Сараптама

Зеленскийді шеттету: Путин, Трамп, Си Украинасыз бейбітшілік орната ала ма?

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ лидері Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпинге үшжақты кездесу өткізуді ұсынды. Келіссөз Қытайда өтуі мүмкін.

Путин Трамп пен Си Цзиньпин

 Мәскеу Украинадағы соғысты талқылауға мүдделі, Вашингтон ядролық қарусыздануды алға тартады, ал Бейжің әзірге нақты жауап берген жоқ. Дегенмен үш державаның бір үстел басына отыру мүмкіндігінің өзі халықаралық саясатта үлкен пікірталас туғызды. Өйткені соғыс жүріп жатқан Украина бұлкездесуге шақырылмаған. 

Путин мен Си
Фото: РИА Новости Кристина Соловьёва/Путин мен Си

Путиннің көздегені не?

Әлемдік саясатта кейде бір ауыз сөздің өзі үлкен өзгерістің хабаршысындай көрінеді. Ресей президенті Владимир Путиннің Дональд Трамп пен Си Цзиньпинге үшжақты кездесу өткізуді ұсынуы да сондай оқиғалардың бірі болды. Путин 9 қазанда Трамппен телефон арқылы сөйлескенде Қытай басшысының қатысуымен Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылауды ұсынған. Кездесуді 18-19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.

19 қазанда Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай бастама талқыланғанын растады. Бірақ нақты келісімге қол жеткізілмегенін, кездесудің форматы мен күн тәртібі әлі анықталмағанын айтты. Ал Трамп үшжақты кездесуге қарсы емес екенін мәлімдеді. Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Мао Нин әзірге бұл жөнінде бөлісетін ақпарат жоқ екенін жеткізді.

Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғысты 2022 жылғы 24 ақпанда бастады. Содан бері 4 жылдан астам уақыт өтті. Мыңдаған адам қаза тапты, миллиондаған тұрғын босып кетті. Соғыс әлі жалғасып жатыр. Осындай жағдайда Путин неге Украина президенті Володимир Зеленскиймен емес, Трамп және Си Цзиньпинмен кездескісі келеді? Бұл сұраққа бірнеше болжам жасауға болады.

Біріншіден, Мәскеу Украинадағы соғыстың нәтижесін тек Киевпен арадағы мәселе ретінде қарастырмайды. Ресей басшылығы оны Батыспен арадағы қауіпсіздік жүйесі, НАТО-ның кеңеюі және халықаралық ықпал үшін күреспен байланыстырады. Сондықтан Кремльге Вашингтонмен тікелей келіссөз жүргізудің саяси салмағы жоғары.

Екіншіден, Путин Ресейдің халықаралық аренадағы ықпалын көрсеткісі келуі мүмкін. Украинаға басып кіргеннен кейін Батыстың санкцияларына тап болған Ресей АҚШ пен Қытай басшыларымен бір үстел басында отырып, әлемдік қауіпсіздіктің маңызды мәселелерін талқылауға қабілетті держава екенін танытуға мүдделі.

Үшіншіден, Мәскеу Киевке Вашингтон арқылы ықпал ету мүмкіндігін қарастырып отырған болуы ықтимал. Өйткені Украина армиясының қорғаныс қабілеті Батыстың әскери көмегіне, барлау мәліметтеріне және заманауи қару-жараққа қатты тәуелді.

 Алайда мұның бәрі болжам ғана. Мысалы, 19 қазанда АҚШ президенті Ресей және Қытай басшыларымен кездесуге дайын екенін, бірақ әңгіменің негізгі тақырыбы Украина емес, ядролық қарусыздану болғанын қалайтынын мәлімдеді. Бұл да кездейсоқ емес. Биыл 5 ақпанда АҚШ пен Ресей арасындағы стратегиялық ядролық қаруларды шектейтін New START келісімінің мерзімі аяқталды. Бұл құжат екі мемлекеттің орналастырылған стратегиялық ядролық қару-жарағына шектеу қойып келген еді. Қазір оның орнын басатын толыққанды келісім жоқ. Трамп жаңа келісімге Қытайдың да қатысқанын қалайды. Себебі Бейжіңнің ядролық әлеуеті ұлғайтып барады. Алайда Қытай өз арсеналы АҚШ пен Ресейдің ядролық қорымен салыстырғанда әлдеқайда шағын екенін айтып, үшжақты шектеу келіссөзіне сақтықпен қарайтынын байқатты.

Бірақ Украина мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Қазан айында Вашингтон мен Киевтің қарым-қатынасы айтарлықтай шиеленісті. АҚШ әкімшілігінің Ресейге қатысты кейбір санкциялық жеңілдіктері мен әскери көмек төңірегіндегі келіспеушіліктер Украина билігінің алаңдаушылығын күшейтті. Осындай кезде Трамп Украина басшылығын соғысты тоқтату жөнінде келісімге келуге шақырған.

Бұл арада Трамптың ішкі саяси есебін де ескеру керек. АҚШ-та 3 қарашада Конгреске аралық сайлау өтеді. Энергия бағасы, инфляция, сыртқы саясатқа жұмсалатын шығын және шетелдегі әскери жанжалдар – америкалық сайлаушылар үшін маңызды мәселелердің қатарында. Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуды өзінің дипломатиялық жетістігі ретінде көрсетуге мүдделі болуы мүмкін. Бірақ жылдам келісімге ұмтылу мен ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу бір нәрсе емес. Айталық, тараптар қақтығысты тоқтатуға келісті делік. Одан кейін не болады? Ресей басып алған аумақтардың мәртебесі қалай шешіледі? Украинаға қандай қауіпсіздік кепілдігі беріледі? Ресей қайта шабуыл жасамас үшін қандай тетік енгізіледі? Санкциялар қандай шартпен алынады? Бұл сұрақтардың жауабы болмаса, атысты тоқтату бейбітшілікке емес, уақытша тыныштыққа айналуы мүмкін.

Си Цзиньпинге бұл кездесу не үшін қажет?

Үшжақты кездесудің тағдырына әсер ететін тағы бір тұлға бар. Ол – Қытай басшысы Си Цзиньпин. Бейжіңнің ұстанымы Вашингтон мен Мәскеуге қарағанда күрделірек. Бұлай дейтініміз, Қытай мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі нығайып келеді. Екі мемлекет энергетика, сауда, дипломатия және қауіпсіздік салаларында ынтымақтасып отыр. Батыспен текетіресте Мәскеу үшін Қытайдың экономикалық және саяси маңызы айтарлықтай артты. Қытайдың әлемдік экономикадағы орны Ресейден мүлде бөлек. Бейжің АҚШ-пен де, Еуропамен де ауқымды сауда жасайды. Сондықтан Украинадағы соғысқа қатысты қадамдары оның экономикалық мүдделеріне тікелей әсер етуі мүмкін.

Қытай Ресеймен серіктестігін сақтағысы келеді. Бірақ Еуропамен қатынасының одан әрі шиеленісуіне де мүдделі емес. Бейжің бұрыннан Украина мәселесін келіссөз арқылы шешуді қолдайтынын мәлімдеп жүр. Егер Си Цзиньпин Путин мен Трампты бір үстел басына жинауға келіссе, Қытайдың халықаралық дипломатиядағы беделі артуы ықтимал. Мұндай кездесу Бейжіңнің әлемдік мәселелерді шешуге қабілетті орталықтардың бірі екенін көрсетуіне мүмкіндік береді.

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш/Сайын Борбасов

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:  Путин Украинаға АҚШ пен Қытай арқылы қысым жасамақ

 – Путиннің түпкі мақсатын өзінен басқа ешкім нақты білмейді. Сондықтан біз тек саяси болжам жасай аламыз. Меніңше, біріншіден, Путин ұзаққа созылған соғыстан әбден қажыды.

Екіншіден, бұл соғыс Ресейдің халықаралық беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Мұны Путиннің өзі де түсінді.

Үшіншіден, Ресейдің ресурсы қаншалықты мол болғанымен, шексіз емес. Төрт жылдан астам уақытқа созылған соғыс елдің экономикасына да, әскери әлеуетіне де ауыр салмақ түсірді.

Мәселенің экономикалық жағы да бар. Қазір Ресей мұнайын Қытайға көптеп сатуға мәжбүр. Бірақ Ресей мұнайын Қытайға тегін немесе тым арзан бағаға беріп жатыр деген пікірмен келіспеймін. Меніңше, саудада екі тарап та өз пайдасын көздейді. Сондықтан Путиннің Қытай мен АҚШ-ты келіссөзге тартуында экономикалық мүдде болуы да мүмкін. Сонымен бірге Ресей президенті осы екі алпауыт мемлекеттің ықпалын пайдаланып, Украинаға қысым көрсетуді көздеуі ықтимал. Өйткені Путин үшін соғысты тоқтатып қана қою жеткіліксіз. Ол мұны Ресейдің жеңісі ретінде көрсетуге мүдделі. Ал мұндай нәтижеге жету үшін Донбассты толық бақылауға алып, Қырымды Ресей құрамында қалдыруға тырысады. Мәскеуге тиімді келісімнің негізгі шарттарының бірі осы болуы мүмкін. Бірақ Украина мұндай талаптарды қабылдағысы келмейді. Киев Қырым мен Донбасстан бас тартпайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Сондықтан тараптардың ортақ келісімге келуі өте қиын.

Оның үстіне Украинаның артында үлкен халықаралық қолдау бар. Еуропа одағының басшылары Киевке қолдауды жалғастыратынын айтты. Германия, Франция, Ұлыбритания және басқа да еуропалық мемлекеттер Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау ұстанымынан бас тартқан жоқ. Еуроодақ әлемдегі ең ірі экономикалық орталықтардың бірі екенін де ескеруіміз керек.

Мерц пен Зеленский
Фото: Axel Schmidt/REUTERS/Мерц пен Зеленский

Украинасыз бейбітшілік орнатуға бола ма?

Ресей, АҚШ және Қытай басшылары Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылауға құқылы. Алайда Киевтің қатысуынсыз оның аумақтық тұтастығына, шекарасына немесе болашағына қатысты міндетті шешім қабылдай алмайды. Бұл – халықаралық құқықтың негізгі қағидаларының бірі.  Дегенмен халықаралық құқық пен саясаттың арасы алшақ болуы мүмкін. Үш держава өзара мәмілеге келген жағдайда Украинаға саяси және экономикалық қысым күшеюі мүмкін. Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига да осыған алаңдаушылық білдіріп, Киевсіз өтетін келіссөздің бейбітшілікке жеткізетініне күмән келтірді.

Бұл жерде Еуропаның ұстанымы да маңызды. Германия, Франция, Ұлыбритания және Еуроодақтың басқа мемлекеттері Украинаға қолдау көрсетуді жалғастырады. Ресейге қарсы санкциялардың елеулі бөлігі де Еуропаның шешімімен енгізілген. Сондықтан Вашингтон, Мәскеу және Бейжің өзара келіскен күннің өзінде, Еуропа мен Украинаның қатысуынсыз соғысты түбегейлі тоқтату қиын.

Мұның бәрі 1945 жылғы Ялта конференциясын еске түсіреді. Сол кезде Сталин, Рузвельт және Черчилль соғыстан кейінгі әлемнің болашағын талқылады. Алайда олардың келісімдері барлық қайшылықты шешкен жоқ. Көп ұзамай әлемде қырғи-қабақ соғыс басталды. Бүгінгі жағдай, әрине, өзгеше. Бірақ көтеріліп отырған мәселе ұқсас – әлемдік державалар өзге мемлекеттердің тағдырына қаншалықты ықпал ете алады? Бұл сұрақ Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені халықаралық құқықтың әлсіреуі ең алдымен қауіпсіздігін мемлекеттердің егемендігі мен шекаралардың мызғымастығы қағидаларына сүйеніп қамтамасыз ететін елдерге әсер етеді. Әзірге Путин ұсынған үшжақты кездесудің өтетіні де, одан қандай нәтиже шығатыны да белгісіз. Дегенмен бір нәрсе анық – соғысты тоқтату үшін келіссөз қажет, бірақ тұрақты бейбітшілік оған тікелей қатысы бар мемлекеттің мүддесін ескермей орнамайды.

1945 жылы Ялта кездесуінен кейін араға 81 жыл салып, тағы үш алпауыт мемлекет Украинадағы соғыстың болашағын талқылауы мүмкін. Бірақ басты мәселе мынау: тағдыры шешілетін Украинаға үстел басынан орын табыла ма?..

Тұрсынбек БАШАР

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз