Сараптама

Жұманғариннің "жұмбағы" шешілді

Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің тоғыз айының қорытындысын жариялады.

Жұманғарин

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, тоғыз айдағы кіріс жоспары 99,96 пайызға орындалған. Иә, қағаз жүзінде барлығы мінсіз. Бірақ есеп-қисаптың салыққа қатысты тұсына үңілсек, бір қызық көрініс ашылады. Бұл жолы қосымша құн салығынан бюджетке 686 млрд теңге кем түскен. 

  Еске салсақ, үкімет осыған дейін ҚҚС-нан түсетін түсімге айрықша үміт артып, биылғы жылдан бастап қосымша құн салығының мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға көтерген. Бұл қадамға аяқ басарда "бюджетке жыл сайын 2,4 трлн теңгеге дейін қосымша пайда келеді" деп болжаған. Мақсат орындалса, Ұлттық қордан да қаражат аз алынып, салықтың есебінен қордың ақшасын үнемдеп, оның жинақтау функциясын күшейтуді де көздеген.

 Бұдан бөлек, ЕАЭО-дағы көрші елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы 12 пайыздық мөлшерлеме сырттан тауар әкелушілерге тым тиімді болғандықтан, салықты 16 пайызға көтеру ең алдымен импорттық тауарларға жүктемені арттырады деген. Бір сөзбен айтқанда, ҚҚС-ын 16 пайызға көтерген үкімет "жырғаймыз, пайдаға кенелеміз" деген еді. Алайда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы көрсеткендей, ҚҚС мөлшерлемесі көтерілгенімен, бюджет бұл салық түрінен жоспарланған межеге жете алмай қалды. Енді жылдың аяқталуына үш-ақ ай қалғанын ескерсек, бұл жоспардың биыл орындала қоюы да екіталай.

Жоспар неге орындалмады?

  Мұны біз осы саланы зерттеп жүрген мамандардан сұрадық. Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек ЗИЯБЕКОВТІҢ сөзіне сүйенсек, мұның бірнеше себебі бар. Оларды түсіну үшін алдымен ҚҚС-ның қалай жұмыс істейтінін ұғып алу керек.

Біріншіден, мемлекет кәсіпкерлерге ҚҚС-ның бір бөлігін қайтаруы мүмкін. Кәсіпорындар тауар сатқанда ҚҚС төлейді, бірақ өздері сатып алған тауарлар мен қызметтер үшін төлеген салықтың бір бөлігін есепке жатқыза алады немесе заңда көзделген жағдайда бюджеттен қайтарып алады. Сондықтан салық мөлшерлемесі өскенімен, мемлекетке нақты қалатын ақша автоматты түрде дәл сондай көлемде көбеймейді.

Екіншіден, импорттан түсетін салық біз күткендей нәтиже бермеуі мүмкін.Шетелден Қазақстанға тауар әкелінгенде де ҚҚС төленеді. Үкімет мөлшерлемені көтеру арқылы осы бағыттан түсетін кірісті арттыруды көздеді. Алайда импорт көлемі, тауар бағасы және сауда құрылымы өзгерсе, бюджетке түсетін ақша да өзгереді.

Үшіншіден, кәсіпкерлер жаңа салық талаптарына бейімделе бастады. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі мен салық төлеушілерді тіркеу талаптарының өзгеруі бизнеске қосымша салмақ түсіруі мүмкін. Кейбір кәсіпкерлер шығынын қысқартады, бағаны көтереді немесе жұмыс істеу тәсілін өзгертеді.

Төртіншіден, жоспарланған кіріс нақты жағдайдан жоғары болуы ықтимал. Үкімет жыл басында бюджетке қанша ақша түсетінін алдын ала есептейді. Бірақ экономикадағы жағдай, импорт көлемі мен кәсіпорындардың айналымы болжамдағыдай болмаса, жоспарланған сома толық жиналмайды.

Бейсенбек Зиябеков
Фото: ашық дереккөз/Бейсенбек Зиябеков

"Қаржы министрлігінің есебіндегі көрсеткіштер бойынша, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде ҚҚС-тан 5,92 трлн теңге түскен. Бұл – жоспардың 89,6 пайызы. Бірақ басқа салықтардан түсетін ақша жоспардан асып кеткен. Мәселен, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін алынатын төлемдерден 547,1 млрд теңге, ал кедендік төлемдерден 216,6 млрд теңге артық түскен. Осылайша, ҚҚС бойынша жетпеген қаражаттың орнын басқа түсімдер толтырған. Соның нәтижесінде барлық салықтан жиналған ақша жоспары 5,8 млрд теңгеге асыра орындалған. Сөйтіп, бір қалтадан кеміген ақша екінші қалтадан толыққан. Қағаз жүзінде мәселе шешілген. Бірақ мұнда бір сұрақ қалады. ҚҚС түсімінің жоспардан едәуір төмен болуы нені білдіреді? Салық базасының өзгеруінен бе, тұтыну мен импорттағы ахуалдан ба, әлде жоспарлау кезіндегі болжамның дәл болмағанынан ба? Бұған енді үкімет нақты жауап беріп, осыны зерттеуі қажет", – дейді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

"Үкімет үнемді өзінен бастасын!"

  Салалық мамандардың ойынша, бюджетке ҚҚС жоспардағыдан аз жиналған болса, "оның орнын басқа салықтар жапты" деп ақталуға болмайды. Келешекте барлығын дұрыс жоспарлап, сауатты болжамдар жасалып, үкіметтік шығындарды қысқартқан жөн.

   Мәселен, 9 айда республикалық бюджет шығыны 18,74 трлн теңгеге жеткен, ал бюджеттің кірісі 16,53 трлн теңге болған. Кіріс бойынша жоспар жоғарыда айтқанымыздай, 99,96 пайыз, шығыс бойынша жоспар – 99,63 пайыз. Яғни кіріс те, шығыс та көзделген межеге өте жақын. Бірақ арифметика деген қыңыр нәрсе бар. Кіріс – 16,53 трлн теңге, шығыс – 18,74 трлн теңге. Арасында 2,22 трлн теңге айырма бар. Қысқасы, ақша түсуі керек кезде кейбір салықтар жоспардан қалып қойған, ал жұмсауға келгенде бюджет жоспардан қалыспаған. Шығыс бойынша қаражаттың ең үлкен бөлігі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған – 5,04 трлн теңге. Трансферттерге 4,14 трлн теңге жұмсалған. Мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге тағы 2,73 трлн теңге кеткен. Осы үш бағыттың өзіне 11,91 трлн теңге жұмсалған. Бұл – жалпы шығыстың шамамен 64 пайызы.

Әрине, әлеуметтік міндеттемелерді орындау – мемлекеттің маңызды міндеті. Ал басқа шығынның ауқымы, бюджет кірісінің тұрақтылығы мен оның құрылымына қатысты сұрақтар бәрібір де күшейеді. Мәселен, кейбір бағыттарда қаражат толық игерілмеген. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке арналған шығындардың орындалуы 97,3 пайыз болса, жалпы мемлекеттік қызметтер бойынша 97,5 пайыз болған. Яғни кейбір салалар бойынша жоспарға ақша жетпей қалса, басқа салаларда жүздеген миллиард теңге көлемінде ауытқу бар.

Сапарбай Жұбаев
Фото: qazradio/Сапарбай Жұбаев

  Экономист-ғалым Сапарбай ЖОБАЕВТЫҢ сөзіне сүйенсек, қазір Қазақстан үкіметі үнемге мән беруі керек. Маманның ойынша, бірінші, бюджеттің қаражатын тиімді, үнемді пайдалану маңызды.

"Қазақстанда бюджеттің қаражаты елдің экономикасын дамытуға және әлеуметтік жағдайларды жақсартуға жұмсалады. Бізде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік осал топтарға төлемдер, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемақы және зейнеткерлерге зейнетақы төленеді. Одан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамытуға, көлік логистикасын жаңғыртуға, тағы басқа толып жатқан салаларға да бюджеттен қаражат бөлінеді. Демек, осыншама дүниенің барлығын бір бюджеттің есебінен түгендеп алғымыз келеді. Негізінде, бюджеттің есебінен әлеуметтік төлемдер ғана төленіп, мемлекеттің қолдауына мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіліп, жәрдемақы, зейнетақы беріліп қана отырғаны дұрыс. Ал жаңағы экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, тағы басқа салаларды жетілдіруге жекелеген инвесторлар арқылы қол жеткізген жөн. Үкімет ондай салаларды дамыту үшін инвесторлардың қаражатын елге тартуы қажет. Бюджеттің қаражатын үнемдеуде, үкімет, міне, ең алдымен осыны үйренуі керек", – дейді экономист-ғалым.

Маманның пайымдауынша, шығынға келгенде қазынаны тым ашық ұстамау керек. Үкімет нақты-нақты инвесторлармен сауатты жұмыс істеуді үйренуі тиіс. Бұдан бөлек, үнемдеуді де Үкімет өзінен бастағаны дұрыс. Әкімшілік шығындардың санын азайту, шенеуніктердің жалақысына қатысты олардың тапқан табысына салынатын салықтарға қатысты оң шешімдер қабылданғаны абзал.

Байлар байлығын бөлісе ме?

 Сапарбай Жобаевтың сөзіне сүйенсек,олигархтар өз табысының бір бөлігін мемлекетпен бөліскісі келмейді. Корпоративтік табыс салығынан бөлек, табысы жоғары азаматтардың жеке табыс салығын көтеру жоспары да толық жүзеге аспады. Жаңа Салық кодексі аясында табысы жоғары бай азаматтардың жеке табыс салығын қазіргі 10 пайыздан 20-25 пайызға дейін көтеру көзделуі керек еді. Президент бұл мәселені 2019 жылдан бері айтып келеді. Алайда Үкімет мұны әлі күнге дейін толық жүзеге асыра алмай отыр. Қазір айлық табысы 3 млн теңгеден асатын азаматтарға ғана жеке табыс салығының мөлшерлемесі 15 пайызға дейін көтерілді. Ал Қазақстанда мұндай жалақы алатындар небәрі 26 мың адам екен. Елде салық төлейтін 11 млн адам бар десек, жоғары мөлшерлемемен салық төлейтіндер – соның 0,24 пайызы ғана. Яғни халықтың басым бөлігі бұрынғыдай, 10 пайыздық мөлшерлемемен жеке табыс салығын төлеп жүр. Ал айына 1,5-2,5 млн теңге табатын азаматтар ше? Олар да бұрынғыдай, 10 пайыз салық төлейді. Мұндай табыс алатындардың арасында жоғары лауазымды шенеуніктер мен ауқатты азаматтар да бар. Сонда, қарапайым жұмысшы да табысының 10 пайызын салыққа береді. Ал айына 1,5 млн немесе 2 млн теңге жалақы алатын шенеунік те дәл сондай мөлшерлемемен салық төлейді. Табыс көлемі бірнеше есе айырмашылық жасағанымен, салық мөлшерлемесі бірдей.

"Егер Үкімет салық реформасы арқылы бюджет кірісін арттырып, салық жүйесін әділетті етуді көздесе, онда негізгі салмақ тек қарапайым халыққа түспеуі керек. Ірі компаниялардың корпоративтік табыс салығын арттыру, сондай-ақ табысы жоғары азаматтар үшін жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін енгізу мәселесі де нақты шешімін табуы қажет. Әйтпесе, ірі компаниялар мен ауқатты азаматтардың салықтық жүктемесі айтарлықтай өзгермей, қарапайым халық бұрынғыдай табысының 10 пайызын төлей берсе, реформаның әділеттілігіне қатысты сұрақтар туындайтыны анық", – дейді маман.

Салық кодексін қайта қарау керек пе?

 Сала мамандарының ойынша,қосылған құн салығын 16 пайызға көтерудің негізгі ауыртпалығы халық пен отандық шағын және орта бизнеске түседі. Бұрын ҚҚС төлеуден босатылатын кәсіпкерлердің жылдық айналым шегі 80 млн теңге болса, жаңа тәртіп бойынша бұл шек 40 млн теңгеге дейін төмендеді. Яғни жылдық айналымы 40 млн теңгеден асқан кәсіпкерлер ҚҚС төлеушілер қатарына қосылады. Ал ҚҚС мөлшерлемесі – 16 пайыз. Мұның салдары шағын және орта бизнеске де, қарапайым тұтынушыға да әсер етеді. Кәсіпкерлердің салықтық жүктемесі артып, бұл қосымша шығындар тауарлар мен қызметтердің бағасына да ықпал етуі мүмкін. Ал ірі компаниялар мен ауқатты азаматтардың салықтық жүктемесін арттыру мәселесі әлі де өзекті.

"Сондықтан жаңа Салық кодексіне қатысты сын-пікірлердің көбеюі түсінікті. Мен оптимистік тұрғыдан айтатын болсам, Үкімет бұл салық саясатын қайта қарауы әбден мүмкін. Ал салық саясаты қайта қаралса, міндетті түрде салық жүктемесінің әділ бөлінуіне назар аударуы керек", – дейді экономист-ғалым Сапарбай Жобаев.

Маманның ойынша, олигархтардың, ірі компания иелерінің, ауқатты азаматтар мен табысы жоғары шенеуніктердің салық төлеу мәселесін қайта қараған жөн. Шағын бизнес пен қарапайым халыққа түсетін салмақты арттыра бермей, табысы жоғары топтардың да бюджетке қосатын үлесін көбейту қажет. Сонда ғана салық реформасы бюджет кірісін арттырумен қатар, әлеуметтік әділеттілік қағидатына да сай болады.

Олай етпесек, Үкіметтің салықты өсіру арқылы "бюджетті толықтырамыз, Ұлттық қордан трансферттер алуды доғарамыз" деген жоспары орындалмай қалуы әбден мүмкін. Мәселен, биылдың өзінде Ұлттық қордан алынуы тиіс жылдық трансферт жыл бітпей жатып, түгел алынған. Осылайша жылдың аяқталуына әлі 3 ай бар болса да, "жылдық азығын" Үкімет әлдеқашан таусып тастағаны алаңдатады.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз