Бірлік болса – ұйым жоқ, ұйым болса – күйің жоқ…
15 қазанда Әзербайжан астанасы Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) VII саммиті өтті.
Әрине, мұны жаһан жұрты көз тіккен дулы жиналыс деуге келмейді. Каспий жағасына әлемдік алпауыт елдердің ешбірінің басшысы келген жоқ. Бірақ кейінгі жылдары БҰҰ-ның ықпалы бұрынғыдан әлсіреп, аумақтық ұйымдардың күш ала бастағанын ескерсек, АӨСШК-ні мүлде елеусіз қалдыруға болмайды.
"АӨСШК-ні нығайту: Азиядағы байланыс, цифрландыру және тұрақты даму" деген атпен өткен саммитте халықаралық қатынастардағы тұрақсыздық, аймақтық қақтығыстардың алдын алу, сауда-экономикалық байланыстар, логистика және энергетика инфрақұрылымы, су тапшылығы, цифрландыру және жасанды интеллектінің ықпалы талқыға түсті.
Яғни түсінген адамға Азия аумағында да шұғыл шешуді қажет ететін проблемалар шаш-етектен. Сол үшін де АӨСШК-ні елеусіз қалдыруға болмайды. Негізі бұл кеңестің әу бастағы мақсаты Азия елдері арасындағы қауіпсіздік пен өзара сенімді нығайту болатын. Ал қазір Азия мемлекеттері арасында қауіпсіздік пен сенім мәселесі ақсап тұрғаны анық. Тіпті АӨСШК-ге мүше елдердің арасында да шешілмеген мәселе көп. Мысалы, Израиль мен Палестина, Үндістан мен Пәкістан, Қытай мен Үндістан өзара дүрдараз екені жасырын емес.
АӨСШК қандай ұйым?
Қазақстан қазір ТМҰ, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ сияқты аймақтық және саяси ұйымдарға мүше. Ал АӨСШК Қазақстанның бастамасымен құрылған. 1992 жылы 5 қазанда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Азиядағы қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға арналған кеңес құру идеясын ұсынды. Яғни әу бастағы жоспар бойынша АӨСШК Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Азиядағы баламасы болуы тиіс еді.
Алайда Азия елдері Еуропамен салыстырғанда саяси, діни, мәдени және экономикалық тұрғыда әртүрлі болғандықтан, өзара "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын" құрылымды құру оңайға соққан жоқ. Сондықтан АӨСШК бірден қатаң міндеттемелері бар ұйым ретінде емес, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға арналған диалог алаңы ретінде қалыптасты.
Ұйымды құру туралы 1992 жылы айтылғанымен, алғашқы саммит араға 10 жыл салып, 2002 жылы 4 маусымда Алматыда өтті. Сол жиында Алматы актісі қабылданып, Кеңестің негізгі қағидаттары бекітілген болатын. Екінші саммитті де 2006 жылы бізде, Алматыда өтті. Ал одан кейін отырыстар Ыстанбұл, Шанхай, Душанбе және Астанада болған.
2022 жылы 13 қазанда Астанада өткен VI саммитте қатысушылар Кеңеске трансформация жасап, оны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру процесін бастауға келіскен. Биыл Бакудегі жиында трансформация процесі талқыланып, ұйымды дамыту жұмысы жақсы жүріп жатқаны айтылды. Ол үшін 8 тармақтан тұратын жол картасы қабылданған.
Ең қызығы, АӨСШК құрамына саяси жүйесі мен саяси ұстанымы әртүрлі елдер жиналған. Кеңес құрамында капиталистік, коммунистік және діни мемлекеттер бар, тіпті кей елдің басқару жүйесі іс-жүзінде диктаторлық режимде жұмыс істеп тұр. Ендеше, іштей біртұтас емес ұйымға Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді деп сенім арта аламыз ба?..
Бакудегі саммит қарсаңында АӨСШК құрамында 28 мемлекет болған. Олар: Әзербайжан, Ауғанстан, Бангладеш, Бахрейн, Вьетнам, Египет, Израиль, Үндістан, Иран, Ирак, Иордания, Қазақстан, Камбоджа, Катар, Оңтүстік Корея, Кувейт, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, БАӘ, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Шри-Ланка. Сондай-ақ Беларусь, Индонезия, Жапония, Малайзия, Түркіменстан, Филиппин, Украина, АҚШ және Сауд Арабиясы ұйымға бақылаушы болды.
Бакуде бұл қатарға Лаос қосылды. Демек, Кеңеске мүше елдер саны 29-ға жетті. АӨСШК ресми сайтында ұйымға мүше мемлекеттер Азия аумағының – 90 пайызын, әлем халқының жартысынан астамын қамтитыны жазылған. Айтпақшы, АӨСШК-нің штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан.
АӨСШК саммитінде не айтылды?
Саммит тізгінін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұстады. Жиында алдын алу дипломатиясын дамыту, халықаралық көлік дәлізін біріктіру, су ресурсын бірлесіп басқару және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәселелері сөз болды.
Қатысушылар Әзербайжанның 2024-2026 жылдардағы төрағалық мерзіміне жоғары баға беріп, Бакудің төрағалық кезеңін 2026-2028 жылдарға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ Әзербайжан ұсынған кандидат Сұлтан Қажиев 2026-2030 жылдарға АӨСШК Бас хатшысы болып тағайындалды. Бұған дейін Бас хатшы қызметін 6 жыл бойы қазақстандық Қайрат Сарыбай атқарған болатын.
Сөз басында "саммитке алпауыт елдердің басшылары қатыспады" дегенді бекер айтқан жоқпыз. Ресей, Қытай, Түркия, Үндістан, Иран сияқты ұйым құрамындағы ірі елдердің президенттері Бакуге барған жоқ. Владимир Путин саммитке Ресейдің "мәңгілік сыртқы істер министрі" Сергей Лавровты жұмсапты. Ал Си Цзиньпиннің атынан Қытай СІМ басшысы Ван И келген. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да "иегінің астында тұрған" Әзербайжанға келген жоқ. Саммитке 9 елдің президенті қатысты. Ол қатарда Орталық Азиядағы 5 мемлекет пен Лаос, Катар және Израиль басшылары бар.
Саммит қорытындысы бойынша Баку декларациясы қабылданды. Құжатта Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, халықаралық құқықты сақтау, көпжақты ынтымақтастықты дамыту және мемлекеттер арасындағы сенім шараларын нақты іске асыру мәселелері қамтылған. Декларация бес негізгі бағыттан тұрады (әскери-саяси сала, жаңа сын-қатер мен қауіптер, экономика, экология және гуманитарлық байланыс).
Әрине, декларация қабылдау мен меморандум жасау қиын емес. Әр саммит, жиналыстан кейін осындай бума-бума құжаттар қабылданады. Басты мәселе солардың қаншасы жүзеге асатынында болып тұр. Мысалы, Бакуде делегациялар цифрландыру мен жасанды интеллекті, энергетика мен сауда-саттық, теміржол, автожол, авиация және теңіз бағытын қамтитын логистикалық желіні дамыту, трансшекаралық инфрақұрылымды қорғау жөнінде келісімдер жасады. Тіпті бейбіт мақсатта атом энергиясын пайдалану құқығы құжатқа енді. Дәл осы бейбіт атом мәселесі Ирандағы соғыс отына тамыздық болғаны жасырын емес.
Қазақстан қандай бастама көтерді?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бакудегі саммитте АӨСШК-нің Қазақстан үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтті. Ол ұйымды құруға Астана бастамашы болғанын еске сала отырып, АӨСШК қазір құрлықтағы елдерді бір үстел басына жинап, өзара тиімді шешім іздеуге мүмкіндік беретін диалог алаңына айналғанын айтты. Сондай-ақ Тоқаев декларация қабылдаумен ғана шектелмей, нақты бастамалар мен ортақ іс-қимылға көшу қажет екенін айтты.
Тоқаев бұған дейін халықаралық жиналыстарда үнемі айтып жүрген логистика, жасанды интеллект, су ресурсы, әлемдік қауіпсіздік мәселелерін қайта қозғады. "Халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Құқық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіс белең алды. Былтыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Өткен бір жылда 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мыңнан астам бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр", – деді Қазақстан президенті.
Превентивті дипломатия. Тоқаевтың негізгі ұсыныстарының бірі – АӨСШК аясында превентивті дипломатия тетігін құру. Оның айтуынша, "бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек, қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі". Қазір әлем елдері арасында өзара сенім қалмағаны рас. Тіпті БҰҰ қарарларын ешкім елемейтін болған. Аймақтық қайшылықтар мен геосаяси бәсеке жағдайды қатты ушықтырып жіберді. Тоқаев ұсынған жоба бойынша АӨСШК-ге мүше мемлекеттер ықтимал шиеленісті ертерек талқылап, дипломатиялық консультация жүргізу арқылы ортақ шешім әзірлеу қажет. Сондай-ақ әрбір қатысушы елдің пікірін ескере отырып, саяси тұрғыда тиімді жолды таңдау қажет екенін атап өтті.
"Бір белдеу – бір жол" және Орта дәліз. Қазақстан басшысы АӨСШК-нің ортақ көлік стратегиясын дамытуды ұсынды. Бұл да Астана үшін өте маңызды бағыт. Әлемде мұнай саудасы құлдырап, бюджетке түсетін қаржы азайғанда Қазақстан билігі елдің транзиттік әлеуетін пайдалануға ынта танытып отыр. Мысалы, Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасын, Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізін, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) және Баку – Тбилиси – Жейхан бағытын жандандыру ауадай қажет.
Бұл бағыттар Азияның шығысындағы өндіріс орталықтарын Орталық Азиямен, Қапқазбен және Еуропа нарығымен байланыстырады. Сол арқылы Қазақстан экспорт қабілетін арттырып, транзиттен түсетін кірісті көбейтуге және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуге қол жеткізеді. Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан қазақ мұнайын тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумында (КҚК) іркіліс көбейді. Бұл да балама бағыттарға сұранысты арттырды. Бірақ аталған дәліздерді біріктіретін стратегия әлі ұсыныс деңгейінде екенін ескерген жөн, олардың жылдам жүзеге аса қоюы екіталай.
Су мәселесі. Тоқаев кейінгі жылдары су тапшылығы жайлы көп айтып жүр. Тіпті БҰҰ аясында халықаралық су ұйымын құруды ұсынған. Бакуде осы түйінге тағы тоқталып, АӨСШК-нің су әріптестігін құруды ұсынды. Оның айтуынша, Азия мен Тынық мұхиты аймағында әлем халқының шамамен 60 пайызы тұрып жатыр, бірақ жаһандық су ресурсының небәрі 35 пайызы осы өңірге тиесілі. Осы деректің өзі өңірде су тапшылығы қаупі жоғары екенін аңғартады. Сондықтан осы проблеманы шешу үшін АӨСШК аясында Су әріптестігін құруды ұсынды.
Білім мен адам капиталы. Қазақстан президенті АӨСШК аясында Адам капиталын дамыту жөніндегі әріптестік құру қажеттігін айтты. Мақсаты – жастарды технологиялық, экономикалық және геосаяси өзгерістерге бейімдеу, білім беру мен ғылыми ынтымақтастықты күшейту. Тоқаев Қазақстандағы жоғары оқу орындары АӨСШК-ге мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкіртақы, ғалымдарға зерттеу грантын беруге дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынасы қандай?
Қ.Тоқаев АӨСШК саммиті аясында Бакуде Израиль президенті Ицхак Герцогпен, Катар әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәнимен кездесу өткізді. Бұл кездесулерде мемлекеттердің жеке стратегиялық байланысы мен Таяу Шығыстағы ахуал сөз болды.
Сондай-ақ Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Қос президент қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетіп, екіжақты күн тәртібі бойынша барлық келісімді дәйекті түрде іске асыруға ынталы екенін мәлімдеді. Осыдан кейін Тоқаев пен Әлиев Каспий теңізінің табаны арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жалғастыратын ұзындығы 380 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салтанатты түрде іске қосты.
Жобаны "Қазақтелеком" АҚ мен AzerTelecom компаниясы бірлесіп жүзеге асырған. Бұл желі Қазақстанды және Орталық Азияның басқа елдерін, сондай-ақ Қытайды Еуропамен жалғайтын жаңа байланыс бағытының бір бөлігі болады. Ол Жерорта теңізі мен Қара теңізде орналасқан байланыс жүйелеріне қосылуы мүмкін. Сарапшылар бұл жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту тұрғысынан стратегиялық мәнге ие деп санайды. Бұл бастама Қазақстанның цифрлық тұрғыда Ресейге тәуелділігін азайтады деген болжам бар.
Сондай-ақ Қазақстан Әзербайжанмен бірлесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін арттыруды көздеп отыр. Дәл қазір бұл құбыр арқылы ағатын мұнай көлемі көп емес. Қазақстан қазір Баку – Тбилиси – Жейхан құбырымен Әзербайжан, Грузия, Түркия жері арқылы Еуропаға жылына шамамен 1,2-1,3 млн тонна ғана мұнай жөнелтеді. Бұған дейін энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл көрсеткішті жылына 2,2 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік бар екенін айтқан. Бірақ мұның өзі өте аз. Салыстыру үшін айтсақ, Астана КҚК арқылы шетелге жылына 64-65 млн тоннаға жуық мұнай жөнелтеді. Демек, жаңа бағыт бұл деңгейге жету үшін әлі көп жұмыс атқару қажет.
АӨСШК – Қазақстан бастамашы болып құрылған ұйым екенін айттық. Бас штабы Астанада орналасқан. Кеңестің бұған дейінгі алты саммитінің үшеуі біздің елде өтті. Яғни бұл Кеңес біз үшін бөтен емес. Бірақ ұйымның саяси салмағы жайлы бірдеңе деу қиын. 1992 жылдан бері ұйым аясында сансыз құжат қабылданып, келісімдер жасалған. Бірақ оның қаншасы жүзеге асқанын ешкім білмейді. Бакуде де бірқатар құжатқа қол қойылды. АӨСШК қағаз жүзіндегі осы саяси декларациялар мен бастамаларды іске асыра алар ма екен?..
Қуаныш ҚАППАС