Орталық Азия үшін талас: Кімнің асығы алшысынан түседі?
Осы аптаның басында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Өзбекстанға келді...
Осы аптаның басында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Өзбекстанға келіп, Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сыртқы істер министрлерімен жеке және "C5+1" форматында кездесу өткізді. Рубионың Самарқанға сапары аймақ елдері үшін елеулі оқиға саналады. Өйткені КСРО тарағаннан бері АҚШ-тың ешбір президенті біздің аймаққа аяқ баспаған. Тіпті мемлекеттік хатшы деңгейіндегі АҚШ шенділері де Орталық Азияға тым сирек аяқ басатын.
Шынын айту керек, АҚШ Орталық Азияға тікелей емес, жанама мүдделер арқылы ғана көз салады. Яғни Ақ үйдің біздің аймақпен қарым-қатынасы тұрақты стратегиялық серіктестікке емес, сыртқы факторларға тәуелді. Сарапшылар "Вашингтон Ресей мен Қытайдың ықпалын тежеу үшін және өзіне қажетті қазба байлыққа қол жеткізу үшін ғана Орталық Азияға назар аударады" деп санайды. Мұны Марко Рубионың өзі де мойындады. Самарқанда журналистер алдына шыққан Ақ үй қызметкері АҚШ кейінгі 20 жылда аймаққа жеткілікті көңіл бөлмегенін ашық айтты.
Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы C5+1 форматындағы кездесулер 2015 жылы басталған. Әу баста саммит сыртқы істер министрлері деңгейінде өтіп жүрді. Ал мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы кездесу 2023 жылы, екіншісі 2025 жылы өтті. C5+1 форматы әу баста саяси диалог пен қауіпсіздік мәселелеріне арналса, кейінгі кезде экономикалық ынтымақтастық басты орынға шықты. Мысалы, 2023 жылы Орталық Азия президенттерімен кездесуде Ақ үй басшысы Джо Байден аймақтың қауіпсіздігі жайлы көбірек сөз қозғаған. Ал 2025 жылы Дональд Трамптың басты әңгімесі сирек кездесетін минералдар саудасы туралы болды.
Дәл осы сирек минералдар мәселесінде Орталық Азия мен Вашингтонның сөзі бір жерден шығады. Біріншіден, сирек металдар саласында АҚШ басты бәсекелесі Қытайға есе жіберіп жүр. Жер бетіндегі бар екені нақты анықталған сирек минералдар қорының 70 пайызына Қытай иелік етеді, тіпті минералдар өндірісінің 90 пайызы Бейжіңнің бақылауында. Сол үшін Вашингтон Орталық Азияны Қытайға балама ретінде қарастырып отыр.
Екіншіден, Орталық Азияда сирек минералдар қоры мол екені анықталған. Технология дамыған сайын сирек кездесетін минералдардың маңызы арта түсті. Әскери қару-жарақ, цифрлы технология, электромобиль, медицина саласы біз сөз етіп отырған жерасты қазбаларынан қол үзе алмайды. Аймақ елдері "жаңа заман мұнайы" атанған осы қазба байлықты сату арқылы, қазынаны толтырғысы келеді.
Сондай-ақ Орталық Азия елдері Вашингтонмен байланысты нығайту арқылы сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағытты жандандырмақ. Яғни Ақ үйге арқа сүйеп, Мәскеу мен Бейжіңге тәуелді болып қалудан сақтануға тырысады. Марко Рубио Самарқанда сөйлеген сөзінде "Орталық Азия елдерінің көпвекторлы саясатына құрметпен қарайтынын, Вашингтонның аймақ елдерінен бұрыннан қалыптасқан байланыстарын үзуді талап етпейтінін" айтты.
Бұған дейін сарапшылар "Орталық Азияға көпвекторлы ойын ойнау оңайға соқпайды, көп өтпей Ресей, Қытай және АҚШ арасында таңдау жасауға тура келеді" деген болжам айтқан. Бірақ Ақ үй өкілі аймақ елдеріне мұндай талап қоймаймыз деп ашық айтты. Ал Орталық Азияны өзінің "артқы ауласы" санайтын Мәскеу мен аймақтағы бес елдің бәрінің басты сауда серіктесі саналатын Бейжің бұлай ойламауы әбден мүмкін.
Самарқанда Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Марко Рубиомен жеке кездескен. Қос тарап "кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға келіскенін" хабарлады. Сол кездесуде Рубио желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінен кейін Қазақстанға толық форматтағы сапармен келуге ниетті екенін айтты. Демек, 2027 жылы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы біздің елге келуі мүмкін.
Марко Рубионың Самарқанға сапарына байланысты жұрт арасында сұрақ көп. Көпшілік "Ақ үй Орталық Азияға неге жылы қабақ таныта бастады?", "Орталық Азияға кімнің ықпалы күшті?", "Рубио неге Қазақстанға емес, Өзбекстанға сапарлады?" деген сияқты сұрақтарды талқылап жатыр. Біз осы сұрақтарды саясаттанушы Жанат МОМЫНҚҰЛОВҚА қойдық.
– Рубио сапарының басты мақсаты қандай? Сіздің ойыңызша, Вашингтонның Орталық Азияға қатысты саясаты қалай өзгеруі мүмкін?
– Рубио сапарының мақсаты – АҚШ-тың Орталық Азиядағы саяси ықпалын экономикалық мазмұнмен толықтыру. Сондықтан ол Самарқанға 200-ден аса америкалық бизнес өкілін ерте келді. Кездесуде сауда мен инвестиция, энергетика, критикалық минералдар, Транскаспий көлік дәлізі және аймақтағы қауіпсіздік мәселесі сөз болды.
Вашингтон Орталық Азияға бұрын көбіне Ауғанстан мен қауіпсіздік тұрғысынан қараса, қазір аймақтың өзін дербес экономикалық және геосаяси кеңістік ретінде қабылдай бастады. АҚШ-қа уран, сирек металдар және критикалық минералдар жеткізу көздерін әртараптандыру, Қытайға тәуелді өндірістік тізбекті қысқарту және америкалық компанияларға жаңа нарықтар ашу маңызды.
Сондай-ақ АҚШ Орталық Азия елдеріне "Ресейден немесе Қытайдан бас тартыңдар" деп ашық талап қойып отырған жоқ. Вашингтон аймақта үшінші ірі балама серіктес болғысы келеді. Сондықтан Ақ үйдің қазіргі саясатын Орталық Азиядағы өзіне тиесілі экономикалық және стратегиялық орынды кеңейту деп бағалаған дұрыс. АҚШ аймаққа қайтып оралды деген пікірлер де бар.
– Кейінгі жылдары Орталық Азияның 5 елін ортаға алып, "C5+1" форматында кездесу өткізу жиіледі. Мұндай кездесуді АҚШ-тан бөлек, Ресей, Қытай, Жапония, Корея және Еуропа елдері өткізіп жүр. Орталық Азияға талас жүріп жатыр деп есептейсіз бе? Дәл қазір біздің аймаққа қай елдің ықпалы күшті?
– Қазір Орталық Азия үшін бәсеке бар екені рас. Бірақ оны аймақты бөліске салу немесе жаңа "үлкен ойын" деп түсіндірмеу керек. Қазір Орталық Азия мемлекеттерінің өздері де сыртқы күштердің бәсекесін пайдаланып, инвестиция, технология, көлік бағыттары мен саяси маневр мүмкіндігін көбейтуге тырысады. Яғни аймақ бәсекенің нысаны емес, біртіндеп бірлесіп, дербес келіссөз жүргізетін субъектіге айналып келеді.
Аймақта Қытайдың сауда, несие, инфрақұрылым және өнеркәсіп жобаларындағы ықпалы күшейді. Ресей бұрынғыдай қауіпсіздік, еңбек миграциясы, ақпараттық кеңістік, тіл және Кеңес кезеңінен қалған институционалдық байланыстар бойынша ырықты орынға ие. Еуроодақ инвестиция, жұмсақ күш, энергетика, шикізат және Транскаспий бағыты бойынша ықпалды. Ал АҚШ технология, инвестиция, қаржы және критикалық минералдар саласында өз орнын кеңейтуге кірісті. Түркия мәдени ықпал арқылы маңызды серіктестерге айналды.
Егер экономикалық ықпал бойынша ғана өлшейтін болсақ, қазір аймақта Қытайдың салмағы басымырақ. Мысалы, 2025 жылы Қытай Өзбекстан сыртқы саудасының 20 пайызға жуығын қамтамасыз етсе, Қазақстан импортында Қытай мен Ресейдің үлесі шамамен 29 пайыздан болды. Бірақ қауіпсіздік, еңбек миграциясы және саяси байланыстар бойынша Ресейдің позициясы әлі күшті. Яғни экономикада Қытай алға шықты, қауіпсіздік пен тарихи-институционалдық ықпалда Ресейдің салмағы сақталды, ал АҚШ пен Еуропа аймақтың сыртқы таңдау мүмкіндігін кеңейтіп отыр.
– Сіздің ойыңызша, АҚШ мемлекеттік хатшысы не үшін Қазақстанға емес, Өзбекстанға барды?
– Біріншіден, мұны Қазақстаннан бас тарту немесе Өзбекстанды Қазақстаннан жоғары қою деп бағалауға болмайды. C5+1 форматының алғашқы министрлер кездесуі 2015 жылы дәл Самарқанда өткен. Сондықтан он жылдан кейін кездесуді осы қалада өткізу қисынды.
Екіншіден, Өзбекстан – аймақтағы халқы ең көп, географиялық тұрғыдан барлық Орталық Азия елдерімен және Ауғанстанмен шектесетін мемлекет. Рубио Өзбекстанды "аймақтағы ең халқы көп, кілт және іргетас ел" деп атауы кездейсоқ емес. Өзбектер Ресейдің экономикалық, қауіпсіздік одағында емес, сондықтан олар бізге қарағанда еркінірек және АҚШ-пен жақындасуға мүмкіндігі көбірек.
Біздің елдің Ресейге тәуелділігі біршама күшті, сол үшін жаңа мүмкіндіктерге есігімізді айқара ашуға шамамыз болмай, іштей қыпылдап отырмыз. Шавкат Мирзиеев аймақтық диалогты, шекараларды ашуды және Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастығын белсенді дамытуға кірісті. Сондықтан Вашингтон Өзбекстанды аймақтық байланыстарды дамытатын қолайлы дипломатиялық орталық ретінде қарастырады.
Үшіншіден, сапар C5+1 кездесуіне ғана арналмаған. Самарқанда АҚШ – Өзбекстан кеңейтілген стратегиялық диалогы және екі елдің бизнес-инвестициялық кеңесінің отырысы өтті. Яғни Өзбекстан сапарға нақты екіжақты экономикалық күн тәртібін қоса алды.
Дегенмен де Қазақстанның рөлі төмендеді деуге негіз жоқ. Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі ел, Астана америкалық инвестицияның негізгі бағыттарының бірі әрі критикалық минералдар саласындағы маңызды серіктес болып қала береді.
Рубио Самарқанда Қазақстан Сыртқы істер министрімен жеке келіссөз өткізді. Кездесу орны ретінде Самарқанның таңдалуы – АҚШ саясатының Қазақстанмен дәстүрлі серіктестікті сақтай отырып, Өзбекстан бағытында да күшейіп келе жатқанын аңғартады. Жалпы алғанда, Рубионың Самарқан сапары АҚШ-тың Орталық Азияға ұзақмерзімді экономикалық және стратегиялық тұрғыдан қайта оралуға әрекет жасап жатқанын білдіреді. Бірақ оның нәтижесі кездесулер санымен емес, америкалық компаниялардың нақты инвестициясы, технология трансфері және іске асқан жобаларымен өлшенеді.
Тағы бір маңызды жайт, Өзбекстан шетелдік инвестицияға қолайлы жағдай жасамақ. Сол арқылы Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан – Түркіменстан – Каспий арқылы Қазақстанды айналып өтіп, көрпені өзіне тартып әкетуі мүмкін деген алаңдаушылық бар. Өзбекстан кейінгі он жылда аймақтың ұйысуына жағымды әсер етіп, аймақтағы елдер бірлігінің негізгі ядросына, аймақ тепе-теңдігі мен автономиялығының орталық күшіне айналып келеді. Бұл Ташкенттің саяси салмағын арттырады.
Қуаныш ҚАППАС