Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:36, 09 Қараша 2023

Асқар Алтай, жазушы: Қоғамның өзі киллерге айналып кетті

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

Қаланың қарбалас күндерінің бірі еді. Жазушы Асқар Алтаймен кездесеміз деп уағдаласқанбыз. Асығып келе жатырмын. Қас қылғанда фотоаппарат қалып қойып, қайта айналып соқтық.

 Кептелістен кептеліс, айтылған орынға әрең жеттім. Асқар Алтайды анадайдан таныдым. Ары-бері жүр екен. Сыртынан қарасаң, өз-өзімен күбірлеп сөйлескен адамға ұқсатасың. Жетем дегенше алыстан сөйлеп қоя берді...

– Сен өзі жазушысың ба, ақынсың ба?

– Өлең жазатыным бар еді, – деп, екі ұшты жауап қаттым.

– Дұрыс, қазақта поэзия әлі өлмеген. Кейінгі жастарды байқап жүремін. Жақсы жазады. Бірақ жас прозашыларға көңілім толмайды...

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

Жас кезімізде шығармаларды сынайтын едік

Мен филология факультетінде білім алдым. Оның сыртында әлем әдебиетін көп оқыдым. Сол кезде көп жас қаламгерлер әлем әдебиетінен мақрұм еді. Хемингуэйдің атын естімегендер де болды. 90-шы жылдары «Юкио Мисима» десең, ол кім деп таңғалып қарайтын. Карпентьер мен Жорж Амадудың атын да естімеген, айта да алмайды. Қазақ әдебиеті қара қазанының ішінде қайнап-қайнап тасып жатыр... Әлем әдебиеті деген сол қара қазанның сыртында. Бізге соны көру керек, оған өтудің еш қиындығы жоқ. Қатарымызда Мәскеуден оқып келгендер болды. Біздің қаламгерлер Мәскеу көргендерді білгіш, қазақтар түкті де білмейді деп ойлайды екен. Мен «кешір, білімді бірнеше қазақ бар. Соның бірі – Таласбек Әсемқұлов. Ол менен де көп оқыған. Екіншісі Тұрсынжан Шапай. Осы үшеуміз талай рет таласып, таңды таңға жалғаймыз» дейтін едім. «Ә, солай ма?» деп таңғалатын.

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

Қазақ әдебиетін құртқан журналистердің жазушылыққа келуі

Біздің алдыңғы қатарымыз көп оқымаған. Оқыса Флоберді, Ги де Мопассанды, Хемингуэйді оқыған. Модада жүрген осы үш жазушыны біледі. Бірақ Хемингуэйдің Флоберден айырмашылығы, Флобердің Ги де Мопассаннан айырмашылығын айта алмайды. Үлкен ағаларым осы сөзім үшін ренжіді де... Мәселе оқуда емес, мәселе соған сын көзбен қарап, талдай білуде. Хемингуэй неге танымал болды. Ол – журналистикадан келген қаламгер. Кәсіби журналист еді. Айтматов секілді ғой. Бірақ бұлар прозаға келгенде оның басқа өнер екенін түсінген, соған қарай икемделген. Ал енді біздегі журналистер «жазушы» болып, «ісіп-пісіп» кеткен. Оқысаң бәрі дұрыс сияқты, Зейнолла Қабдолов айтқандай, композициялық сюжетті дұрыс құрайды, басталып, аяқталады. Шарықтау шегі мен түйіні бар. Бірақ ештеңе жоқ. Оқисың – ұмытып қаласың. Жазушының ерекшелігі – сенің жазған дүниеңді оқырман ұмытпауы керек. Қайта айналып соғуы қажет. Бәрі түсінікті болса, оны кез келген журналист те жазып бере алады ғой. Жазушы мен журналистің айырмашылығы осында. Мысалы, сіз Достоевскийді оқисыз. Айналып қайта келесіз. «Нақұрысты» қайта-қайта оқисыз. Оған шамаңыз жетпесе «Құмарпазды» оқисыз. «Қылмыс пен жазасы» қандай? Шын жазушы боламын десең, зор арманың болса, әлем әдебиетін оқуыңа тура келеді. Бүкіл әлем әдебиетін қарап шығу мүмкін емес. Мұхит. Ішінде қадау-қадау оқитындары болады. Бір ұлтқа әсер еткен, сол арқылы әлемге ықпал еткен Ясунари Кавабата сияқтылар бар. Мысалы, Фолкнерді бір оқысаң жай шығарма сияқты. Түсінбей де қаласың. Бірақ қайта айналып соқсаң таңғаласың. Біздің Ғабең де сондай жазушы. Жәй әңгіме жазып отырған сияқты. Бірақ астарына үңілгенде мүлде басқаша екенін түсінесің. Ол қазақ әдебиетіне жаңалық әкелуге ұмтылған қаламгер. Бейімбет те өте қарапайым жазады. Бірақ астары өте терең ғой. Неге сен Бейімбетке қайта айналып соғасың? Ағаларым кезінде маған ренжіп жүрді. Артықтау сөз айтқан секілдімін... Бірақ әлі де сол пікірімнен қайтпаймын. Біздің қазақ әдебиетін құртқан журналистикада жүргендердің жазушылыққа келуі. Оларда тіл жоқ. Қарабайыр сөйлем құраумен, мақала жазумен көркем әдебиетті де солай жаза беруге болады екен деген түсінік қалыптастырған. Бұл түбірінен қате. Онда Әуезовтің керегі болмай қалады ғой. Бір-біріне хат жазған ғашықтардың әңгімесін проза деп қабылдайтын болсаң, бұл күллі талғамды бұзады. Осы тұрғыдан келгенде талғам таразысын жоғалтып алдық. Кейінгі жас буынның қарабайыр етіп сөйлем құрап, өзім түсінсем болды, өзгеге де түсінікті-ау деп жаза салуы қате. Осыны айтсам ағаларым: «Асқар, сен қатты айтып жүрсің, журналистикадан келген біздер» дейді. Оларға «сіздерде көркемдік жоқ» деймін. «Сіздер прозаны қара мақала сияқты етіп жазасыздар. Жылт етіп анда-мында шығар. Бірақ тез өшеді. Кейінгі жастар тілмен қалай жұмыс істеп жатыр, қараңыздар!» деймін. Әдебиетке келу деген сөз – бойыңдағы барыңды беру. Өзіңде жоқ болса, жан-жақтан құрап, бірдеңе берген боласың, бірақ ол табиғи шықпайды.

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

Қалаға тән теңеу кезінде жас жазушылар ақсайды

Жастарды бір-екі ауыз сынағаным бар. Ол жерде де сипай қамшылап, үстірт қана айтып өттім. Сынау емес десем де болады. Қатқыл тілек секілді. Сынау деген мақала жазу. Қалихан ағам сияқты түгел көрсетіп тұрып сынасам, оларға ауыр соққы болатын еді... Сол кезде төраға орынбасары Ғалым Жайлыбай кітаптарын бергеннен кейін бір күн отырып қарап шықтым. Сөйлемдері мен стиль ерекшеліктеріне мән бердім. Олар қаланың тіршілігін бергісі келеді. Өздері ауылдың адамы. Қаланы қалай қабылдай алды? Мәселе сонда. Қалаға тән теңеу таба алып тұрсың ба? Осы мәселеге келгенде жастар ақсайды. Қала менталитеті мен дала менталитеті бір-біріне тоғыспай тұр. Қолына қалам алғандардың көбісі бізде даладан келді. Қалалық проза бізді жатсынып тұр. Қалалық прозаны жаза алмай жатырмыз. Қаланың менталитеті, психологиясы мүлде бөлек. Біз қалада отырып ауылды аңсаймыз, керісінше, болу керек. Қалаға деген ерекше ғашықтығың, махаббатың болуы қажет. Жас жігіт болып келдің, өсіп-өндің, сол қалада махаббатыңды таптың, отбасыңды құрдың, сол қалада қызмет еттің. Сондықтан тұратын қалаңды жақсы көре де, жек көре де білу керек. Адамды ұдайы әрі-сәрі күйге салып отыратын осы екі сезім ғой. Адам осы екі ортада ғұмыр кешеді. Мағжанның бізді бұзып жатқан қала дейтін мазмұнда өлеңі бар. Иә, қала бізді де бұзып жатыр. Бірақ оған қарап қала өспей жатқан жоқ, адамдар көшіп кетіп жатқан жоқ. Ол табиғи процесс. Қазір бізде қалалану жүріп жатыр. ХІХ ғасырда Ресей отаршылары қазақты көлді, көгалды жерлерінен, шөлді аймаққа қуып шықты. Кешегі Совет одағы заманында қазақты қалаға жолатпады. Осы Алматыда да сондай кезең жүрді. Оны өз көзімізбен көрдік. Тіпті бастан кештік десе де болады. Мысалы, Семейде қаншама жігіттер жақсы мамандықтарда оқыды. Бірақ қалада қала алмады. Оларды ауылға жіберді. Ең зор дегенде Аягөзге барып қызмет ететін. Енді, міне, кейінгі отыз жылда қалаға ағылдық. Бірақ ұлттық менталитеттен, сана-сезімімізден айырыла бастадық. Қасірет – осы.

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

Немерелеріме Асқар Алтайдың жазған шығармалары қажет болмай қалады-ау

Кейінгі ұрпақ өзін жоғалтып жатыр. Қалада туды, бірақ қалаға үйлесе алмады. Мысалы, қазақ мектебінде оқиды, бірақ орыс мектебін бітіріп шыққандай болады. Өзінің тілін, ертегісін, әдебиетін білмейді. Бұл Совет үкіметі кезінде де болды. Мысалы, менің курстастарым Алматыдағы 12-мектепте сабақ берді. Солар «мектепте жалғыз қазақша сөйлейтін баланы көрдік. Ол – Едіге Мағауин» дейтін. Осының өзі сол кездегі қазақтың санасын айқындап береді. Едіге ғана жауап берсе, оның артында Мағауин тұр. Сол сияқты Шона Смаханұлы, Қабдеш Жұмаділовтар балаларын үйде қазақша тәрбиеледі. Соның арқасында оның балалары қазақша сананы сақтап қалды. Ал тәуелсіздік алғасын соны сақтай алып жатырмыз ба? Жастар арасында орысша білу тренд екен. Екі кішкентай қызым бар. Олар қазақша сөйлейді, қазақ мектебінде оқиды. Екі қызым сыныптастарым қазақша дұрыс сөйлей алмайды, ойын жеткізе алмайды деп айтып келеді. Неге олай, себебі қазақ әдебиетін оқымайды, үйде қазақша сөйлемейді. Қазақ қалаланып жатыр дегенімізбен, қазақ қалаға келу арқылы орыстанып жатыр. Бұрын біздің тілімізді, ділімізді, болмысымызды ұстап тұрған ауыл еді. Енді содан да айырылып жатырмыз. Есесіне, біз қазақ емес, орыс емес немесе басқа ұлт емес, бір «дүрегейге» айналудамыз. Ол өте қауіпті тенденция. Осыған жаным ауырады. Ертеңгі ұрпақты ойлаймын. Менің балаларым қазақша сөйлер, бірақ олардың балалары қалай болар екен? Немерелеріме Асқар Алтайдың жазған шығармалары қажет пе? Қажет болмай қалады-ау... Қорқам!

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

Қазақ ұлтында осы құлдық комплекс қалып қойған

Мағжанның «Ана тілі» деген өлеңі бар. «Бұл дүниеде барлығы өзгерді, қазақ та өзгерді, Шолпан жұлдыздай жарқырап сен ғана қалдың» дейді. Тіл өзгерсе, онда түгіміз де қалмайды дегенді меңзейді. ХХ ғасырда сол процесс күшті жүргізілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін одан да күшті жүргізіліп жатыр. Оған билік қана кінәлі емес, үкімет бойынша қазақ мектептерін ашып жатырмыз. Қазақ десең өзіңе тиеді. Бізді орыс келіп сөйлетіп жатқан жоқ. Өзіміз сөйлеп жатырмыз. Отбасында ана тілімізде сөйлемейтін хәлге жеттік. Ең үлкен трагедия – орыс тілінсіз бірнәрсе кем боп тұратын секілді. Қазақ ұлтында осы құлдық комплекс қалып қойған. Арыла алмай отырмыз. Ұлтсыздану жүрді. Қазақпыз дейміз, шындығына келгенде қазақ екенімізді өзіміз де түсінбейміз. Үйде салт-дәстүрімізді сақтамаймыз. Өз тілімізде сөйлемейміз. Тарихымызды білмейміз, өз тілімізде басқа ұлтқа сөйлеуге қорынамыз. Өз-өзінен қорынған ұлт қорлыққа лайық болады. Өзге тілді біл, білім-ғылымның тілі кеше орыс тілінде болды. Қазір ағылшын тілі, мықты болсаң ағылшын тілін үйрен! Орыстың өзі ағылшыннан аударады ғой. Ғылымда жүрген жігіттер ағылшын тілін үйреніп жатыр. Әлі күнге шейін білім орыс тілінде деп ойлаймыз. Ол рас. Олар әлемнен бәрін де аударып үлгеруде... Ал біз ше?! Абай да солай деді. Бірақ Абайдың уағында біз басқа тілді білмеуші едік қой.

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

Ұмай анамыз қалай киінді?

Шығыс елдері неге батыстан артта қалып жатыр? Себебі біз ислам дініндегі қарадүрсіндікке салынып кеттік. Қазір осы үлкен мәселеге айналды. Дін туралы бірдеңе деп көрші, бет-аузыңды шиедей қылады. Өзге емес, өз ұлтың. Өзбектер мысалы, қара киінгендерге шектеу қойып жатыр. Себебі киім сыртқы салт. Араптың салтына сай қара киінеді. Оны біз Айша анамыз солай киінген екен деп дәлел келтіреміз. Онда Ұмай анамыз қалай киінді? Сақтар мен түркі қыздары шалбар киіп, жауға шапқан. Ұмай анамыз Айша анамыздан бұрын өмір сүрген. Бұтымызға шалбарды Ұмай анамыздың кезінде киген. Енді араптар сияқты жалаңбұт жүрейік пе? Бәрін шешіп тастайық. Біз өте әсіре еліктейтін халықпыз. Біз ұлттық тегімізден айырылғанымыздан кейін кез келген нәрсеге еліктейтін болдық. Ертең бір миллион қытай келсе, қытайша киініп, қытай болудан ерінбейміз. Себебі біз ұлттық дүниемізден айырылып қалған халықпыз. Оған намыстанбаймыз. Осы үлкен қасірет әкеліп отыр. Ұлттық намыстан айырылғасын біз арап та, орыс та, қытай да бола салғымыз келеді. Оны намыс көрмейміз, еліктеп кеттік деп ойламаймыз. Мүмкін осының бәрін қазақ интеллигенциясы жеткізіп айта алмай жатқан шығар.

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

«Қаңтар қырғынына» қатысты цикл әңгімелер жазамын деген ойдамын

Кейінгі кезде қоғамда бір тақырып төңірегінде дау туса жазушылар үн қатпайды дейтін болыпты. Жазушылар үн қатады. Бірақ оларды кім тыңдайды?! Өткен ғасырдың 90-жылдарында демократия келді деген атпен жабайы демократия орнады ғой. Жазушы деген кім, өзі үшін жазған шығар дейтіндер шықты. Қазір қоғамда әншінің айтқаны әлдеқайда жақсы, әншінің екінші рет, үшінші рет тұрмыс құрғаны, көңілдес болғаны қызық. Қазір сол модаға айналды. Енді жазушыны не үшін кінәлаймыз. Жазушылар кезінде айтты. 1986-жылдары Жұбан мен Сафуан, Олжастар айтты. Ұлт уайымын жеді... Ондай күнді басқа салмасын! Қара күн келсе жазушы да, ақын да айқайлап шығады. Махамбеттер туатыны анық. Бейбіт заманда көшеге шығып айқайлау міндет пе? Зайырлы мемлекет құрып жатырмыз. Заңымыз бар. Заң шығарушы орган – парламент. Ол екі палатадан тұрады. Мәжіліс пен сенатта ақын-жазушыларымыз жүр. Қазбек Иса бастаған қаламгерлер айтып жатыр. Енді оларға қосылып үндеу тастап, айқайлап көшеге шығатын хәлде емеспіз. Жазушы Таласбек Әсемқұлов Жаңаөзенге қатысты неге үн қатпай жатырсыз дегенде шығармаларым арқылы айтамын деген екен. Мысалы, маған «Қаңтар қырғыны» туралы мақала жазу ауыр. Одан да ауыр дүние жазғым келді. «Кремльдің көлеңкесі» деген әңгіме жаздым. «Жас Алашқа» шықты. «Стресс» деген әңгімем бар. Жалпы, «Қаңтар қырғынына» қатысты цикл әңгімелер жазамын деген ойдамын. Жауабым – осы. Менің айтатынымды журналистер де айтады. Бірақ мен басқа формада беруге тырысамын. Білім-білігім жетсе, қазақтың жанына тиетіндей етіп беруім керек. Жай айғайлап, әлеуметтік желіде көп айғайдың бірі ретінде бергеннен пайдасы шамалы. Ақын-жазушылар айтып жатыр. Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, досым Жүсіпбек Қорғасбек, кейінгі жастар үнсіз емес. Мәселе тыңдар құлақта болып тұр. Қоғам сені тыңдай ма? Қоғам алдында сенің қаншалықты беделің бар? Қазір сөздің қадірі қашқан заман. Ең жаманы да осы. Қазір бәрі білгіш, бәрі данышпан, кемеңгер. Қайран сөзді қор етіп, желге шашқым келмейді.

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

Нағыз жазушы – кез келген қоғамда оппозиция

Біз жабық қоғамда өмір сүрдік. Заманбек атылып кеткен кезде екі күнде «Шаһид» деген әңгіме жаздым. Марқұм Жақау Дәуренбеков бір кездескенде: «Асқаржан, сақ жүр, қауіпті дүние жазыпсың» деді. Кейіннен «Көзжендетті» жаздым, бұл да ширығудан туды. Бұл да сол жылдарда жазылды. Өйткені қоғам, қоғамдағы биліктің өзі көз оятын жендетке айналып кетіпті деген ой бар еді оның аржағында... Жалпы, нағыз жазушы кез келген уақытта, кез келген қоғамда ішкі жан дүниесімен оппозиция болады. Мысалы, мен кешегі совет заманында да, қазіргі кезде де жан дүниеммен оппозицияда тұрмын... Ол партияға кіріп айқайлайтын оппозиция емес, жан рухым – оппозиция. Талғат Ермегияев ұсталғанда үш күн отырып «Таганканы» жаздым. Осындай адамды ширықтыратын жағдайлар болады. Қоғамның ішінде жүргеннен соң көп дүниені амал жоқ қабылдайсың. Бірақ риза болмай, өзіңнің азаматтық позицияңды көрсетесің. Мен журналист емеспін, мақала жаза алмаймын. Жазсам сыни мақала жазамын. Екінші, жазсам көркем шығарма жазамын. «Кремльдің көлеңкесін» жазғанда да ширығып отырдым. Туған туысым, аға-бауыр, қарындастарым Алматыда тұрады. Өзім Астанада болдым. Ауыр әсер етті... Әңгіменің ішінде де киллер бар. Біздің қоғамның өзі киллерге айналып кеткен. Қоғамның өзі айналасын жақсартайын, жақсы жағынан көрсетейік, мен де осы қоғамның мүшесімін ғой, сондықтан қызмет етейін демейді. Қоғам үшін қызмет ету – адалдықтан тұрады. Біз қаншалықты адал қызмет етіп жатырмыз. Әркім өзі ойлаған жаққа кетіп қалды. Әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейін. Біз егемен ел болғанда қатты қуанған едік. Алашордашылар ақталған кезде «міне, енді нағыз қазақтың күні туады» деп, бөркімізді аспанға аттық. 30 жылда не болды? Кейінгі «Былғары табыт» романымда осы жағдайларды ашуға тырыстым. Біз әліге шейін «былғары табыт ішінде жанышталып жатырмыз», жат жұрттың бізге таңған жадысымен – память – «жатжады» болып өмір сүріп жатырмыз деген ойды айттым. Бұл қазіргі қазақ болмысын анық танытатын философия. Бәріміз – жанышталған, жан мен сырттан таңылған жатжады тірлік кешудеміз... Романға қазақ интеллигенциясының көзімен, интеллигенция жанында жүрген сұлу, салдақы әйелдің көзімен келдім. Нағыз жазушы саясаттың ырғағымен жүрмейді. Оған оның ары жібермейді. Мүмкін біреулер жүрер... Кезінде «Туажат» романындағы «туадан жат болу» философиясын да қазіргі қазақ болмысы тудырған болатын.

Әр қазақтың ары таза болмай, қазақ қоғамы тазармайды. Жемқорлықты жоямыз деп айтып жатырмыз. Бірақ арымыз тазармай, оны да жоя алмаймыз.

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

Оралханның ирімінен шыға алмай көп жігіттер өзін жоғалтып алды

Әдебиетте ең үлкен қиындық – өзіңді қайталамау. Менің шығармаларым бір-бірін қайталамайды. Мысалы, бір шығарма жазсам, оны тез ұмытуға тырысамын. Тез суимын, әсерінен арыламын. Көп адамдар әсерден арыла алмай қалады. Иріміне кіріп кетеді. Мысалы, Оралханнан шыға алмай, соның ирімінде қалып қойып, көп жігіттер өзін жоғалтып алды. Біздің қатарда талантты жігіттер болды, бірақ мүлде жаза алмай қалды. Әдебиеттен жоғалып кетті. «Бәдауи» деген әңгіме жазған Мақсұт деген үлкен жігіт бар еді... «Жұздыз» журналында басылды. Содан кейін өзін жоғалтып алды. Ары қарай Орағаңа еліктеді. Мағауинге еліктеді. Өйткені өзінде «багаж» аз болды. Адам әдебиетке келгенде «багажбен» келу керек. Тағдырды, өмірді кеше білу керек. Егер өзі үлкен тағдыр кешпесе, айналасындағы үлкен тағдырды байқампаз болуы қажет. Сол кезде одан үлкен жазушы шығады. Әйтпесе, арқандаулы ат сияқты айналасындағы азын аулақ өрісін жеп бітіреді. Көп жігіттер арқандаулы ат сияқты. Ауылдағы алғашқы әсерін ғана жазып қалып қояды. Үлкен орбитаға көтеріле алмай қалады. Ол үшін қаламгерге біліммен қатар зейін керек. Бұлардың бәрі талантпен келеді. Ізденіс болмаса, дандайсып кетсең сөніп қаласың. Абай айтады ғой: «сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап». Ешқашан өзіңе риза болмау керек. Өз қатеңді байқап, келер жолы соны жібермеуге тырысу қажет. Өз-өзіңе қатал сыншы бол! Бірақ жастарда жаңа айтып өткенімдей білім жетпей қалады. Кейін оқып білімін толықтыруға ұмтылады. Бірақ ол қондырма білім болады. Философияда базалық білім, қондырма білім деген бар. 16 мен 25 жас аралығында алған білімді базалық білім деп атайды. Әдебиетте, өнерде осы кезде алған білімің сені ғұмыр бойы алға сүйрейді. 25-тен кейін алған білімің қондырма деп аталады. Ол қонбайды. Сен ол кезде білім алатын емес қызықтайтын жағдайда боласың. Айырмашылық осы. Сондықтан үлкен жазушылар білімін жас кезде алады.

Асқар Алтай
Фото: Жас Алаш

P.S. Тікесінен тік тұрып, бір сағат әңгімелестік. Дұрысы – сөйлеген Асқар ағам, мен тыңдаушымын. Оңтайлы бір сәт туғанда «Аға, сөз деген энергия, біраз күшіңізді жоғалттыңыз. Мына жақын маңайда қытай асханасы бар, сол жерге барып жалғастырайық» дедім. Асқар аға оңай келісті. Алматының күні жаймашуақ. Айналадағы адамдар да көңілді. Төменге қарай аяңдап жүріп келеміз. «Мынаны қараңдар, өзінен айнытпай қойыпты» деген ағаның сөзіне қарасам, орындық үстінде басында шляпа, алысқа көз тігіп, паң отырған Асанәлі Әшімовтің мүсінін көрдім. «Тұра тұрыңдар, суретке түсіп алайық» деп, қола мүсінге жақындай отырды. Оны да объективке жазып алдым. Қытай асханасында қазақ жазушылары мен әлем әдебиетінен басталған әдеби кеңесіміз төрт сағатқа созылды. Әрине, ол сұхбат сыртындағы әңгіме еді...

Жазыл алған – Тұрсынбек Башар