Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:16, 24 Наурыз 2023

Арал-Сыр қазақтары жолбарыс пен тарпаңды қалай аулады?

None
None

Атырау – Алтай арасындағы халқымыздың салт-дәстүрінде аймақтық ерекшеліктер бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, этнограф Тәттігүл Қартаева Сыр мен Арал өңіріндегі қазақтардың әдет-ғұрпын зерттеп жүрген тарихшы. Бүгінгі сұхбатында Сыр мен Арал өңіріндегі қазақтардың балықшылық, аңшылық кәсібіндегі аймақтық ерекшеліктер туралы айтады.

–Тәттігүл ханым, сіз Сыр мен Арал өңіріндегі қазақтардың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын зерттеп жүрсіз. Неге бұл аймақты бөліп-жарып қарадыңыз? Бөгенайы бөлек ерекшелігін, айналысқан кәсіптерін мынау-мынау деп қысқаша айтып беріңізші.

–Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің Археология, этнология және музеология кафедрасының мемлекеттік қаржыландыру негізіндегі этнографиялық бағыттағы далалық зерттеулерінің бір бағыты бірнеше жылдардан бері «қазақы-этнографиялық аймақ» – Сыр-Арал өңірін қамтып жүр. Әрі бұл зерттеулерде жетекшілік етемін. 2018-2020 жылдары «Қазақстанның аридтік аймақтарындағы сумен қамтамасыз етудің дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» атты іргелі зерттеу жобасын жүзеге асырдық. Жерасты грунт суларын шығарып, оны құдықта сақтаудың, ауыз суға, мал суғаруға пайдаланудың аймақтық ерекше үлгілерінің Сыр-Аралдың құмды аймағында қалыптасқанын біздің зерттеулеріміз дәлелдеп отыр. Құдық қабырғасын сексеуіл, жүзгін, көкбұта, жыңғыл, тораңғылмен шегендеу табиғатты дәстүрлі игерудегі халықтық білім. Селеу, баялыш, қамыс қосып өру арқылы құдық ішіндегі ауа циркуляциясының айналымын қамтамасыз еткен. Аралдың Тастүбек түбегінен, Ақирек тауынан алынған таспен шегенделген құдықтардың құрылысы батыстың тас құдықтарынан өзгеше. Ал қыш шегені қалалық өркениеттің ескерткіші. Сыр-Аралдың оңтүстігіндегі Қызылқұм құмдарында сексеуіл шегеннің сегіз қырлы, он қырлы, шеңбер тоқымалары кездеседі. Сексеуіл, тораңғылды тұрмыста дәстүрлі пайдаланудағы халықтық білімдер жүйесінде де сирек кездесетін аймақтық ерекшеліктер осы өңірде сақталған. 2020-2022 жылдарға арналған «Қазақстанның шөлді атыраптарының егіншілік-мал шаруашылық ландшафтарын этнографиялық және геоархеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырулардың тарихи себептері» атты іргелі зерттеу жобамыздың да бір бағыты – Сырдың оң жақ алқабындағы Қызылқұм, сол жақ алқабындағы – Арысқұм, Дариялық тақыр құмдарында жүзеге асты. Сыр-Аралдың шалғай құмды өңірін этнографиялық зерттеу нысанына алуымыз біздің ғылымда түсінікті. Сыр-Арал өңірі қазақ жерінде шөлді, жартылай шөлді мекенді құрайды. Табиғатты дәстүрлі игерудің, яғни жер-су, өсімдік қорын тұрмыста дәстүрлі қолданудың ерекше үлгілері осы өңірде сақталған. Әрі Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойы Орта Азия мемлекеттерімен батысты жалғап жатқан керуен жолдары жоғарыда айтып өткен құмды алқаптар үстінен өткен. Сырдың төменгі ағысы бойынан Арқаның үстінен өтіп, Қостанай жеріндегі жайлауға алып барған қазақ жеріндегі ең ұзақ көш жолы – Сәтбай жолы, Тау жолы. Осы екі көш жолы бір-біріне параллель түскен, біз осы екі көш жолының ізімен әзірге бір бөлігін ғана басып өте алдық. Ырғыз жолы, Жем жолы, Сарысу жолы сияқты көш жолдары да Сыр қыстауларынан бастау алған. Байырғы көш-керуен жолдарының іздері Сыр-Аралдың байырғы қоныстарынан әлі байқалады. Қызылқұмдағы құм-жалдардың арасындағы сайларда орналасқан қыстаулардың орны жақсы сақталған. Қыстау орны екенінің дәлелін құм тоқтату үшін жасалған қоршаулар және құдық, ұра орындары береді.

Құмтөлерден дауыл тұрғанда құм сусылдап көшпес үшін, құм тоқтату мақсатында тораңғыл мен сексеуіл бұтақтарын кіріктіре отырып, жасалған қыстау-қоршау. Солтүстік Қызылқұм. Аралқұм сайы.

Құдық байырғы дәстүрлі гидротехникалық білім, әрі жерасты құрылыс ісі. Көшпелі мал шаруашылығынан отырықшы мал шаруашылығына ауысу кезеңінде қыстаулардағы, көш жолындағы көптеген құдықтарды адам, мал, аң түсіп кетпесін деп көміп кеткен. Көмілген құдықтардың іздерін геоархеологиялық пәнаралық зерттеу нәтижесінде байырғы көш-керуен жолдарының бағытын толыққанды анықтауға, картасын қайта жасауға күш салып жатырмыз.

Көмілген сексеуіл шеген. Қызылқұм ішіндегі Аралқұм сайы.

–Сыр мен Арал өңіріндегі қазақтар арасында балықшылық пен аңшылық кәсібінің жақсы дамуы заңдылық. Өйткені өзен-көл жағалаған халықтың балықшы болмауы, қоға-қамыстағы аң-құсты аулап, аңшы-саятшы болмауы мүмкін емес. Басқа аймақтағы балықшылар мен аңшылардан Арал мен Сырдағы балықшылық пен аңшылықтың ерекшелігін таратып айтсаңыз.

Аңшылықтың ең ерекше, әрі көне, нағыз қазақы үлгілері құм мен қырда. ХІХ ғасырдың соңына саятын  «Үсен тазша мен Ақжарқын» қыз бен жігіт айтысы Қызылқұмда өткен. Айтысқа түскен Үсен тазша қақпаншы болса, қыз Ақжарқынның әкесі, ағалары қақпаншы болған. Айтыста Ақжарқынның Үсенге: «Қақпаныңды қайта ғой түйеге артып» деуі, аңға түйемен шыққанынан мәлімет береді. Қызылқұм қазақтарының арасында түйемен аңға шығу жайында деректер көп. Қаймағы бұзылмаған дәстүрлі кезеңде Қызылқұмда үкіні қолға үйреткен қазақтар болған. Ал Сыр қазақтарының қыр бүркітін баптап, аңға салудың ерекше халықтық білімін игергендігі жайында саяхатшылар мен зерттеушілердің қалдырған жазба деректері де баршылық. ХХ ғасырдың бас кезінен бастап бүркіт баптау Сыр өңірінде жойыла бастаған. Жазба деректерді негізге алсақ, бұл өңірде аңшылықтың құс салу әдісін жас балалар да меңгеріп, оны олар күні бойына кәсіп етіп, олжасын Бұқар саудагерлеріне сатқан. Сыр өңірінің қамыс, сексеуіл, жыңғыл көп өскен жазық даласы аңшылықты дамытуға қолайлы болған. Сыр құсбегілері жырт­қыш құспен тышқан, саршұнақта аулаған. Аңға бүркіт салу бұл өңірдегі ерекше кәсіп. Сырдария, Қуаңдария, Қараөзек бойындағы қамысты алқап­тар­да, Жөлектен шығысқа қарайғы жолдың сол жағындағы Қаратау­дың жергілікті қазақтар Идерментау деп атайтын бөлігінде жолбарыс көп болғаны баршаға белгілі. Поляк зерттеушісі, әрі суретшісі Бронислав Залесскийді әскери сот 1848 жылы Орынбор корпусына солдат етіп жібергенде, оның назары Сыр-Аралға да ауған еді. Б.Залесский: «Арал мен Сыр бойындағы нар қамыстарды жолбарыс атаулының ең көрікті тұқымы патша-жолбарыс мекендейді», – деп жазды. Патша-жолбарыс аулаудағы Сыр қазақтарының әдісі әлі де халық аузында, оған миф деп қараушылар болса, мұрағат құжаттары беретін дәлелдеріміз де жеткілікті. Жолбарыс-қақпанның ерекше үлгілерін де осы өңірден табамыз.

Жыртқыш аңды аулаудың «кереге құру» тәсілін Перовск уезін басқарған әскери шенеунік Г.С.Загряжский жергілікті жолбарысшылардан жазып алған (Загряжский, 1874). 1871 жылы «Военный сборник» журналында жарияланған «Отваж­ный туркестанский охотник Шахан» деген мақалада да осы тәсіл туралы баяндалады. Жолбарыс аулаудағы кереге құрудың осы тәсілін Мұхтар Мағауин «Шақан шері» рома­нының желісіне де арқау еткен.  ХІХ ғасырдың соңында орыс патшасының жолбарыс аулауға «бәс тігуінен» кейін, жолбарысты малын қорғау үшін ғана емес, «күміс ақша» табу үшін аулау науқаны басталған.  Мемлекеттік Орталық мұрағатта жолбарыс аулап, ақшалай сыйақы алған Сыр-Арал қазақтарының тізбесі, сыйақы алу құжаты сақталған. Ертеде Сырдария аңғарында тарпаң көп болған, қазіргі таңда жойылып кеткен. Тарпаңның көне «кертағы» (кер тағы, даланың тағысы, даланың жабайысы) атауы кейін қолданыстан шыққан. Тарпаң алуғада бірнеше адам бірі­гіп шыққан, тарпаңды бірнеше күн байлап ұстаған. Тарпаң алу құралы ертеде садақ, кейін мылтық ауыстырды. Тарпаң алудың көне әдісі аранға қуалап алып келу.

Аран атты қаумал-қоршауға қуалап апарып аулау ертеректе киік табынын аулауға жиі қолданылды. Аранның көне түрі қамыстан жасалды. Қамыс шомдарды буып, қамыс қададан үлкен қоршау жасаған. Киік отарын қамыс қоршау-аранға қарай бірнеше атты аңшылар қуалап апарған. Құмды алқапта аранның бір түрі жыңғыл, сексеуіл, тал, шілік қадалардан қоршау жасап, қоршаудың тұйығына киікті құлататын үлкен қамба, ұра немесе ор қазылды. Сыр өңіріндегі ежелгі аран іздерін жазба деректерге сүйене отырып, Арысқұм, Дариялықтақыр аңғарынан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Геоархеология» Халықаралық лабораториясының өңірдегі геоархеологиялық зерттеуі нәтижесінде анықталды. Аранға құлату немесе аранға қаумалау киік аулауға қолданған. Киіктің суатқа келуін бақылап, үркітіп, аранға қарай қуалаған.

Арал балықшыларының да негізгі көлігі түйе болды. Аралдың балықшылары мұздың үстінен ойық салып, мұз үстінен түйе шанамен балық тасыған. Түйе, ат шаналардың, балыққа шығатын қайықтың Арал балықшылары дәстүрлі үлгілерін қалыптастырған. Арал теңізіне, Қамыстыбас көліне аудың үлкен түрлері салынып, оған түскен балық салмағының ауырлығынан ауды шығырмен жинаған. Ау-шығыр ағаштан жасалатын шығыр қондырғысының күрделі үлгісі, оны түйенің көмегімен тартқан.

Балық сақтайтын қамыстан тоқылған құрал – мардан мұздатқыштың рөлін атқарған. Марданды жергілікті қазақтар күздің бас кезінде жартылай кепкен, яғни әлі жұмсақтығы бар қамыстан тоқыған, себебі қатты қураған қамыс сынып кетеді, сондықтан марданды тоқып алып, дайын болған соң кептірген, қамыс қолды қиятын болғандықтан, бұны тоқымашылық өнердің қиын түріне жатқызуға болады.

Мардан тоқудың жергілікті жерде екі түрлі әдісі болған. Бірі киіз үйдің шиі тәрізді қамыс қурайларын шира­тып бұрап, оны тігінен қойып, он үш жерден көлденеңнен қамыс­тың тек өзінен өріп шықса, ал екінші түрінде қамыстан шақпақ­тап өріп шыққан. Аулаған балықты марданның үстіне тастап, балық үстінен тағы мардан жапқан. Қамыстың арасынан жердің ызасы өтіп, содан балық бұзылмаған.

Өңірде балық аулау кәсібінің жергілікті аймақтық ерекшелігі балық аулаудың кәсіптік лексикасының қалыптасқандығынан көрінеді. Балықшылар қосы, балық қос сияқты балық аулауды кәсіп еткендер тұратын уақытша баспананы іске қосып, бүгінгі күнге дейін алып келді. Балықшылар балық аулау кәсібінен қалыптасқан күнделікті тәжірибемен бірге Арал теңізі мен Сырдария арнасының суы мен толқынына қарап, халықтық астрономиялық білімді, балық аулауға шығар алдындағы ауа райын болжауды игерді. Арал теңізі мен Каспий теңізі балықшыларының да айырмашылығы осыдан көрінеді.

–Аңшылық дегеннен шығады. Биыл тазы мен төбетті қорғау туралы арнайы заң қабылданды. Сіз де осы сала бойынша арнайы грант ұтып алыпсыз...

–2022-2024 жылдарға арналған «Қазақстанның ежелгі және қазіргі мәдениетіндегі қасқыр мен иттің рөлін этнозооархеологиялық зерттеу» атты іргелі ғылыми-зерттеу жобаны жүзеге асырудамыз. ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі қаржыландыруда. Этнозоoархеология – этнологиялық, археологиялық және зоологиялық зерттеулерді біріктіретін пәнаралық ғылым саласы. Қазақстанның іргелі ғылыми зерттеулерінде – бұл бағытта қолданылатын тұңғыш жоба. Жоба орындаушылар тобын этнограф, зооархеолог, геоархеолог, зоолог мамандар құрап отыр, соның ішінде шетелдік мамандар да бар.

Біз бұл жобаны үкіметке алдын ала дайындықпен ұсындық. Соңғы жылдарда ғылыми қоржынымызда ит пен қасқырға байланысты этнозооархеологиялық тұрғыдан түйінін ашатын көп материалдар жинақталды. Соңғы жылдары адаммен бірге ит қосып жерлеген оба, қорымның табылуы, отандық археологтар Е.Ақымбек, М.Шағырбаев зерттеулері, этнограф ғалымдарды иттің тарихи рөлі туралы білімді палеоэтнографиялық, тарихи этнографиялық тұрғыдан кеңейте түсуге жетелеп отыр. Археозоологиялық негізгі ақпаратты осы жерлеу орындарындағы қасқыр, ит сүйектері талдауларынан, палеоэтнографиялық, палеогенетикалық зерттеулерден алуға болады. Жартастардан бұрын белгісіз болып келген «ит-адам», «қасқыр-адам» бейнелерінің тіркелуі, түркі халықтарының қасқыр тотемі мен ит тотеміне қатысты жаңа палеоэтнографиялық көзқарастар қажет екенін күн тәртібіне қойды. Жаңадан тіркеуге алынған жартастардағы тазы, төбеттердің көне суреттері қазақы ит тұқымының жерсіну хронологиясына, биолог-генетик ғалымдар да көзқарастарына жаңа өзгерістер енгізеді. Жоба орындаушы Б.Қожахметов «Қазақ халқының ит культін этноархеологиялық зерттеу» тақырыбында диссертация жазуда.

Тағы да Арал мен Сырға оралсақ. Бұл аймақтың кәсіп пен шаруашылығындағы өзгешелікті айттыңыз. Ал зергерлік өнер мен киім мәдениетінен қандай артықшылық байқадыңыз?

Әрине, Сыр-Арал өңірінің ыстық, шөлді, құмды, желді табиғаты дәстүрлі киімнің аймақтық түрлерін қалыптастырды. Соның бірі – «сұлама кимешек» сәнді, биік етіп тігіліп, мұнара тектес, төбесінен матаның күндік жамылғысын бір жағына түсіріп қояды. Сұлама жаулық үстінен кигізіледі, әрі ерекшелігі жаулық иықты жауып, жаулық жиегі қамзол астында қалғанымен, шашағының қамзол жеңінен көрініп, шығып тұруы өзінше бір сәнділікті береді. Кимешек үстінен киетін күндіктің те бұрала оралып, зер таспамен сәнделетін, күндік мұнарасына үкі тағатын түрлері де осы өңірдің аймақтық ерекшелігі. Зергерлік өнер туындыларында түртпе, қалыптау, безеу, сымкәптеу, сіркелеу әдістерімен жасаудың ерекше үлгілерінің болғанын жергілікті музей құндылықтары айғақтайды. 

–Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер: