Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «парламент атынан» рәсімделген құттықтау үшін сынға қалды
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев тағы да әлеуметтік желіде сынға қалды. Бұл жолы мәселе оның жұбайын туған күнімен құттықтаған видеосынан басталды.
Бейнежазбада депутат әйеліне парламенттің ресми құжатына ұқсатып рәсімделген құттықтау грамотасын табыстайды. Мұқаевтың өзі мұны парламент таратылғанға дейін жасап үлгергеніне қуанышты екенін айтып, «гештальт жабылды» дейді.
Әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын тудырғаны да осы болды. Қарапайым отбасылық құттықтаудың парламент атынан берілгендей көрінуі көпшілікке оғаш көрінді. Жұрт мұны заң шығарушы органның символикасы мен мәртебесін жеке мақсатта пайдалану деп қабылдады. Журналист Диас Нұрақын да осы жайтқа назар аударып: «Ардақ Назаров анасына мәжіліс мінберінен құттықтау айтты. Енді міне, депутат Дәулет Мұқаев әйелінің туған күніне парламент атынан құттықтау адресін жасатыпты. “Гештальт жапқым келді” дейді. Заң шығарушы орган гештальт жабатын орынға айналды ма?» деп жазды.
Бұл бір қарағанда ұсақ-түйек оқиға сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мәселе жеке құттықтауда ғана емес. Соңғы жылдары депутат мандаты, әлеуметтік желідегі танымалдық, жеке бренд және мемлекеттік институт мәртебесі бір-бірімен араласып кеткендей әсер қалдырады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров пленарлық отырыс кезінде тікелей эфирде анасын құттықтап, сынға қалған еді. Енді Мұқаевтың «парламент атынан» көрінетін құттықтау грамотасын табыстауы қоғам арасында тағы да оғаш қылық болып көрінді.
Қызығы, дәл осы кезде парламентте «Құрылтай туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Онда депутаттық этика нормаларын бекіту ұсынылған. Атап айтқанда, отырыстардағы сөз сөйлеуді жеке өтініштер мен жеке құттықтаулар үшін пайдалануға тыйым салу мәселесі көтерілген. Бұл бастаманың Назаров пен Мұқаев секілді оқиғалармен тікелей байланысы бар-жоғы ресми айтылмағанымен, қоғам ондай байланысты өзі-ақ көріп отыр.
Дәулет Мұқаев пен Ардақ Назаров 2023 жылдың наурызынан бері Мәжіліс депутаты. Биыл шілде айында қазіргі екі палаталы парламент таратылып, Құрылтай деп аталатын бір палаталы парламентке сайлау тағайындалады деп күтіліп отыр. Демек, қазіргі депутаттар үшін бұл – саяси тұрғыдан өтпелі кезең. Ал дәл осындай кезде әр қадамның қоғамдық салмағы арта түседі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: МҰҚАЕВ ЖОЛЫ: МИЛЛИОНМЕН ТҮРМЕГЕ
Алайда Дәулет Мұқаевқа қатысты сын тек құттықтау грамотасымен шектелмейді. Бұған дейін оның аты «Декретке миллионмен» деген даулы курспен де қатар аталған. Кейінгі сот істері бұл тақырыпты қайта күн тәртібіне шығарды. Былтыр Ақтөбеде екі бухгалтер «миллионмен декретке шығару» схемасы бойынша алты жылға сотталды. Іс материалдарында олардың бірі бұрынғы блогер, қазіргі депутат Дәулет Мұқаевтың «Декретке миллионмен» атты курсын оқығанын айтқан.
Тергеу барысында анықталғандай, сотталушылардың бірі Гауһар әлеуметтік желі арқылы өткізілген «Декретке миллионмен» атты онлайн курсқа қатысып, әйелдерді декретке шығар алдында жеке кәсіпкер (ЖК) ашып, өзіне-өзі жоғары жалақы тағайындап, мемлекеттен ірі көлемде бір реттік төлем алу әдістерін үйренген. Кейін ол Instagram желісінде дәл осындай қызмет ұсынатын жарнама жариялап, жүкті әйелдерге «миллион теңге жәрдемақы алып берем» деп уәде еткен. Осы жолмен екі бухгалтер бірнеше клиенттің әрқайсысына оннан аса ЖК ашып, олар арқылы есеп-қисапта жалған жалақы көрсетіп отырған. Соның арқасында әр клиент шамамен 4 миллион теңге көлемінде бір реттік жөргекпұл және 1,5 жыл бойы ай сайын 170–200 мың теңгеден жәрдемақы алып отырған. Әйелдер алынған ақша түскен соң, оның 500 мың теңгеден астамын «делдал» бухгалтерлерге сыйақы етіп төлеген. Екі есепші бұл «бизнеспен» бірнеше жыл бойы айналысқан.
Шымкент қаласында да дәл осындай жағдай орын алды. 29 жастағы Жанат Дүйсенова есімді тұрғын 21 жүкті әйелдің жөргекпұлы мен бала күтімі төлемдерін қолдан көбейтіп, заңсыз ақша алғаны үшін сотталды.
Дәулет Мұқаев бұл сындарға бірнеше рет жауап берді. Оның айтуынша, ол ешқашан заң бұзуға шақырмаған. Керісінше, бейнесабақтарында «өтірік ИП ашпаңдар», «алаяқтыққа бармаңдар», «заң алдында жауап бересіңдер» деп ескерткенін айтады. Депутаттың сөзінше, курс заңды кәсіппен айналысып жүрген әйелдерге табысын заңдастырып, әлеуметтік мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануды түсіндіруге бағытталған.
Дәулет Мұқаев кейінгі жылдары қазақтілді аудитория арасында қаржылық сауат, әлеуметтік төлем, баспана, қайырымдылық тақырыптарын қарапайым тілмен түсіндірген танымал тұлғаға айналды. Оның «Dauletten» парақшасын миллионнан астам адам оқыды. Қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж жандарға үй алып беру акцияларын ұйымдастырды. Сол имидж оны халыққа жақын, «өз баламыз», «тақиялы періште» бейнесінде көрсетті.