Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 27 Қаңтар 2022

Ақын-жазушылардың болашағы өтіп кеткен жоқ па?

None
None

Өткен аптада парламент депутаты Мақпал Мыса мәжіліс отырысында «Болашақ» бағдарламасымен ақын-жазушыларды, сыншы-әдебиетшілерді шетелге оқыту туралы мәселе көтерді.

Құп! Көтерсін. Мәжілістің маңғаздары ұйықтап отырғанша, мәселе көтергені жақсы ғой. Оның үстіне, кім, не айтып, қандай тақырып көтермей жатыр дейсің? Солар көтерген тақырыптың қайсысын үкімет қарап, билік сонымен санасып, ол шешіліп, қоғамға өз пайдасын тигізді? Мынау деп айтатындай ешнәрсе жоқ. Сондықтан да айта берсін, көтере берсін, алған миллиондарын ақтасын, дегің-ақ келеді. Бірақ бір елдің Мәжілісіне шығарған тақырып болған соң, оның қоғамдағы салмағына тақырыптың маңыздылығына қарайсың ғой. Қарайсың да, Мақпал ханым көтерген мәселесінің салмағы қаншалықты қоғамда маңызды деп ойланасың.

Қоғамдағы маңыздылығы демекші, топырағы әлі суымаған қаңтар оқиғасында «қаңғырған» оқ тиіп, қырылып қалған қазақ жастарын неге айтпайды осы мәжілісмендер? Кеше ғана Алматыны түнек жапқанда, сол «халық қалаулыларының» үні өшіп қалған жоқ па! Тіпті әлемжеліге шығып, депутат ретінде емес, қарапайым қазақ ретінде, билікке дат айта алды ма?! Жоқ, керісінше, 86-жылғы желтоқсандықтарды айыптаған қазақ зиялылары сияқты бұлар да жастарды жаппай жазды, жата кеп жамандады. «Оларды аямау керек, ату керек, соттау керек» деген сөзді Тәжмағамбетованың қасындағы бұрын журналист болған ақын-жазушылар айтып, тепсініп, «халық жауларын» іздеп кетті. Қазақ қара жамылып жатқанда, халықтың жанды жеріне тұз себетіндердің дені ақын-жазушы, журналист депутаттардан шыққанына ішің удай ашиды екен...

Қазіргі Қазақстанға, елдің дамуы, өркендеуі үшін әдебиет те керек шығар. Рухани байлық болмаса, материалдық байлықтан не қайыр дейтіндердің пікірін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ отыз жыл Назарбаевтың арқасында, 162 адамы олигарх болған, шикізатынан басқа шикі байлығын қалдырмаған Қазақстанға рухани көсемдерден гөрі, технократтар қажет. Оны өзге елдердің тәжірибесінен де көріп отырмыз. Сондықтан аста-төк байлықтың үстінде аш-жалаңаш отырған қазаққа тілін безеген «жорға жолдас, мырза ағайлардан» гөрі, техниканың, ғылымның тілін білетін Илон Масктер керек.

«Болашақпен» кім, қайда оқымай жатыр? Ақындар мен жазушылар да оқысын. Бірақ жазамын деген адамға шетелде оқудың қажеті бар ма? Ол бәрібір ағылшын тілінде роман жазбайды, роман түгілі әңгіме де жаза алмайды. Шетелде оқыса, сол жақтың әдебиетін қазақшаға аударатын шығар. Онда біз әдебиетшілерді емес, аудармашыларды оқытайық. Аудармашыдан да кенде емеспіз. Шетелде оқығаны, оқымағаны бар – аудармадан ақсап жатқан әдебиетті көрген жоқпыз. Аудармаға жан бітіретін дүние «Болашақ» емес, қаламақы. Қазақ әдебиетін шетелде оқығандар емес, ауыз әдебиеттің

уызына жарыған, анасының құрсағынан ақын, не жазушы болып туып, ерінбей еңбектенгендер жасайды. Әуезовтен бергі, Мағауиндерге дейінгі қаламгерлердің қай-қайсысы да ағылшыныңды оқымай, Жапонияңды көрмей-ақ ұлы жазушы болғандар. Біз Америка мен Жапонияға әдебиетші болу үшін емес, техниканың тілін үйрену үшін барсақ, қазіргіден әлдеқайда алпауыт ел болар едік.

Айтыскер ақын Әсем Ережеқызы фейсбуктегі парақшасында «2021 жылы «Болашақ» бағдарламасының «Ғалымдар» санаты бойынша 500 грант бөлінді. Осы мол мүмкіндікті пайдаланып, біз де бақ сынадық. Нәтижесіз болған жоқ. Тіпті соңғы кезеңде грант артылып қалып, тапсыратын адам таппай қалды. Сонда қайда жүрген біздің «ақын-жазушылар»?! Неге жаңалықтарды оқып, бақылап отырмаған?! Сынап-мінеудің де орны бар шығар» деп жазды. Есті сөз. Оқығысы келген адам іздене білу керек. Ал «ақын-жазушыларды «Болашақпен» оқыту керек» деген мәжіліс мінберіне көтеретін мәселе ме? Ақын-жазушылар «Болашақпен» оқуға барғанша, болашағының өтіп кеткенін түсінсе дейсің...

Тегтер: