Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 02 Мамыр 2025

Арзан картоп шетелде емес, қоймада, Шаққалиев мырза!

Шаққалиев
Фото: Жас Алаш коллаж

Биылғы қаңтар-ақпан айларында елімізге 17,9 мың тонна картоп шетелден келіпті. Осылайша елге келетін картоп импорты биыл 90 есеге көбейген.

 Ал импортталатын пияз 8 есеге (403,8 тонна), бақша өнімдері 11 есеге (370,5 тонна), жеміс-жидек 3 есеге (12,7 мың тонна), алма 22,5 есеге (7,2 мың тонна) артыпты. Тізе берсек, басқа өнімдердің де шеттен келу көрсеткіші артқанына көз жеткіземіз.

Ат арытып алыс-жақын шетелден тасымалдағаннан кейін бұл өнімдер Қазақстан нарығына кіргенде қымбаттап сала береді. Тасымал шығыны бар, кедендік алымы бар барлығын қосқанда шеттен келген импорт инфляцияны арттырып тұр. Қазір елдегі инфляция 10 пайыз. Сарапшылар «Астана, Алматы, Ақмола облыстарында бұл көрсеткіш тіпті 13 пайызды маңайлап тұр» деседі.

Жалпы сала мамандары инфляция одан әрі үдемеуі үшін үкіметке ең алдымен елдегі Тұрақтандыру қорларының жұмысын реттеу керектігін айтқалы біраз болды. Халықтың дастарқаны импорттың үлесін арттыра беру арқылы толмайтынын, керісінше, өзіміздің отандық азық-түлік қорлары болуы керегін, қысыл-таяң кезде сол қорларды «қауіпсіздік жастықшасы» ретінде қолдану қажеттігін мамандар айтудай-ақ айтып жүр.

Алайда мұндай ұсыныстарды сауда және интеграция министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігі ескере бермейді. Бұл ведомстволар елдегі тапшы өнімдерді импорттап әкелуге әбден машықтанған. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын елде тапшылық туындап, картоп пен сәбіздің бағасы 500-700 теңгеге дейін өсіп, халықты бір шулатқан кезең болды. Сол тұста сауда және интеграция министрлігін басқарып тұрған Бақыт Сұлтанов арзан картоп іздеп Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанға дейін барды. Осы кезеңнен бастап форвардтық келісім (орындалуға міндетті мәміле) деген сөз бізге таныс бола бастады. Бақыт Сұлтанов көршілерден арзан картоп сұрап, форвардтық келісім жасап, қымбатшылықты уақытша тежегенімен, импорт саудасын одан әрі өркендетіп кетті. Қазіргі министр Арман Шаққалиев Сұлтановтың сол стратегиясын жалғастырып ала жөнелгендей. Биыл тіпті елімізге Қытай мен Пәкістаннан картоп импорттала бастады. Ал мамандар айтып жүрген: Тұрақтандыру қорларының жұмысын реттеу, азық-түлік қоймаларын халықаралық стандартқа сай ету, азық-түлік қорларының жұмысын жаңғырту істері әзірге оңалар түрі көрінбейді.

Бұған дәлел министрлер әрқилы келісім жасап, импорттың соңынан жүгіріп жүргенде биыл еліміздің Тұрақтандыру қорларында жатқан 1 келісі 115 теңге тұратын арзан картоп тіпті дүкен сөрелеріне саудаға да шықпай қалған. Мәселен, өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысының тұрақтандыру қорынан қыс бойы жатып қалған 90 тонна картоп табылды. Қазір «Солтүстік» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) мұнша көлемдегі картоптың дер уақытында халыққа неге жетпегенін түсіндіре алмай әлек. Тексеріс барысында күтпеген жерден табылған картопты аталмыш ведомство бүгінде жеке кәсіпкерге бере қойыпты. Бұған қатысты «Солтүстік» ӘКК» басқармасы төрағасының орынбасары Ғамали Жұмашев осы уақытқа дейін қорда бар картоптың 160 тоннасын игергендерін, ал қалған 90 тоннаны табыла салысымен (бүлініп кетпесі үшін) жеке кәсіпкерге бергендерін, ол күзде тура осындай көлемде картопты қорға әкеліп қоятынын айтып ақталды. «Ол картопты кәсіпкерге неге бересіз, әлде дүкендерде біздің картопқа сұраныс жоқ па, сонда бұл артылған көлем бе» деп қарша бораған БАҚ өкілдерінің сұрақтарына шенді жауап бермеуді жөн көрді.

Негізінде, үкіметте Тұрақтандыру қорларының жұмысын бақылау, ондағы өнімдердің сақталуы, олардың бағасы, сапасы барынша талқыланып жатады. Өткенде сондай бір кеңесте қордағы өнімдердің көлеміне қатысты Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның (ӘКК) қате ақпарат беретіні де айтылды. Бұған қатысты ауыл шаруашылығы министрлігі берген деректерге жүгінсек, ӘКК Маңғыстау облысында қорда 2,5 мың тоннадан астам өнім бар деп мәлімдесе, тексергенде оның тек 25 тоннасы ғана нақты расталған. Шығыс Қазақстан облысында мәлімделген 1,6 мың тоннадан астамының тек 35 тоннасы ғана болған. Атырау облысында мәлімделгені – 394 тонна, расталғаны – 110 тонна. Абай облысында мәлімделгені – 2,2 мың тоннадан астам, расталғаны – 183 тонна. Жамбыл облысында мәлімделгені – 2,6 мың тоннадан астам, тексеру нәтижесінде бар болғаны 308 тонна расталды. Ұлытау облысында 1,8 мың тоннадан астам деп мәлімдегеннің нақты 827 тоннасы болған. Батыс Қазақстан облысында ӘКК мәлімдеген 2,3 мың тоннадан астамының 1,3 мың тоннасы расталған. Қазір анықталған осы кемшіліктер негізінде бұл істі дұрыс бақылай алмаған облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жарияланған. Министрлік «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз» деседі.

Ал экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің сөзіне сүйенсек, сөгіс жариялап, шараларды атқарумен іс біте қоймайды. Нақты шешімдер қабылданбаса, үкімет биылғы жаз тағы да «картоп безгегімен» бетпе-бет келеді.

«Өткен аптада Алматыдағы супермаркеттерде жаңа қазылған картоп бағасы жұртты шошытты. Әлеуметтік желілерде еліміздің белгілі бір супермаркетінде бір келі ерте піскен картоп бағасы 1 299 теңге тұратыны көрсетілді. Ең қызығы, бұл баға импорттық емес, отандық өнімге қойылған. Әлгі бағасы қымбат картоп Түркістан облысында өсірілген екен. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен сауда министрлігі тексеру жүргізіп, бағаның күрт көтерілуін маусымдық жағдаймен түсіндірді. Яғни әзірге өнім аз, сұраныс жоғары. Бұл баға бір апта көлемінде қалыпқа келеді-міс. Енді қараңыз, биыл қыста, дәл осы Түркістан облысының Өзбекстанмен шекарасында мыңдаған тонна картоп шіріп кетті. Себебі Павлодардан Ташкентке жеткізілуі тиіс картопты ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері «тексереміз» деп, Сарыағаш шекарасында тоқтатқан. 10 күн бойы тексеру барысында 43 вагонға артылған картоп бұзылып кетіп, не өзімізге, не өзгеге бұйырмады. Міне, ең бірінші бізге осындай олқылықтарды тыю керек.

Екіншіден, биыл біз Қытайдан, Мысырдан, Пәкістаннан картоп импорттай бастадық. 2024 жылы 19 тонна ғана картоппен қамтыған Қытай, биыл бізге 11,3 мың тоннасын жеткізіпті. Қазір Қазақстанның дүкендерінде «Қытайда өндірілген» деген белгісі бар картоп пайда бола бастады. Негізінде өзіміздің отандық диқандардың еңбегін бағалау керек. Елімізге бізде өспейтін цитрусты жеміс-жидектерді ғана кіргізсек бір жөн. Қарағанды, Павлодар, тіпті аңыз болған Нарынқолдың картоптары бола тұра, импорттың саудасын қыздырып жүргеніміз ақылға қонымсыз.

Үшіншіден, 2020 жылдары Асқар Мамин үкіметті басқарып тұрған тұста «Қазақстан әлемдік азық-түлік хабына айналады» деген мәлімдемелер жасалды. Қазір азық-түлік хабына айналмақ түгілі, өзіміз елден азық-түлік сұрап отырмыз. Біздің елде сыйымдылығы 2 млн тоннаға жуық көкөніс пен жеміс сақтайтын 1 200-ден астам қойма бар. Тұрақтандыру қоры деген – осы. Сол Тұрақтандыру қоймаларына арзан кезінде өнімдерді сатып алып сақтау қажет. Ол қоймалар халықаралық талапқа сай технологиялармен қамтамасыз етілуі керек. Әттеген-айы, бізде ол қоймалардың сапасы сын көтермейді. Өнімдерді сақтайтын қоймалар сыз тартып, онда өнімдер шіріп жатады. Қоймалардың жетіспеушілігінен, ондағы өнімдердің дұрыс сақталмауынан 40-45 пайыз өнім тұтынушыға жетпей жарамсыз болып қалады. Үкімет үшінші кезекте осы мәселемен айналысу керек. Біз өзі қызықпыз, азық-түлік сақтайтын қоймаларымыз сыз тартып жатса да азық-түлік хабына айналу туралы жоспар құрамыз. Небір жол карталарын жасаймыз. Түрлі жоспарлар мен жобалар құрамыз. Жаңылмасам, бізде картоп өсіруге қатысты да жол картасы жасалды. Мұндай көзсіз қиялдарды доғарып, нақты іске көшкен жөн», – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Айтса айтқандай, үкімет пен үкімет мүшелерінің есеп беріп, жоспар құрып, жол карталарын жасаудан «картопты жарып» қоятыны бар. Мамин үкіметі тұсында әлемдік азық-түлік хабына айналудан бөлек, картоп, көкөніс өндірісін ұлғайту бойынша да талай жоспарлар құрылған. Мәселен, 2019 жылы ауыл шаруашылығы министрі болған кезінде Сапархан Омаров картоп өсіру саласын дамыту бойынша білдей бір «Жол картасын» әзірлеп жатқандарын жиі айтатын. Жоспар бойынша нақ сол «Жол картасы» елдегі картоп өндірісін нықтап, өнім бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін еді. Бірақ осы жоспардан кейін, керісінше, 2021 жылы елде картоптың бағасы ырыққа көнбей, шарықтап кете барды. Ол жағдайға байланысты қисынсыз мәлімдемелер жасағаннан кейін Сапархан Омаров отставкаға кетті. Сөйтіп картоп және көкөніс өндіру бойынша жарнамасы жер жарған жол картасының қызығын көрмедік.

«Экономика және Құқық» институтының маманы, экономист-сарапшы Дәурен Арынмен де пікірлескенбіз. Маманның ойынша, бізде әр нәрсені жоспарлауда, жобалауда статистика қате жасалады. Есеп қате болған соң көбіне осыдан опық жеп жатамыз. Әсіресе жергілікті әкімдер тарапынан өтірік ақпарат беру жиі кездеседі.

«Біз жыл сайын өнім қымбатшылығымен бетпе-бет келіп отырмыз. Бір жылы картоп қымбаттаса, екінші бір жылы қант қат болып қымбаттады. Мысалы, 2023 жылы пияз қатты қымбаттады. Сол жылы Жамбыл облысы 1,1 млн тонна пияз өндірді. Бірақ осындай көрсеткішке қарамастан, Жамбылдың өзінде пияз қатты қымбаттады. Артынан үкімет пияз экспортына тыйым салып, әбігерге түсті. Мұндай жағдай неге жылда қайталанады десек, себебі бізде статистика қате беріледі. Статистиканы өсіріп айту екпегенді «екті», алмаған өнімді «алды» деп асырып айту көп. Мұндай есептерді беруге келгенде жергілікті әкімдіктер алдарына жан салмайды. Ал «көп өнім алып жатырмыз» дегенді естіп алған үкімет олардың берген есебіне сүйеніп, көбірек өнімді экспортқа шығарып жібереді. Барлығы сыртқа сатылып кеткеннен кейін ішкі нарықта өнім тапшылығы туындайды. Баға қымбаттайды. Мұндайда бізге көмекке келіп, қысылтаяңда құтқаруы тиіс Тұрақтандыру қорындағы өнімдер әкімдердің өтірігінің орнын толтыру үшін баяғыда сатылып кеткен болуы да мүмкін. Сондықтан бұл арада бірінші тура есеп, нақты статистика қажет. Үкімет осыны бақылауға алмаса бізге ешқандай Тұрақтандыру қоры да, Азық-түлік хабы да, басқа қажетті шаралар да көмекке келе алмайды. Экономиканың жауы – жалған статистика. Жергілікті ауыл, аудан, облыс әкімдерінен бастап министрлер, әрбір ведомство басшылары осыны шынайы статистика беріп үйренбейінше нәтижелі еңбек болмайды. Министрлер мен әкімдер осы әдеттен арылса, шындыққа жақындар едік. Барлық салада тәртіп орнар еді», – дейді сарапшы.

Жалпы сала мамандары елдегі тұрақтандыру қорларының аты бар болғанымен заты жоқ екенін, оларды заманауи тұрғыда жұмыс істете алмай отырғанымызды, сондықтан да жыл сайын өнім тапшылығымен, қымбатшылығымен тап келе беретінімізді де алға тартуда. Сондықтан тұрақтандыру қорларындағы өнімдік қорларды шешіп, өңірлер мен мегаполистерде апта сайынғы жәрмеңкелерді қайта жандандыру қажет дейтіндер де бар. Алайда тозған қойманың үстінде отырып та әлемдік азық-түлік орталығына айналу туралы жоспар құра беретін біздің шенеуніктер мұндай ұсыныстарды ескере қояр ма екен?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: