Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:51, 10 Желтоқсан 2024

«Араб көктемінің» соңғы диктаторы

Сирия
Фото: AP Photo / Hussein Malla

Асад режимі құлады

Желтоқсанның 8-іне қараған түні Сирияны елу жыл билеп-төстеген Асад әулеті тақтан құлады. Соңғы төрт жылдағы аздаған тыныштықты есептемеген кезде он жылдан бері Сирия өлкесінде азаматтық соғыс жүрді. Ресей мен Иранға арқа сүйеген Башар Асад билігін сақтап тұрған еді.

Көтерілісшілер екі аптаның ішінде ел астанасы Дамаск қаласын алып, Асад режимі құлағанын мәлімдеді. Президент қашып, премьер-министрі билікті тапсыруға келісті. Одақтастары өз басымен әуре болып жүрген шақта бас көтерген көтерілісшілер енді өз билігін жүргізбек.

Бір апта бұрын Сирияда бұрқ еткен көтерілісті жазғанымызда Башар Асад режимі осылай тез құлайды деп ешкім ойламаған еді. Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясындағы өз базаларынан басталған көтеріліс оты бұл өлкенің аумағын өте тез шарпыды. Алеппо қаласын оңай алған көтерілісшілер Хаманы да тез өз қарауына алды. Бірнеше күннен кейін Хомс та солардың иелігіне өтті. Дамаск қоршауда қалды. Асад әулетінің биліктен кетуі Таяу Шығыстың саяси ахуалын өзгертері сөзсіз.

2011 жылы болған азаматтық соғысты Башар Асад Ресей мен Иранның көмегімен аяусыз басып, жаншыған. Жарты миллионнан астам адам қаза тауып, алты миллион халық босып кеткен. Мәскеу авиациясын қолданып, Тегеран әскерилерін жіберіп, «Хезболла» сарбаздарын жұмсаған сол соғыстан кейін Асад түгел Сирияны уысында ұстап тұрғандай еді. Бірақ шөл мен шекаралары аймақтарға қашып, тозған топтар, күні кешеге дейін бұғып, күш жинап жатыпты.

Бірақ бұл жолы ондай «көмек» бола қойған жоқ. Сирия әскері көтерілісшілерге қарсы тұра алмады, тіпті кей аймақтарды қарсылықсыз-ақ беріп жатты. «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымы бастаған бұл көтерілістің жалыны Асадтың жүзін қаулай шарпыды.

Қазір Сирия тағдыры біржола басқа арнаға түскелі тұр. Башар Асад 2000 жылы әкесінің қазасынан кейін билікке келген болатын. Оның әкесі Хафез Асад елді 29 жыл билеп, ол да темір жұдырықпен билік жүргізген. Кіші Асад әкесінің билік жүйесін мұра етіп, репрессиялық саяси құрылым жасады. Оның билігінде оппозицияға орын жоқ еді. Басында Башардың ашық, әкесіне қарағанда жұмсақ президент болады деген үміт болған. Бірақ ол жай ғана үміт боп қала берді.

Айнымалы күштер

Израильмен бір жылдан бері соғысып келе жатқан «Хезболла» қатты әлсіреді. Ендігі күні қалай болары да белгісіз. Иран қолдап отырған тағы бір топ – йемендік хуситтар да бірнеше мәрте әуе шабуылының астында қалып, тоз-тозы шықты. Тегеран «қарсылық кіндігі» деп атайтын Газадағы ұсақ-қасақ топтардың қазір берекесі қашты. Бұған басқа емес, Израильдің қуанып отырғаны анық.

Ал Сириядағы топтардың «Хайят Тахрир аш-Шам» туының астында бірігіп кетіп, жинақы түрде бас көтеруі Түркияның ықпалысыз мүмкін емес еді деген сөздер айтылып жатыр. Иә, Түркия Сириядағы ұйымдарды қолдайды (Мысалы, «Сирия ұлттық әскері» ұйымы»). Бірақ дәл «Хайят Тахрир аш-Шамға» қол ұшын созатын біз емес деп отыр.

Бұған дейін Режеп Тайып Ердоған Асад келіссөзге шығып, конфликтіні дипломатиялық жолмен шешуі керек деп бірнеше рет айтқан болатын. Сол жолмен босқындар Сирияға қайта оралуы керек деген. Себебі босқындардың үш миллионы Түркияда жүр. Олар жергілікті түріктер үшін өте нәзік дүние. Бірақ Асад бұл ұсынысқа келіскен жоқ.

Қазір көбі Асад режимінің құлағанына қуанып жүр. Бірақ ары қарай не болады? «Хайят Тахрир аш-Шам» «Әл-Каида» ұйымынан тамыр тартады. Көптеген мемлекеттерде террористік ұйым ретінде тіркелген. Соңғы уақытта бұл топтың өздеріне бейбіт, ұлтшыл күш ретінде ұстағанын өткенде де жаздық. Сөздеріне қарасаң, дипломатиялық, татулық жолын ұстанатындай. Аз топтарды қолдап, өзге діндерге қысым жасамай, кедей-кепшікке көмектесіп жүр. Бірақ сарапшылар биліктің тез өзгеруі хаосқа әкеліп, қуғын-сүргінді, қысымды одан әрі өршітіп жібермей ме деп қауіптеніп отыр.

Сирия стратегиялық маңызды аймақта орналасқан. Ондағы болып жатқан оқиғалар көршілеріне – кейін әлемге де әсер етеді. Енді билікті алған көтерілісшілер елде тұрақтылық орната ала ма? Олар аз топтарға, қарсыластарына қысым жасамаймыз деп отыр. Оған сенуге әлі ерте. Алдымен орындалғанын күту керек.

Егер тұрақты саяси жүйе орната алмаса, Каддафиден кейінгі Ливия, Саддам Хусейннен кейінгі Ирак сценарийі қайталануы мүмкін. Азаматтық соғысты, азапты, қантөгісті Сирия халқы басынан аз өткерген жоқ. Мүмкін осы көргендерін қайталап басынан өткергісі келмей, тұтас ел боп бірігетін де шығар. Бірақ ұзақ уақыт билеген диктатура құлаған кезде билікті ұстап қалғысы келетін әртүрлі күштер де тұрақсыздық өртін жағып, ел ішін тағы ала тайдай бүлдіруі мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймыз.

Би-би-сидің Иерусалимдегі тілшісі Джон Дннисон осы кезде Израиль өзіне не керегін анықтап алу керек деп есептейді. Өйткені Таяу Шығыста өздерін бейбіт ел санайтын еврейлер. Қазір Израиль Сириямен шекаралас аймағына қосымша әскер жіберді. Қазір буфер аймағында орналасқан әскер бірнеше рет көтерілісшілерді атқылаған. Олардың сөзінше, көтерілісшілер, буфер аумағына қарай жақындай түскен. Бұл Израильдің оларға жіберген ескертуі. Сириямен шекаралас болған израильдіктердің де уайымдауына себеп болғанын түсінуге болады. Сириядағы химиялық қару көтерілісшілердің қолына түсе ме деген қауіп бар. «Хайят Тахрир аш-Шамның» «Әл-Каидамен» байланысы болғаны (бұрын бір тармағы болған) көптің күмәндануына себеп болып отыр.

2011 жылы Сириядағы көтеріліс болғанда Израиль екі дұшпаны – «Хезболла» мен Иран қолдап отырғанына қарамастан, Башар Асадты жақтаған. Өйткені сол уақыттағы тұрақты режим сол болды. Енді Израильге де кімді қолдайтынын таңдайтын уақыт келді.

Башар Асад
Башар Асад. Фото: РИА Новости

«Араб көктемінің» соңғы диктаторы

2011 жылы «Араб көктеміне» шыққандар Таяу Шығыстың диктаторлары деп атағандардың бәрі биліктен кетті. Ливиядағы Муаммар Каддафи, Тунистегі Бен Али, Йемендегі Али Абдулла Салех, Мысырдағы Хосни Мүбарак, енді, міне, Сириядағы Башар Асад та тақтан кетті. АҚШ-тың араласуымен тақтан құлап, дарға асылған Саддам Хусейнмен бірге бәрі тарихтың қойнауына кетті. Сол кезде нысанаға ілінгендердің ішінен Бахрейн королі Хамад қана аман қалды. Себебі ол өзгелер сияқты «революциялық республиканы» басқарып отырған жоқ. Парсы шығанағында монархиялық араб билігінде отырған Хамадтың аман қалғаны – саяси жүйесінің себебі. Сонымен қатар ол реформаға байланысты халықаралық талаптарға да құлақ асты. Бахрейн демократиядан әлі де алыс болғанымен, Асадтың Сириясына қарағанда көш ілгері еді.

Сонымен Таяу Шығыс тағы бір диктатордан құтылды. Ол билікке қалай келгені де көптің есінде. Башар Асадтың өміріне өзгеріс әкелген оқиғалардың бірі – 1994 жылы Дамаск маңында жол апаты. Әкесінің билігін армандамаған Башар ол уақытта Лондонда офтальмологтың оқуын оқып жүрген. Тақ мұрагері – Башардың ағасы Басил сол жол апатынан қайтыс болған еді.

Басилдің өлімінен кейін Башарды Сирияны басқаруға дайындай бастады. Сирия әу бастан демократиялық ел болған жоқ. Партиялардың сайлауы өтпейтін. 1965 жылы Башар Асад дүниеге келген кезде Таяу Шығыста саяси ахуал ушығып тұрған болатын. Көптеген араб елдері ұлтшыл ұстанымда болды. 1958-1961 жылы Мысыр мен Сирия аз уақыт біріккен уақытта билікті социалистік Баас құрылымы қолға алды. Асад отбасы Алауиттер әулетіне жатады. Олардың көбі Сирия әскерінің құрамында болып, әскери қызметті әлеуметтік саты ретінде пайдаланды. Башардың әкесі Хафез Баас партиясының жақтасы болып, 1966 жылы қорғаныс министрі болады. Өз ықпалын аз уақытта күшейтіп, айналасына жақтастарын жинаған Хафез 1971 жылы президент болады. Сөйтіп өзінің өліміне дейін ел басқарады. Ол диктатор болды, оппозицияны жаншып, күн көрсеткен жоқ. Хафез Асад КСРО-мен де одақтасып, 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыста АҚШ-пен де бір коалицияда болды. Сыртқы саясатында тепе-теңдікті ұстауға тырысқаны байқалады.

Оның баласы Башар Асад жас кезінде саясаттан алыс медицина саласын таңдайды. 1992 жылы Дамаск университетін бітіргеннен кейін Ұлыбританияға барып, «Вестерн Ай» клиникасында офтальмологқа оқиды. 2018 жылы Би-би-си түсірген «Қауіпті династия: Асадтар» деректі фильмінде Башардың Лондонда шалқып өмір сүргені көрсетілген. Фил Коллинздің концерттеріне барып, британ мәдениетін қызықтаған. Сол жақта әйелі Әсмә әл-Ахрасты жолықтырған. Үйдің екінші баласы болғандықтан, 1994 жылға дейін Башар туралы көп сөз болмайтын. Ағасының қазасынан кейін дереу Сирияға шақыртылып, мұрагерлікке дайындала бастайды. Келе сала қарулы күштердің офицері болып, болашақ президенттің имиджі қолға алынады.

2000 жылы маусым айында Хафез Асад қайтыс болып, 34 жастағы Башар Асад президент болады. Ол үшін тіпті конституцияға өзгеріс жасайды. Оған дейін 40 жастағы адам ғана президенттікке түсе алатын. Ал Башардың жасы небәрі 34-те еді.

Президент антын тапсырғаннан кейін Башар бірден саяси өзгеріс жасауға кіріскендей болады. Ашықтық, демократия, даму, модернизация, жауапкершілік туралы жиі айта бастайды. Президент болғаннан кейін бірнеше айдан кейін Лондонда танысқан Әсмә әл-Ахрасқа үйленеді.

Батыстың білімін алып келген жұп ел алдына жиі шыға бастайды. БАҚ беттеріндегі Асадтың сөзі сириялықтарға көп үміт сыйлаған еді. Шын мәнінде, үлкен өзгерістердің кезі келгендей көрінген. Бірақ бұл еркіндік көпке созылған жоқ. 2001 жылы-ақ қауіпсіздік қызметі репрессия бастады. Оппозиция өкілдері қамалды. Президенттің туыстары бизнесті қолға алып, билік пен байлықты бір арнаға құя бастады. Башардың туысы Рами Махлюф бизнес-империя құрып, биліктен қолдау тапты.

Осы уақытқа дейін Башар АҚШ, Ресей, Иран сияқты елдермен одақтас болды. Арасында Түркия, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттермен де байланысын үзгісі келген жоқ. Бірақ әртүрлі саяси бағыт ұстауға Таяу Шығыстағы жағдай ешқандай мүмкіндік берген жоқ. «Ислам мемлекеті», «Хезболла», ХАМАС сияқты ұйымдардың, сонымен қатар елдің солтүстігінде орналасқан ұсақ топтардың әрегідік бас көтеруі елдің оңалуына мүмкіндік берген жоқ. Ақыры әлемдегі геосаяси жағдайдың өзі Башар Асад билігінің құлауына әкелді.

Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттігі Башар Асад пен отбасы Мәскеуді паналап келгенін хабарлады. Оған дейін Асадтың қайда екенін ешкім білген жоқ, кей ақпарат құралдары Асад мінген ұшақтың құлағаны туралы да жазып жатты.

Асадтың президент постын тастап, Сириядан кеткенін жексенбі күні таңертең бірінші боп Ресейдің Сыртқы істер министрлігі жазды. Артынан бұл ақпаратты өзге БАҚ көшіріп басып, бұл көмектің гуманитарлық сипаты бар екенін жазған.

Бір апта бұрын Иранның Сыртқы істер министрімен Дамаскіде кездескеннен кейін Асадты ешкім көрмеген. Сол кездесуде ол көтерілісшілердің көзін құртатынын айтқан болатын. Бірақ ол уақытта Сирияның біраз аумағы солардың бақылауына көшіп кеткен. Бір аптадан кейін Путиннен пана сұрайтынын Асадтың өзі де сезбеген сияқты.

Ал-Жулани
Фото: Ministry of Information in the Salvation Government

Әл-Жулани кім?

«Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымы көтерілісшілер коалициясының басында тұрғанын, оның «әл-Каидамен» байланысы барын айттық. Оның басшысы – Әбу Мұхаммед әл-Жулани. Ол өз сөзінде толерантты қарым-қатынас болатынын, әлеуметтік, діни саясатты қалыпты ұстайтынын айтқан. Бұл өзі кім? Қайдан шықты?

Оның туғандағы есімі – Ахмед Хуссейн әл-Шараа. 1982 жылы Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында дүниеге келген. Әкесі мұнай саласында инженер болып жұмыс істеген. 1989 жылы отбасымен Сирияға қайта көшіп келген. Балалық кезі туралы ақпарат жоқтың қасы. 2003 жылы Иракқа барып, «әл-Каида» тобына қосылған. 2006 жылы АҚШ әскері ұстап, бес жыл түрмеде отырған.

Түрмеден шыққаннан кейін «әл-Каиданың» тапсырмасымен Сириядағы топ құрады. Оған көмектесу үшін қарулы қақтығыста тәжірибесі бар адамдарды жанына қосып береді. Олардың ішінде «Ислам мемлекетінің» лидері Әбу Бәкір әл-Бағдади болған.

Әл-Жулани құрған топ «Жебхат ан-Нусра» деп аталды. Сириядағы ықпалы тез артып, Башар Асадқа қарсы адамдарды қолдай бастады. 2014 жылы бірінші рет сұхбат бергенде «егер Сирия оның қарауына өтсе, ислам жолымен жүреді» деген. Сонымен қатар христиандар сияқты азшылық топ елде болмайды деп мәлімдеген. Нақ осы сөзі үшін әл-Жуланидің билікке келуі көптің мазасын қашырып отыр.

Бірақ қазір әл-Жулани мен жақтастары көзқарастарының өзгергенін айтып жатыр. Ол кезде «Әл-Каидамен» байланысы болған дейді. 2016 жылдан бері әл-Жулани «Әл-Каидадан» идеологиялық тұрғыда алыстай бастаған. Халифат құру арманы да ұстатпай кетті. Сол үшін аспандағыны аңсамай, өзі өмір сүріп, жүріп жатқан Сирияда билігін күшейткісі келеді. Сөйтіп өзі жеке топ болып жүре бастады. 2017 жылы Асадқа қарсы адамдар оның айналасына жиналып, «Хайят Тахрир аш-Шам» атты жаңа топ пайда болды.

«Хайят Тахрир аш-Шам» негізгі мақсаты – Сирияны Асадтың авторитарлы билігінен азат ету және әртүрлі топтарды елден қуып шығу екені айтылды. Осы арқылы әл-Жулани өзінің Сириядағы «айрықша миссиясы» барын көрсетті.

2021 жылдан бері Батыстың алдындағы имиджін жақсартумен жұмыс істеп келеді. Сирияны қарулы топтардың қолынан құтқара ма, әлде тағы бір соғыстың бетін аша ма? Бұл – Сирия халқының ендігі уайымы.

Қасым Арықбай