Жәрдемақы реформасы: Робин гуд кім?
Қазір елімізде жәрдемақы реформасы қатты қызу талқыға түсіп жатыр.
Біз бұған дейін де біраз басылымдардың алды болып, осы мәселені "Жас Алашта" жазғанбыз. Енді бұл жолы нақты осы жаңалықтан не ұтатынымызды, неден ұтылатынымызды, жалпы жәрдемақы есептеуде қандай талаптар ескерілетінін, жәрдемақы алу үшін адам басына шаққандағы табыс қанша болуы керектігін сараптап көрмекпіз.
Тәсіл тиімді ме?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұл бастамасын сынап жатқандар да жетерлік, қолдайтындар да баршылық. Үкімет бұл реформаның негізгі өзегі – "бай болсаң, күніңді өзің көр, мұқтаж болсаң, мемлекет көмектеседі" деген қағидаға сүйену екенін айтады. Еңбек министрлігі ұсынып отырған бұл реформаны Премьер-министр Олжас Бектенов те ашық қолдады. Үкімет басшысының пікірінше, жағдайы жақсы, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын адамдар мемлекеттен әлеуметтік көмек алмауы керек. Мұндай азаматтар өз күшіне сенуі тиіс. Осыған байланысты енді келесі жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүйесі өзгереді. Атқарушы билік "байлардан үнемделген қаражатты кедейлердің жағдайын түзеуге жұмсаймыз" деп уәде беріп отыр. Шенеуніктердің пайымдауынша, жаңа реформа іске қосылған соң әл-ауқаты жоғары А және В санаттарына жатқызылған отбасылар жәрдемақының 14 түрін алуды тоқтатады. Министрліктің дерегінше, елімізде жәрдемақы алатын 3,2 млн адамның ішінде мұндай санаттарға 550 мың адам кіреді. А санатында 77 мың, В санатында 475 мың адам бар.
Осы ауқатты 550 мың адамға төленбей, "үнемделген" ақша мемлекет қазынасында да қалмайды. Ол тікелей әлеуметтік жағдайы төмен және шынайы көмекке мұқтаж С, D және Е санаттарындағы 2,7 млн адамға қолдауды күшейтуге бағытталады.
Мұны тура бір "Робин Гуд тәсілі" дерсің. Негізінде, экономикада мұндай тәсіл бар. Мұндайды қаржыгерлер "кірісті қайта бөлу саясаты" дейді. Кейде бұл тәсіл "Робин Гуд тәсілі" деп те аталады. Мұндай әдіс әлемнің дамыған елдерінде мемлекеттік деңгейде ресми түрде қолданылады.
"Аналитик" талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан ШАЯХМЕТОВАНЫҢ сөзіне сүйенсек, мұндай саясат негізінен екі үлкен құрал арқылы жүзеге асады. Біріншісі – прогрессивті салық жүйесі (байлар көбірек салық төлейді), екіншісі – атаулы әлеуметтік көмек. Байлар көмектен қағылады, үнемделген қаражат мұқтаждарға жәрдемақы, тегін медицина мен білімге жұмсалады.
Экономист-сарапшының ойынша, Үкімет былтырдан бері жаңа салық саясатын енгізді. Алайда атқарушы билік ауқатты байларға салықты көтере алмады. Ауқатты олигархтарға корпоративтік табыс салығын 30-35 пайызға дейін өсіруге бай-манаптар келіспеді. Сосын қарапайым халыққа салынатын, шағын кәсіпке салынатын қосымша құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға өсірілді.
"Енді ауқаттыларды және табысы тұрақты түрде жоғарыларды жәрдемақыдан қағайын деп отыр. Бір жағынан, бұл – дұрыс. А санатындағы ауқаттылар бұған аса қинала қоймайды. Себебі олар расымен де мемлекеттен алатын көмекке мұқтаж емес. Бұл арада В санатындағылардың арасында өз еңбегімен табан ақы, маңдай терімен жетістікке жеткендердің де барын ұмытпаған жөн. Жанталасып, бірнеше жұмыс істеп, ипотекаға болсын, бірнеше үй алып, табысын тауып жатқан азаматтар ілініп кетсе, бұл наразылық тудыратыны даусыз. Сондықтан бұл жаңалықты әбден зерттеу қажет. Егер В санатындағылардың арасында нақты бизнесі жоқ, бірақ бірнеше жұмыс істеу арқылы өзінің білімімен, адал еңбегімен өсіп жатқандар болса, бұл ескерілуі тиіс. Сол кезде ғана бұл тәсіл әділ болады", – дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.
Сала маманы "Робин Гуд тәсілінің" нақ қазір тиімділігін көре қоятынымызға күмәнмен қарайды. Себебі бізде әлі де шешілмеген мәселе көп. Экономист-сарапшының ойынша, бұл реформа нақты нәтиже берсін десек, ең алдымен ауыл мен қала арасындағы алшақтық ескерілуі тиіс және ауылдың деңгейін көтеру керек.
Ауыл мен қала арасы…
Әлеуметтанушы-ғалым Айсұлу МОЛДАБЕКОВА да осы сөздерді қуаттайды. Сала маманының сөзіне сүйенсек, бізге болашақта көпбалалы аналарға жәрдемақыдан бөлек, өздері тұратын аймақта, ауылда, қалада сол балалар тегін баратын үйірмелерге баруға, жекеменшік мектептерде оқып, білім алуына жолдамалар берілуі керек. Балалардың қосымша жан-жақты дамуына мүмкіндіктер қарастырылғаны жөн. Ауылдағы мектептердің сапасын күшейтуге күш салған дұрыс. Ауылдағы білім деңгейі қаладағы білімнің деңгейімен бірдей дәрежеге көтерілуі қажет.
"Осы арада айта кететін мәселе – ертең бізде 10-15 жылдан кейін таптар арасындағы айырмашылық қатты сезілетін болады. Себебі қазір жағдайы бар адамдар балаларын жекеменшік мектептерде оқытады. Ал жағдайы жоқ азаматтардың баласы қалалық жерлерде үш ауысымдық мектептерде немесе бір сыныпта 40-45 бала отыратын мектептерде оқиды. Ауылдық мектептердегі білім сапасы да сын көтере бермейді. Міне, күні ертең осы балалар ержетеді. Еңбек нарығына араласады. Сол кезде инвестиция салынып, білімі жоғары мектептерде оқыған бала суырылып алға шығады да, ал жағдайы жасалмаған бала нарықтан өзінің орнын таба алмай қалады. Білім алудағы теңсіздік, ертең таптық теңсіздікке алып келеді. Сондықтан үкімет осы жағын мықтап ойлап, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік теңсіздікті теңестіру қажет. Кезінде мектеп қабырғасынан фундаменті дұрыс қаланбағандықтан да, қазіргі біздің еңбек нарығында сапасыз мамандар өріп жүр. Осыны есте сақтаған абзал", – дейді Айсұлу Молдабекова.
Салалық мамандардың ойынша, мәселе бір ғана жәрдемақы жүйесін жаңартумен шешілмейді. Міне, осындай ұсыныстарды ескеру керек.
Жаңа жүйе қалай жүзеге асады?
Ал мына жәрдамақыға қатысты жаңа жүйе қалай жүзеге асады дегенге келсек, министрлік ұсынған бұл жүйе бойынша жәрдемақы төлеуде отбасының жағдайын тек жалақысына қарап емес, бірден сегіз бағыт бойынша бағалайды. Олар – табыс пен кредиттер, көлік, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй жағдайы және ауыл шаруашылығы. Бір қарағанда, бәрі қисынды. Шын мәнінде, жағдайы жақсы отбасы мемлекеттен әлеуметтік көмек алмасын дегенге ешкім қарсы емес. Бірақ өмір Excel кестесі емес қой. Отбасының табысы жоғары болып көрінгенімен, оның едәуір бөлігі ипотекаға, несиеге, емге немесе басқа да міндетті шығындарға кетеді емес пе? Ал ауылдағы отбасының ауласында тұрған ескі көлік пен атадан қалған жер қағаз жүзінде "мүлік" саналуы әбден мүмкін. Құр тұрған мүлік отбасын бай қылып жібермейтіні тағы бар.
Жаңа әдістемеге сәйкес, Қазақстандағы 36 түрлі мемлекеттік жәрдемақының 14 түріне отбасының әл-ауқаты мен мұқтаждық критерийі енгізілмек. Ал мүгедектігі бар азаматтарға, тұл жетімдерге, зейнеткерлерге, көпбалалы және марапатталған аналарға арналған 22 әлеуметтік кепілдік бұрынғы тәртіппен сақталады деген түсініктеме берілді. Бірақ халықтың алаңдайтыны да осы 14 төлемнің төңірегінде. Өйткені "байларға жәрдемақы бермейміз" деген қағида қағаз жүзінде әділетті естілгенімен, "кім бай?" деген сұраққа келгенде әңгіме күрделене түседі.
Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы сұрақтарға жауап бермек болып, арнайы брифинг өткізген. Сол жиында азаматтардың қай санатқа жататынын анықтайтын жаңа арнайы калькулятор таныстырылды. Енді әркім өзінің табысын, баспанасын, көлігін, жұмысын, тіпті әлеуметтік жағдайын есептеп, "мемлекеттен жәрдемақы тие ме, жоқ па?" деген сұраққа өзі жауап ала алады. Яғни халықтың қалтасын енді калькулятор санап береді. Осы калькуляторды таныстырған вице-министр Бақтияр Жазықпаевтың пікірінше, бұл жүйе Egov пен Egov Mobile қосымшаларында бар. Азамат жеке деректерін енгізеді де, нәтижесінде өзінің әлеуметтік "портретін" көреді.
Ең қызығы – жаңа калькуляторды сынауды осы реформаны қайта-қайта насихаттап жүрген Асқарбек Ертаевтың өзі бастап берді. Көптің көзінше, министр Ертаев өзінің отбасының мәліметтерін енгізді. Министрдің сөзінше, отбасында алты адам бар – өзі, жұбайы және төрт баласы. Министрдің жасы 39-да. Ресми жалақысы 1,2 млн теңге. Жұбайы – 44 жаста, жұмыс істемейді, үй шаруасында. Төрт ұлының екеуі жұмыс істейді. 29 жастағы ұлының табысы 600 мың теңге, 23 жастағы ұлының табысы 400 мың теңге. Одан бөлек, мектепте оқитын қызы және төрт жастағы ұлы бар. Мүлікке келсек, отбасының Астанада екі пәтері бар. Бірі – 60 шаршы метрлік екі бөлмелі, екіншісі – 100 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер. Көлігі – 2013 жылғы Toyota Camry 50. Басқа коммерциялық мүлік пен жер учаскесі тіркелмеген. Калькулятор бәрін есептеп болған соң, министрге қатысты "үкімін" шығарды. Сөйтсек, министріміз В санатына жатады екен. Демек, жәрдемақы ала алмайды. Яғни 6 адамдық отбасы, үш жұмыс істейтін ересек адам, бірнеше пәтер, көлік және 2,2 млн теңгеге жуық көрсетілген жалақысы бар отбасы жәрдемақы алатын санатқа кірмейді. Министр де нәтижеге риза болған сияқты. Оның айтуынша, отбасында ешкім жәрдемақы алмайды. Мемлекеттен соңғы рет 2022 жылы кенже ұлы дүниеге келген кезде жәрдемақы алған. Қажет болса, әлеуметтік төлемнен бас тартуға дайын екенін де айтты.
Енді калькулятормен есептеу – қарапайым халықтың кезегі. Қазір білетіні бар, білмейтіні бар, жаппай электронды порталға кіріп, есептеп, даурығып жатқан жайы бар.
Нені ескеру керек?
Жалпы,жаңа жүйеде отбасының материалдық жағдайын бағалау үшін бір ғана табыс көрсеткіші емес, бірнеше критерий қатар қарастырылатынын жоғарыда айттық. Енді министрліктің мәліметінше, отбасы А санатына жатқызылуы үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 356 мың теңгеден жоғарыболуы керек, әр адамға шаққанда жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үй нысаныныңболуы,ірі бизнесінің, екі немесе одан да көп орта кәсіпорнының немесе үш және одан да көп шағын кәсіпорынның болуы, люкс санатындағы автокөлік, ауыл шаруашылығымен айналысатын отбасының 300 гектардан астам жерінің болуы, мал шаруашылығымен айналысатын отбасының 500 бастан астам малының болуы азаматтарды А санатына жатқызады. Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда А санатына жататын шамамен 329 мың үй шаруашылығы бар. Бұл – елдегі отбасылардың жалпы санының шамамен 5 пайызы. Ал В санатындағы отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 305-356 мың теңге аралығында болуы, әр адамға шаққанда ауданы 60-120 шаршы метр аралығындағы бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының болуы, премиум санатындағы автокөліктің болуы, бір орта кәсіпорны немесе екі шағын кәсіпорнының болуы, жүк көлігінің, ауыл шаруашылығы техникасының немесе жалпы ауданы 50-300 гектар жері болуы шарт. Қазақстанда В санатына шамамен 1 млн үй шаруашылығы, яғни отбасылардың шамамен 16 пайызы кіреді.Осылайша, 2027 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде осындай мұқтаждық критерийі енгізілмек.
Еске салсақ, биыл жыл басында жаңа Салық кодексінің "жырын" біраз толғағанбыз. Енді келер жылы жәрдемақы реформасы елді елең еткізейін деп тұр. Әйтеуір, Үкіметтің "байдан алып, кедейге беру" тәсілі қарапайым отбасыларға зиянын тигізбейтіндей нәтижелі болса, қанеки! Неде болса, министр Асқарбек Ертаев ұсынып жүрген "Робин Гуд тәсілінің" тиімділігін алдағы уақытта байқап көретін боламыз.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ