Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:15, 05 Тамыз 2023

Арабтарды артта қалдырғанымыз анық (әңгіме)

None
None

Пендешілік

Адамның бір аты пенде деуші ме еді?.. Пендешілік деген бір қызық нәрсе бар.

«Осы басқа ұлттарда пенде, пендешілік деген ұғым, түсінік бар ма екен, бар болса қалай аталады екен» деп ойлайсың кейде.

Пендешіліктің көп белгілері бар. Соның бірі – маған өзгелердің күні қараса екен деуі. Күні қараса, менің көмегіме мәжбүр, рұқсатыма мұқтаж болса дейді ғой баяғы. Алдына мұқтаж адамның келгенінен ләззат алатындардың көп екеніне назар аудара бермейміз. Сол үшін де шығар, адамдардың бастық болуға ұмтылуы. Анау есікте тұратын күзетшінің де кісімсуге қақысы бар екен. Оның да қолында аз-маз билік бар. Құрғақ сөзбен біреуге бір нәрсе түсіндіру де қиын. Сондықтан мысал келтіре отырып айтайық.

Ауруханаға барасың. Есіктің алдынан күзетші күтіп алады. «Ұлы міндетті» мойнына алғаны бет-жүзінен анық байқалады.

— Шұғыл кіруім керек болып тұр еді, – дейсің.

— Жоқ, бестен кейін, – дейді, көкем.

— Бестен кейін екенін білемін. Бірақ кіруге тура келіп тұр, мына бір қағазға қол қойғызуым керек еді, дәл қазір болмаса болмайын деп тұр.

Кіре салып шыққанда тұрған ештеңе жоқ. Түк те бүлініп қалмайды. Бірақ болмайды. Неге? Сол! Тәртіп! Содан ол телефон арқылы жоғарыдағы біреуге шығады. Ол өзі шеше салмайды екен. Ол да өзінен үлкенірек біреуге шығады. «Шұғыл екен» дейді. Ол өзінен басқа ешкімнің қолынан келмейтін үлкен жақсылық жасап тұрғандай, қинала-қинала келісімін береді. Өтініш жаңа төменнен жоғарыға жылжыса, енді рұқсат жоғарыдан төменге жетеді. Рақметіңді айтып, ішке кіресің. Енді жаңағы бастығың жатқан бөлімнің есігінің алдынан медбике қарсы алады. «Кіре салып шығайыншы» дейсің. Көріп, біліп тұрсың, зып беріп кіріп, қайтадан шығып кеткенде тұрған ештеңе жоқ. Тау құлап қалмайды. Жоқ, болмайды! Тәртіп! «Өзі шықсын» дейді. «Орнынан тұруға болмайтынын өзіңіз де біліп тұрсыз ғой» дейсің. «Жарайды, кіре қойыңыз» деп жақсылық жасап жібергісі келіп-ақ тұр. Алдына бір мұқтаж жан келіп тұрған жоқ па. Соның мәселесін шешіп кеп берсе, бір марқайып-ақ қалады ғой. Бірақ ол жақсылықты одан үлкен бір кісі жасауы керек екен.

— Мына бөлмеде старшый медсестра отыр, сол кісінің рұқсатын алыңыз, – дейді сыбырлағандай үнмен.

Жә, ол медсестраңыз старший болса старший шығар, страшный емес болар деп, аяғыңды жәймен басып кіріп барасың. Есігін ақырын тақылдатып, әлгі аға мейірбикенің назарын өзіңе аударасың. Ол көзілдірігінің төбесінен саған сүзе қарағанда басыңды кәрістерше әнтек иіп, ишарат жасайсың. Дәл осы сәтте неге келіп тұрғаныңды, келмесең не қирап қалайын деп тұрғанын тәптіштеп түсіндіріп барып, «кіріп-шықсам бола ма» дейсің. Ол кісі қазақтардың осындайын онша ұнатпайтынын айтып, кейбір қылықтарымызды қысқаша сынай отырып, рұқсатын береді. Және үлкен жақсылық жасағанын сезініп, мәселе шешкеніне маңғаздана қалады. «Тез шығыңыз, проверка келіп қалса басымыз кетеді» дейді. Ойпыр-ай айдың-күннің аманында ол не қылған тексеру? Кімді кім не үшін тексермек? Кеденді бақыласа түсінікті, мына жерден ауру адам қашып шығып кете ме, сау адам кіріп жатып ала ма? Білмеймін. Кіріп, шаруаңды бітіріп, едел-жедел шығып бара жатасың. Асыққаның соншалық басекеңе қол қойдырған қағаздарыңды пәпкеңе жүріп бара жатып саласың. Жаңағы саған рұқсат берген кісілердің бәріне рахметіңді жаудырып, қалбалақтап қаласың. Сыртқа шыққан кезде барып «ух» деп деміңді терең аласың. Тақ бір қияметтің қыл көпірінен аман өткендей жеңілдейсің. Шаршаңқырап та қалған сияқтысың. Осының бірде-бірі болмас па еді, басекең орынбасарына менің орныма қолымды қоя сал десе. Жоқ, өйтпейді ғой. Өзім қарап шығуым керек дейді. Қарап шығуын қарап шығады.

— Мына жерін былай етпеген екенсіңдер, ә, – дейді.

 - Осылай болып қалыпты енді. Бір жолға ештеңе қылмас, бүгін жібермесек кеш болайын деп тұр, – дейсің.

 - Осы сендердің әбден тақалғанда жүгіретіндеріңді-ай, – дейді кейістік білдіріп.

Үлкен қателігіңді бір жолға кешіре салғанына ол да марқайып қалады. Сенің шаруаң бұнымен біткен жоқ. Әуежайға қарай құстай ұшасың. Ол жақта жолаушылардың әрқайысысынан жалынышпен сұрайсың. «Бір жапырақ қағаз ала кетесіз бе, әуежайдан күтіп алады» дейсің. Құдайға қараған бір мұсылманның қолына аманаттап барып қана жаның тынғандай болады. Автоматты түрде ыңылдап, ән салып бара жатқаныңды өзің де байқамай қаласың.

«Жақсы адамдарым, жақсы адамдарым,

Кем емессіңдер патшадан бәрің».

***

Арабтарды артта қалдырғанымыз анық

Жуырда байланыс саласына жауапты министріміз: «біздегі интернет жылдамдығы жапондардың өзін жолда қалдырады», – деді. Онысын естіген жұрт жыртыла күлді. Күлмегенде ше, сол интернеттің зардабын сәт сайын тартып отырса. Бағдат мырзаның сол видеосының өзін интернет қинала жүктеп, тоқтап-тоқтап әрең көрсетіп тұрса, қалай күлмейді? Күлкі болғанда да ызалы күлкі. Қорланған адамның күлкісі. Уатсап желісіндегі жіберген хабарламаң «кетті» деген белгіні беретін тоқ ете қалған дыбыстың біздің сүйікті дыбысымызға айналып кеткенін Бәкең біледі ме екен өзі? Біреуге бір хабарлама жібересің, анау дөңгелек айналып тұрып алады. Бір кезде барып тоқ ете қалған дыбыс шығады. Сол кезде балаша қуанасың. «Кетті-ау» деп. Егер шынымен солай болса Токияда тұрмағаның да бір бақыт екен. Жә, жарайды, оны қоя тұрып, мына бір қызыққа оралайықшы.

Бір жылдары «Біріккен Араб Әмірліктерінде бензин судан арзан екен» деген әңгіме тарады. Расымен солай. Біздің ел қызыға да, қызғана да қарады. Шіркін, бізде де сондай атты күн туар ма екен деп армандады. Арман емес-ау, қиял ғой тап-таза. Бірақ оның еш мүмкін емес екенін білетін. Шынымен мүмкін емес қой. Жоқ, мүмкін екен. Біздің үкіметіміз үшін мүмкін емес нәрсе жоқ екен. Бензинді судан арзан қылып жіберді. Ол үшін, әрине, бензиннің бағасын арзандатқан жоқ. Керісінше, судың бағасын көтеріп жіберді. Тек судың ғана бағасын көтерсек халық біліп қояр деді ме екен, бәрінің бағасын көтерді. Не бар, соның бәрі қымбаттады. Айналып келгенде, бензин судан арзан болып шыға келді.

Кеше шаңқай түсте шөл қысып бара жатқасын ортаңқолдау бір дүкенге тоқтап, су сатып алдым. Жарты литрлік минералды су. Қайбір минералға бай су дейсіз, сыртында сөйтіп тұрғасын жазып отырмын да. Сол судың сыртындағы 245 теңге деген жазуды көргенде көзім тас төбеме шықты. Бұрын бірнеше зат алғандықтан байқалмай жүр екен, өзін ғана алғанда шошып кеттім. Бензиннен қымбат. Бензинің өзі жетісіп тұрған жоқ. Білетіндер біздегі бензиннің шала жанатынын айтып жатады. Онысын білмедім, бағасы енді таза жанып тұр. Тіпті күйіп тұр деуге келеді. Бірақ бағасы судан арзан. Бензиннің бағасы судан арзан дегеніміз қате. Дұрысы – ең арзан деген қара судың өзі бензиннен қымбат. Қайда барып күн көресің? Тағы бір министріміз тілшіге «өкпелесең көшіп кет» деп жайбарақ айтып тұр. Ойпыр-ай, қымбатшылық қысты екен деп, министрім мандымады екен деп туған отанымызды тастап қайда көшіп кетпекпіз?

Қинала-қинала алған жарты летрлік суды қылқылдатып тұрып: «Жапонияңды білмедім, арабтардан озғанымыз анық», – дедім қызынып.

***

Сәбең

Адамның екі иығында екі періште отыратыны; оң жағындағы періште жақсы істерін, ал сол жағындағы періште жаман істерін жазатыны, сол арқылы әр адамға тиісті жақсылықтары мен жамандықтары жазылған «Амал дәптері» пайда болатыны қасиетті кітапта жазылған.

Сол секілді әркімнің санасында бір дәптер бар. Жақсысын да, жаманын да өзі жазып жүреді. Өзінікін емес, өзгенікін. Нақтырақ айтқанда, кім саған не жақсылық жасады, не жамандық қылды соның бәрін өзі жазып алады. Және сол жазбалары әлгі «жазушы адамның» өзгелерге деген құрметін, басқалармен байланысын қалыптастырады.

Біздің Сәбең – Сабиттің де өз дәптері бар. Біреулердікі он екі парақтық оқушы дәптері болса, Сәбеңдікі 45 парақтық қалың дәптер. Жұрттар үлкен жақсылықтарды, кешірілуі қиын қиянаттарды ғана жазса, біздің кейіпкер ұсақ-түйекке дейін хаттап отырады. Әлеуметтік желілерде сыни, оғаш пікір жазғандарды жадындағы жазбалардың қатарына түртіп алғанын кешірелік. Бірақ әлдеқандай постына лайк баспағандарды да тізімге алып отыру деген мүмкін емес жағдай ғой. Бірақ бұл Сәбең үшін мүмкін.

Сәбең өзі дөй қызметтегі дөкей жігіт. Көп нәрсе шеше алады. Бұған көптің күні қарайды. Ол өзі жалпысында жақсы адам. Қолынан келген көмегін әркімге тегін жасайды. Тегін деп отырғанымыз сол, тиынсыз тындырып бере алады. Бірақ есепсіз деп айта алмаймыз. Есебі – жаңағы дәптердегі жазбаларға арқа сүйейді.

Әртүрлі шараларда шаршы топқа түскенде алқалаған әлеуметтің арасынан суырылып шығып, құрақ ұша амандасқан адамдардың да тізімі бар ғой манағы дәптерде. Көре тұра бұрылып келіп сәлем бермегендердің де аты-жөні жоқ емес. Сәбең қызметке тұрғанда жақын жүргендерінің бірі (бірнешеуі) бұ кісінің суретін сала қойып: «Сәбит ағамыз нән қызметтің құлағын ұстады, құтты болсын! Абыройлы болыңыз, аға» деп, әлеуметтік желіге салып қояды емес пе. Сол посттардың астына кімнің құтты болсын айтқаны, кімдердің лайк баспағаны да Сәбеңнің дәптерінде жазулы.

Алдына келген, телефонмен өтініш айтқан адамның аты-жөнін миындағы бір программаға салып кеп жібергенде, әлгі адамға не істеу керек екені бірден белгілі болады. «Осы жігіттің маған деген көзқарасы дұрыс. Ылғи сыйлап, ағалап тұрады. Фейсбукқа салған жазбаларыма лайк басып, жылы пікірін жазып жүреді. Қайбір жолы ұлттық экономика туралы жазған постымды арнайы бөліскені бар еді» деген сынды сараптама лезде дайын болады.

«Жақсы, жақсы, мен жігіттерге тапсырамын. Алаңдама, бітіріп береміз. Өзіңе де рақмет. Жақсы, жақсы, амандықта кездесейік. Кез келген уақытта хабарласып тұр», – дейді де шешіп бере салады. Жақсы емес пе?

Ал бір керауыздар болады. Сәбеңді жақтырмаған, қолдамаған сыңай танытып жүреді. Ашық сынайтындары да бар. Ондайларға да өздеріне лайық қарым-қатынас орнатып бере алады. «Қиындау шаруа екен, ыңғайына қарайық. Алдағы апта хабарласшы», – дей салады, болды. Ал не істеп аласың?.

Жоқ, Сәбең соншалықты қазымыр адам емес. Оның да кейде жібитін тұстары бар. Айталық жазбаларына лүпіл баспаған, жылы пікір жазбаған, тіпті бір кезде сыни пікір айтып қалған адам келді делік. Оған күтпеген жерден жақсылық жасап жібереді. Осы бір шарапатымды көрсе, алдағы уақытта бауырларымның қатарынан табылып қалар деп ойлайды. Айттым ғой, Сәбең жақсы адам.

Сіз енді осы жолдарды оқып отырып Сәбең деген кім болды екен деп ойлауыңыз мүмкін. Сәбеңді сіз танисыз. Көріп жүрсіз. Әрқилы бейнеде, әртүрлі қызметте. Өйткені Сәбең деген бір адам емес. Бәріміз Сәбеңбіз. Сәбит деген – сіз, Сәбит деген – мен. Флобердің: «Мадам Бовари — это я» дегеніндей ғой.

***

Мінбер

Аудандық мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарына күтпеген жерден қаржы бөлінді. Күтпеген дегенде көптен күткен қаржы. Күтпеген жерден деп отырғанымыздың себебі – күте-күте күдер үзіліп, «әй, енді бөлінбес» деп күтпеуге айналған кез еді. Артығымен жететіндей бөлінген қаржы жол-жөнекей жұлына, мүжіле келе жетер-жетпес болып түсті ғой.

Әр нәрсені тәптіштемей, мысал ретінде айтсақ, сырдың өзін есептелінген қалыңдығынан екі есе жұқа жаға жүріп жөндеу жұмыстарын бітірген болды. Жаңаланған дүниелер де жоқ емес. Соның бірі – мінбер. Кәдімгі сахнаға қойылатын спич трибуна. Мынау өзі бір жаңа заманға лайықталып әйнектен жасалған әдемі мінбер екен. Бірнеше рет сынып, бірнеше рет қайта жөнделген, тұла бойында шеге тимеген жер қалмаған ескі мінбердің енді керегі жоқ. Маңдайшасына жапсырылған елтаңбаны алып, мінбердің өзін далаға тастады. Енді түкке жарамайды делінген мінбер ағаштан жасалғандықтан тағы бірдеңеге, отындыққа жарайтын болып шықты. Мәдениет үйінің тәртіпті күзетшісі шаруашылық бөлімінің меңгерушісінен «мынаны алып кетсем бола ма?» деп сұрады. Шаруашылық бөлімінің меңгерушісі ойланып қалды. Неге өзі алмасқа?.

 - Жоқ, қазірше тиме, списайт еткенше тұрсын, – деді.

Бәрі біткеннен кейін мәдениет үйінің директорына кіріп есеп берді. «Бәрі жақсы, бәрі керемет, жаңа дүниелер орындарына қойылды, ескі дүниелер шығарылды» деген. Директор меңгерушіден «ескілердің ішінде жарамдылар бар ма екен?» деп сұрады. «Жарамдылардың ішінде сахнаны жабатын шымылдық еді, оны басында-ақ сіздің үйге жеткізіп бергенмін» деп жік-жапар болды бұл. Қыл аяғы трибуна есіне түсті. Меңгеруші оған өзінің иегінің қышып тұрғанын жасырып қалып, күзетшінің сұрап жүргенін айтты. Оны да біздің үйге апара салыңдар деді.

… Мәдениет үйінің күзетшісі монша жағып жүр. Қаусап қалғанға дейін қалтқысыз қызмет еткен мінберді талқандап, отын қылып жағып отыр. Адам дегеннің жанып жатқан отқа қараса ойланып кететіні несі екен?.. Күзетші де ойға батты.

«Мына мінберге кімдер шықпады десеңші, шіркін. Өтіріктердің үлкені де осы мінберде айтылды. Әкімнің есеп беру жиындарының бәрі сол мәдениет үйінде өтетін. Орындалмайтын уәделерге де тойған бұл мінбер. Депутаттыққа түсетін кандидаттар кезек-кезек мінген ғой енді әр замандарда. Мақтаулар да айтылды. Әртүрлі өнер адамдарының шығармашылық кештері өткенде баяндамашылар мен құттықтаушылар шыққан мінбер емес пе?.. Тек шындық айтылмады. Өйткені шындықты айтқысы келетіндерді бұған жолатпайтын. Әкімнің есеп беру жиынында арнайы дайындалған адамдар қоятын сұрақтардың өзі сол көрермен залында қойылатын. Аудандық деңгейдегі бір «қайраткер» кісі бар еді. Сол кісі нешеме рет ұмтылды. Осы мінберге. Бірақ оған сөз берілмейтін. Ақыры жете алмай-ақ кетті бейшара. Енді жаңа мінбер келді. Жаңа өтіріктер, жаңа уәделер айтылады. Ал ескі сөзді құлағы керең болғанша естіген мінбер, міне, жанып жатыр».

Күзетші жалындап жанып жатқан отқа қарап, осындай ойлармен маздап отырды. Айтпақшы, бұл алғысы келген мінберге меңгеруші таласып, одан директор тартып алмап па еді бұл мінберді. Енді күзетшінің қолында қайдан жүр? Күзетші деректірдің үйіндегі шаруаларды қосымша істей жүретін. Соның моншасын жағып отыр. Бары сол ғана.   

Тегтер: