Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:01, 21 Желтоқсан 2024

Әскерде бала өлгенше... Жақсылықов жиырма мың сарбазды қалай тапты?

әскер
Фото: ашық дереккөз

Қазір Қазақстанда 2024 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Қорғаныс министрлігі желтоқсанның аяғына дейін армия қатарын 20 мыңнан аса жас сарбазбен толықтыру үшін жанталасып жатыр. 

Жауапты шенділер кейінгі жылдары 20 мыңдық межені толтыру үшін жастарды көшеден аң аулағандай күштеп ұстап әкететін әдет тапты. Бұл жағдай биыл көктемде де қайталанып, әлеуметтік желіде жастарды қуып жүріп, ұстап жатқан видеолар тараған. Біз сол кезде арнайы мақала жазып, қорғаныс министрлігіне сұрау салғанбыз. Ал олар әскери комиссариатқа бармай жүрген жастарды мәжбүрлеп әкету заңға қайшы емес екенін айтқан.

Күзгі науқан да мұндай даудан ада болған жоқ. «Жас Алашқа» Алматы облысы Ұзынағаш ауылында тұратын (атын атамауды сұрады) 21 жастағы жігіт хабарласты. Оны биыл қарашада азаматтық киімдегі адамдар ұстап, әскери комиссариатқа апарып қамап қойған. Кейін жігіттің заңды өкілдері барып, оны әскерден босатуға заңды негіз бар екенін дәлелдеп, үйіне алып қайтыпты.

Бірдей диагноз және екі түрлі шешім

Жақында БАҚ-та Қостанай облысында миында өспе бар жігіт әскерге шақырылды деген ақпарат тарады. Биыл 15 қарашада Федоровка ауылының 19 жастағы тұрғыны Данияр Рахымжанов армияға қабылданған. Жергілікті «ТобылИнфо» басылымы хабарлағандай, жас жігіттің анасы Олеся Евменованың қолында аудандық комиссия берген Рахымжановтың бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, ал соғыс уақытына шектеулі түрде жарамды екенін анықтайтын құжат бар.

«Оның маңдай бөлігінде өспе бар, ота жасауға кезекте тұрғаны жөнінде құжаты да қолымызда. Биыл күзде ота жасалуы керек еді, бірақ квота жоқ, келер жылды күтіп отырмыз. Бұған дейін ол қызметке жарамсыз деп танылған болатын. Бұл жолы қалай лайықты болып шыққанын білмеймін», – деді Ольга Евменова журналистерге. Оның айтуынша, баласының мұрнынан үнемі қан ағып, жиі есінен танып қалатын болған. Әскердегі физикалық жаттығулар оның денсаулығына зиян болуы мүмкін.

Жолдаудан бергі төрт өлім: Жақсылықов кері кетіп барады

Ал қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бізге Рахымжановты әскерден босатуға негіз жоқ деп жауап берді.

«Рахымжанов Данияр Анартайұлы облыстық дәрігерлік комиссияда қосымша медициналық тексерістен өтті, атап айтқанда, компьютерлік томография және рентгенография тексеруіне қатысты. Нәтижесінде маңдай қуысында полип белгісі және мұрын қалқасының қисаюы анықталды, бұл әскери қызметтен босатуға негіз болмайды. Әскерге шақыру комиссиясынан өткен кезде азамат денсаулық жағдайына шағымданған жоқ», – деді министрліктің өкілі Жансая Омарова.

Көпшілік бұл жағдайды былтыр болған, осыған ұқсас оқиғамен салыстырып, бірдей диагнозға қатысты екі түрлі шешім шыққанына наразы болып отыр. 2023 жылы қыркүйекте қорғаныс-өнеркәсіп кешені ассоциациясының басқарма төрағасы Айбек Барысовтың ұлы, 23 жастағы Айсұлтан әлеуметтік желіде әскерден қалай «босатылғанын» айтып берген. Ол өз сөзінде әскери комиссариатқа бармау үшін Астанадан Алматыға кетіп қалғанын, кейін мәселе шешіліп, көктемге дейін армияға жарамсыз деп танылғанын айтады.

«Баламды үкіметке сеніп тапсыра алмаймын!». Қазақстан армиясы – Барсакелмес пе?

Бұл дауға мәжіліс депутаты Максим Рожин араласып, әлеуметтік желіде «мәртебеге, қоғамдағы орнына немесе қалтасының тереңдігіне қарамастан, барлығына бірдей талап қойылу қажет» деп жазды. Көпшілік армияға қарапайым халықтың балалары ғана баратынын, ал шенді-шекпенділер мен олигархтардың балалары түрлі сылтаумен әскери борыштан босатылады деген пікірде. Кейін Айбек Барысов өзі мәлімдеме жасап, ұлының миында өспе болғандықтан, армиядан босатылғанын айтты. Ол өспені үнемі бақылап отыру қажет екенін алға тартып, болашақта дәрігерлер рұқсат етсе, балам әскерге барады деп уәде еткен.

Қазақстан Республикасының екі азаматы, екеуіне де миында өспе бар деген диагноз қойылған. Бірақ олигархтың баласы әскерден босатылып, қарапайым ауыл баласы бұл дерт армиядан босатуға негіз болмайды деген желеумен сарбаз болып, сапқа тұрды. Осы жағдайдың өзі көпшіліктің «қолы ұзын адамдардың баласы армияға бармайды» деген күдігін растап тұрғандай.

Баласы барғысы келмейді, ата-анасы жібергісі келмейді

Қазір көп жас армияға баруға ынталы емес. Бұрынғыдай өзі жазылып, армияға аттанатындар қалмаған. «Отан алдындағы борыш» дейтін сөзден де қадір қашқалы қашан! Бірақ бұл үшін жастарды кінәлай алмаймыз. Билік олардың алаңсыз әскери борышын өтеуіне толық жағдай жасай алмай отыр.

«Мемлекетке сап-сау бала беріп, сүйегін алдым». Баласы армияда қаза болған ананың әңгімесі

Мысалы, армияда техника тозған, офицер, командирлердің біліктілігі де күмән тудырады. Қазақ әскері Кеңес кезінен қалған көне жабдықтардан толық арылған жоқ. Салдарынан жаттығу кезінде оқыс оқиғалар көп болады, мина жарылып немесе парашют ашылмай қалып, жараланған, қайтыс болған сарбаздар бар.

Одан да жаманы, әскерде тәртіп тастай емес. Суицид жасаған немесе өзгенің қолынан көз жұмған әскерилер жайлы жиі естиміз. Әскери прокуратураның есебінше, кейінгі бірнеше жылда 86 сарбаз суицид жасап, тағы 20-сы суицид жасауға әрекеттенген. Сондай-ақ 2020 жылдан бері 270 әскери қызметкер қайтыс болды деген ақпарат бар. Оның үстіне осы кісі өлімдерінің көбінің нақты себебі анықталған жоқ. Қорғаныс министрлігі түрлі сылтау айтып, мәселені жылы жабуға тырысады. Көп жағдайда тергеу бір жақты жүріп, өлімге ауру-сырқау немесе оқыс оқиға себеп болды деп іс жабылады.

Өмір «жизнь» болғанмен, әскер – армия болмай тұр

Биыл қазан айында қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев әскердегі өлім-жітім фактілеріне терең талдау жүргізіп, сарбаздар техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамағандықтан және қызметтен тыс уақытта көлік апатынан көз жұматынын анықтадық деп мәлімдеді. Сондай-ақ отбасындағы қиындықтарға байланысты өзіне-өзі қол салатындар бар екенін айтты. Оның ойынша, қоғамда бейбіт күнде әскерилер өліп жатыр, армияда әлімжеттік бар деген қате түсінік қалыптасқан.

Вице-министр жастар отбасындағы қиындық үшін неге үйінде емес, әскерде суицид жасайды дегенге бас қатырмайтын сияқты. Ал министр Руслан Жақсылықов тіпті әскерде әлімжеттік мүлде жоқ деп, өзіне шаң жуытпайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында: «Сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне армия басшылары мен құқық қорғау мекемелері жауапты» деген сөз айтқан. Бірақ президент жолдауынан кейін де жағдай жақсарған жоқ. Біз қазанның басында жазған мақаламызда жолдаудан кейінгі бір айда 4 сарбаз қаза тапқанын жазған едік. Осы мақалаға қорғаныс министрлігі реакция танытып, редакция дұрыс ақпарат бермеді деп тулады. Бірақ бір айда 4 әскери көз жұмғанын жоққа шығаратын дәлел ұсынған жоқ. Олардың редакцияға жолдаған хатына сүйенсек, біз атап жазған кемшіліктер армияның беделіне нұқсан келтіріп, жұртты шатастырады екен.

Жақсылықов сарбаздарға мақал үйретпесе...

Министрліктің бізге жазған хатынан бері де бірнеше сарбаз саптан шықты. Мысалы, биыл 7 қарашада ҰҚК Шекара қызметінің ШҚО департаментінде әскери қызметші қаза тапты. Егер Жақсылықов бұл ҰҚК құзырындағы жағдай, оған жауап бермеймін десе, 14 қарашада Жаркент гарнизонында офицер Дархан Дәулетов, 23 қарашада Ақтөбе гарнизонында сарбаз Ярослав Боровец көз жұмды.

Қорғаныс министрлігі бірінші жағдайды – жаттығу кезінде қауіпсіздік талабын бұзу себебінен, екінші қазаны – суицид деп тіркеп отыр. Бірақ марқұм Дәулетовтің туыстары «денесінен аяусыз соққы іздерін байқағанын» айтып, «оны азаптап өлтірді» деп күдіктенетінін мәлімдеді. Армиядағы әлімжеттік 28 пайыз азайды деп қуанып жүрген Жазықбаев пен әлімжеттік мүлде жоқ деп бой бермейтін Жақсылықов бұл істерді қалай тергеп, қандай қорытынды шығарары белгісіз.

Армияға өз аяғымен барып, мүгедек болып қайтқан немесе табытпен оралған сарбаздарды көзбен көріп отырған жастар әскерге барғысы келмейді, ал ата-ана баласын әскери борышын өтеуге жібергісі келмейді. Осыдан бір ғасыр бұрын патшалық Ресейге бодан болып отырған қазақ «әскерге бала бермейміз» деп, көтеріліске шыққан еді. Қазірдің өзінде әлеуметтік желіде «баламды армияға жібермеу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», «миллиондап пара берсем де, баламды әскерден алып қаламын» деп жазатын аналар көбейген. Мұндай жағдай жалғаса берсе, «әскерде бала өлгенше, шал өлсін» деп, әкелері, аталары әскерге сұрануға мәжбүр болып жатса, таңғалмаңыз.

Сарбаздар не дейді?

Біз әскерде зорлық-зомбылық пен өлім-жітім неге тыйылмай тұрғанын КСРО кезінде және осыдан 10 жыл бұрын борышын өтеген сарбаздардан сұрадық.

«1986-88 жылдары Мари автономиялы облысы Куяр ауданында әскери борышымды өтедім. Ол кезде тәртіп қатал болды. Біз алғаш барғанда тәртіпті бізден бұрын барған сарбаздардан үйрендік. Бәріміз әскери бөлімдегі сержантқа бағындық. Таңда бір уақытта тұрып тамақ ішіп, жаттығуға шығардан бұрын психологтың алдынан өтетінбіз. Әр жас сарбазға бір-бір «дембель» жауапты болатын. Екі жылда көңіл күйі түсіп, өзіне-өзі қол жұмсаған сарбазды көрген де, естіген де жоқпын. Өзіміз «дембель» болғанда аға буыннан көргенімізді өзімізден кейін келген жастарға үйреттік. Әскердегі тәртіп осылай буыннан буынға жалғасып отыратын», – дейді Мақтаарал тумасы Ерден Досжанов.

«2015 жылы ҚР Ұлттық Ұланының Алматы облысындағы әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметтен өттім. Бір жыл тек ер азаматтардың ортасында болып, жауынгерлік дағдыны бойға сіңіру – өте қызық тәжірибе болды. Өз еркіммен сұранып барғандықтан, барлық қиындық пен ауыртпалыққа дайын болдым деп ойлаймын. Ол қандай қиындық пен ауыртпалық? Біріншіден, сарбазға қойылатын басты талап – тәртіп. Тәртіпке – тазалық, ұқыптылық, жинақылық, берілген тапсырма мен жүктелген міндетті бұлжытпай орындау да жатады. Екіншіден, төзімділік. Физикалық ауыртпалық психологиялық және моральдық салмақтың жанында түк те емес. Жауынгердің «бес қаруының» салмағын көтеруге болады.

Жастарды әскерге қызықтырып, армиядағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін мынандай ұсыныстар айтар едім. Біріншіден, мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнін негізгі сабақтардың бірі ретінде бекітіп, әскери-патриоттық тәрбиені күшейту қажет. Пән мұғалімінен диплом ғана емес, әскерде болғанын растайтын әскери билет талап ету керек. Екіншіден, арнайы әскери психолог маман жасөспірімдермен тығыз жұмыс істеуі керек. Үшіншіден, әскердегі жағдайды дұрыстап, казарма, сынып, жаттығу алаңын заман талабына сай жасақтау керек. Төртіншіден, сарбаздарды тамақтандыру мәселесіне көп көңіл бөлу керек. Білуімше әскери бөлімдердегі тамақтандыру қызметі «мемлекеттік сатып алу» арқылы жүзеге асады. Мұны ұтып алған кәсіпкер ақша жасау қамын көп ойлап кетеді. Содан кейін сарбаздарға нәрсіз, сөлсіз тамақ беріледі. Осыны барынша қатты қадағалау қажет. Бесіншіден, әскери бөлімдер ай сайын «ашық есік» ұйымдастырып, жауынгерлердің өмірін болашақ сарбаздарға ашық көрсетуі керек», – дейді Павлодар қаласында тұратын әріптесіміз Еламан Қабділәшім.

Қуаныш Қаппас