Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:35, 15 Қараша 2022

«Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып»

None
None

                                                   «Адам өзіне не керек екенін анық білмей

                                                   тұрып, ештеңеге қол жеткізе алмайды».

 

                                                                                              Альбер Камю,

                                                                    Нобель сыйлығының лауреаты

      «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп» (Абай) емес, баласын жетектеп, жетекке  жүрмегенін сүйрелеп жүріп жайлы орын, қабырғалы қызметке қадап қойғысы келіп тыраштанып, жанталасып, ит әуреге түсіп жүретін әкелер бұрын да болған, қазір де жетіп артылады. Бір саусағы ішіне бүгулі әке «Балаң – байлығың» деген нақыл сөзді тура мағынасында түсініп, баласының алатыны алтын, көретіні күміс, беретіні берекесіз малтапқыш болғанын қалайды. Азамат бол, «майданға түспей бәйге алма» деудің орнына, дөкей болса дейді. Ол шіркіндеріңізде «талап, еңбек, терең ой» (Абай) болмаған соң, ішкі есебі іріп тұрған әкенің «асыл» арманы қайдан жүзеге аса қойсын. Дегенмен әкенің атымен әкімқара болып жатқандар аз емес. Айталық, оңтүстіктегі бір жазушы ағамыз баласын ана төбеге бір, мына төбеге екі түнетіп жүріп, ақыр аяғы аудан әкімі етіп, жаны жай тапты-ау, әйтеуір. Көп жыл сенатор болған көкеміз баласын мәпелеп мегаполиске монстр етіп қойған еді, ол шіркініңіз әке сенімін ақтамағаны былай тұрсын, ұятқа қалдырып ұшты-күйлі жоғалды. Ана бір академик ақсақалымыз еңсесі биік Ақорданың емен есігін емін-еркін ашып, кіріп-шығып жүріп, баласын министр етіп еді, ол бәтшағарыңыз бір-екі жылдан соң берекесі кетіп, «бетті басты, тұра қашты». Бәрінен бұрын «Жетектеген ит аңға жарымас» деген көптің күлкісіне қалды. Үкіметтің үлкен креслосында отырған ана бір жігіт ағасы күйеу баласын жарылқап, майлы жіліктің басын ұстатып еді, ол болса, халықтың несібесіне қол сұғып, «кеміргіштер» отрядына қосылып, баукеспе ұры болып шықты. Осындай жең ұшынан жалғасқан қамқоршылардың «қайрымдылығы» Ақорданы айналып өтпеген соң, аудан мен облыстарда «ит сақтап» жүрген әкелерден көз сүрінбегенде, қайтсін-ай. Қайсыбірінің болсын түбін түртіп қалсаңыз, дөкей әкенің, не әлдебір құдіреті күшті «зымырантасығыштың» қолтаңбасын көре қаласыз. Талантты адам тасада қалады. Данышпан Абай өзінің қырқыншы сөзінде: «Қай қазақты көрсем де, қай баласы жасырақ болса, оның басынан пәрмене  болып жүріп, ержеткен соң суық тартатұғыны қалай?» деп сауал тастайтыны бар. «Суық тартатынын» түсінуге болатын шығар-ау, ал әкенің беделі мен байлығы баланы көбіне-көп азғындатпаса, ұшпаққа шығармайды екен. «Құлды құл десең өлгісі келеді, биді құл десең күлкісі келеді» дегеннің кері.

      Жер бетіндегі өсімдіктер жиналып өздеріне патша сайлап алатын болыпты. Бірінші кезекте – зәйтүн, жүзім, алма, өрік ағаштарының келісімін сұрапты. Олар болса өздерінің қасиетті орындарын аса мәртебелі билік лауазымына айырбастағылары келмепті. Сонда ешкімге қажеті жоқ тікенек ғана келісімін беріп, тәж киіп, таққа отырыпты. Бұл аңыздың астарында жатқан алапат ой: билікке кемтарлар құмар келеді екен. «Ит сақтап» жүрген әкелерге емес, көтере алмайтын шоқпарды белге байлап әуре-сарсаңға түсіп жүрген сол балаларға жаның ашиды. «Ат тұяғын тай басар» деген қазақ мақалының өнер адамдары мен кадрлық саясатқа еш қатысы жоқ. Өйткені  шалажансар, шикі, қабілетсіз «тайларыңыз» пісіп жетіліп ат болам дегенше, уақыт күтіп тұрмайды, бәрінің астаң-кестеңін шығарады.

      Американың бір бай адамы ержеткен ұлына: «Абрам Линкольн сенің жасыңда мектепте үздік оқып, үлгілі тәртібімен, өнегелі тәрбиесімен қатарының алды болған. Сенің жүрісің мынау», деп кейіпті. Сонда ұлы: «Абрам Линкольн сіздің жасыңызда АҚШ президенті болған ғой» депті. Баласының жан дүниесімен санаспай, қабілет-қарымын ескермей, басқа шауып, төске өрлейтін тыраштығын түсінуге болатын шығар-ау, ал «Құрғақ қасық ауыз жыртады» деп  сыйақы мен парасын әлдебір ашкөздердің өңешіне тықпалайтыны тағы бар. Мұндай «қайырымдылықты» ұяда көрген бала ұмытпай, есейгенде қайталамай қоймайды. Осылайша бала бойына парақорлықтың дәнін сеуіп баулимыз.

      Адамзат баласы ақылды адамдарға зәруліктен жақын арада құтыла алмайды. Сол зәрулікті аз да болса төмендетудің тәсілі – жоғары билік эшелоны ұсақ пиғылды шенеуніктерден арылып, үлесті молынан қарпып қалуға тырыспайтын, елдің, ұлттың атын төмендетпеу үшін жұмыс істейтін мықты тұлғаларға иек артуы керек.

      Түркия республикасының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ата- Түрік ағылшын патшасы VІІІ Эдуардты елге шақырып, кешкі қонақ асын беріп жатқанда даяшылардың бірі қолындағы үлкен астаумен бірге жерге құлап түсіпті. Шыны ыдыстар сынып, тағамдар еденге шашылып кетіпті. Сонда Ататүрік түк болмағандай: «Құрметті патша мырза! Мен түрік ұлтына барлық нәрсені үйреттім. Бірақ малай болуды үйрете алмай кеттім», – депті де даяшы жігітке қызметін жалғастыруды бұйырыпты. Бізде мұндай ұят тірлікті ешкім де ешқашан да кешірмес еді. Ал Ататүрік болса, адамдардың жүрегін жаулап алу арқылы билік жүргізуді қалайтын нағыз патриот, түрік ұлтына әке болған ұстаздың сөзін айтыпты.

      Сол Ататүріктің алдына қолында қағазы бар бір әйел келіп: «Мен сіздің Солоникидегі көршіңізбін ғой. Менің бір ұлымды сіз айтсаңыз да мемлекеттік теміржолға жұмысқа алмайды» депті. Сонда Ататүрік: «Мен айтсам да алмады ма? Қандай жақсы болған! Міне, республикадан күткен нәтижеміз осы болатын», – депті. Туған елге – республикаға деген мұндай сүйіспеншілік пен адалдықты бізде көзге елестету мүмкін емес. Бандиттің маскасын киіп кіріп келген тәуелсіздік қанағатпен қарын тойдырып жүрген халықтың мінез-құлқын аз уақыттың ішінде деградацияға ұшыратып, адалдық алаңын ашкөздік, қомағайлық, қанағатсыздық, көзбояушылық, парақорлық, ысырапшылдық, т.б. күл-қоқыстармен көміп тастады. Біз әлі күнге сол тәуелсіздіктің «балалық ауруларынан» арыла алмай келеміз. Кемеңгер Абай күрсініп, өзінің қырық бірінші сөзінде: «Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен, не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес» дейді.  Сол Абай заманындағы ауруларымыз асқынбаса, беті қайтатын түрі көрінбейді.

      «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» (Абай) демекші, қазір қызметкерлерді, әсіресе, педагог кадрларды жұмысқа қабылдау бір шама жолға қойылып келеді. Шүкір делік.  Бұрынғыдай қатырма көк қағазды парамен тұздықтап, екі аттап биге шығу азайды. Соңғы екі жылда бірде-бір жаңа мұғалімді жұмысқа қабылдамаған мектептер де бар. Бұл мұғалім болудан дәмелілер «дефицит», «ит сақтап» жүргендер мүлдем құрып бітті дегенді білдірмейді. Оның себебі, дипломы бар, бірақ шала  сауатты, шикі, қабілетсіз, өзіне сенімсіз жастар тестік бақылаудан өте алмайтынын біліп, «тар жол, тайғақ кешуден» қорқып, масқара болғылары келмейді. «Бар істі ақша бұзар киліккенде» демекші, қиын соқпақтан «сүрінбей» өтіп кетіп жатқандар бар шығар-ау, оған күмән жоқ. Демек, бұл прогрессивтік тәсілді тереңдете енгізіп, кездейсоқ, қадірсіз кадрлардың қанат жаюына жол бермей, табанды түрде күресу керек.

      Қазақтың атақты ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Ағыл-тегіл дүниең  де жетпейді, Әділдіктің өзі жетпей жатқан соң» дейді. Сол әділдік пен адалдық құстың қос қанаты сияқты. Отанға адалдық – ұлы ерліктерден ғана тұрмайды, бал бұлақтардан бастау алатын арналы өзендер сияқты, кішігірім әрекеттерден де көрініс тауып жатады. Кім болса да ешкімге жалтақтамай, жәутеңдемей, сүйкенбей, сүйенбей, сыйынбай, құлдық мінезбен құрақ ұшпай – Отанды ойдан, халықты естен шығармай адал қызмет етіп жатса, «Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» (Абай) демес едік.

      Көшеге шықсам кәсіпкер көршіміз немерелерін «Джип» көлігіне мінгізіп, мектепке апара жатыр екен. Бас изестік.

Тегтер: