Әр жеңісім – ерен еңбегімнің жемісі

Қазақстан кикбоксының жарық жұлдыздарының бірі – Елмұрат Қайыпжанов талай толағай табыстарға қол жеткізді.
Лоу-кик жүйесі бойынша 51 келі салмақта күш сынасқан ол Еуропа мен Азия чемпионатында екі реттен топ жарды. Әлем кубогын олжалады. Әлем чемпионатында екі рет қола жүлдегер атанды. «Ғасыр матчы» мен басқа да халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырының ең биік сатыларынан қол бұлғады.
Ауыл тұрғындарының тірлігі белгілі ғой
Мен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылында туып-өстім. Ауыл тұрғындарының тірлігі белгілі ғой. Сабақтан қайтқаннан кейін әке-шешемізге көмектесеміз. Малға қараймыз, бау-бақшаны реттейміз, су тасимыз, отын жарамыз дегендей. Одан қалса доп ойнаймыз, жүгіріп-секіреміз, алысып-жұлысамыз. Төртінші сыныптың табалдырығын аттаған жылы бокс үйірмесіне бардым. Бұл өнердің қыр-сырына қаныға бастағаным сол еді, бапкеріміз Марат Аухадиев әскер қатарына алынды. Уақытты бос өткізбейін деп, қазақша күрес және дзюдомен айналыстым. Екі жыл Ержан Баймолдаұлынан тәлім-тәрбие алдым. Аудандық, облыстық жарыстарда жүлдегер атандым. Ал Марат аға Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін былғары қолғапты қайта кидім. Боксшылар бәсекелерінде де облыс көлемінде атым шығып жүрді. Мектепті аяқтағаннан соң «Спортшы болсам, ел намысын қорғасам» деген асқақ арман мені Алматыдағы Қазақтың Туризм және спорт академиясына жетектеп әкелді. Ол жерде Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Эдуард Хамзаұлының қол астында жаттықтым. Студенттер арасындағы жарыстарға, ел біріншілігіне қатысып жүрдім. Ал 1993 жылы кикбокске ауыстым.
Ол кезде кикбокстың жағдайы жақсы еді
Тоқсанышы жылдардың басында боксқа қарағанда кикбокстың жағдайы едәуір жақсы еді. Осы спорт түрін Қазақстанға әкелген Сабыржан Махметов өз шәкірттеріне қолайлы жағдайдың барлығын жасады. Еліміздің әр өңірінде үйірмелер ашылды. Оқу-жаттығу жиынын өткізу, халықаралық жарыстарға шығу еш кедергі туғызған жоқ. Білікті бапкерлер бұл іске араласып, аз ғана уақыт ішінде кикбокс құлашын кеңінен жайды. Жерлестеріміз халықаралық аренада жақсы өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасы әлемдегі озық командалар қатарына қосылды. Біздің елмен төрткүл дүние санасатын. Бұл жағдайдың барлығы сол кездегі жастарға қатты әсер етті. Көптеген дарынды боксшылар кикбокс үйірмелерінің табалдырығын аттап жатты. Солардың бірі мен едім. 1993 жылы Азат Нәдірбеков «Абылай хан» спорт клубын ашты. Бірер жыл сол кісінің қол астында жаттығып, жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастадым.
Алдымызда еліктейтін ағаларымыз көп болды
Біздің буын кикбоксты бастағанда Қазақстан құрамасы әлемдегі озық елдер қатарында еді. Алдымызда еліктейтін ағаларымыз көп болды. Асқар Можанов, Ақан Бұсырманов, Ержан Шегенов, Ғани Досаев, Ержан Шегенов, Серік Айдарбеков, Ерлан Шедербаев сынды саңлақтардың қай-қайсын алсаңыз да, нағыз «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттер. Сондай-ақ өзім жаттыққан «Абылай хан» спорт клубында Нұрлан Жүнісбеков, Жанат Смағұлов, ағайынды Майрұпов сынды саңлақтар болды. Солардың барлық жақсы қасиеттерін өз бойыма сіңіруге тырыстым.
Шабан «Мені жеңетін қазақ туған жоқ» деп айғай салды
1993 жылы Алматыда кикбокстен халықаралық жарыс өтті. Оған әлемнің бірқатар мемлекетінің тепсе темір үзетін жігіттері қатысты. Ол кезде Қазақстан кикбоксының даңқы дүркіреп тұрған. Көпшілік болжағандай, жарыс жергілікті спортшылардың айқын басымдылығымен аяқталды. Тек 51 келі салмақтағы бәсекеде Қырғызстанның туы астында өнер көрсететін Шабан Шадмановтың алдын ешкім орай алған жоқ. Жалпы сол жылдары Шадмановтың асығы алшысынан түсіп жүрді. Ол сол аралықта үш дүркін әлем чемпионы, Азия мен Еуропа чемпионатының бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Айтулы спортшы Алматы төрінде де талай мәрте атой салды. Жоғарыда айтылған жарыста да ол барлық қарсыластарын айқын ұтты. Тіптен қазақ кикбоксшыларының өздерін жолынан оңай ығыстырды. Жеңімпаз атанған Шабан Шадманов тек тұрмай, дүйім жұрттың алдында «Мені жеңетін қазақ әлі туған жоқ» деп, айтып қалды емес пе. Сонда менің қаным басыма шапты. Намыстан өліп кете жаздадым. Бірақ ол кезде қолдан келер дәрмен жоқ еді. Өйткені қарсыласым тым мықты. Ал мен болсам, кикбокстың қыр-сырына енді-енді қанығып жүрген ІІ разрядты спортшымын. Алайда «Бұрын шыққан құлақтан, кейін шыққан мүйіз озады» деген халық даналығы бар. Ерте ме, кеш пе, біздің де уақыт келеді. Сол кезде мен достарымның алдында «уақыт оза қыңыр қырғыздың айыр қалпағын кері айналдырамын» деп өз-өзіме серт бердім.
Айтқандай-ақ, екеуміздің жолымыз араға үш жыл салып қиысты. Бұл – 1996 жылы Белградта жалауы көтерілген Еуропа чемпионаты еді. Екеуміз де қарсыластарымызды қирата ұтып, финалда жолықтық. Байқасам, Шабан мені менсінбей тұрған сыңайлы. Оның әр қимылынан тәкаппарлық байқалады. Көзінің қиығымен қарап, «Талай қазақ менен таяқ жеп еді, сен де солардың жолын құшасың» дегендей кейіп танытты. Мен тек жымидым да қойдым. Бірінші кезеңде таразы басы тең тұрды. Екінші раунд басталғанда бірден екпінді шабуылға көшіп, қыспаққа алдым. Қолмен де ұрдым, аяқпен де тептім. Қарсыласым бас көтеруге жарамады, тек қорғанумен уақыт өткізді. Үшінші кезеңде де жоғарыдағы оқиға айна-қатесіз қайталанып, Шадманов менен оңбай таяқ жеді. Сөйтіп, Алматыда аңдамай сөйлеген қырғызстандық спортшының Белградта жақсылап тұрып сазайын берген едім.
Одан кейін Шадмановпен тағы екі рет жұдырықтасқанымыз бар. 1999 жылы Бішкекте өткен әлем чемпионатының жартылай финалында кездестік. Шыны керек, бұл жекпе-жекте мен жеңген едім, алайда өздерінің атақты спортшыларының сағын сындырғысы келмеген ұйымдастырушылар жеңісті Шабанға беріп жіберді. 2000 жылы Алматыда өткен «Ғасыр матчында» үшінші мәрте жолымыз қиысты. Бәсеке басталғанда мен өрескел қателікке бой алдырып, нокдаун алып қалдым. Бірақ дер кезінде ес жиып, одан кейінгі кезеңдерде қарсыласымды қуып жүріп сабадым.
Әр жеңістің жөні бөлек
1997 жылы Бухаресте әлем кубогын иелендім. 1996 және 1998 жылдары Еуропаның екі дүркін чемпионы атандым. Алғашқысы – Белградта, екіншісі – Киевте жалауы желбіреген жарыстар. Әлем чемпионатының қола жүлдесін екі рет олжаладым. Бұл жарыстар 1997 жыл Дубровник және 1999 жылы Бішкек қалаларында өтті. 2000 жылы Бішкекте Азияның ашық біріншілігінің жеңімпазы болдым. Міне, мен үшін ең маңызды жарыстар осылар. Бұлардың ешқайсысын бөле-жара атай алмаймын. Өйткені әр жеңіс ерен еңбек пен жанкешті жаттығудың жемісі. Ең өкінштісі, әлем чемпионы атана алмадым. 1997 жылы қателік өзімнен болды. Хорватияда өткен жарыста бұрыннан жақсы танитын Ресей спортшымен кездестім. Әлем кубогы жолындағы бәсекеде мен оны оңай ұтқан едім. Осы жолы менсінбей шығамын деп, ұпай санымен есе жібердім. Өкініштен өзегім өртенді. Бірақ өткен шақ кері айналып келмейді ғой. 1999 жылы Бішкекте әлем чемпионы атануыма тамаша мүмкіндік болды. Алайда Шабан Шадмановпен болған бәсекеде төрешілер бұра тартты. Сөйтіп, жеңіс жергілікті кикбоксшының уысында кетті. Міне, менің екі мәрте қола медальді қанағат тұтуымның қысқаша тарихы осындай.
Елге оралғанда еңбегімізді елеп, ескерген ешкім болмады
Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында «Олимпиада бағдарламасына енбейді» деген желеумен кикбокске деген қамқорлық күрт кеміді. Мемлекет тарапынан қамқорлық болмағандықтан, көп қиындық көрдік. Осы спорт түрін серік еткен азаматтарға жарысқа шығу үшін өздеріне демеуші табуға тура келді. Қалталы мырзалардың алдына барған кикбоксшылардың көп жағдайда еңсесі түсіп қайтты. Бірақ жарыстарға бара қалған жағдайда намыс туын биік ұстауға тырыстық. Үнемі жеңіске жетіп жүрдік. Ең өкініштісі, елге олжалы оралған кезде еңбегімізді елеп, ескерген ешкім болмады. Шыны керек, сый-сияпат былай тұрсын, жылы сөздің өзіне зәру болдық. Қазақстанның көк байрағын аса ірі халықаралық жарыстарда желбіретсек те, өзімізді қоғамға қажетсіз адамдай сезіндік. Әйтпегенде кім білер, алар биігіміз бүгінгіден де биік болар ма еді. Көптеген белді спортшылар, дарынды жастар осындай қиындыққа шыдай алмай, үлкен спорттан қол үзіп кетті. Сөз ыңғайы келгенде мен қиын-қыстау кезеңде қамқор қолын созған Бауыржан Оспанов пен Жомарт Сәдуақасов ағаларыма шексіз алғысымды білдіргім келеді. Алғашқы бапкерім, өмірден ерте озған Азат Нәдірбековтің де жасаған жақсылықтары әркез жадымда. Осындай атымтай жомарт ағаларымның арқасында ғана мен биік белестерді бағындыра алдым деп ойлаймын.
Қарапайым көлікке де қолым жетпеді
Мен 26 жасымда спорттан қол үздім. Шынын айтсам, спорт арқылы мен материалдық тұрғыдан еш пайда көрген жоқпын. Ел спортына бір адамдай-ақ еңбек сіңірсем де, тіптен екінің бірі мініп жүрген қарапайым көлікке де қолым жетпеді. Ал үнемі әркімнің алдына барып, алақан жаю қайбір жақсылық дейсіз. Сол себепті сүйікті кәсібімнен қол үзуге тура келді. Есесіне, осы салада тер төгіп жүріп, жақсы достар таптым, үлкенге – іні, кішіге – аға бола білдім. Міне, осындай азаматтардың және тынбай еңбек еткенімнің арқасында көштен қалған жоқпын. Әрине, біріншіден бұны мен Алла Тағалланың маған берген несібесі деп білемін.
Спорттан қол үзгеннен соң алты жыл Алматыда орналасқан Ішкі істер Академиясында қызмет еттім. Болашақ полицейлерге жекпе-жек өнерінің қыр-сырын үйреттім. Кейіннен жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бел будым. Аллаға шүкір, қазір ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Жағдайым ешкімнен кем емес. Ұйығын отбасым бар. Жұбайым – Динара екеуміз екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз.
Олимпиада бойтұмары Нұраға келіп қонды
Қолдан келіп жатса, аянып қалатын әдетім жоқ. Әуелде мен демеуші ретінде өз көмегімді туған ауылымнан бастағанды жөн көрдім. Атқамінер азаматтардың басын қосып, Нұрада күрес және бокс үйірмелерін аштық. Спорттық құрал-жабдықтар әперіп, қызу жұмыс бастап кеттік. Жеңіс күні қарсаңында қазақ күресінен дүбірлі турнир өткізуді жақсы бір дәстүрге айналдырдық. Әр жылдарды ол жарысты тамашалау үшін Тұрсынғали Еділов, Болат Жұмаділов, Марат Мәзімбаев, Ардақ Назаров сынды көптеген білікті бапкерлер мен әйгілі спортшылар біздің ауылға ат басын бұрды. Олармен жүздесіп, тілдескен балалар кәдімгідей мәз-мейрам болды. Біздің ендігі арманымыз – Нұрадан Олимпиада және әлем чемпиондарын шығару. Бұйыртса, ол жоспарымыз жүзеге асады деп ойлаймын. Өйткені 2008 жылы Бейжің олимпиадасының алауы Алматы арқылы өткенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол кезде Қазақстанның игі жақсы азаматтарының қатысуымен Алатау бөктерінде керемет шара ұйымдастырылып, Олимпиада бойтұмары аспанға ұшырылды. Бір қызығы, сол бойтұмар біздің Нұраға келіп қонды. Бұны ауыл жұртшылығы жақсылыққа жорып отыр. Сондай-ақ ізімізді басып өсіп келе жатқан қазақ жастарына қамқорлық көрсетуді өзіме парыз санаймын. Алматыда ережесіз жекпе-жектің ең бір күрделі түрі – панкратионнан өткен жарыстың демеушілерінің бірі болдым. Сол бәсекеде жеңіске жеткен Бейбіт Назаров – Еуразия чемпионы атанса, Бекнар Аманбаев – ТМД-ның теңдессізі деп танылды. «Абылай хан» спорт клубы ұйымдастырған кәсіпқой боксшылардың матчтық кездесуінің де басы-қасында болдым.
Ауыл спорты ақсап тұр
Менің қуанатын да, қынжылатын да кездерім аз емес. Ең өкініштісі, ауыл спортына тиесілі көңіл бөлініп жатыр деп айта алмаймын. Өзім ауыл-аймақтарда жиі боламын. Көптеген жерлерде үйірмелер жоқ. Мәселен, аға буын немесе біздің замандастарымыз күрестің немесе бокстың әліппесін өздері туып-өскен өлкеде жүріп-ақ үйренді. Соның арқасында спорт саласында зор табыстарға жетсек, чемпион болсақ деген құштарлық пайда болды. Сол құлшыныс бізді биік шыңдарға жетеледі. Салауаттылық өмір салтын ұстану әдетке айналды. Ал қазірге жастардың қызығушылығы мүлде басқа. Ал спортта біршама табыстарға жеткен, кейіннен бапкерлік кәсіпті таңдаған мамандардың ауылға баруға құлқы жоқ. Өйткені ол жақта проблема шаш-етектен. Жаттығу жасауға жағдай жоқ, арнайы құрал-жабдықтар жетіспейді. Алатын еңбекақылары мардымсыз. Жарысқа шығу қиямет-қайым. Міне, соның салдарынан ауыл спорты ақсап тұр. Өздеріңіз байқасаңыздар, қазір жақсы нәтиже көрсетіп жүргендердің дені спорт мектептер мен интернаттарда білім алып, шеберліктерін шыңдағандар. Ал ауылдағы үйірмелерде тәрбиеленген балалар арасында топ жарып жатқандары сирек. Міне, осы жағдай мені қатты қынжылтады.