Сараптама

Қымбатшылық есігіңізді қағып тұр… Жанармай бағасы қашан өседі?

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстандағы жанармай бағасының арзандығын, арзан жанармайдың ел экономикасына зияны бар екенін жиі айтады.

жанармай

 Министрдің ойынша, арзан өнім контрабанданы, яғни сыртқа заңсыз сатуды ынталандырады. Сондай-ақ жанармай арзан кезде мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғырту да қиынға түспек. Осылайша, Ақкенженов енді арзан жанармай дәуірінің бола қоймайтынына жиі емеурін білдіреді.

Жалпы, Ерлан Ақкенженовке дейінгі біраз министр жанармай бағасымен "алысты". Соңғы бес жылда жанармайдың бағасына қатысты мәселе талай экс-министрдің бас ауруына айналды. Мәселен, 2001 жылдары осы салада министр болған Мағзұм Мырзағалиев жанармай бағасын реттеу мүмкін еместігін айтып, бас шайқаса, 2022 жылдары осы саланы басқарған Болат Ақшолақов "қазір бағаны өсірмесек, біз қанша жанармай өндірсек те, ішкі нарықты қамтамасыз ете алмаймыз, төмен баға – инвесторлардың келуіне кедергі" деп, баз кешкен. Сол тұста АИ-92 маркалы жанармай 205 теңгеге, дизель 295 теңгеге қымбаттады.

Бұдан соң энергетика министрлігінің орынтағына жайғасқан Алмасадам Сәтқалиев те өз ойынша сәтті біраз жобаларды жүзеге асырмақ болды. Сәтқалиев көрші елдерге жалтақтауды, яғни көршіге арзан жанармай сатуды қою керек екенін айтып: "Біз бағаны көршілер үшін емес, отандық зауыттардың шығынсыз жұмыс істеуі үшін өсіреміз", – деген.  Ол "Қазақстандағы баға кем дегенде Ресей деңгейіне (400 теңгеге) жетуі керектігін" жиі айтатын.

Осы қарқынмен "экстердің" ізімен министр Ерлан Ақкенженов те кетер ме еді, қайтер еді? Алайда 2025 жылдың 16 қазаны күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма беріп, Үкімет 48 сағаттың ішінде шешім қабылдап, жанармай бағасының өсуіне 2026 жылдың 31 наурызына дейін мораторий жарияланды. Енді сол мораторий кезеңі бітті. Қазір елдің басым бөлігі елеңдеп, Үкіметтің шығаратын шешімін бағып отыр. Жуырда Энергетика министрлігі жанармай бағасы бірден өспейтінін, кезең-кезеңімен қымбаттайтынын, десе де, бұрынғыдай арзан жанармайдың болмайтынын ескертті.

Арзан отын шынымен тиімсіз бе?

Негізінде, арзан бензин мен дизель отыны халық пен бизнес үшін тиімді. Алайда бағаны әкімшілік жолмен шектеу нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын бұзып, отынның көрші елдерге шығарылуын күшейтуі мүмкін. Бұл ретте экономист Ғалым ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ сөзіне сүйенсек, Қазақстан жанармай бағасын жасанды түрде төмен ұстаудың салдарынан жыл сайын шамамен 150 млрд теңге көлемінде экономикалық шығынға ұшырауы мүмкін. Яғни отандық нарықтағы арзан отынның бір бөлігі іс жүзінде Қазақстан экономикасында емес, көрші мемлекеттердің экономикасына жұмыс істейді. Бұл жерде мәселе тек жанармайдың шекарадан заңды немесе заңсыз шығарылуында емес. Негізгі мәселе –"Қазақстан үшін арзан отын саясаты ұзақ мерзімде қаншалықты тиімді?" деген сұрақта.

Есептеп көрсек, расымен де Қазақстандағы АИ-92 бензинінің бағасы көрші елдердің көпшілігімен салыстырғанда көп төмен. Ресейде оның бағасы шамамен 1,6 есе, Қырғызстанда екі есеге жуық, ал Өзбекстанда 1,6-2,5 есе жоғары. Дизель отыны бойынша да осындай айырмашылық бар. Көрші елдерде баға Қазақстанмен салыстырғанда шамамен 1,35-1,6 есе қымбат. Нарықтық экономика тұрғысынан мұндай баға айырмашылығы бірден арбитраждық мүмкіндік қалыптастырады. Яғни бір елдегі арзан тауар екінші елде қымбат болса, оны арзан елден сатып алып, қымбат нарыққа шығару экономикалық тұрғыдан тиімді болады. Мамандардың пайымдауынша, жанармай нарығында бұл механизм өте айқын көрінеді. Қазақстан арқылы өтетін шетелдік көліктер арзан отынды ел аумағынан барынша көп құйып алуға мүдделі. Ал мұндай сұраныс отандық нарықтағы нақты тұтыну көлемін бұрмалауы мүмкін.

Ғалым Құсайынов
Фото ашық дереккөз/Ғалым Құсайынов

Ғалым Құсайыновтың мәліметінше, Қазақстаннан жыл сайын шамамен 4 млн көлік шығады. Оның 1,5 млн-ға жуығы – жүк көліктері. Жеңіл автомобильдің багына орта есеппен 50-70 литр жанармай сыятын болса, үлкен жүк көліктері 600-1000 литрге дейін отын тасымалдай алады. Осы факторларды есепке алған сарапшы "Қазақстаннан жыл сайын шамамен 1 млрд литр немесе 850 мың тоннаға жуық жанармай шығарылуы мүмкін" деп есептейді. Оның бағалауынша, мұның экономикалық шығыны жылына 150 млрд теңгеге дейін жетуі ықтимал.

"Бұл – бюджеттің тікелей шығыны емес. Мұнда арзан бағаның салдарынан ел ішінде қалмайтын экономикалық ресурс, жоғалған кіріс және нарықтағы бұрмалану туралы сөз болып отыр", – дейді сарапшы.

Сондай-ақ жанармай бағасын төмен деңгейде ұстаудың тағы бір салдары – заңсыз экспорттың пайда болуы. Бұл ретте Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сәйкес, заңсыз экспорт көлемі айына 10 мың тоннаға дейін жеткен. Бұл көрсеткіш жанармай бағасындағы айырмашылықтың көлеңкелі нарық үшін де қаншалықты маңызды фактор екенін көрсетеді. Мұндай жағдайда мемлекет, бір жағынан, ішкі тұтынушыға арзан жанармай ұсынуға тырысса, екінші жағынан, сол арзан өнімнің елден шығарылуына тосқауыл қою үшін қосымша әкімшілік бақылау механизмдерін енгізуге мәжбүр болады. Сөйтіп, мәселе тек бағаны белгілеумен шектелмейді. Мемлекет арзан отынды сақтау үшін экспортқа шектеу қояды, бақылауды күшейтеді, ал бұл өз кезегінде нарықтың қалыпты жұмыс істеуін қиындатады.

Арзан баға мұнай өңдеу саласын тежей ме?

Сарапшылардың пайымдауынша, жанармай бағасының төмен болуы мұнай өңдеу саласына да әсер етеді. Егер өндіруші компанияның өнімін ішкі нарықта арзанға сатуға тура келсе, жаңа өндірістік қуаттарға инвестиция салудың экономикалық тартымдылығы төмендейді. Осы тұрғыдан алғанда, жанармай бағасын әкімшілік жолмен ұстап тұрудың парадоксы бар. Мұндайда мемлекет қысқа мерзімде тұтынушыны жоғары бағадан қорғайды, бірақ ұзақ мерзімде өндіріс көлемін арттыруға қажетті инвестициялық ынтаны әлсіретіп алады.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда БАЯХМЕТОВТІҢ пікіріне сүйенсек, жанармай бағасын қолдан реттеудің салдары қазір авиация саласынан да көрініп жатыр.

"Мәселен, Қазақстан жылына шамамен 1,1-1,2 млн тонна авиациялық керосин жағады. Ал 2025 жылы отандық мұнай өңдеу зауыттары шамамен 720 мың тонна керосин өндірген. Демек, ішкі қажеттіліктің шамамен 30-35 пайызы импорт арқылы жабылады. Бұл жерде маңызды мәселе авиациялық керосин өндірісін айтарлықтай арттыру үшін мұнай өңдеу көлемін де ұлғайту қажет. Мұнай химиясын дамытуға мән беріп, модернизацияға көшу қажет. Егер мұнай өнімдерін арзан түрде ұсына берсек, бұған қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан арзан өнімнің артында отын қауіпсіздігі мәселесі де тұр. 2026 жылдың басынан бастап шетелдік әуе компаниялары үшін жанармай құю бағасының тоннасына 1200 доллардан 930-1000 долларға дейін төмендеуі транзиттік авиация үшін оң фактор болуы мүмкін. Алайда бұл – қысқа мерзімді баға саясатының тиімділігі. Мұны ұзақ мерзімді өндірістік тұрақтылықпен шатастырмау қажет. Қазақстан үшін артықшылық арзан отынды уақытша ұсынудан емес. Отынды, жанармайды және басқа да мұнай өнімдерін жеткілікті көлемде әрі тұрақты өндіру мүмкіндігі қалыптасуы тиіс", – дейді экономист-ғалым.

Нарықтық бағаға көшу не береді?

Мамандардың ойынша, жанармай бағасын автоматты түрде өсіру барлық мәселені шешпейді. Бұл жерде үкіметтің алдында өте маңызды, жіптей нәзік мәселені шешу тұр. Себебі бағаны біртіндеп өсірудің де, күрт өсірудің де әлеуметтік салдары міндетті түрде болады.

Мәселен, дизель отыны қымбаттаса, жүк тасымалдау құны өседі. Ал тасымал шығынының артуы азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының бағасына әсер етуі ықтимал. Бұл әсіресе ауылдық жерлер мен шалғай аудандар үшін маңызды. Себебі мұндай өңірлерде тауарлардың түпкі бағасында логистикалық шығынның үлесі жоғары болады. Сондықтан жанармай бағасын еркін жіберуден бұрын, баға реформасын әлеуметтік саясатпен қатар жүргізу маңызды.

Қаржыгер Дәурен АРЫННЫҢ пайымдауынша, жанармай бағасын салыстырғанда Қазақстан үшін мұнай қоры жоқ елдердің тәжірибесі де қызық болуы тиіс.

"Мысалы, Грузияны алайықшы, онда АИ-95 бензинінің литрі шамамен 1,5 доллар тұрады. Бұл Қазақстандағы бағадан шамамен екі есе жоғары. Мұнда маңыздысы – жанармай бағасының бүкіл экономикалық жүйеге қалай ықпал ететіні. Қымбат отын тасымалдаушыларды логистиканы тиімді ұйымдастыруға, энергияны үнемдеуге және технологиялық жаңаруға ынталандырса, ұзақ мерзімде бұл экономиканың тиімділігін арттыруы мүмкін. Алайда мұндай модель әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға қосымша ауыртпалық түсірмеуі керек. Грузия жанармайды бәріне бірдей арзан қылғанша, одан үнемделген бюджет қаржысын кедейлік шегіндегі отбасыларға тікелей береді. Арнайы рейтингтік жүйе арқылы ең мұқтаж отбасылар анықталып, оларға ай сайынғы қаржылай жәрдемақы төленеді. Адамдар бұл ақшаны өз қалауынша тамаққа, дәрі-дәрмекке немесе көлік шығынына жұмсайды. Грузия үкіметі Әзербайжанның SOCAR компаниясымен арнайы ұзақмерзімді келісімшартқа отырған. Соның арқасында халық тұтынатын табиғи газ бен жарық құны барынша төмендетілген "әлеуметтік тарифпен" беріледі. Яғни жанармайдан қысылған халықтың қалтасына түсетін салмақты мемлекет коммуналдық тарифтерді жеңілдету арқылы теңестіреді. Міне, біздің үкіметтің қолынан осы келсе, игі. Ал келмесе, бұл жерде әлеуметтік мәселенің басы қылтыяды", – дейді қаржыгер Дәурен Арын.

Атамұрат Шәменов
Фото: Суретте Атамұрат Шәменов/Атамұрат Шәменов

Ал экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат ШӘМЕНОВТІҢ ойынша, енді жанармай бағасын өсіруге мораторий берілмейтіні анық. Себебі бұл жерде экономикалық мән бар.

"Мысалы, жанар-жағармайды сатушылар өздерінің шығындарына байланысты бензиннің бағасын көтеріп отыратын. Өнімді шығару, тасымалдау құны артқан сайын ол өнімнің бағасы да өседі. Сол кезде ғана бизнес табысты болады. Кәсіпкерлер мемлекетке салықты уақытында төлейді, жұмысшыларын уақытында жалақымен қамтиды. Ал енді бағаны қымбаттатуға үкімет мораторий жариялағаннан кейін олар бағаны өсіре алмайды. Тасымал құны қымбат болса да, басқа шығындары қымбатқа түссе де, осы бағаны ұстап тұруы тиіс. Бұдан шығатын қорытынды – бизнес енді шығынға жұмыс істегісі келмей, шығаратын өнімінің көлемін азайта бастайды. Өйткені өнім шығару құны қымбат, сондықтан көлемді азайтып, ілдебайлап күн көруге тура келеді. Жұмысшыларын қысқартуы мүмкін, басқа да шығындарын қайта есептеуі тиіс. Мұның соңында жанар-жағармай тапшылығы туындайды. Жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек болып,дүрбелең тууы әбден мүмкін. Осы жайттарды ескерсек, үкіметтің енді жанармай бағасын еркін айналымға жіберетіні даусыз", – дейді экономист ғалым.

Не істеу керек?

Осылайша, сала мамандары енді арзан жанармай дәуірі өткенін, алайда осыған байланысты үкімет те нақты-нақты шешімдерді қарастырып, елдің қалтасына ауыртпалық түспейтіндей шараларды қарастыру қажеттігін алға тартады. Мамандардың ойынша, жанармай қымбат болғандықтан, халық жеке көліктен бас тартуға мәжбүр болады. Сондықтан үкімет пен қалалық әкімшіліктер қоғамдық көліктерді метро, автобус, шағын автобустарды субсидиялауға көшуі тиіс. Жанармай қымбаттаған жағдайда қымбатшылық міндетті түрде қоса ілесіп жүреді. Осыған байланысты мамандар мынадай ұсыныстарды айтады:

Біріншіден, студенттер, зейнеткерлер әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін қоғамдық көлікпен жүру өте арзан, 70-80 пайыздық жеңілдікпен жол жүру карталары арқылы жүзеге асырған жөн.

Екіншіден, ауыл шаруашылығына арналған мақсатты көмектер ұйымдастырылуы қажет. Жанармай бағасы азық-түлік құнына әсер етпеуі үшін мемлекет фермерлер мен шаруаларға көктемгі-күзгі дала жұмыстары кезінде дизель отынын арзандатылған бағамен сатып алуға арнайы ваучерлер таратқаны жөн. Бұл жанармай бекеттеріндегі бағаға әсер етпейді, тек тіркелген фермерлерге ғана беріледі.

Үшіншіден, әлеуметтік маңызы бар тауарларды (ұн, сүт, май, нан) тасымалдайтын отандық жүк көліктері мен дистрибьюторлар үшін жанармай акциздерін төмендету немесе оларға мақсатты отын субсидиясын беру керек. Бұл – тауардың дүкен сөресіндегі бағасының өсуін тежейді.

Төртіншіден, жанармай 5 пайызға қымбаттаса, кейбір кәсіпкерлер мұны сылтау етіп, өз тауарлары мен қызметтерінің бағасын 20-30 пайызға негізсіз өсіріп, жасанды инфляция тудырады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықтағы ірі ойыншылардың бағаны негізсіз көтеруін, алыпсатарлық әрекеттерін қатаң қадағалауы тиіс.

Міне, сала мамандарының ойынша, Үкімет жанармайдың бағасын өсірмес бұрын алдымен осындай әлеуметтік шараларды ойластырып алуы тиіс. Бұл – бастапқы төрт шара. Ал кейін қымбат жанармай кезінде түрлі-түрлі қосалқы шаруаларды да атқарып отыруға тура келеді. Сала мамандарының пайымынша, егер осындай шараларды жасауға Үкіметтің ықыласы болса,нақ осы төрт шарадан бастау керек. Содан кейін ғанабағаны еркін айналымға жіберуге болады. Сол кезде халықтың да атқарушы билікке деген сенімі артады. Ал енді мұндай шараларды ескермей жанармай бағасы бірден өсетін болса, бұл әлеуметтің сеніміне селкеу түсіруі мүмкін.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз