Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:47, 20 Қазан 2022

Араша

None
None

Армысыздар, құрметті «Жас Алаш» газетінің редакциясы!

Мен сіздерден көмек сұрап арызданып отырмын.

Менің әке-шешем Сарытерек ауылында 40 жылдай шопан болып еңбек етті. Сол еңбегіне 1995 жылы совхоз жаппай жекешелендірілген кезде Әлібек қыстағынан әрқайсысына 133 гектардан тиесілі болған 266 гектар жер алды. Сол жерді өздері Балқаш қаласына қоныс аударған кезде менің атыма аударып берген болатын. Әлібек қыстағының қаңырап бос тұрғанына да 20 жылдай уақыт өтті. Сол қыстақты алу үшін биылғы жылдың 10 наурыз күні Ақтоғай ауданының сотына арыз түсірдім. Осы қыстақ үшін төрт мәрте сот отырысы өтті.

19 мамыр күні Ақтоғай ауданының соты Рысжанов Самат пен адвокат Қашқынов Бірлік екеуі бос тұрған Әлібек қыстағын барып көрді. Бірақ ешқандай жауап жоқ. Бұл жөнінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке де шағымдандым. Еш нәтиже жоқ.

Ақтоғай ауданы рушылдар мен жемқорлар жайлаған мекен екен.

2015 жылы ауылымызға спорт алаңын салуға 9 миллион теңге бөлінген. Не алаң, не ақша жоқ!

2020 жылдың желтоқсан айында, ақ қар, көк мұзда жер қазып 40 шам бағаналарын орнатып, көктем шыға бұл бағаналар сол күйі құлап қалды. Жарық та жоқ! 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты мектептің аз жалақы алып отырған жұмыскерлеріне үкімет 80 мың теңгеден сыйақы берді. Бұл ақшаны да Ақтоғайдың жемқорлары жоқ қылды. Біздің совхоздың бос жатқан жерлерін Ақтоғайдың жемқор шенеуніктері өзара бөлісіп алған. Ол аз десеңіздер, сол жерлерін кепілдікке қойып, «Даму» банкінен алды 150, соңы 20-30 млн несие алып алған. Мен болсам бос қыстақтағы заңды жерімді ала алмай жүргеніме 5 ай болды.

Ауданның халық соты Рысжанов та зейнеткер! Ақтоғай шенеуніктері алды 5,  соңы 3 жыл бұрын зейнетке шықса да жылы орындарын босатқысы келмейді. Ос сәтте ауданда қос-қос дипломмен қаншама жас жұмыс таппай сандалып жүр! Ал біздегі сорақылықтардың соңы бұл емес.

Құрметті редакция! Бар үмітім сіздерде. Менің бұл арызымды тиісті орындарға жеткізіңіздерші.

Арызданушы «Жас Алаштың» тұрақты оқырманы.

Тегтер: