тауып, сезімін селт еткізіп, санасына сілкініс тудырса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Расында да бүгінгі таңда әлеуметтік желінің бәсі арта түсті. Бұл да өз тұрғысында әр автордың өз туындысын жарнамалауының бір тетігі. Солай бола тұрса да, өз басым өлеңдерімді фейсбукқа салып, лүпіл жинауға аса әуес емеспін. Бұл менің құлықсыздығым емес, шығармашылық жолдағы өзіндік ұстанымым.
–Сіздіңше, бүгінгі жас ақындарға не жетіспейді: тың тақырып, өзіндік стиль, креативтілік, өлең жазу техникасы?
– Тума талант қай кезде де жарып шығады. Ондайларға тың тақырып іздеудің, өзіндік стилін қалыптастырудың немесе өлең жазудың қандай да бір техникасын меңгерсем деп бас қатырудың еш қажеті жоқ. Өзінің төгілтіп жыр жазуға қауқары жететініне сенімді әрі ішкі түйсігіне иек артатын ақын ғана ойлы да, оқылымды өлең жаза алмақ. Әйтеуір «қағаз бүлдіруге» шамам жетеді екен деп, ойсыз, мән-мағынасы жоқ өлең жазғаннан гөрі жазбаған абзал. Бұл жердегі басты мәселе, жыр әлеміне құлаш ұрған әр ақынның «поэзия» атты қастерлі әлемге деген қадір-құрметі мен көзқарасында жатыр. Бүгінгі жастардың арасында да өзіндік қолтаңбасымен дараланғандары жетерлік. Жақсы жыр жазу ақынның жас мөлшеріне байланысты емес. Ал қазіргі кейбір жас ақындарға жетпейтін не десек, ең алдымен сөздік қор яғни ұйқас құру барысындағы шұрайлы тілдің мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану жағы олқы түсіп жатқандай болып көрінеді. Кейбіреулері өлеңінің ішкі мәнін ашуда креативті шешімдерге бой алдырамын деп, артық қылмай, тыртық қылып жатады. Енді біреулері тек өлең жазу техникасын меңгерген, бірақ шығармасында ешқандай ой жоқ. Мұндай олқылықтардың орын алуының бір себебі, қазіргі жас буынның табиғи қабілетті ұдайы дамытып-жетілдіріп отыруға негіз болатын әдеби шығармалар мен кітап оқудан гөрі виртуалды әлемге көбірек мойын бұруында деп ойламын.
– Ақын-жазушылардың ішінде кімдердің шығармаларын сүйіп оқисыз?
– Жоғарыда айтқанымдай 70-жылдардағы қазақ поэзиясының алыптары Мұқағали мен Қадырдың өлеңдерін жақсы көрем. Ұлттық әдет-ғұрып, ел тағдыры, патриоттық сезімге толы қара өлең ұйқасымен жазылған Мұқаңның жырлары әуелден халыққа өте жақын болса, Қадыр ақынның поэзиясының басты ерекшелігі – өлеңдеріндегі философиялық ой-түйінінің тереңдігінде. Одан кейінгі буынның талантты бір өкілі, өмірден ерте кеткен Тынышбай Рахымның кестелі жырлары, қазіргі орта буын ақындар қатарындағы Бауыржан Жақыптың өлеңдері де оқыған сайын өзіне тарта түседі. Әйел-ақындардың ішінде, әрине, от ауызды, орақ тілді Фариза мен Ақұштап Бақтыгерееваның поэзиясы жаныма жақын. Прозаға келсек, тарихи шығармаларымен танылған Мұхтар Мағауин мен Қабдеш Жұмаділовтің, көркем шығарма жазуда қара сөздің құдіретін паш еткен өзіміздің төл тумамыз Оралхан Бөкейдің туындыларын сүйсініп оқимын.
–Білуімізше, сіз өзге өнерден де қара жаяу емессіз. Суретшілігіңізден бөлек қазақтың қара домбырасында, цыгандардың төл аспабы – гитарада және гармонда ойнайсыз. Бұл қабілеттеріңізді неге кәсіби тұрғыда жетілдірмедіңіз?
–Негізі әу баста арманым – суретші болу еді. Оқушы кезімде қолым сәл босаса, отыра қалып сурет салатынмын. Қазір ойлап отырсам, мен 1-ден 8-сыныпқа дейін ұзын-ырғасы 500-дей сурет салыппын. Ол кезде баламыз ғой, суретті белгілі бір тақырып аясында емес, көбінесе неден әсер алсам, соны қайталап салатынмын. Мысалы, табиғат көріністері, өзіме таныс адамдардың бейнесі, төрт түлік мал, газет-журналдардағы түрлі-түсті суреттер және т. б. Әсіресе сол кезде Лениннің кітаптардағы бүкіл портретін салып шықтым десем де болады. Тіпті 8-сыныптан кейін Алматыдағы Н. Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға тапсырсам ба деген де ойым болған. Бірақ есейе келе өзіме сөз өнері бәрінен жақын екенін түсінгеннен кейін, суретті өзім үшін ғана салатын болдым. Біздің оқушы кезімізде ән сабағында нота деген атымен оқытылмайтын, мұғаліміміз тек жаңа әндерді ғана айтып үйрететін. Домбыра шертуді бес жасынан бастап осы аспапта ойнаған немере інім Қуанышқа қарап үйрендім. Соған қарағанда музыкалық табиғи тыңдау қабілетім жаман болмаса керек, клавиатурасы екі қатарлы, халық арасында «кальяновка» аталатын гармонда да ішкі түйсігіммен-ақ ойнай берем. Ал алты ішекті гитараға студент кезімде ден қойдым. Қазірге дейін қандай да бір басқосуларда аталмыш аспаптарды қолға алып, бір «әу» дейтініміз бар. Бірақ бұның бәріне мен хобби ретінде қараймын. Сол себепті де, табиғи қабілетімді одан ары жетілдіру аса қажет деп санағам жоқ.
– Алдағы уақытта поэзиядан бөлек прозалық шығармалар жазу жоспарыңызда бар ма? Және де осы кезге дейін газет-журналдарда жарияланған мақалаларыңызды топтастырып, жеке жинақ етіп шығарудың кезі келді деп ойламайсыз ба?
– Иә, сөзіңнің жаны бар. Қарап отырсам, соңғы отыз жылда газет бетінде жарияланған мақалаларым мен журналистік зерттеулерімнің өзі бір емес, бірнеше жинаққа жүк болатындай екен. Бірақ оларды жинақтап, кітап етіп шығару ойыма келмепті. Бұл менің газетте жарық көрген дүниелерімді жеке шығармашылығымнан гөрі күнделікті жұмысым деп қарайтындығымнан да шығар. Осыған дейін баспа бетін көрген жинақтарымның дені поэзиялық туындылар. Прозалық шығармам біреу ғана. Қазір жаңа өлеңдерден құралған қос жинаққа жүк болатын туындымды баспаға тапсыруға ниеттеніп жүрмін. Сосын тағы бір ойым, бала кезімде өзім асыраған «Тарзан» деген төбет жайлы, одан кейін арада жылдар өте келе қызым Еркежан күтіп-баптаған осы «Тарзан» есімін иеленген тағы екі ит, яғни үш Тарзан туралы бір әңгіме жазғым кеп жүр.
– Әңгімеңізге рақмет!