Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:42, 20 Наурыз 2025

Арғын Нығматулин тергеуден бұрын елден кетіп қалған – Антикор

Арғын Нығматуллин
Фото: «Сарыарқа» ХК баспасөз қызметі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәліметінше, Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулин тергеу басталғанға дейін Қазақстаннан шығып кеткен. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев Сенат кулуарында мәлімдеді.

Антикор өкілінің айтуынша, Арғын Нығматулинге қатысты қылмыстық істі басқа орган жүргізуде, ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тек іздеу жұмыстарымен айналысады.

"Антикор Нығматуллинге қарсы тергеу жүргізіп жатқан жоқ. Бұл іске басқа орган жауапты. Біз тек іздестіру жүргіземіз. Біз оның Қазақстанда жоқ екенін білеміз. Ол тергеу басталғанға дейін елден кетіп қалған", – деді Дархан Құрақбаев.

Прокуратура мәліметінше, Арғын Нығматулин Қарағандының "Сарыарқа" хоккей клубын қаржылық қиындықтарға ұшыратқан. Қазіргі уақытта клубтың қарызы 170 миллион теңгеден асады.

Айта кетейік, Нығматулиндер отбасы Қазақстанның саяси және бизнес элитасында ықпалды тұлғалар саналады. Бұған дейін Нұрлан Нығматулин Мәжіліс спикері қызметін атқарған. Алайда соңғы уақытта оның және туыстарының аты жемқорлық істеріне байланысты жиі аталып жүр.

Арғын Нығматулиннің ісі бойынша оның ағалары Ерлан және Нұрлан Нығматулиндердің қандай да бір қатысы бар-жоғы нақты белгісіз. Антикор бұл мәселеге қатысты ешқандай тергеу жүргізіп жатпағанын хабарлады.