Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:11, 01 Ақпан 2024

Жақсылықов сарбаздарға мақал үйретпесе...

Әскер
Фото: из открытых источников

Қаңтар оқиғасы мен Ресейдің Украинаға соғыс ашуы «қазақ әскерінің әлеуеті қандай?» деген сұрақты тағы су бетіне шығарды. «Қаңтар» кезінде қарулы күштеріміздің төтенше жағдайға мүлде дайын емес екеніне көз жеткіздік. Ал Кремльдің әрекеті екі мәселенің басын ашып берді. Біріншісі, Ресей кез келген көршісіне агрессия танытуы мүмкін. Екіншісі, қағаз жүзінде әлемнің екінші армиясы атанған Ресей әскерінің іс-жүзінде аса қуатты емес екені белгілі болды. Демек, біздің биліктің де ресми статистикасына сену қиын.

Ресми есеп бойынша Қазақстан қарулы күштерінің әскери дайындығы мінсіз, әлеуметтік жағдайы жақсы. Үкімет жыл сайын жаңа техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар алып жатыр. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 2030 жылға дейін Қазақстан әскеріндегі қару-жарақ пен техника толық жаңаратынын айтып жүр.

Бірақ бәрі жақсы болса, бұл саланың басы неге даудан арылмайды? Кейінгі 10 жылда 220 әскери қызметші суицид жасапты. Бейбіт күнде жылына 20 әскери адам ажал құшып отыр, бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Оның үстіне көбінің өлім себебі сол күйі анықталған жоқ. Бұдан бөлек армияға өз аяғымен барып, мүгедек болып қайтқан жастар бар. Тіпті қазір көп жас отан алдындағы борышын өтеуге ынталы емес. Армияға барған жастардан бөлек әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да көңіл көншітпейді. Сол үшін азаматтар әскерге баруға да, әскерде қызмет етуге де құлықсыз. Бұны бір деңіз.

Екіншіден, кейінгі 5 жылда екі ірі әскери қоймада жарылыс болды. 2019 жылы Арыстағы жарылыс салдарынан 3 адам көз жұмып, 52 адам жараланды. Бейбіт тұрғындар баспанасынан айырылып, босып кетті. Бұл трагедияда билік жауапкершілік арқалаған жоқ, ешбір ірі шенді жазаланбады. Тіпті сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев: «Арыстағы жарылыс – табиғи апат» деп айды аспанға шығарған. Ал 2021 жылы Байзақтағы жарылыста 18 адам қаза тапты. Ауыр апатқа екі жай сарбазды кінәлап, оларды 9 жылдан түрмеге қамады. Бұл жерде де әскери шенділер судан таза, сүттен ақ болып шықты. Бірақ сарапшылар екі жағдайда да қоймада қару-жарақ сақтау ережесі өрескел бұзылғанын мәлімдеді.

Үшіншіден, Қаңтар оқиғасы Қазақстан қарулы күштерінің бетпердесін ашып берді. Сол сәтте «Бүркіт», «Арлан», «Құйын», «Дауыл» сияқты сесінен сең қозғалатын сұрапыл атауларды арқалаған арнайы күштердің кереметін көре алмадық. Көшеде полиция қалмаған кездер болды. Сондайда Қазақстан бір сәтке иесіз қалғандай күй кешкеніміз рас. Тіпті полицейлер мен әскерилер өзара атысқан көрінеді. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының бұрынғы оқытушысы, подполковник Ғалымжан Сәдуақасов айтып жүр.

Ресми билік Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы телемұнараны басып алмақ болған бандиттерге шекарашылар қарсы тұрып, шабуылды тойтарғанын хабарлады. Бірақ Сәдуақасов мұны жоққа шығарады. Оның айтуынша, Көктөбеде шекарашылар бандиттермен емес, ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен атысқан. Ол аздай, телемұнарада тауаны қайтқан академия курсанттары бөлімшеге қайтып келіп, өз саптастарымен соғысқан. Ресми билік Көктөбеде бір полицей, академияны қорғау кезінде бір офицер мен үш курсант көз жұмғанын хабарлады. Оларды «террористермен атыста ерлікпен қаза тапты» деп жариялады. Бірақ Сәдуақасов академияға шабуыл сырттан жасалмағанына сенімді. Өзіне хабарласқанымызда, ол «әлдекім шекарашылар мен ішкі істер қызметкерлерін бір-біріне әдейі айдап салған болуы мүмкін» деген қаупін айтты.

Жаңа Қазақстанда әскери сала жаңарды ма?

Өз-өзін сәнді статистикамен қанша алдаса да жоғары билік елдің қорғаныс саласы қобырап жатқанын жақсы түсінді. Қаңтар оқиғасынан кейін әскердің әлеуетін арттыруға ынта таныта бастағандай көрінгені содан. Бірақ билік атүсті жұмыс істеп жатыр. Ең басты қолға алған шарасы – қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны көбейтті. Мысалы, 2021 жылы желтоқсанда 2022-2024 жылдарға арнап 858,8 миллиард теңге бөлген. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл соманы көбейтіп, 1 трлн 21 млн теңгеге жеткізді. Қаржының бір бөлігі қарулы күштерді реформалауға және әскери резервті арттыруға жұмсалады. Бірақ бұл қаржының дұрыс жұмсалып, жетер жеріне толық жететініне ешкім кепілдік бермейді.

Сондай-ақ әскери доктринаны жаңартып, әскер санын көбейтуге күш сала бастады. 2022 жылы көктемде жастарды әскерге күштеп алып жатқаны жайлы ақпарат тараған. Жауапты шенділер енді ғана оқу бітіріп жатқан студенттерді әскер қатарына мәжбүрлі түрде алғаны белгілі болды. Ал жақында запастағы офицерлерді 2 жылға әскери қызметке шақыру жөнінде бұйрық шықты. Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұған «офицерлік құрамдағы лауазымдардың толық жасақталмауы» себеп болыпты. Бұл шаралар әскердің әлеуетін арттыруға қалай әсер ететіні белгісіз.

«Елдің қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында бірнеше іс атқарылды. Былтыр ҚР аумақтық қорғанысы туралы заң жобасы дайындалды, биыл жыл аяғына дейін заң қабылдануға тиіс. Аумақтық қорғаныс күштері – қазіргі сәтте қорғаныс саласында өте маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ резервтік күштер жөнінде заң қабылданды. Бұл тікелей шешуші бағыт болмағанымен, елдің қорғаныс қабілетін арттыруға қосалқы түрде әсер ететін фактор. Бірақ қорғаныс саласын жақсарту – әскерилердің немесе салалық министрліктің ғана жұмысы емес. Бұған елдің экономикасы, халықтың әлеуметтік жағдайы мен білім деңгейі де тікелей әсер етеді. Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған қадамдар арасында техниканы жаңалауға деген ұмтылысын құп көремін. Бірақ біз тым асығып кетеміз, тез арада қару-жарақты жаңалап алсақ деп ұмтыламыз. Бұл – негізгі көп қаржыны талап ететін, ұзақ мерзімді жоба. Шетелден сатып алудан бөлек өндіріс саласына да көңіл бөлу керек. 2023 жылы «Қазақстан инжиниринг» компаниясы елдің қорғаныс күштері 50 миллиард теңгенің техникасын алғанын хабарлады. Бұл біршама жақсы көрсеткіш болғанымен, 50 млрд теңге дегеніміз әскери техника нарығында үлкен сома емес. Мұны жетілдіру керек. Дәл қазір Қазақстанның әскери әлеуеті мынадай деп дәл баға беру қиын. Белгілі бір жетістіктеріміз бар, кемшіліктеріміз де аз емес», – дейді әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.

Ал подполковник Ғалымжан Сәдуақасов Қаңтар оқиғасынан бері әскери салада еш өзгеріс болмағанын айтады.

«Қаңтар оқиғасы кезіндегі кемшіліктерге жүйедегі проблемалар себеп болды. 30 жыл бойы соғыс, қауіп дегенді естен шығарып алдық, әскер ештеңеге дайындалған жоқ. Бізде тек қағаз жұмыс істейді, қағаздағы есеп пен іс жүзіндегі жағдай мүлде сәйкес келмейді.

Қаңтардан бері ештеңе өзгерген жоқ, басшылар қатеден сабақ алмады, олар бәрін ұмытып кетті. Өйткені басшылардың ешбірі атысты көрген жоқ. Ал мен сол сәтті әлі естен шығара алмай жүрмін. Неге? Өйткені мен оқтың арасында жүрдім. Соғысқа қатысқан адамның психологиясы бөлек, бізге оның бәрі қатты әсер етті. Ал қатыспағандар түк болмағандай бәрін ұмытты. Сол кездегі басшылар өз орнында отырғанда не өзгереді дейсіз!

Кезінде бізге Ауғанстанда соғысқа қатысқан офицерлер тәрбие берген. Қазір бізде әскерге тәрбие беретін офицер жоқ. Қазіргілер ештеңе үйрете алмайды, әскерлер босаңсып кеткен. Тіпті министрлердің арасында соғысқа қатысқан адам жоқ. Бізде заманауи технология да жеткіліксіз. Академияда болсын, басқа жерде болсын, қару-жарақтың бір-бір данасы ғана алынады. Жаңа қару алдық деп көрсету үшін. Соғыс болса, мұндай қару барлық әскерге керек. Ақпарат құралын шулатып, шетелден сатып алып жатқан қару-жарақтың бір данасы ғана болады. Оны тек жұртқа көрсетеді, әскерлер қолына ұстап пайдаланбайды, өте қымбат тұратындықтан, бұзылып қала ма деп қорқады. Сынып қалса, төлеуге тура келеді. Мысалы, біздің академияға интерактивті тақта алған, оны біз пайдаланған жоқпыз, бүлініп қалмасын деп бір бөлмеге сақтап қойдық.

Қаңтар оқиғасынан кейін де әскери салада бір жарым жыл жұмыс істедім. Сол аралықта төтенше жағдайға дайындық жөнінде бірде-бір оқу-жаттығу жиыны өтпеді», – дейді маман.

Қазақ әскерінің әлеуеті қандай?

Жақында Global Fire Power әлемдегі 145 елдің әскери күштерінің рейтингін жариялады. Бұл тізімде Қазақстан 58-орында тұр. Былтыр ғана 63-орында тұрған еліміз бір жылда 5 саты жоғарылаған екен. Ресурс авторлары Қазақстанның қорғаныс саласына бөлген бюджеті 7,5 миллиард доллар деп жазыпты. Қазіргі әскер санын 110 мың деп көрсеткен. Ал резервте 135 мың адам тұр екен. Рейтинг жасаушылар ашық дереккөздегі ақпаратқа сүйенетіндіктен, назар аударуға тұрады. Олар да Қазақстанның Қаңтар оқиғасынан кейін бюджетті ұлғайтып, әскер санын арттыра бастағанын байқаған сияқты.

Сауыт киіп, садақ тартқан тұста ешкімге дес бермедік. Кейінгі окоп қазып атысатын кезеңде де көптен кейін қалған жоқпыз. Ал қазіргі жаңа технологиялар дәуірі соғыс ережесін мүлде өзгертіп жіберді. Енді тарих сахнасында техниканың тілін меңгерген мемлекеттер ғана үстемдік құрмақ. Түркияның «Байрактар» дронымен қаруланған Әзербайжан әскері Армениямен соғыста ырықты орынға шыққаны соның дәлелі.

Қару-жарағымыз қуатты деп айта алмаспыз. Бізге қарудың көбі Ресейден келеді. Қазақстан қарулы күштерінің әскери ұшақтары түгелге жуық Ресейде жасалған. Ең озық шабуылдаушы ұшағымыз да Ресейден әкелінген. Сол елден сатып алған Су-30 СМ жойғыш ұшағымыз еліміздің әуе күштерінің басты қаруы саналады. Бүкіл әскери әлеуетіңді бір елге байлап тастау орынды шешім емес, тіпті стратегиялық қателік деуге болады.

Әрине, арасында Қытай, Израиль, Испания сияқты елдерден бірен-саран жабдық аламыз. Бірақ өте аз. Мысалы, 2018 жылы шығыстағы көршімізден Y-8F200W тасымалдаушы ұшағын сатып алдық. Оның әлеуеті 1970-жылдағы КСРО-ның Ан-12 және АҚШ-тың C-130 ұшағымен шамалас. Демек, техникалық тұрғыда қатты ескірген өнім. Оны бізге дейін Венесуэла, Мьянма, Пәкістан, Судан, Танзания, Шри-Ланка елдері алған екен. Мұның бәрі әскери қуаты жағынан әлемге мақтана қоятын мемлекеттер емес. Осыдан-ақ аттай қалап алдырған су жаңа қаруымыз қай деңгейде екенін білуге болады.

Ел арасында «қазір армияға барған жастар ештеңе үйренбейді, басшылар олардың аман-есен үйіне қайтқанын ғана ойлайды» деген пікір жиі айтылып жүр. Курсанттарға тәрбие беретін офицер жоқ екенін Сәдуақасов та айтты. Ал біз сөйлескен жас сарбаз Ақжол Алпамыс қазір армияға барудың еш қажеті жоқ деп бір-ақ кесті.

«2017 жылы Атбасар қаласындағы №6636 әскери бөлімінің атқыштар ротасында отан алдындағы борышымды өтедім. Менің ойымша, қазір армия барудың қажеті жоқ, деңгейі алғашқы әскери дайындық сияқты ғана, уақытыңды бекер өткізесің, солдаттар соғысқа дайындалмайды. Жоғарыдан басшылар келгенде болмаса, қалған уақытта тамағы да нашар. Ал киімді сарбаздар армияға барғанда бір алады, жарты жылда екінші рет, сосын қайтатын кезде алады. Киімдер оңып, ескіріп кетеді. Ал қару-жарақтан қолдануға беретіні – АК-74 пен снайпер ғана. Әскерде тәртіп қатал екені рас, бір адамның қателігі үшін бәріміз жауап береміз. «Дедовщина» да әлі бар. Бірақ азайып келеді, әскер өлімі көбейгендіктен қадағалау күшейді. Сарбаздарда бұрынғыдай еркіндік жоқ», – дейді ол.

Ал КСРО кезінде борышын өтеген Самат Исабек армия туралы жағымды пікір айтады.

«1989-91 жылдары Ресей жерінде №11505 әскери бөлімде болдым. Армия деген ер адамды шынықтырады, таңертең ерте тұрып, жүгіресің, тәртіп қатаң, дайындық жоғары деңгейде өтеді. Апта сайын спорттық дайындық бойынша сынақ тапсыратынбыз, одан өтпесең, толымды әскер атана алмайсың. Одан бөлек, саяси оқу болатын, кәдімгі сабақ өтетін. Сарбаздар қару-жарақты жақсы білетін, «Калашников» автоматын ататын. Мылтықты көзді байлап қойып, шашып-құрастыратын еді. Автоматтың әр деталіне дейін білуің керек, талап сондай болатын. Офицерлер де жақсы қарайды. Ал «дедовщина» деген түсінік болды. Ол армияның тәртібі болатын. Оны офицерлер біліп қойса, күш көрсеткендерді соттауға дейін баратын», – дейді ол.

Екі дәуірдегі сарбаздың сөзін салыстырып көрсек, парық та, ұқсастық та бар. Ардагер армияның пайдалы екенін айтса, жас жігіт кемшілігін көбірек сөз етті. Екінші жағынан, екі түрлі ел мен екі ғасырдың сарбазы бірдей қару пайдаланғанын, бірдей тәртіпке бағынғанын айтып отыр. Соған қарағанда, мемлекет жаңарғанымен, әскери жүйеміз жаңармаған сияқты.

Мақал құрастырғыш министр

Қаңтар оқиғасынан кейін әскери саланың тамырына қан жүгірмегені белгілі болды. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Жауапты шенділер сарбаз өліміне де тоқтау сала алмады. Министр Руслан Жақсылықов мәселе шешумен емес, мақал құрастырумен айналысып жүр. Жақында Жетісу облысында Әмір Байтұрғанов есімді сарбаз қайтыс болды. Жақсылықов марқұмның туыстарына «Мен де әкемін. Оларды түсінемін. Мұндай жағдайдың болғаны бәрімізге ауыр тиді. Қазақта «ажалы келді» деген сөз бар. Сараптама ауырып көз жұмғанын растады» деп көңіл айтыпты. Ол тіпті «сарбаздар суицидінің 99 пайызы әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ, ол адамның өз ішіндегі мәселеден» деп санайды екен.

Бұған дейін «қазақта бір мақал бар, өкпелесең көшіп кет» деп күлкіге қалған Жақсылықов министр болып тұрғанда бұл саланың көші түзеле қоюы екіталай. Қаңтар оқиғасынан кейін тізгін ұстаған «жаңа қазақстандық» жаңа министр сарбаздарға мақал үйретіп жүрмесе, екі жылда ештеңе тындырған жоқ. Өңірде геосаяси жағдай ушығып, қарулы күштердің иығына ауыр салмақ түсіп тұр, бұл салмақты «мақалшыл» министр көтере алмауы мүмкін.

Қуаныш Қаппас