Ардагерлер аламанда атойлай ма?

Қыркүйектің 23-і мен қазанның 8-і аралығында Қытайдың Ханжоу қаласында өтетін Жазғы Азия ойындары қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамалары құрамдарын жариялай бастады.
Бокстан ерлер мен әйелдер құрамасы тамыздың екінші онкүндігі аяқталар тұста үздіктер есімін хабарласа, күні кеше күрес түрлерінен құрама бапкерлері де арнайы баспасөз мәслихатында журналистерге тізім ұсынды.
Ай, Азиада...
Шындығында, Азия ойындары кешендік сындардағы Қазақстанның басты көзірлерінің бірі еді. Тұңғыш рет жеке құрама ретінде Қазақстан 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарына қатысып, Сары құрлықтағы үш алпауыт елден (Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея) кейін командалық төртінші орынды иеленді. Осы биіктен отандастарымыз 2018 жылғы Азиадаға дейін төмендеген жоқ. 1998 жылы Бангкокта (Тайланд) өткен ойындарда – алаң иелері, 2010 жылы Гуанчжоуда (Қытай) Иран құрамасы ғана ысырғаны болмаса, біз бесінші орыннан төмендеп көрген жоқ едік. 2018 жылы осы үйлесім күрт бұзылды. Индонезия астанасы Жакартада және соған таяу Палембанг қаласында өткен Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 9 орынға бір-ақ сырғыды. Үш алпауыттан бөлек, Индонезия, Өзбекстан, Иран, Тайпей, Үндістан командалары алтынды артық жинады. 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) Қазақстан 28 алтын медаль жеңіп алған болса, арада төрт жыл өткенде алтындар саны екі есе дерлік (15) қысқарды.
Сондықтан алдағы Азиада біздің спорт үшін де үлкен сын болмақ. Бұрынғы биікке қол артуымыз мүмкін бе, әлде үздік алтылыққа кіруді қанағат тұтамыз ба – бәріне уақыт төреші.
Жалпы, Азия ойындары 1951 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. КСРО құрамында отандастарымыз бұл кешенді сынға қатыса алмағаны белгілі. 1994 жылдан бері қарай ғана осы аламанда бақ сынаса да, Қазақстан құрамасы – 557 жүлде (155 алтын, 158 күміс, 244 қола) жүлдемен ойындар тарихында үздік алтылыққа енеді. Үзбей қатысқан Үндістанның алтын жүлделерінің саны да – 155. Демек, миллиард жарым халқы бар елді алдағы Азиадада басып озуға болады. Ал 179 алтыны бар Иранды қуып жету үшін әлі кемі екі Азия ойындары қажет болар. Алға кеткен үш алыпты (Қытайда – 1473 алтын, Жапонияда – 1032, Оңтүстік Кореяда – 745) қуып жетуі тіпті мүмкін еместей.
Әйелдер боксы: бәрін тәжірибе шешеді
Ең алдымен бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Шәміл Сафиуллин тізім жариялады. Бұл жолы Азиадада әйелдер олимпиялық салмақтың барлығында сынға түседі. Төрт жыл бұрын Жакартада әйелдер арасында үш салмақ дәрежесінде ғана жүлделер сарапқа салынған еді.
Сафиуллиннің таңдауы түскен спортшылар: Назым Қызайбай (51 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі) және Валентина Хальзова (75 келі).
Тізімге қарап, үздіктердің барлығы сапта деуге болады. Алайда 51 және 54 келі салмақтарда соңғы жылдары түрлі әңгімелер өрбіп жүргенін ескерсек, Сафиуллин мырза белгілі бір дәрежеде тәуекелге барып отыр. Мысалы, 51 келіде Н.Қызайбай соңғы жылдары аса сәтті өнер көрсетіп жүрген жоқ. Өткен жылғы Азия чемпионатында ол қола жүлдені қанағат тұтса, биылғы әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде болашақ финалист Ингрит Валенсияға (Колумбия) есе жіберді. 2018 жылы Жакартада Назым бір қарсыласын жеңіп, ширек финалда тайпейлік Лин Ю Тиңнен жеңілген еді. Бір қарағанда, Қызайбайға құрама бапкерлері жақсы мүмкіндікті берудей беріп-ақ келе жатқан сияқты. Назым өзі де Ыстамбұлда өткен соңғы әлем чемпионатындағы сәтсіздігін аса ауыр қабылдады. Дегенмен бұған дейін екі рет әлем чемпионы атанған қандасымыз өзінің алғашқы олимпиадасына баруға барын салатыны түсінікті. 2020 жылғы Токио олимпиадасында Қазақстан құрамасы атынан жалғыз В.Хальзова өнер көрсеткенін ұмыта қойғанымыз жоқ. Сондықтан Ханжоу шаршы алаңында Қызайбай бірден олимпиада жолдамасының мәселесін шешіп тастаса, өзіне де психологиялық тұрғыда жеңіл болар еді.
Ж.Шекербековаға да артылар сенім жүгі үлкен. Қазір кәсіпқой боксты шулатып жүрген Ангелина Лукас өзінің құрамаға неге ілінбейтінін Шекербекованың бас бапкердің шәкірті екенімен де байланыстыратыны жасырын емес. Жайна Ыстамбұлдағы әлем чемпионатында қола жүлде иеленді, өткен жылы Азия чемпионы атанды. Оның да серпіле шабар шағы – осы. Әйтпесе, бұдан кейін тым кеш болуы мүмкін.
Құрамадағы басқа қыздар – өз салмақ дәрежелеріндегі күмәнсіз көшбасшылар. К.Ибрагимова әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді, Азия чемпионы атанды. Хальзованың да әлемнен қола медалі бар.
Бокс: Жакартадан Ханжоуға дейін
Естеріңізде болса, 2018 жылы бокстан Қазақстан ерлер құрамасы небәрі 2 күміс жүлде иеленді. 5 алтын алған Өзбекстан табысы жанында біздің қос күміс тым қораш көрінгені жасырын емес-ті. Сол жарыстан соң Мырзағали Айтжанов құраманың бас бапкері міндетінен босатылды. Міне, араға бес жылға жуық уақыт салып, биылғы қаңтар айында Айтжанов құраманы қайта тізгіндеді. Білікті бапкер бір қисық соқпаққа қайта түспеу үшін бәрін де оңдауға тырысып жатыр. Биыл Ташкентте (Өзбекстан) өткен әлемдік додада Қазақстан құрамасының 4 алтын, 1 күміс жеңіп алуы да бапкер ниетінің зор екенін көрсетті.
М.Айтжанов Ханжоуда олимпиялық салмақта өнер көрсетуге мына мықтыларды таңдады: Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Сағындық Тоғамбай (92 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі).
Мұндағы жаңа есім Зейнуллинов қана. Ол жазда Астанада өткен Elorda Cup турнирінде топ жарды. Бұл салмақтың көшбасшысы Санатәлі Төлтаев биылғы әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетті. Екінші айналымда маврикийлік Ричарно Колиннен жеңілді. Сондықтан олимпиада жолдамасы таратылатын Азиадада алғашқы мүмкіндік Зейнуллиновке берілетін сияқты.
51 келіде 2021 жылғы әлем чемпионы, олимпиаданың қола жүлдегері С.Бибосыновқа таңдау түскеніне таңдану қажет емес. Ташкенттегі әлемдік сында ол ежелгі қарсыласы үндістандық Дипак Бхориядан жеңілді. Бұл жекпе-жектің қорытындысына дау айтушылар әлі де жеткілікті. «Азиадаға неге Санжар Тәшкенбай емес, Бибосынов барады?» деушілер қазір де аз емес. Бірақ Тәшкенбайдың, біріншіден, 48 келіде топ жарғанын ұмытпайық. Екіншіден, бір жарыстағы сәтсіздікке бола, өзін құрама көшбасшысы ретінде жақсы танытқан Сәкенді бірден шет қағуға болмас.
57 келіде де қызық жағдай туындап тұр. 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов биылғы Elorda Cup турнирінде М.Сабырханнан жеңіліп қалды. Махмұд соның алдында ғана 54 келіде әлем чемпионатын аса жоғары деңгейде өткізіп, чемпион атанған болатын. Алдағы Азиадада бапкерлер құрамы Сабырханға сенім артып отыр. Олимпиада жолдамасы мәселесін бірден шешіп тастамаса, Махмұдқа қиын болуы ықтимал.
Басқа салмақ дәрежелерінде мықты боксшылардың барлығы сапта. 92 келідегі С.Тоғамбай әлем чемпионатын сәтсіз өткізді. Дегенмен оның осы салмаққа жақсы орнығып қалғаны да рас. Бәрін шаршы алаң шешеді.
Оның үстіне, 2024 жылғы Париж олимпиадасында бокс турнирін Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) емес, Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) өзі өткізбек. Демек, лицензиялық турнирлер мейлінше адал өтеді деп сенуге болар. Қазақстан құрамасы Париж төрінде толық құраммен өнер көрсетіп жатса, бір кетігіміз бүтінделгендей сезінетініміз де өтірік емес.
Грек-рим күресі: қартаймайтын Кебісбаев
Күні кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан күрес федерациясының басшылары құрамалардың қыркүйек айында екі ірі сынға қатысатынын жариялады. 16-24 қыркүйек аралығында Сербия астанасы Белград қаласында лицензиялық әлем чемпионаты өтеді. Ал Азия ойындарында күрес бәсекелері 4 қазанда басталады. Сондықтан кейбір салмақта балуандар айтулы екі сында да өнер көрсетуі мүмкін.
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының тізгінін қайта ұстаған Юрий Мельниченко жариялаған тізім мынадай: Әлем чемпионаты. Марлан Мұқашев (55 келі), Олжас Сұлтан (60 келі), Мамырбек Мұхамедәли (63 келі), Алмат Кебісбаев (67 келі), Ибрагим Магомадов (72 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Диас Қален (82 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі) және Әлімжан Сыздықов (130 келі). Азия ойындары. Айдос Сұлтанғали (60 келі), Мерей Бекенов (67 келі), Азат Садықов (77 келі). Ауыр салмақ дәрежелерінде Тұрсынов, Сырлыбай және Сыздықов Азия ойындарына да қатысады.
Мельниченко мырзаға А.Кебісбаевқа қатысты сұрақ қойып мынадай жауап алдық: «Қазір Кебісбаев өзін тек спортшы ретінде көрсетіп жүр. Алмат – Тәуелсіз Қазақстанның ең даңқты спортшыларының бірі. Ол биылғы Қазақстан халқы спартакиадасын көп қиналмай, өте еркін жеңіп алды. Азия чемпионатында ол өзбек балуанымен ғана ауыр күресті. Оған себеп те бар болды. Алмат өзінің жасы мен тәжірибесінің арқасында құрамадағы орны күмәнге ілінбейтін спортшы дей аламын. Ол өзі қол жеткізбеген биікті бағындырғысы келеді, сол ниеті үшін де оны сыйлауға тиіспіз. Әзербайжан құрамасымен бірге өткізген оқу-жаттығу жиынында Кебісбаев бастан-аяқ жан аямай еңбектенді».
Федерация басшылығы кешенді сын ретінде Азия ойындарына көбірек назар аударылатынын айтса да, Ю.Мельниченко Белград боз кілемінен бос қайтуды қаламайды. Бұл тұрғыда бапкердің өз есебі бар сияқты.
Еркін күрес: бапкер тәжірибеге сенеді
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов құраманың биыл үш кезеңдік оқу-жаттығу жиынын табысты өткізгенін мәлімдеді. Алдағы әлем чемпионатында үздік үштікке ілінген төрт балуан (чемпион, күміс жүлдегер және қола жүлде алған қос балуан) Париж олимпиадасына тікелей жолдамаға иеленеді. Ал бесінші орын алған екі балуан қосымша белдесу өткізіп, бесінші жолдаманың иесін анықтайды. Сондықтан бапкер Белградтан кемі екі-үш жолдама жеңіп алуға ынталы екенін айтып өтті. 74 келіде жас талант Дархан Есенғалиға әлі де тәжірибе жетпейтінін, сондықтан Нұрқожа Қайпановқа көп сенім артатынын тілге тиек етті. Сонымен, әлем чемпионатында мына балуандар бақ сынайды: Мейрамбек Қартбай (57 келі), Дастанбек Өсімжан (61 келі), Әділ Оспанов (65 келі), Санжар Досжанов (70 келі), Нұрқожа Қайпанов (74 келі), Болат Сақаев (79 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі), Ризабек Айтмұқан (92 келі), Әлішер Ерғали (97 келі), Юсуп Батырмырзаев (125 келі). Осы балуандар ішінен ауыр салмақтағы үшеуі (Дәулетбеков, Ерғали және Батырмырзаев) Азия ойындарында да күреседі. Бапкерлер құрамы кеңесе келіп, Ә.Ерғалиді қайтадан 97 келіде сынға салмақ. Бұл салмақта басқа балуандардың бабы олқы сияқты.
Әйелдер күресі: Бақбергенова екі сынға қатысады
Әйелдер құрамасы жыл басынан бері екі топқа бөлініп, түрлі жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қатысты. Құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев Марина Седнева (53 келі), Елена Шалыгина (68 келі) және Жәмила Бақбергеноваға (76 келі) ерекше сенім артатынын айтып өтті. Жәмила бұған дейін 72 келіде екі рет әлемдік додалардың күміс жүлдесін иеленген еді. 76 келінің көшбасшысы Эльмира Сыздықова жарақатынан толық айықпағандықтан, Азия ойындарында бұл салмақта Бақбергенова сынға түседі. Яғни Жәмила әлем чемпионатында – 72 келіде, Азия ойындарында 76 келіде күреседі.
Аталған үштіктен бөлек, бапкер таңдауы түскен балуан қыздар тізімі мынадай: Әлем чемпионаты. Марал Тәңірбергенова (50 келі), Алтын Шағаева (53 келі), Айнұр Әшімова (57 келі), Диана Каюмова (59 келі), Ирина Кузнецова (62 келі), Ирина Казюлина (65 келі), Іңкәр Жаңатаева (76 келі). Азия ойындары. Светлана Анкичева (50 келі), Эмма Тисина (57 келі), Ирина Кузнецова (62 келі).