Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:39, 19 Қаңтар 2023

Арзанды қымбатқа айырбастау саясаты

None
None

Қарашада Президент сайлауын өткізіп алдық. Қаңтарда Мәжілістің тарайтыны айтылып жатыр.

Мұндай жағдайда төменгі палатаға сайлау наурызда өтеді деген сөз. Осындай саяси науқандардың бәрін бітіріп, көңілін жайлап алған өкімет коммуналдық қызметтердің тарифін көтеруді жоспарлап отыр. Бізде қымбаттатуға келгенде, билік бәрін керісінше жасайды: «алдымен саясат, одан кейін экономика».

 Естеріңізге сала кетейік, елде коммуналдық қызметтердің тарифін көтеруді былтыр қыркүйекте халыққа арнаған жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын-ды.

— Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры, соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлардың туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде, 15 пайызға азайту қажет, – деген президент тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатымен басқалар үшін бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тарту қажеттігін мәлімдеген еді. Қазір өңірлерде антимонополия мекемелері президенттің тапсырмасын орындауға кірісіп кетті.

Жуырда Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қалалық департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев арнайы брифинг өткізіп, Тоқаевтың жоғарыда айтқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Департамент басшысының айтуынша, дәл қазіргі уақытта Шымкентте тариф тұрақты. Тіпті соңғы жылдары кейбір коммуналдық қызметтердің бағасы арзандады.

– 2018 жылдан бастап, департамент тарапынан реттелетін жылумен, сумен жабдықтау, су бұру, газбен жабдықтау салаларындағы коммуналдық қызметтерге тарифтер қымбаттаған жоқ, керісінше, төмендеді. Мысалы, газбен жабдықтау тарифі 1 текше метріне 34,47 теңге болса, 2023 жылы 32,64 теңгені құрайды. Жылу бағасы сол жылы 142,3 теңге болса, қазіргі таңда – 119,65 теңге. Су және кәріз жүйесіне бағалар 97,97/39,03 теңгеден 96,63/38,67 теңгеге төмендеді, – дейді Дархан Әбілқасымұлы.

Дегенмен бұл салада проблемалар аз емес. Коммуналдық мекемелердегі жұмысшылардың жалақысы төмен, құрал-жабдықтардың бағасы жыл санап қымбаттап жатыр. Арзан тариф шығынды жаба алмайды. Ал инженерлік жүйелердің тозуы өз алдына бөлек мәселе. Үшінші мегаполисте ол, орта есеппен, 55 пайызды құрайды. Оның ішінде, жылу, ауыз су, канализация құбырлары 40 пайыздан 75 пайызға дейін ескірген.

– Президенттің тапсырмасын орындау үшін департамент қазіргі уақытта монополистермен тиісті жұмыс жүргізуде. Тозған желілерді ауыстыру үшін қаржыландыру көздері басты назарда. Сонымен қатар инвестиция көлемін бірнеше жылға, яғни 2030 жылға дейін тариф құрамына бөлшектеп қосу және аталған жылға дейін желілердің тозу деңгейін 15 пайызға дейін төмендету көзделген, – дейді департамент басшысы.

Тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды бекіту алдында уәкілетті орган жария тыңдаулар өткізеді, онда тариф пен инвестициялық бағдарламаның жобасы тұтынушылар алдында қорғалады. Бұдан бөлек, құрамына депутаттар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар кіретін уәкілетті органның ведомствосы жанынан құрылған Сараптамалық кеңестер өткізіледі. Бұл өз кезегінде қабылданатын шешімдердің жариялығын қамтамасыз етеді. Барлық рәсімдерді өткізгеннен кейін уәкілетті орган тариф пен тарифтік сметаны, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестициялық бағдарламаларды бекітеді.

Тарифтің қанша пайызға қымбаттайтынын дәл қазір айту қиын. Жауапты мамандардың сөзіне қарағанда, ол жылдың екінші жартысына қарай мәлім болатын сияқты. Тоқаевтың жоғарыдағы «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты, шын мәнінде, арзанды қымбатқа айырбастау саясаты екендігі айтпаса да түсінікті ғой. Не болса да, монополистердің тәбетіне ынсап берсін деп тілейік.

Тегтер: