Ашық хат
ҚР мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мен
ҚР Білім және ғылым министрі
Асхат Аймағамбетов
мырзалардың назарына
Құрметті мемлекеттік хатшы мен Білім және ғылым министрі!
Кәсіби тарихшы һәм осы елдің жанашыр ақсақалының бірі ретінде мені толғандырып жүрген, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан құру» және оның жаңа тарихын қалай жазу керек деген мәселеге жетерлік мән бере қоймай жүргені алаңдатады. Осындай аса маңызды мемлекеттік, ұлттық мәселені қалай дұрыс жолға қоюға болады дегенде, ел басына жанашыр, ақылды уәзірлер өз ақыл-кеңестерін дер кезінде беріп отыруға міндетті емес пе еді? Нақтылап айтқанда, Қазақстан тарихының (Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі) академиялық 7 томдығын (2021-2023 жж.) дайындау міндетін Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұжымына және Халықаралық түрік академиясына мемлекеттік тапсырыс етіп міндеттепті, осынау аса маңызды іс-шараны ұйымдастырып ғылыми жобасын дайындау, 7 томдықтың әр томының баспа табақ көлемі мен қаржыландыру мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мен Білім және ғылым министріне тапсырылыпты. Бізге берілген нақты іс-жоспарында әр томға 45 баспа табақ, соған қажетті қаржы мөлшері нақтыланған көрінеді.
Күні бүгінге дейін, аталған екі мекеме басшыларының ұйымдастыруымен 7 томдықтың 6 томы бойынша әлденеше оnline конференция, дөңгелек столдар өткізіліп, жан-жақты талқылау болып өтті. Ең соңғы конференция 30 наурызда Түрік академиясының жауапты хатшысы Нәпіл мен академик Болат Көмековтың басшылығында 7 томдықтың 2-томының алғашқы қолжазба нұсқасын тапсырып алып, авторлардың жұмыс нәтижесін таразылауға арналды. Алғашқы шама бойынша 2-томның авторлары тапсырған көлем бір баспа табақтан асып кеткені, оған мүлде жол берілмейтіні, өйткені оның материалдық, қаржылық мөлшері әлдеқашан кесіп-пішіліп қойылғанын білмейсіздер ме деп қасарысты басшылар.
Басты наразылық, сіздердің аттарыңызға осы ашық хатты жазуға мәжбүр еткен ділгір мәселені дұрыс біржақтылы ету мақсатымен мен мынадай ұсыныс айттым: Жазылып жатқан 7 томдықтың 6 томы қазақ халқының, шамамен, 6000 жылдық тарихына арналса, 7 том Н. Назарбаев басқарған 30 жылда Қазақ мемлекетін, қазақ халқын ХХІ ғасырдағы өркениетті әлем алдында ұятқа қалдырған қаралы кезеңге арналса, сіздер де кәсіби тарихшылармыз деп Отан тарихын зерттеп-зерделеуге бүкіл ғұмырын сарп еткен өткенгі және бүгінгі тарихшылар тарихқа, халыққа, жалпақ әлемге қай бетімізбен тура қарай аламыз?
Халқымыздың біртуар ұлдарының бірі Ғабит Мүсірепов біздерге әрі сіздерге арнағандай: «Тарихты жасау дәуірі бар да, жазу дәуірі бар. Егер жасаушы қателессе жазушы түзеймін деп әуреленбеуі керек» деген екен. Өйткені дана Ғабең «адам жалғандыққа түгел берілсе, ақылдан да, таланттан да түгел ада болады» деген данышпан Белинскийді оқыған адам ғой. Ал біздің «Алға комсомолшыл тарихшылар мен саясаткерлер француз тарихшысы Марк Блоктың «Өткеннің жәрдемімен бүгінгі күнді парықтайсың, ал бүгінгі күннің биігінен өткенді пайымдайсың. Көңіл жететін жердегі ғана тарих, көз жететін жердегінің бәрі – саясат» деген даусыз ақиқат екенін біле тұра «Болашақ байыппен баяу жылжиды, өткен нәрсе үнсіз мүлгиді, ал қазіргі құйындай ұйытқитынын» баяғыда айтып кеткен Ф.Шиллерді еске алғысы да келмейді.
Біздің Кеңестік тоталитарлық билік тұсындағы 70 жылдық тарихымыз бен 30 жылдық Назарбаев режимі тұсында қалыптасқан жеке басқа табынудың зардаптарын көз-алдыға келтірер болсақ, тағы да данышпан Вольтер айтып кеткен тарихтың қайталанғанын қадап айта алар едік. Вольтер (1669-1778 ж) былай дейді: «Адамдардан өз пікірлерінен бас тартуды және өзгелердің пікіріне бойсынуды талап ету, ғылым немесе өнер саласына мүлдем надан адамдарды тағайындау, не болмаса ғалымдарға білімсіз адамдарды төреші етіп қою – мемлекетті қиратушы және апатқа ұшыратушы адамдар міне осылар» – депті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың (ұлылығын» дәріптеуге теңеу таппай қиналған әрі барша халықты соған бас ұруды талап еткен жағымпаз басшылардың «мемлекетті қиратушы және апатқа ұшыратушылар» екенін кешегі қаңтар қасіретіне дейін ашық айта алмағанына, айтқандарды аяусыз жазалағанына куә болдық. Мен осы арада тағы да тарихқа, ұлы тұлғалар тағлымына назар аударғым келеді: Данышпан Солон: Лидия патшасы Крезге «Әр нәрсенің ақыры бар, тірі кезінде ешкімді де бақытты деп айтуға болмайды. Дүние аумалы-төкпелі, адамның бақытты немесе бақытсыз болмағы – ақырына байланысты», – деген екен. Қанды қаңтар оқиғасы бізге тарихтың өкіміндей болған осынау шындықты тыр-жалаңаш күйінде, ашық-әшкерелеп берді. Айналдырған 100 күн Назарбаев пен оның жемқор, парақор қылмыскер тобырларын танып, таңбалауға толық мүмкіндік жаратып бергенін көріп біле тұра, қазақ тарихына арналған 7 томдықтың 7 томын тарих үшін 30 секундқа да тұрмайтын Назарбаев билігіне арнауды мен тарихи қателік деп, әрі кәсіби тарихшыларды ұятқа қалдыратын зорлық-зомбылық деп бағалаймын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» бастамасын қолдаған тарихшылар қауымының қадір-қасиетін қашыратын қателікке жол беруге болмайды. Қазақ халқы басқа халықтардан кем де, қор да халық емес еді ғой. Алайда, «ұзақ уақыт құлдықта болған халықтың еліне деген сүйіспеншіліктен, отан сүйгіштіктен айырылып, жалтақ, көнгіш, жағымпаз болатыны, мұндай ел кездейсоқ жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды» дейтін –Никола Макавеллидің тағылымдық сөзінің бүгінгі біздің мүшкіл халімізге қаратыла айтылғандай болғанына намыстанып, тыраштанбай-ақ қоялық. Жалған намысты қайырып қоя тұралық.
Министр мен мемлекеттік хатшы мырзалар, бабаларымыз өсиет етіп кеткендей «қандай дәрежемен байлықты иемденсең де, о бастан адал, жауапкершілікті, арың таза, жұртыңа пайдалы азамат бол! Халқым сенсін, сыйласын десең, онда алтынмен соғыс, аспа, таспа, еліңнің жағдайымен санас, оған пана бол, мұң-мұқтажын ойла, қарапайым шаруалар көшіп-қонып, азып-тозбасын».
Қазақ халқының көзі бүгін анық жеткен бір шындықты данышпан Платон бұдан мыңдаған жыл бұрын: «Патша тағы ақылдыны ұлы етеді, ақымақты ұры етеді», – деп ашып айтқан екен.
Ел басқарып отырған үлкен-кіші мырзалар, қазақтың тайқы маңдайына сыймай кеткен қайран Алтынбек көрегендікпен: «Ел табынған кешегі тұлғалардың арзандауы (құнсыздануы) аса қайғылы аяқталуы да мүмкін, төңкерістен де гөрі...» деп ескертіп еді. Сонымен бүгін, сіздер мен біздер данышпандар айтып кеткендей «Патша тағы ақылдыны ұлы ететінін де, ақымақты ұры ететінін де» көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап отырып та сол ашкөз, тойымсыз Назарбаевқа адвокат болғысы келсе, бүгінгі президент те «жемеген мәнтіге пұл төлеген» аңғалдай ұтылып қалатынын естен шығармаса екен деп тілейміз.
Қадірлі отандастарым, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ.У.) бір Хадисінде: «Бір-біріңді мақтаудан сақтаныңдар, себебі мақтау, оны мақтамен бауыздау деген сөз» екенін, «Дінге үш түрлі адамдардан қауіп төнеді: ниеті бұзық ғалымнан, залым патшадан, өзін білермен санайтын сопыдан», – деп ескертіп еді. Жаңа Қазақстан құруға бел байлаған Қасым-Жомарт Тоқаевты мақтамен бауыздағыларың келмесе және халқымызды аталған үш түрлі ібілістердің зиянкестігінен арашалап, құтқарғымыз келсе 30 жылдық зобалаңға арналған 45 баспа табақтық кітапсымақтан бас тартайық. Әйтеуір бір кітап арналмаса болмайтын болса, 30 жыл бойы, үй ішінен үй тігіп берген «Мемлекет тарихы» институтындағы жазғыштар жаза берсін. Ғылым академиясындағы тарихшыларды мұндай абыройсыз іске киліктірмеңіздер!
Мемлекеттік хатшы Ерлан мен министр Асхат мырзалар, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде өздеріңізге және қатысты мекеме басшыларға жоғарыда айтылған жолсыздықтарға жол бермейтін ең басты мәселе деп мыналарды атап өтейін:
1.Назарбаевтың өз жеке басына табындыру жолында істеген барлық қылмысты істерін сараптайтын өкіметтік комиссия құруға бастамашы болыңыздар.
2.Қазақстан тарихының 7 томы жөнінде арнайы қаулы қабылдай алатын экспертиздік комиссия құруға бастамашы болыңыздар.
3.ҚР ҰҒА академиясына бұрынғы мемлекеттік мекеме мәртебесін қайтарып, үй ішінен үй тіккен «Ғылым Ордасы» деген соқыр ішектен құтқарыңыздар.
- «Мемлекеттік тарих институты» деген соқыр ішектен де құтқаруға бастамашы болыңыздар.
5. Тарих ғылымы мен кәсіби тарихшыларды тәлкек қылып, жетім баланың күйіне түсірген ғылым-білім саласын ойрандаған сауатсыз, надан саясатқа тоқтау жасаңыздар. Ғылым-білім жүйесіндегі науқаншылдық пен саяси авантюраға жол беруге болмайды. Ғылым-білім еріккеннің ермегіне, сауатсыз реформалар алаңына айналып қалды. Данышпан Құл Қожахмет Ясауи бабамыз айтқан: «Ақыр заманның ғалымы залым болады, залымды қостағандар ғалым болатынына» көзіміз жеткен шығар.
Құрметті министр мырза, елі үміт артқан жігерлі, білімді жас бауырларым, артық кем айтқан сөздерім болса айыпқа бұйырмаңыздар! Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы екені түсінікті болар.
Құрметпен: Әлімғазы Дәулетхан т.ғ.к… профессор.
«Түркі әлемі ғылымының дамуына және тарихи тамырластықтың зерделенуіне қосқан ерекше үлесі үшін Түркі академиясы халықаралық ұйымының күміс медалі иегері