Арман Шораев: Үйде кім қожайын екенін көрсететін уақыт жетті
Қазақстанды шулатып жатқан утилизациялық алым мен «Оператор РОП» туралы менің пікірімді сұрағандар көп екен.
Сол үшін мен бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үндеу жасамақпын.
Құрметті Президент! Сіздің өзіңізге сенімді адам екеніңізді біліп, өткенде «президент деген халыққа онша ұнамайтын шешімдер қабылдауға мәжбүр адам екені» туралы айтқаныңызды естіп, мен сізден тым созылып кеткен осы бір былықты тоқтатуыңызды сұрағым келеді. Құны аспандаған утильсборды жоюды сұраймын. Неге дейсіз бе?
Соңғы бірнеше жылда Қазақстан экономикасынан 200 миллиард теңгеден астам ақша сыртқа әкетілді. Ол ақша елдің бюджетіне түспеді, әлеуметтік бағдарламаларға салынбады, ол 200 миллиард теңге бір әйелдің қалтасына кетті. Мен оның ақшасын түк те қызғанып отырғаным жоқ. Бірақ біз «банановый» мемлекет емес шығармыз, утилизациялық алымға қып-қызыл ақша төлейтін адамдар, оның ішінде мен де, менің достарым да бар, 350 мың теңгеден бастап, 6 миллион теңгеге дейін төлеген. Мен, тіпті, ауылшаруашылық техникасы туралы айтып отырған жоқпын. Импорттық бір тәуір деген комбайн, шамамен, жарты миллион доллар тұратын болды. Экономикадан 200 миллиард теңгені бұра тартып әкетуден бөлек, Қазақстанның барлық азаматтарына ауыр салмақ болып отырған басы артық төлем бұл. Автобус сатып алып, сосын, утилизациялық алым төлеген адам амалсыз жолаушыларды қымбат жолақыға тасымалдайды. Автобусқа мінген әрбір адам әр жүргені үшін артық ақша төлеп жатыр, утилизациялық алым үшін. Тіпті, нан да солай, оның бағасының 5-10 теңгесі утилизациялық алымның кесірі. Кез келген тауар, жүк болсын – логистиканың бәріне осы бір алым ауыр салмақ болып отыр. Кез келген ұсақ тауардың өзі әр данасы үшін 50-100 теңгеге қымбаттап кетеді.
Нәтижесінде, елге, халыққа, экономикаға орасан зардап келіп жатыр, инфляция өршеленіп, күн санап баға өсіп жатыр. Соның бәріне ақылға сыймайтын утилизациялық алым кінәлі.
Әлемнің ешбір елінде дәл Қазақстандағыдай жекеменшік компанияның бүкіл халықты қосымша салықпен сорып отырғаны сияқты сорақылық жоқ. Меніңше, утилизациялық алым деген – жанама салық. Ол ақшаның бәрі мемлекет қазынасына түсіп жатса, әлеуметтік көмек түрінде халықтың осал топтарына дейін жетіп жатса, қайырымдылыққа кетіп жатса, бір жөн дер едік. Бірақ ол ақша бір адамның түбі жоқ қалтасына кетіп жатыр. Ол ақшаның фильм түсіруге, кітап басып шығаруға жұмсалып жатқаны халықтың ашуын туғыза түсуде.
Халық ақымақ емес, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сол үшін мен сізден утилизациялық алым сомасын кемінде 10 есеге төмендетуді сұраймын. Екіншіден, «Оператор РОП» компаниясын мемлекет меншігіне алуды сұраймын. Оның халықтан сыпырып алатын ақшасы мемлекет қазынасына түсу керек.
Мұндай шешімді қабылдау оңай емес екенін жақсы түсінемін, бірақ сөйтетін уақыт келді, үйде кім қожайын екенін көрсететін уақыт жетті. Сонда мен сізді менің президентім деймін.
Ізгі ниетпен,
Арман Шораев